5.2. Жарықтың жұтылуы
Жарықтың шашырауын қарастырғанда, дисперстік бөлшектер жарықты жұтпайды деп алдық. Бірақ көптеген коллоидтық жүйелер қанық түсті болады, яғни спектрдің әр бөлігінде жарықтың жұтылуы ықтимал. Зольдердің түсі бөлшектерінің өлшемдері мен дисперстік фазаның концентрациясына байланысты болады. Мысалы, қалайы оксиді түссіз, ол жарықты тек шашыратады. Сүрме сульфидінің золі қызыл-сары, берлин көгілдірінің золі көк, марганец қостотығының золі қоңыр-қызыл және т.б. зольдердің түсі қанық болады.
Зольдер өткен жарықта гомогенді болып көрінеді және шын ерітінділерге ұқсайды. Сондықтан шын ерітінділердегі жарықтың жұтылуына сәйкес, зольдердегі жұтылу Бугер-Ламберт-Бер заңымен анықталады:
Iп = I0e-klc, (5.4)
мұндағы Iп – зольден өткен жарықтың қарқындылығы; I0 – түскен жарықтың қарқындылығы; k – жұтылу коэффициенті; l – золь қабатының қалыңдығы; c – зольдің концентрациясы.
Сонымен қатар, k (жұтылу коэффициенті) жарықтың шашырауын (жүйенің ылайлануын) да ескереді. Түсті зольдерді зерттеу үшін турбидиметрия әдісі арқылы жарықтың шашырауын бағалайды. Ол үшін жарықты зерттелетін зольге сәйкес жұтатын жарықтық фильтрлерін қолданады. Бөлшектердің радиустары тұрақты және концентрациясы аз болғанда, зольдер Бугер-Ламберт-Бер заңына бағынады.
Метал бөлшектері бар зольдер жарықты жақсы жұтады, себебі жарықтың энергиясы мұндай бөлшектерде электрлік энергияға және жылулыққа айналады. Металдардың зольдерінде дисперстілікке байланысты таңдаулы жұтылу байқалып, дисперстіліктің артуымен жұтылудың максимумы қысқа толқындар аймағына қарай ығысады. Дисперстілік әсері жұтылу спектрімен қатар шашырау спектрінің өзгеруіне байланысты. Мысалы, бөлшектердің радиустары ~20 нм болса, спектрдің жасыл бөлігі (~530 нм) жұтылып алтынның зольдері қанық қызыл түсті болады. Бөлшектердің радиустары ~40-50 нм болғанда, спектрдің сары бөлігі (~590-600 нм) жұтылады және зольдің түсі көк болады. Алтынның жоғары дисперсті золі спектрдің көк бөлігін (~440-450 нм) жұтып, алтын тұздарының шын ерітінділеріне сәйкес сары түсті болады. Дисперстілікке байланысты түсінің мұндай өзгеруін басқа зольдер үшін де байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |