ЖЕРІМЕ КӨҢІЛГЕ АЛҒАН БАРЫП ҚАЛСАМ...
Журналист, жазушы Қайсар Әліммен сұхбат
– Құрметті Қайсар, Сіз бен біз қатар жүріп қызмет істедік. Сенің бүкіл өмірің менің көз алдымда. Алайда оқырмандардың да білгені артық болмас.
– 1947 жылы 9 қаңтарда Жанкелдин ауданының Саға ауылында (қазіргі «Қызбел» ұжымшары, Сарықопа өңірі) тудым. Әкем – Әлім, анам – Бодай. Бір кіндіктен төртеуміз: Сабыр, Едірес, Салық және мен.
1967 жылы 6 қарашада Алматыда қостанайлық Алтын Абдуллинаға үйлендім. Зайыбымның мамандығы – неміс тілі пәнінің мұғалімі. Мектептер мен институтта оқытушы болды. Бес баланың әкесімін: Арай – ҚР Бас прокуратурасында бөлім бастығы болды, 2006 жылғы шілдеден бастап Қостанай қаласының прокуроры. Келінім – Ақдана Асқарқызы, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде істейді. Әсет – тамақ өнеркәсібінің технологы. Келінім – Әсел, мұғалім. Баубек – эколог, келінім Дана – эколог. Қызым Гауһар – «Қазақстан темір жолы» ААҚ бөлімшесінде бухгалтер. Алау – ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі басқарма бастығының орынбасары. Келінім – Назгүл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы.
...Бір кезде ҚазМУ-дың журфагына неміс тілінен құлап қалып түсе алмасам, соның есесін қайтарайын дегендей, тағдырым зайыбыма неміс тілі пәнін игертіпті.
... «Айттым сәлем, Қаламқас» әні өмірімнің қашанғы үзілмес әуеніне айналған еді. Сол құдіретті әуеннің тәтті жемісі тұңғыш немерем – Қаламқасқа жалғасыпты. Одан кейінгі немерелерім: Тоғжан, Мағжан, Әйгерім, Айым, Міржақып...
1954 жылы «Еңбек» колхозындағы Қарақоға бастауыш мектебінің 1-сыныбына бардым. 1965 жылы Қамысты ауданы «Бестау» орта мектебінің он бір сыныбын тәмамдадым. 1971 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының Алматы филиалын өнеркәсіпті жоспарлау мамандығы бойынша бітіріп, экономист болып шықтым. 1984 жылы Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірдім. Сонымен, экономист-журналиспін.
Құрылыс учаскесінде бетон құюшы, қатардағы экономист болдым. 1969 жылы 22 қаңтарда ауыл-село тілшілігінен (Жанкелдин ауданының Қызбел ауылынан) Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетіне (бұрынғы «Коммунизм таңы» қызметке шақырылдым. Бастапқыда кіші әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, мәселені жедел қамтитын тілші болдым. 1974 жылы газеттің өнеркәсіп, құрылыс және көлік бөлімінің меңгерушісі болдым. 1985 жылғы мамырдан – партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі. 1990 жылғы тамыздан 1997 жылғы сәуірге дейін республикалық «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі. Бұдан соң Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде аға тілші, 1998-2000 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде бас маман, 2000 жылғы мамырдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерімін, қазір шолушымын.
1973 жылдан КСРО, ал 1991 жылдан Қазакстан Журналистер одағының мүшесімін. 2001 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін.
«Бүкілодақтық социалистік жарыс жүлдегері» белгісімен, Қазақстан Журналистер одағының екі мәрте Құрмет грамотасымен, республикалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінің, «Ақиқат» (бұрынғы «Қазақстан коммунисі») журналының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Есімім Қостанай облыстық партия комитетінің «Құрмет кітабына» жазылды. КСРО Журналистер одағы Қостанай облыстық ұйымы сыйлығының иегерімін.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алдым. Қазақстан Журналистер одағы М.Дулатов атындағы сыйлығының («Мұңды сапар» кітабы үшін) лауреатымын. «Торғай қаласының құрметті азаматы» атағым бар.
2004 жылы Астана туралы шығармашылық конкурста бірінші жүлдегер атанып, жаңа қаладан үш бөлмелі пәтер жеңіп алдым.
...Аса зор марапат – оқырман ілтипаты деп есептеймін.
– Астананың «Фолиант» баспасы таңдамалы шығармаларының 7 томын шығарғалы жатыр екен. Осы жөнінде толығырақ тоқталсаң.
– Аталмыш еңбектерімнің негізгі арқауы, тақырыбы мынандай:
– Ұлы Отан соғысындағы өлшеусіз ерлік;
– кеңшар өндірісін тиімді ұйымдастырудың проблемалары;
– тың игерушілердің және олардың ұрпақтарының жанкешті ісі;
– республика бойынша тұңғыш рет Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алған лауреаттардың озық тәжірибесі;
– Чернобыль атом-электр стансасы апатының сабақтары;
– С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының кейіпкерлері – Бүркіт пен Бәтестің прототивтері – Сұлтанбек пен Бәтиманың жыр үлгісіндегі образ-бейнесі;
– Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мүрдесін 57 жылдан соң Карелиядан әкеліп туған жеріне қайта жерлеу экспедициясының сапарына қатысқан автордың жазбалары;
– отыз жыл төсекке таңылған ауылдық мүгедек тілші, «торғайлық «Марьесевтің» қиын тағдыры;
– заң сақшысының қарбаласқа толы тағылымды өмір жолы;
– қазақ поэзиясының қос алыбы С.Мәуленов пен Ғ.Қайырбековтің Торғайға сапарынан жазбалар;
– төңкерісшіл рухты жазушы Н.Островский, халық ақыны Н.Ахметбеков, жазушы Ғ.Мұстафин, Еңбек Ерлері К.Дөненбаева мен Ж.Демеев, ғарышкерлер Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаев т.б. қайталанбас тағдыр иелерінің портреттері;
– халық жазушысы Ә.Нұршайықов пен автордың отыз жылдай хаттасуларының нәтижесінде туған махаббат өнегесі жөніндегі ғибратты тағылымдар;
– еліміз тәуелсіздігінің он жылдығына орай ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» арнаулы пойызынын 20 күндік сапарынан жазылған репортаждар;
– Анаға, туған жерге, дос-жаранға деген сүйіспеншілік сырлары;
– «Егемен Қазақстанның» іссапарымен шетелдерде болғандағы ойға түйгендер;
– қырық жылдан астамғы жүргізілген күнделік баяндары;
– адамдардың патриоттық іс-кимылы мен күйініш-сүйініштері;
– Астана қаласының қаз тұрып, қалыптасуынан, баянды ғұмырнамалық бейнесінен өрілген туындылар;
– жалпы тілшілік тағдырымның тосын да тәтті тебіреністері т.б.
– Адам үнемі алға қарайды. Жоспар-жоба жасайды. Бүгіндер ойға алған қандай істер бар?
– Міржақыптану тақырыбын тереңдете түсу мақсатымен «Міржақыппен мұңдасу» романын керітіп жазудамын. Осы тақырыпта драмалық туындының нобайы айқындалып, біртіндеп қағазда сомдалуда. Баспаның «Нартұлға» сериясына «Міржақып Дулатов» атты ғұмырнамалық кітап әзірленуде. Осы серияға «Әзілхан Нұршайықов» қосылмақ. Гүлнәр апай туралы «Міржақыптың қызы» деген хикаят тәмамдалып қалды. Келешекте Міржақыптың ізімен жүріп өтуді армандаймын. Қостанайлық Батыр С.Темірбаев туралы хикаяттың нұсқасы пысықталуда. Қостанай, Торғай айтыс ақындарының озық үлгілері топтастырылған «Қос айқай» жинағы жариялануға әзір тұр.
Толғандырып жүрген басқа да тақырыптар көп. «Нарық және қазақ» пайымдауларын пысықтап, тереңдете түспекпін. Әкімдер «әлемін» әшкерелегім келеді.
Тағы басқа тақырыптар «мені жаз» деп тыным таптырмайды. Атап айтқанда: этнографиялық-өмірбаяндық хикаят; еліміздің «ақ мылтық» атанған он журналисімен сұхбаттар жинағы; халық әртісі Ә.Боранбаев пен ақиық ақын К.Мырзабеков туралы естеліктер кітаптары; Алаштың айтулы ұлдары С.Қадырбаев, Ә.Қасымов, А.Закарин т.б. туралы зерттеу шығармалар; қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің 2000 жылдан бері қарайғы лабораториялық, лездемелік ұстахана ұстыны т.б.
Сондай-ақ «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясымен Астананың әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени өмір салты туралы көлемді шығарманың арқауы керіліп тұр.
– Қайсар Әлімұлы, өзіңді біз ең алдымен ұзақ жылдар баспасөзде белсенді қызмет істеген журналист ретінде білеміз. Әңгімені осы бағытқа бұрсақ...
– Тілші міндеті қоғамдық пікірдің отын үрлеп, қоздату. Әрине, әділеттілік тұрғысынан. Торғай облысында «Егемен Қазақстанның» тілшісі қызметіне кіріскенімде алғашқы мақаламды «Торғай театры қайтадан ашыла ма?» деген мәселе көтерумен бастадым. Үлкен түрткі болды, әрине. Сол кездегі облыс басшысының; «егін орағы жайын жаз, театр қашпайды» дегеніне қарамай өз ойымды білдірдім. Театр ашылды. Оған дербес басыбайлы қоныс кажеттігі жөнінде де пікір тастап жүрдім. Кейін театрдың жеке отауы болды.
Кезінде «Торғай атом ұясына айнала ма?» деп шырылдағанның бірі болдық. Аштық құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында осы зәрезап тақырыпты байыту мақсатында «Аштық антологиясын» жасау керектігі жөнінде ұсыныс тастадық.
Міржақып мүрдесі жат жерден әкелініп, туған топырағында қайта жерленді. Енді Кейкі батырдың Санкт-Петербургтегі бас сүйегін елге қайтаруға бағытталған ой-тамызығымыздың аяқсыз қалмауы жолында жоғары инстанцияларға жазып, айтудан жалықпай жүрмін. Өкінішке орай әзірге тұшымды нәтиже жоқ. Бұған екі мемлекеттің өзара келісімі керек.
А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың Арқалық қаласында ескерткіштері орнатылса, сондай-ақ олар және басқа да Алаш арыстары Астана қаласының да ажарын аша түсер еді-ау. Міржақыповтың алғаш жерленген жері Сосновец кентінде ескерткіш-белгі тұрғызылса ше?
Арқалық-Торғай-Шалқар темір жолын салу туралы бірнеше проблемалық мақала жаздым. Осы мәселені түпкілікті тиянақталғанша әрі қарай ұңғи түспекпін.
1655 жылы дүниеге келген Мадияр Жауғаштыұлы (Міржақып Дулатов жетінші ұрпағы) Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлармен тізе қосып қимылдап, халқын «Ақтабан шұбырындыдан» аман алып қалуға өлшеусіз үлес қосқан батыр. Ол 1735 жылы қартайып, өз ажалынан дүниеден өтеді. Сүйегі Түркістанда жерленген. Батыр баба ұрпақтарының ендігі арманы – М.Жауғаштыұлының есімін қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тізімге енгізу. Осы рухани іске мұрындық болу қарекетіндемін.
Тақырып көкжиегі кеңейсе – тілші, журналистің тірлігі қызықты бола түседі. Қостанайда 22 жыл шығармашылық ғұмыр кешіппін. Украинаның Херсон қаласында «Қостанай» теплоходының Қара теңізге алғаш жүзуінің куәсі болдым. Сочи қаласындағы Н.Островский мұражайында атақты жазушының әдеби хатшысы болған Каллиста Терлецкаямен танысуым теңдессіз өнеге көзі іспетті еді. Мәскеудегі «Журналистер үйінде» өткен Бүкілодақтық семинарда тәжірибе ұштадым. Ивановадағы атақты тоқыма комбинатында іссапармен болғанымда өзім қаз тұруының куәсі болған Қостанай мауыты-шұға комбинатының болашағын ойлап, шаттанғаным есімнен кетпейді. Бұл сапардан соң екі мәрте Еңбек Ері Голубева туралы очерк жазып едім.
Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпанды, Жүсіпбек Аймауытовтың қызы Луизаны көруім, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апаймен өте жақын аралас-құралас болуым – өмірімнің бақыты. Сырбай, Ғафумен сапарлас болуым, олармен бірге ел аралауым қисапсыз өнеге еді. Сондай-ақ халқы аса сүйіп қадірлейтін, ел ішінде «өнеге көзі» атанып кеткен Әзілхан Нұршайықовпен шығармашылық байланысым. Соның нәтижесінде туған «Махаббат жыршысы» қомақты кітабым мені де осы жазушы ағамның ақ жолына салып, еліме сыйлы ете түскендей.
М.Дулатовтың сүйегін туған жері – Жанкелдин ауданының Бидайық ауылына 1992 жылдың 18 қыркүйегінде әкеліп жерледік. Оның басына кесене тұрғызылып, мұражайы ашылды. Бірақ көңілді алаңдата беретіні – бұл ауылдың болашағы жоқ секілді. Бүгіндері отыз шақты ғана отбасы тұрады. Түбі олар да үдере көшсе не болмақшы? Сонда кесене мен мұражайдың жағдайы не болмақ? Мұражайды Қызбелдегі М.Дулатов атындағы орта мектептің мұражайына қосқан дұрыс болатын шығар.
– Қаламгерлік еңбектің қиыншылығы да аз емес. Оны өзіміз де жақсы білеміз. Осы тұрғыда сыр сабақтасаң...
– Теперіш көрмеген тілшінің табаны тайғанақ келеді. Күрес шыңдайды. Әділдік үшін күрескенімде Қостанай обкомы аудандық газеттің редакторлығына айдап жіберуге бекінді. Бармадым. Үстімнен түспей тағы жала жапты. Жазушы Қойшығара Салғараұлының «Алтын тамыр» кітабына пікір жазып, облыстық газетке жариялатып едім. «Сен қазақ ұлтын, хандығын дәріптейтін шығарманы насихаттадың» деп, обкомға сан рет шақырып, түсініктеме жаздыртты. Кешірімді жазбаша алмақ болды. «Бүлдірген дәнеңем жоқ» деп көнбедім. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихқа мықтап ене бастаған тұсы еді. «Қазақ ұлтшылдығы» деген жаланың жалаңдап тұрған кезі болатын.
Торғай облысының бір әкімі сын мақала жазғаным үшін, оңашада айтқан «ақылына» көнбегенім үшін қызмет бабымен мініп жүрген көлігімді, тілші қосынының бөлмесін тартып алды. Осы қиянатты республикаға әшкерелеп жаздым. Бұл түк емес екен. Қиянаттың көкесі сол басшының маған екі жыл бойы сұхбаттасуға рай бермеуі еді. Акыры, «Егемен Қазақстанның» аппаратынан тілші шақыртып сұхбат жариялатты. Мен үшін журналистік өмірімдегі нағыз теперіш осы еді...
Жесір дауын, әдейі шөп өртеген директорды, бас-басына мәшина сатып алып дүрліккен дөкейлерді жазғаным үшін сыртқа білдірмей іштей мүжитін қудалауға түскенім бар.
– Қайсар Әлімді окырман жұртшылық шебер журналист, талантты жазушы ретінде таниды. Шеберлік сыры неде деп ойлайсың?
– Ұстазымның басы – «Қазақстан пионері» газеті. Сосын: «Коммунизм таңы», оның бұрынғы басшылары – Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Сапабек Әсіпов.
Бас ақылшым – төрт мыңдай кітап жинақталған жеке кітапханам.
Күнде жүгінерім – сегізінші сыныптан бері үзіліссіз жазып жүрген күнделік дәптерлерімді жалықпай толтыра беру.
Бас қазынам – жеке мұрағатым: хаттар, сирек суреттер, қолжазба коры, мерзімді басылымдар тігіндісі, қойын дәптерлерім, анамның үні жазылған қасиетті таспа...
Бас қаруым – қаламсап, ақ қағаз. Жиырма бір жыл бойы «тықылдатқан» киелі жазу мәшеңкемді 1998 жылы компьютерге көшкеннен кейін қақпағын жылы жауып, кабинетіме қойып қойдым.
Қолайлы сәтім – көктем, күз. Түнде өндірте жазатын едім. Кейін, 1982 жылы ұйқым қашқаннан соң таңғы ұйқы есебінен ұтып қалуға көштім.
Бас қамқоршым – зайыбым Алтын. Алаңсыз шығармашылық жұмысым – Алланың, сосын зайыбымның арқасы. Балаларым 2004 жылдың 27 қарашасында өз күштерімен салған екі қабатты коттеджге кіргізді. Сөйтіп өмірімде тұңғыш рет жеке жазу кабинетіне 57 жасымда ие болу бақытына кенелдім.
Өмірімнің күші – Анамның көзі жұмыларда айтқан өсиеті: «Қара тентегім, қаламсабыңды тастама!»
– Өмір болған соң қуаныш та, өкініш те болады. Өкінген кездер де бар шығар?
– Кезінде Торғайдағы ауылдардың іргесі сөгіліп, халық үдере көшті. Әлі де жалғасуда. Бұл зауалдың бері бері қайтпаса, ұлттың ұлтанды өңірі тулақ болып қалмақ. Орны толмас өкініш осы-ау!
Тағы бір көңілдегі түйткіл, өңешті күнде сығымдайтын өкінішім: «Әлі сүйекті дәнеңе тындыра алмай келемін-ау! Уақыт болса, әне, уыстан білдіртпей сырғып, жылыстап барады...»
«Мал басы өсер, «Егемен Қазақстанның» таралымы бір миллион данаға қашан жетер екен?!»
Өз жазғандарымды өз балаларым (біреуінен басқасы) оқи алмайтын еді, енді немерелерім мен шөберелерім оқыр ма екен, қасиетті ана тілінде!?
Бүгінде Астананың түбіндегі саяжайларда тұрып жатқан қазақ отбасылары өлместің күнін кешуде. Отыз төрт жастағы ана он баласымен есік жағалап жүр... Ашиды жаның, қайнайды қаның!
Бодай анамның Міржақып Дулатов (жақын ағасы боп келеді) туралы әңгімелерін кезінде қолқа салып айттырып, ести алмағаным. Апам бұл тұрғыда ашыла қоймай, «халық жауын» үнсіз егіліп, жоқтайтындай еді. Аракідік әлдене өлең шумақтарын күбірлеп отырушы еді... Сөйтсек, кейін білдік – соның бәрі Міржақыптыкі екен...
Ел арасында Міржақып туралы әңгімелер де жария түрде айтылмаушы еді. Ол жағы да аңсарлы боп, елес күйінде қалғаны қандай өкінішті.
Көркем әдеби шығармаларды дендеп індетіп, үзбей оқуға облыстық газеттің ауыр жұмысы бұлтарыс, мүмкіндік бермеді. Газет титықтатып тастағандықтан, шығармашылықпен алаңсыз айналыса алмадым. Кітаптарымды үйде: жұмыстан соң түнде, еңбек демалысымда жаздым. Уақыттың осындай газеттік қыспағынан бауырым кең жазылмай келеді.
Дегенмен нағашым Міржақып Дулатов айтқандай:
Тұрғанда тән сәлемет неге отырсың,
Жеріңе көңілге алған барып қалмай.
Жармасып, жағаласпай дәнеңе жоқ,
Тиесілі сыбағаңды алып қалмай!, – деген сөздер менің кредом.
Жанділдә МАҚАНОВ:
БҮГІНГІНІҢ БАСТЫ ҰРАНЫ – «ОЙЛАН, ҚАЗАҚ!»
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы
Жанділдә Мақановпен әңгіме
– Жанділдә Қожахметұлы, Сіз мемлекеттік қызметтегі жаңа адам емессіз. Бұрын да облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқардыңыз, Астанада, мәдениет министрлігінде, Президент әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқардыңыз.
Бүгінгі көзқараспен қарағанда ішкі саясат басқармасының атқаратын ең басты деген шаруасы не деп білесіз?
– Жаңа өзіңіз айтқандай, осы өңірде кезінде ақпарат және қоғамдық келісім басқармасын басқардым. Тәуелсіз мемлекетіміз алғаш тәй-тәй басқанда іргелі іске жегіліп, дәл осы аса бір жауапты шақта халқыма, еліме керек болғаныма қуаныштымын. Білімімді, өмірден, ағалардан алған тәжірибемді жұмсап, ізденіс танытып, шама-шарқымша тер төктім. Ол кезде біздің алдымызда үлкен міндеттер тұрды. Ол жаңа тәуелсіздік алған мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыру, оны ой елігінен өткізіп, зерделеу, халыққа жеткізу. Міне, біз осы мәселелермен көп айналыстық. Сол тұста Қазақстан азаматтарының азаматтық алу үрдісі жаңа басталып жатқан. Біздің елден басқа ұлт өкілдерінің көшуі, бізге оралмандардың келуі. Бұл қиыншылығы да, ауыртпалығы да көп заман еді. Қазіргі кез кеше ғана Елбасы Парламенттің біріккен сессиясында сөйлеген сөзінде айтқандай, дүниежүзінде өзіндік орны бар Қазақстанның, Қазақ елінің заманы. Ұлы Абайдың мынандай бір сөзі бар: "Заман өзгергенде қағидалар да өзгереді". Ішкі саясат дегеніміз халықтың рухани өміріне байланысты үрдіс, кешегі істеген ісің мен бүгінгі істің арасында зор айырмашылық бар. Бірақ сол кезде де, бүгінде де ең басты міндет – ішкі тұрақтылықты сақтау. Бұл тек ішкі саясат басқармаларының ғана міндеті емес, бүтіндей мемлекеттің, жалпы жұртшылықтың міндеті десек жарасар.
Дамып келе жатқан еліміздің барлық саласында да: экономикада да, саясатта да, рухани салада да үлкен міндеттер тұр. Ардагерлерге, жастарға қатысты да көп шаруалар тындыруға тура келеді. Бірақ біз қандай да болмасын мәселені шешкенде ең басты іс – халық бірлігін сақтау екенін ұмытпауға тиіспіз.
Бұл мәселені шешудің әртүрлі жолдары бар. Міне, сол жолдарды іздестіру, табу және барынша іскерлікпен қолдана білу – ішкі саясаттың ең ұрымтал тұсы.
– Бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне мониторинг жасау да – жұмыстың бір өзекті саласы ғой.
– Біздің мекемені басқарма деп атайды. Бірақ бұқаралық ақпарат құралы саласында басқару деген сөз шартты түсінік. БАҚ материалдарын дайындайтын адам ол шығармашылықпен айналысатын маман. Оны басқару мүмкін емес. Біздің міндетіміз бүгінгі мемлекеттің алдына қойған мақсаттарының шеңберінде тақырыптар көтеру, сол тақырыптарды ұсыну, сол тақырыптарды терең зерттеуге мүмкіншілік жасау, соның ішінде материалдық жағынан да.
Қазір өздеріңізге белгілі, мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарына олардың мәртебесіне қарамай мемлекеттік тапсырыстар беруі заңдастырылған, сол мемлекеттік тапсырыстар арқылы тақырыптар ашылады.
Қандай да болмасын іс-шара ойдан, ойлаудан басталады. Сондықтан ең бірінші мәселе ой салу. Қоғамға зиялы қауым арқылы, Елбасының Жолдауы арқылы, сол Жолдауда алға қойылған мақсаттарға байланысты пікір арқылы ой салу. Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин тарихты қайта зерделеуге қатысты алға келелі міндеттер қойды. Әлбетте, мұны БАҚ-тың қолдауынсыз іске асыру қиын болар еді. Сондықтан да осыған орай бағыттап жіберу – бізге де міндет. Айта кетейік, облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында бүгінде "Халық тарих толқынында" айдары жиі көріне бастады. Бүгінгі күннің ең үлкен де, өзекті тақырыптардың бірі де – осы. Өйткені қоғам өткен тарихын бағалай білмесе, өзінің келешек ұрпағына оның тәрбиелік мәнін көрсете алмаса, ол үлкен кемшілік.
Бұдан жүз жыл бұрын Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов "Оян қазақ!" деп жар салған еді, бүгінгі қоғам, бүгінгі қазақ оянған жұрт. Басқа жер жүзіндегі мемлекеттермен терезесі тең. Менің ойымша, қазіргі қазақтың ұраны – "Ойлан, қазақ!". Қандай мәселе болса да біз ойлануға, толғануға, байыбына баруға, кез келген мәселені түбіне жете зерттеуге, зерделеуге тиіспіз. Ұлы Мұхтар Әуезовтен қалған бір сөз бар: "Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса – ел болғаның қайсы?"
Расында біздің алдыңғы толқын ағалардың, орта буынның жастар тәрбиесіндегі орны тым ерекше ғой. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында былай деген еді: "Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз "Мәңгілік Ел" боламыз". "XXI ғасыр – Қазақстанның "алтын ғасыры". Бұл да Елбасының Жолдауындағы басты тұжырым. Соған жетудің ең басты қазығы ұрпақ сабақтастығы, ел бірлігі деп білемін.
Ел билігінде жүрген хакімдеріміз ("хакім" – арап тілінен аударғанда данышпан деген сөз) ойланатын да уақыты осы кез. Олар елдің болашағы туралы, басқа елдермен тереземіз тең болуын, алға қандай жолдар салып кетуіміз керек, сол салған жолдарымыздың сапасы қандай болуы керек, сол туралы ойлануы керек. Өйткені әр ұрпақ, әр қауым қандай да болмасын ісінің жемісін көргісі келеді. Біздің қазіргі салып жатқанымыз сол келешектегі мәңгілік елдің іргетасы. Ал қандай адам болмасын сол ғимаратты толық сән-салтанатымен көргісі келуі заңды. Сол ғимараттың дұрыс бой көтеруі жастарға да жол нұсқайды, оларды да жасампаздық жолға үндейді.
– Сізді біз әлеуметтанушы ғалым, осы салада бірнеше кітап шығарған, студенттерге дәріс оқыған оқытушы ретінде де жақсы білеміз. Соңғы уақытта студент жастармен күнделікті байланыста болдыңыз. Мағжан ақын айтқандай, "Мен жастарға сенемін!" деп кәміл сеніммен айта аласыз ба, немесе "дегенмен" деп бастап, жалғастырар басқа да ой бар ма?
– Бүгінгі жастардың ойланатын жағдайы өте көп. Бұл жерде бір парадокс бар. Жастарға бүгін алдыңғы ұрпаққа қарағанда мүмкіншіліктің көп ашылуы – бұл қауіптілік тудырады. Ол талғамның, таңдаудың көп болуы. Бұрын жастарымыз мектептен кейін көбіне ауыл шаруашылық, педагогика институттарына баратын, мен қазақ жастары хақында айтып отырмын. Мұнай – газ саласының, металлургия саласының мамандары некен-саяқ еді. Тәуелсіздік алған тұста мұндай мамандарға зәрулік ерекше байқалды ғой... Кезінде сондай заман болды, сондай саясат болды, сондай басшылық болды. Бүгінгі жастардың талғамы, сол талғамды тәрбиелеу – ең бір өзекті мәселе. Баланың ізденуі, жасөспірімнің алға қойған мақсаты мен жоспары – мұның бәрі талғамға байланысты. Талғам, таңдаудың көптігі, ішкі рынок қажеттігін білмеу кезінде жастарды экономика факультеттерінде, заңгерлік факультеттеріне, қаржы-аудит мамандықтарына жөңкілтті. Ақыры не болды, қалтада күректей дипломы бар жастар өмірден өз орындарын таба алмай абдырады.
Біз жастармен осындай ерекше жағдайда жұмысты жандандырып, әр ұл-қыздың өмірден өз соқпағын табуына жол нұсқауымыз, бағыт беруіміз керек.
Жастардың келесі бір көкейтесті мәселесі – отбасын құруы. Қазіргі қоғамның бір ерекшелігі – жастар бұл мәселеде асықпайды. Және бұл процесс тереңдеп бара жатыр. Өйткені олардың алдында, жоғарыда мен айтқандай, мүмкіншілік көп, жасөспірімдер ешкімге тәуелді немесе бірдеңеге мұқтаж емес. Сондықтан олардың отбасын құруға, "бас екеу болмай, мал екеу болмайды" деп ұмтылысқа ынтасы азаяды.
Осыдан барып жалпы некеге деген жеңіл-желпі көзқарас қалыптасады. Бүгіндер некеге тұрмай жатып ерлі-зайыпты жандардай бірге тұра беру ұят болудан қалды, оның үстіне "азаматтық неке" деген біздің ұлтымызға жат жағдай да өмірге дендеп енді, мораль, ар-ұят ұстанымдары солғын тартты. Жыныстық қатынастағы бейберекеттік, талғамсыздық талай отбасыларының шаңырағын шайқалтып жатыр. Міне, дәл осындай жағдайда бізге отбасылық құндылықтарды насихаттау, жарасты жандарды үлгі ету әбден керек-ақ.
Ал отбасын құру – үлкен жауапкершілік. Ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеу оңай шаруа емес. Бәлкім бұл мәселе біздің елде айта қаларлықтай асқынып та отырған жоқ шығар. Бірақ экономикалық тұрғыдан жоғары дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ отбасылық құндылықтардың әлсірей бастағаны байқалады.
Бұл Қазақстанды айналып өтеді деуге бола ма? Мұндай мәселеге біз теріс қарай аламыз ба?
Ең басты құндылық – семья. Сондықтан да болар біздің Елбасымыз 8 қыркүйекті – Отбасы күні деп белгіледі. Отбасында адам рухани бағдар алады. Осында өседі, қанат қатайтады. Имандылық та осы отбасында дариды. Бақыт пен береке бастауы да – отбасы.
– Кешегі Кеңес Одағы кезінде біз "Дін – апиын" дедік, бүгін "Дінің – діңгегің" деп жүрміз. Сізді дінтану саласындағы еліміздегі санаулы мамандардың бірі деп білеміз, бүгіндер үлкен-кішінің жаппай дінге бет бұруында жасандылық бар деп ойламайсыз ба? Дінге бетбұрыс адамның ішкі рухани қажеттілігінен туындаған іс пе, әлде құр дүрмекке ілесудің көрінісі ме? Ислам талаптары бізде қаншалықты сақталып жүр деп ойлайсыз?
– Дінсіз халық – халық емес. Надан адамның сезімі өте тайыз. Қазір кейбір жандар діннің сырт көрінісіне еліктейді, оны дәстүр, ғұрып деп түсінеді. Шын мәніндегі діндарлық – терең ғылым. Мұхаммед пайғамбарымыз "Ғылым Қытайда да бар деп естісең, барып үйрен" деген. "Бір күн білім алғанның сауабы отыз күн ораза ұстағаннан артық" деген де сол пайғамбар.
Дін мәселесіне мен ғалым ретінде, ұстаз ретінде біраз уақытымды арнадым. Студенттерге арнап оқулықтар жаздым, дәріс бердім, әңгіме өткіздім.
Діннің ғажабы адам оған терең бойлаған сайын кәусар бұлақтан су ішкендей болады. Дін адамды рухани тазартады.
Бірде Пайғамбарымыз сақабаларына:
– Мен сендерге оразадан да, намаздан да, садақа бергеннен де сауабы көп нәрсе айтайын ба? – дейді.
– Айтыңыз, – деді сақабалары.
Сонда Пайғамбарымыз былай дейді:
– Осылардың бәрінен де сауабы көп адамдардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасауы, егер сен біреумен қарым-қатынасты дұрыс жасай алсаң, осының сауабы әлгі үшеуінен де мықты.
Біз күнделікті өмірде үлкеніміз бар, кішіміз бар осынау қағиданы ұстансақ, имандылық дегеніміз де сол болар...
– Жанділдә Қожахметұлы, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді. Бұл мереке бүгінгі ұрпаққа қаншалықты маңызды, қаншалықты қастерлі деп білесіз?
– Адам өзінің тарихын зерттемей, білмей болашаққа болжам жасай алмайды. Кейбіреулердің түсінігінде тарих бейнесіз, кейіпкерсіз өзімен-өзі қалыптасатын үрдіс сияқты. Мүлде олай емес. Ол театр сахнасынан да ерекше бейнелі дүние. Негізінде тарих дегеніміз тұнып тұрған бейне. Сол кейіпкерлерді таба білу, түсіне білу, олардың кезінде жазған дүниелерін оқу, зерттеу ерекше маңызды. Тарихтың негізі міндеті, негізгі тәрбиелік мәні, ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі осы кейіпкерлерде.
Кешегі Ұлы Отан соғысы небір аяулы ұлдарымыздан айырды, ол қыршын кеткен боздақтардың заманы. Біз солардың орындалмаған асыл армандарын орындауға міндеттіміз. Өзіңнің әкеңнің өсиетін орындай алмасаң да бізді осы тәуелсіздікке жеткізген, кешегі біздің осы Отанымызды қорғап қалған қыршын жастардың армандарын аяқасты етпей, соны қадірлеп, қастерлеп, терең бойлап, оны дамыту – келер ұрпақтың да ең басты міндеті деп есептеймін.
Сұлтан Баймағамбетовты алайық. Ол менің жерлесім, екеуіміз де бір ауылдың – Әулиекөлдегі Қояндыағаштың перзентіміз. Ол бар болғаны 21 жасында Ұлы Отан соғысының от майданында ерлікпен қаза тапты. Сол Сұлтан менің әкемнің замандасы. Ойлап қарасам, қыршын кеткен қас батыр бүгінгі менің баламнан да кіші. Сол Сұлтанның қай арманы орындалды, үйленбей, бала сүймей, құрбы қызымен қырдың қызыл қызғалдақтарын термей арманда көз жұмды. Оның махаббаты бар еді ғой, оның алға қойған мақсаты бар еді ғой...
Сұлтанның қарындасы Зейнеп апамның айтуынша, Сұлтан туғанда үйге ұлы Ахмет Байтұрсынов келіп, Бірмағамбет атамыздың үйінде сәбиге батасын берген екен. Менің ойымша, өмірдің нәзік қылын, рухани сабақтастықыты үзіп алмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу парыз.
Бұл мереке қаншалықты маңызды, қаншалықты қастерлі дегенге келсек, бүгінде майдангер әкесін мақтан тұтпайтын бала, майдангер атасын мақтан тұтпайтын немере-шөбере жоқ. Соғыс аяқталғалы жетпіс жылға жуықтаса да майдангерлер ұрпағы ұрыс даласында қаза болған боздақтардың дерегін тауып, қабірі басына барып, тағзым етіп, ескерткіш қойып жүр. Алысқа бармай-ақ, күні кешелер ғана еліміздің айтулы азаматтарының бірі Мұхамеджан Жетпісбаев қыршын кеткен нағашысы Құдайқұл Ордабаевтың сүйегін сонау Волгоград облысынан туған жер төсіне жеткізіп, барлық қастерлі рәсіммен жерледі. Оның алдында Мұхаңның ағасы Ахметжан Жетпісбаев әкесі мен екі бауырының дерегін тауып, Ленинград облысындағы қабір басына ескерткіш қойған еді. Өмірзақ Ихтиляпов та нағашысы Сұлтан Еркінбаевтың Харьков маңындағы қабірі басына барып, тағзым етті. Өзімнің де хабарсыз кетті деген нағашым Хамит Нұрқанұлының Ржев қаласы үшін шайқаста қаза болғанын анықтап, қабірі басында бас игенім бар.
Мұның бәрі нені көрсетеді? Ерлік ешқашан ескірмейді, ол жыл өткен сайын жаңа күшпен қайта жаңғырады. Біздің ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды дейтініміз де сондықтан.
– Әңгімеңізге рахмет! Ойлы әңгімеңіз әркімді де ойлантуға себеп болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |