2-БӨЛІМ
Қадрон аурухана мен ауылдың арасында шапқылап жүріп, орта мектепті бітірді.
Зерек болатын, сабақ үлгерімі жағынан қатарынан қалған жоқ. Аттестаты тӛрт пен бес.
Сол жылы Алматы Технологиялық Университетіне оқуға түсіп, дипломы қолға тиісімен
Астанаға кетті. Айта кету керек біздің ауылдан алыстағы Астанада қызмет істеген
алғашқы адам осы- Қадрон.
-Қадрон Астанада жұмысқа тұрды деген хабар, Қадрон - депутат, министр болып
кетті дегенмен бірдей естілетін бізге. Құрдастарының кӛбі Қадронға қызығып, іштей
қызғанып та жүрді. Қадрон екі жылдан соң Астананың ауа-райы жақпады деп, Алматыға
қызмет ауыстырды. Осы жұмыста жүргенде мемлекеттік квота арқылы жүрегіне операция
жасатып, жасанды қалқанша орнатты. Араласып тұрдық. Артынша біз Астанаға кеттік, ол
Алматыда қала берді. Екеуміз де үйлендік. Әлеуметтік желілер арқылы қал-жағдай
сұрасып тұратынбыз. Агент, Фейсбук, Уатсапта балаларының суреттерін жиі жариялап,
достарымен қуанышын бӛлісіп отыратын. Бәріміз олардың отбасына сүйсіне
қарайтынбыз, ниеттес, тілеулес едік. Қадрон жас күнінен жағаласқан ауруды жеңді деп
ойлағанбыз, сӛйтсек қателесіппіз. Ежелгі дұшпан аңысын аңдып жүріп, атпал азаматты
тағы да алып ұрыпты. Бұл жолғы соққы бұрынғыдан жойқын болғанын жүрек құрғыр
сезетіндей. Әрі ол соққы бір ғана емес екеу болса қайтпексің...Аурумен арпалысқанда
таңдап алған қосағыңның қасыңнан табылмағаны - қандай қиын, бауыр еті баласының
басынан бір иіскегеннің ӛзі дертке дауа, емге шипа емес пе еді? Неге ғана Жаратқан осы
бір жайсаң жанның бақытын кемшін, сорын қалың қылды екен? Неге? Неге? Қадронды
аяп кеттім.
***
Біздің үй мен Қадронның бақшасын баяғыдай сымтемірден тоқылған қоршау ғана
бӛліп тұр. Бақшаға кірген бетте, кӛгалды тіліп ӛтер соқпақ жолға түсіп бірден сол
қоршауға таяп бардым. Қадронның басын торлаған соқыр тұманды сейілтудің амалын
таппай далбасалаған күйі қоршауды бойлап ары жүрдім, бұрышқа тақала бере қалт
бұрылып бері жүрдім. Шекара күзеткен сарбаздай қоршаудың бойында қалың ойға
малтығып қанша уақыт сандалғанымды білмеймін, бір уақытта жұмыртқалағанын жар
салған мекиеннің мазасыз дауысы ойымды бӛліп жіберді. Тауықкүркенің артындағы қара
ӛрік ағашының қасына келіп тұр екенмін. Қадрон екеуміздің бала кезде кездесер нүктеміз,
ары-бері ӛтетін ӛткеліміз осы болатын. Бізден кейін бұл арқылы байланыс жасайтын адам
болмаған-ау, шамасы... Қоршаудың белін майыстырып, аттап ӛтуге ыңғайлап қойған
тұсын әлдекім жоғары керіп, түзетіп тастапты.
Темір қазықтан қос қолдай ұстап тұрып, бір ырғып арғы бетке түстім. Қадрон алма
ағашының кӛлеңкесінде жатыр екен. Тақтайдан нар жасатыпты, қабат салынған үш-тӛрт
кӛрпенің үстінде, құс жастықты қолтығына қысып сұлық жатқан жігіт суық амандасты.
Тап бір мені күнде кӛріп жүрген адамдай, бей-жай. Әрбір жерде жапырақтармен араласып
ойын картасы шашылып жатыр.
-Күні бойғы уақытым осы жерде ӛтеді,- деді амандық-саулық сұрасқан соң...
Асылқұлдың Бақытжанын білесің ғой, сол келіп тұрады анда-санда. Карта ойнаймыз, ол
жоқ болса жалғыз ойнаймын. Телефон шұқылап, Фейсбук пен Уатсапты ермек қыламын.
Сен секілді хат жазбай кеткен достар кӛп. Соларды күніне бір мазалап тұрамын деп
зорлана жымиды.
-Ее, жӛн екен дедім басқа сӛз аузыма түспей. Менің сүрінгенімді қалт жібермеді.
-Несі жӛн мұндай ӛмірдің деп шақ ете қалды. Науқас адамның кӛңілін сұраймын деп
келіп, ашуландырып, ауыртып аламын ба,- деп не айтарымды білмей сасқалақтап қалдым.
Соны сезгендей ӛзі сӛйлеп кетті. Ақырын, бәсең дауыспен асықпай сӛйледі. Бірақ әрбір
сӛзінен жалын атып, ӛкініштің ӛрті ӛзегін ӛртеп лапылдап тұр. Тоқтамастан сӛйледі.
Астанадағы ӛмірі, операцияға кіріп бара жатқан сәттегі арманы, темір жол бекетінде
әжептеуір қызмет істегені, сол жерде жүріп әйелімен танысқаны...үйленгені, тұңғышы
ӛмірге келгенде қуанғаны, перзентханадан кӛтеріп шыққандағы кӛңіл-күйі секілді
әңгімелерін тыңдайтын адам таппай жүрген-ау шамасы. Кӛктемнің нӛсеріндей бірінен
кейін бірін тӛгіп, аса ыждахатпен әңгімеледі. Әсіресе екі баласының қылықтары туралы
айтқанда қуаңқы жүзіне қан ойнап шыға келді. Телефоннан суреттерін кӛрсетті, кішісі
ӛзінен аумай қалыпты.
-Кенжелер ерке болады, тентек ӛзі,- деп бір сәт сол бір сары баланың қылығын есіне
түсіргендей күлімсіреп отырды да, мезетте түсін суыта қойды.
-Әйеліме ренжімеймін,- деді сыбырлай. Отыздан жаңа асты. Мен секілді екі күннің
бірінде талып жататын кӛксауды қашанғы сүйрелеп жүреді. Арманым жоқ, артымда ұрпақ
қалатын болды. Жиырма бес жасымда жүрегіме жасанды қалқанша салғанда, ендігі ӛмірім
біткен шығар деп ойлағанмын. Құдайдан отбасын құруға мұрсат бер,- деп егіліп
сұрағанмын сол кезде, баламның боқ сасыған бұтынан бір иіскетші деп жылағанмын.
Жаратқан тілегімді берді. Бір емес,балпанақтай екі ұлым бар. Әттең соларды оқуға түсіріп
барып құлағанымда, ештеңеге ӛкінбес едім. Дегенмен, әйелім ақылды, жеткізеді оларды,-
деді. Сен де кӛз қырыңды сала жүр,- деп сұқ саусағын шошайтты маған қарай.
-Қадрон қойшы қайдағыны айтпай, әлі-ақ жазылып кетесің. Ертең әйеліңді барып
алып келемін, мына балаларды жеткізу міндетің антұрған,- деп бұрынғыша
қалжыңдағансып иығынан түртіп қалдым. Ол менің саусақ ұшымен ғана ақырын
түрткенімді ауырсынғандай, қабағын кіржитті. Күрсінді.
-Әйелім мені қуған жоқ, ӛзім кеттім,- деді. Ауылға апарып таста деп екі ай бойы
қақылдадым,- деп сыбырлады бӛтен біреу естіп қоймасын дегендей жан-жағына ұрлана
кӛз тастап.
-Оның не?
-Сол дұрыс. Менсіз ӛмір сүруге үйрене берсін.
-Қойшы-ей, сандалмай деп ашуланған түр танытып едім, ол қулана жымиды.
-Қалжың ғой...Дәрігерлер тыныштық керек деген. Әрі менің мына жатысымды
кӛрген бала не болады?! Жасып қалар. Жазылғанда барамын да бұйыртса,-деп әлгінде
айтқан ауыр сӛздерін әзілге жеңдірді.
- Айтпақшы қол-аяғың балғадай болып ӛзің не бітіріп жүрсің?
- Ӛзің білетін екеуі, біреуі іште жатыр. Күзге салым шығамын,- деп қояды.
- Ол китайский бала болайын деп тұр ғой,-деп жымиды да дереу түсін ӛзгертіп:-
Балаға дұрыстап қарашы осы бастан,- деді ойлы кӛзімен менің сықпытымды тінте шолып.
-Бала деген бапкер қолындағы бәйге аты екен ғой. Оның бабын тауып, бағын ашу
бапкердің яғни ата-ананың міндеті. Қазақ әке балаға сыншы дегенді бекер айтпаған, мен
осыған әке балаға сыншы ғана емес, бапкер дегенді қосар едім. Құнанбай медресеге
жібермегенде Абай да осыншалықты білімге жетер ме еді? Балқожа бидің кӛрегенділігі
болмағанда Ыбырай, Ыбырайлық дәрежеге кӛтерілер ме еді? Тіпті осы күнгі Бақтияр
Артаевты әкесі бокс үйірмесіне жетелеп апармағанда, оның күнделікті жаттығуын
қадағаламағанда, жеңісіне қуанып, жеңілген сәтінде демеу бермегенде Бақтияр
Олимпиада биігін бағындыра алар ма еді? Ӛткенде газеттен Денис Тэн туралы оқыдым.
Оның әке-шешесіне ескерткіш қойса да артық емес. Солар бала Денисті ары-бері
сүйрелеп, жылт еткен ұшқынды жалынға айналдыра білді. Ақшасын аямады. Ақыры
кеткен қаржы мен тӛккен тер ақталды. Әнекей қаршадай Денис мұз айдынының королі
болып жүр.
-Балаға салынған инвестиция- ең қайырлы инвестиция,- дедім сӛз арасына килігіп.
-Қайырымды ғана емес, қасиетті шаруа. Әке-шешенің борышы. Бірақ инвестиция
дегеніңмен келіспеймін. Инвестиция - экономикалық термин, оның астарында нарықтық
пиғыл, бір тиынды екеу қылсам деген бақай есеп жасырынып жатыр. Балаға салған ақша
мен еңбектің қайтарымын дәметсек, онда біз алыпсатар комерсант болғанымыз. Балаға
бергеніміз ол біздің әке мен шешеден алғанымыз. Біз біреуден алғанымызды біреуге беріп
қана отырмыз, болған біткені осы....Қарға да баласына боқ шоқуды үйретеді, қасқыр да
бӛлтірігін аңшылыққа баулиды. Сондықтан «сені оқыттым-шоқыттым» деп баласына
міндет қылатын ата-аналарды түсінбеймін. Әрине, балаға берген тәлім-тәрбие,
шығындаған уақыт пен қаржының қайтарымы сӛзсіз болады. Ұл мен қызың ӛмірден ӛз
орнын тауып, азамат болып кетсе, сол емес пе қайтарымы. Ӛкініштісі кӛбіміз осыны
түсіне бермейміз. Алматының ортасында тұрса да спорт секциялары мен ӛнерпаздар
үйірмесіне баласын алып баруға уақыт таппайтын, уақыты бола тұра құнттамайтын
замандастарым кӛп. Біразына осыны айттым да. Құлақ асса кәнекей. Баламыз ӛз бетімен
ӛсіп жатыр, бізді де кезінде ешкім сүйреген жоқ, ӛз күшімізбен жеттік бәріне,- деп шырт
түкіріп, шыртияды. Бұл нағыз топастық. Ӛз бетімен ӛскен бала бақшадағы қараусыз
қалған ағаш секілді. Ӛзегіне құрт түсіп, жапырағы ерте қурап, жемісі піспей жатып
солады.
-Оның рас,- деп Қадронның бала тәрбиесіне байланысты философиясына бас изедім.
Бұрын ондай емес секілді еді, ауырған адамның ойға кӛп берілетіні бар. Әйтеуір ойшыл
болып кетіпті, әрі шешен сӛйлейді.
-Сен Қытайда екі жыл тұрып келдің ғой, айтшы қытайлар баласын қалай
тәрбиелейді?
-Олар баласын император санайды. Бір отбасына бір бала саясатын білесің. Осы
қазір шамамен 100 млн отбасында жалғыз баладан. Яғни ол баланың әке шешесі, ӛз ата-
әжесі және нағашы атасы мен апасы бар. Сонда бір баланың тәрбиесін алты адам
қадағалайды деген сӛз. Адам саны кӛп елде ӛмір сүру оңай емес, балаларын бәсекеге
қабілетті қылу үшін қытай жұрты барын салады.
-Міне кӛрдің бе?!- деп сұқ саусағын шошайтып сӛзге араласып кетті. Бір баланы
алты адам күтіп-баптайды дейсің. Ал біз алты баланы бір кемпірге тастап, қызмет қуып
жүрміз. Олардың қарны тоқ, кӛйлегі кӛк шығар, бірақ ауланың шаңын шығарып
ойнағаннан басқа не бітіріп жатыр? Баяғы бабаларымыз балаларына әліпби жаттатқызар
ұстаз жалдаған, ӛнерпаздарды алыстан алдыртып ән-күй үйреткен, соғыс ӛнеріне
баулыған.
-Балабақшалар ашылып жатыр ғой жер-жерде,- деп сӛзін бӛлдім.
-Аспан асты елінен келсең де аспаннан түскендей болмашы,- деп ӛкпелегендей
сыңай танытты. Бәрін оқып, кӛріп-біліп отырсың ғой. Қалалық жерде мемлекеттік
балабақшаға екінің бірі қол жеткізе алмайды, жекеменшік қымбат. Ал ауылда шағын
орталықтар ашып қойған, онысы құры жоғарыға есеп берудің амалы. Бір бӛлмеге отыз
баланы қамап, сылдырмақ, қуыршақпен ойнатып қою дегенді түсінбеймін.
-Мен де сені түсінбеймін, Қытайда біздегідей тегін балабақша деген ұғым жоқ.
Бәріне ақша тӛлейсің. Әркім ӛзі үшін, ӛз баласы үшін жағдай жасайды....
-Міне...Менің де айтпағым сол емес пе? Неге біз бала тәрбиесін мемлекетке ысыра
салып, жауапкершіліктен жалтара қашамыз. Демографияға үлес қосамыз деп оншақты
баланы топырлатып туғызып тастадық. Ал.... Мемлекет үйін, уақтылы жәрдемақысын
берді, мейлі дейік...Бірақ сол он баланы жақсылап тәрбиелей аламыз ба, мәселе сонда...
Біздің он баламыз қытайдың бір баласына татымай жатса, қорлықтың кӛккесі сол емес пе?
Біздің ӛз бетімен ӛскен он баламыз қытайдың әбден шыңдалған, білімді бір баласы ашқан
компанияда қара жұмыс істеп, ауласын сыпырып, дәретханасын жуып жүрмесіне кім
кепіл? Ата-ана жауакершілігі деген сол. Әрбір әке мен шеше мемлекеттің
демографиясынан бұрын адам капиталына үлес қосқанды ойлау керек. Сен алдыңа мақсат
қой, бес балаң бар ма бір кәсіпкер, екі ғалым, бір спортшы немесе дәрігер тәрбиелеп
шығарамын деп жоспарла...Осы жоспарды орында. Міне - сенің ұлы міндетің....
Қызына сӛйлегендікі ме Қадрон алқынып қалды. Сәл тыныстап алған соң:
-Сәруардың Мұсаханға айтқанын білесің бе,- деп сұрады.
-Жоқ, ол не депті?
-Араққа тойып алып бала айырбастайықшы деп барыпты антұрған.
-Неге?
-Енді тоғыз ұлы, Мұсаханның үш баласына татымай жатса күйінген әке не істемек?
Ас ішіп, аяқ босатар тоғызын түгел берейін,бір балаңды берші кӛкетай деп жалыныпты.
-Анау не қылыпты?
-Не қылушы еді, арқасынан қағып шығарып салған. Кӛрдің бе, баласын баули
білмеген әкенің кӛретіні сол. Сен де қазір әңгіме жазып жүрсің, ӛзің айтшы күлді-бадам
он әңгіме жазған жӛн бе, әлде сол ондықты он орап алатын бір шығарма тудырғанын
дұрыс па?
-Әрине сапалы болғаны жақсы.
-Сендерді де білем, кітап толтыру үшін «шӛп те ӛлең шӛңге де ӛлең» деп егіздетіп,
сегіздетіп жаза бересіңдер. Бір кітаптың ішінде оқуға тұрарлық бір-екі шығарма болады,
қалғаны таңдайға татымас, қоймалжың бірдеңе. Былтыр сенің үйіңнен алып кеткен жас
жазушылардың жартысының кітабын оқып біткенше, жынданып кете жаздадым.
-Ӛзің сыншы болып кетіпсің ғой түге, сенің кӛзіңмен қарасам әлем жетістіктен емес
кілең кемшіліктен тұратын секілді.
-Жетістікті менсіз де айтып жатқандар кӛп. Күнде теледидардан лепіріп
жатырсыңдар ғой, кӛрерменді керең деп ойлайсыңдар ма, айқайлап айтатын болыпсыңдар.
«Ӛйттік, бүйттік, жеттік, болдық, толдық»,- деп құлақты жауыр қылдыңдар!
-Иемберген атаң болыпсың аумаған. Ештеңеге кӛңілің толмайды,-деп мен де
қыршып алдым. Ол қарқылдап күлді.
-Қойдым болды, сдаюсь...сдаюсь.. сенің огородыңа тас лақтырмаймын енді деп қос
қолын кӛтеріп, берілгендік белгісін білдірді.
-Біз кеш есейіппіз достым,- деп сӛзін жалғады. Енді ерте қартайып барамыз. Біздің
буынның маңдайына біткен соры сол. Сенің қытайларың ба еді, «ӛтпелі кезде ӛмір сүр»,-
деп қарғайтын. Шынымен де ӛтпелі кезеңде тіршілік еткен адамдар бір ӛзеннің суынан
екінші ӛзенге кӛшкен балықтар секілді екен ғой. Оның суы оларға жаға ма жақпай ма
білмейді, әйтеуір торға түскен тобырға ілесіп солай қарай жӛнеп береді. Қаншасы бӛтен
жерді жерсінбей жан тапсыратынын білмейді. Ол жақтың тұрғындары бұларды
жатырқамай қабылдай ма, жоқ әлде келімсектерді жемтігіне айналдырып түтіп жей ме?!
Ол жағы да күңгірт. Біз сол жапондар айтқан қарғысты кӛрген адамбыз, ӛтпелі кезеңде
ержеткен ұрпақпыз. Мектепке Кеңес үкіметі тұсында кірген едік, тәуелсіз Қазақстан
заманында шықтық. Мойнымызға тағып жүрген қызыл галстукты сыпырып алып,
кеудеміздегі октябрять тӛсбелгісін қоқысқа лақтырғанмен советтік санамыз ӛзгермеген
күйі Тәуелсіздік құрылысына араластық. Ӛйткені мұндай бетбұрысқа біз түгілі
мұғалімдер, отандық білім беру жүйесі тұтастай дайын болмай шықты.
-Ӛзің ойлашы деп Қадрон етқашты саусақтарын тарбита жайды. Ӛздері кеңестік
жүйе бойынша оқыған адам, ӛздері Кенесарыны қанқұйлы қанішер деп таныған ұстаздар
қалайша азат ойлы шәкірт тәрбиелейді. Олар сол ӛзі оқыған қойыртпақты біздің
басымызға жуынды құсап тӛге салды емес пе, ӛзі белшесінен батқан батпаққа білегімізден
ұстап қоса тартып әкетті ғой... Ескі оқулықта жазылған дүдамал дүниелерді талдап-
таразыламай-ақ миымызға сіңірді. Мектепте адам маймылдан жаратылған деп оқып едік,
университетке барғанда оның барлығы қып-қызыл ӛтірік боп шыға келді. Осылай ескі мен
жаңаның арпалысын кӛріп, әрбір білгіштің аузына жалтақтап, кімге сенерімізді білмей
есалаң адамша алақтап жүргенде отызға да жетіп барыппыз. Меніңше, сол бір жылдары
мектеп бітірген түлектерді қайтадан жинап алып, Отан тарихынан дәріс оқу керек.
-Сӛзіңнің жаны бар дедім, тағы да ұстаз алдындағы шәкірттей именшектеп.
Шыбындаған ат құсап бас шұлғудан ӛзгені білмейтін менің пұшайман түріме бір қарап
алды да Қадрон кӛзін ағаш басындағы қызыл алмаларға қадап ойлана сӛйледі.
-Қазақта шіріген жұмыртқа деген сӛз бар,- деді кӛзін жоғарыдағы алмалардан
тайдырмастан. Шіріген жұмыртқадан ешбір пайда жоқ, одан тұқым ӛрбімейді, жеуге
жарамсыз. Жарыла қалса иісі де жаман. Мен ӛзімді сол шіріген жұмыртқа секілді сезініп
жүрмін.
-Сені осыншалықты боркемік деп ойламаппын. Сенен де жағдайы нашарлар бар
емес пе, ана құрсағынан жарымес болып туылып, ӛз бетінше жүріп-тұра алмайтын,
тӛсекке таңылып, арбаға байланған мүгедектер туралы ойландың ба? Олар ӛмірдің
рахатын сезінбестен жалғанмен қоштасып жатыр. Сен олардың қасында ақыл-есің бүтін,
қол-аяғың сау, зіңгіттей жігітсің ғой. Қайратыңды жисаң әлі-ақ тас уатып, тау қопаратын
мүмкіндігің бар. Күпірлік қылма!
-Шіріген жұмыртқа болмасам да, анабір құрт түскен алма секілдімін деп ағаш
басындағы жұдырықтай сары алманы нұсқады. Құдай біледі сол алманы адам түгіл, сиыр
да жемейді. Бір бүйірінен тесіп кірген құрт, ішін кеулеп алған шығар ендігі. Ал сол
алманың құрттап кеткеніне кім кінәлі?!
-Құрт кінәлі дедім, бүтін алманың бүйірін тесіп кірген құрт кінәлі деп нығыздай
түстім.
-Кәззап, әдейі қыртып отырсың менің жүйкемді жұқартып. Ол құрт пен алманың түк
күнәсі жоқ. Бірінің міндеті- жеу, екіншісінікі- желіну. Алмаға бәрібір кім жесе де, құрт
жей ме, жоқ әлде адам жей ме маңызды емес. Біз кінәліміз. Осы үйдің адамдары кінәліміз.
Алма ағашын қаптатып егіп, оны күтімге алмағанымыз үшін кінәліміз. Кӛктемде діңгегін
бір уақ әктеп қоюға да ерінеміз, осы қазір мына ағаштың алмасы түгіл діңгегінің ӛзі шіріп
жатыр. Сонда да бейшара ағаш жыл сайын жеміс береді. Ӛзінен басқаны ойламайтын адам
деген тоңмойын мақұлыққа қызмет етеді. Ал адамның ӛзі бүгінде құрттап бітті. Жүрегін
дүние деген құрт жаулап алған, байдың да кедейдің де жүрегі құрттап кеткен, дүниенің
құрты түспеген бірде-бір жүректі таппайсың қазір.
-Философ болып кетіпсің, әрбір құбылыстың астарын ақтарып, жілігін шағып
тастайсың. Шіркін сенің толғамдарыңды түгелдей жазып алса ғой....
-Ауру адамның барлығы - философ... Бірақ олар данышпанмын деп даурықпайды.
Ӛйткені олар сендер кӛлеңкесінен шошып жүрген ӛліммен күнде сӛйлеседі. .. «Бізді
қайтесің»,- деді аз-маз үнсіздіктен кейін. – Онсыз да кемеңгерлер кӛп ӛмірде. Алысқа
бармай-ақ фейсбукке кірсең, небір білгіштер Оразалының тауықтарындай тізіліп отыр
емес пе?! Солардың қолынан іс келер- келмесін білмеймін, әйтеуір ақыл айтудан аяқтыға
жол, ауыздыға сӛз бермес. Бәрі ғұлама,бәрі данышпан. Кеңкелестің ӛзі кемеңгер. «Қан
мен тердегі» Судыр Ахметше ауызбен орақ орады, белі талмайды әсте.
-Интелектуал білгіштер аз, бірақ білгіш болып кӛрінетіндер кӛп. Ӛкініштісі
соңғысының жолы болғыш, жарнамасы жер жарады. Бірақ солардың беті жып-жылтыр
болып, жылмиып тұрғанмен іші қуыс. Сӛзінің сӛлі мен нәрі жоқ. Жесең ішіңді кептірер
қытайдың алмасы секілді дәмсіз, оданда құрт шалса да сенің бақшаңның алмасы дәмді деп
түрегеліп барып, жерге түскен қызыл алманы беторамалға сүрте салып қарш еткізіп
тістедім.
-Әрине құрт та сен секілді деп мырс етіп күлді. -Тәттіге үйірсек, дәм-сӛлі жоқ, қағаз
секілді қаудырлаған жемісті не қылсын олар,- деп «шіріген алма» ұғымын одан әрі
тарқатып кетті.
-Не десең де шіріген алма атағын менен тартып ала алмайсың. Балғын шағымда
ӛзегіме құрт түскен, енді сол мүжіп жеп жатыр. Бір күні сабағымнан үзіліп түсермін.
Ешкімге керексіз болып, шіріген күйімде топыраққа айналармын.
-Ӛзекті жанға- ӛлім нәсіп. Бәріміздің барар жеріміз- бір. Топырақ- біздің тегіміз.
Ерте ме кеш пе жер ана баласын бауырына алады. Ӛзің пессимист болып кетіпсің. Ӛмір
оптимистердің арқасында алға жылжып келеді. Осыны ұмытпа!
-Сол оптимистерің бізді арандататын. Жердің байлығын түгесіп, енді ӛзге
ғаламшарларға кӛз сүзіп отыр. Айдан жер сатып алып жатырмыз, неткен тойымсыз
мақұлықпыз, түсінбеймін. Экономиканы дамытамыз деп экологияны құртты. Табиғаттың
заңдылықтарын ӛздерінің топас теорияларына бағындырмақ. Алпыс екінші жылы аспанға
Гагарин ұшып еді, ойбай ӛзімізді Құдай сезініп кеттік. Астық, тасыдық, ақыры табиғаттың
заңдылығына қарсы тұру мүмкін емесін сезіп- састық. Алысқа бармай-ақ, Арал теңізінің
тартылуының себебін әлі білмейміз, әрнәрсені сылтауратып жақауратамыз. Мен білсем,
Аралдың түбіне жеткен Байқоңыр. Ӛткенде қызылордалық бір жазушы-журналистің
жазғанынан оқыдым, Аралдың суы тура Байқоңырда алғашқы ұшырылымдар басталған
уақыттан бері шегінген.
- Қазақ экологтарының әлі кеңестік кезеңдегі тұжырымнан аса алмай жүргені, әрине,
ӛкінішті. Бір зымыранды ұшыру үшін бір кӛлдің суы кетеді деседі деп Қадронды қоштап
қойдым. Ол одан бетер екілене түсті:
-Кӛресің, біз күндердің күні осы асқан ақылдылығымыз үшін ӛкінетін боламыз,-деді
кӛзін ежірейтіп.-Алғашқы қауымдық құрылыс қайтып келсе деп армандайды әлі-ақ сенің
ашкӛз оптимистерің. «Оптимистерің» деген сӛзді аузын толтырып, кекесінді түрде созып
айтты.
-Саған сұрақ қояйыншы,-деп жастықтан басын жұлып алып шынтақтап жатты.
-Адам неге азып барады? Рухани тұрғыдағы азғындыққа жоламай-ақ қой, ӛзгесін
айтшы...Неге біз аурушаң, әлжуаз боп кеттік? Неге ауру-сырқау, жұқпалы дерт, індет
жайлағыш? Неге кемтар нәрестелер кӛбейді?
-Енді оның себебі кӛп қой, экологиялық ахуал қиындады...,-деп білгенімді айтпаққа
оқтала бергенімде, «Былжырақ»,- деп қолын бір сермеді.
-Білмейсің! Кӛзің ашық болғанмен мұрныңның астында сүңгідей болып қатып
тұрған қаспақты кӛрмейсің.
-Білсең айтшы қане кӛреген данышпаным,-деп мен қитығып қалдым.
- Біле білсең, осының бәріне ғылым, оның ішіндегі медицина ғылымы кінәлі...
-Қалай?
-Қалай болса- солай. Алдымен мына сұрағыма жауап бер, сенің әжең қанша құрсақ
кӛтерген?
-Жетеу
-Соның қаншасы адам болып кетті?
-Тӛртеуі, тұңғышы бір жасында шетінеген, одан кейінгі екі ұлы туа салып кетіпті.
-Міне, кӛрдің бе? Сол замандағы адамдардың барлығынан сұра сенбесең, кемінде
бір-екі баласын жерге берген. Ӛйткені бұрынғы адамдар бала күнінде табиғи сұрыптаудан
ӛтетін. Ана құрсағында жақсы жетілген, ӛмір сүруге қабілетті сәбилер ғана аман қалатын.
Әлжуаздар туа салып шетінеп кететін немесе бертінде түрлі ауруларға тӛтеп бере алмай
қыршынынан қиылады.
-Түсінбедім ойыңды, не айтқың келіп отыр?
-Сӛзімді бӛлмей тыңда! Қазіргі медицина ӛлейін деп жатқан шақалақты тірілтіп
алады. Әлжуазды дәрі-дәрмек салып, әйтүп-бүйтіп адам қыламыз. Содан тұқым аламыз.
Әлжуаздан дімкәс туады, дімкәстан кӛксау, кӛксаудан ауру, ал аурудан кемтар туады.
- Суворов шала туған, Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбеков шала туған,-деп
ойыма түскен шалатуғандарды тізбелей бастап едім орнынан атып тұрды. Аузы
кӛбіктеніп, кӛзі шақырайып кетіпті. Бала күнгі әдеті. Неше жылдар ӛтсе де осынау балаң
қылығы жоғалмапты. Досымның қуаң тартқан жүзінен балалық тентектігін тапқаныма
қуандым. Қуанышымды жасыра алмай мырс етіп күліп жібердім. Ол да болмашыға
бұлданғанына ұялғандай теріс айналып кетті де, шашылған карталарды жиыстырып келіп,
қайта жайғасты.
-Сен мыңнан бірін айтып отырсың,- деді бәсең үнмен. Негізінде cолай, адамзат
азбауы үшін тек мықтылардан тұқым тарату керек. Айналайын-ау, қораңдағы қойға да
қошқар сайлағанда кәтегінен емес, ірісінен таңдайсың ғой қозылары кесек болсын
деп...Бұл да - сондай селекция. Қазіргі түрлі ауру-сырқау тұрмақ ырбиған-тырбиған
жігіттердің пайда болуы, қызтекелердің қаптауының түп негізі соған барып тіреледі.
-Пах шіркін, қалай-қалай орағытасың деп досымды арқасынан қағып риясыз күлдім.
Ол күлмеді.
-Шіркін ерте ӛліп кетемін, ақырзаманды кӛргім келеді деді артынша.
-Астапыралла қайдағыны айтпашы. Ақыл-есіңнен адасқаннан саумысың?
-Шыным сол! Ақырзаман болған кезде айналама қарағым келеді. Адамдарға
қарағым келеді. Дүние үшін арын сатқан байқұс, топас адамдардың түрін кӛргім келеді.
Соғысып жатқан, елді атыстырып-шабыстырып жатқан бүлікшілерді, біреудің жерін
тартып алып жатқан қанқұйлы саясаткерлердің ӛлім алдындағы бейнесін кӛргім келеді.
Сені кӛргім келеді, ананы, мынаны, оны кӛргім келеді, ӛзімді кӛргім келеді. Тек..,-деп
барып тоқтап қалды.
–Ақырзаман кезіндегі балаларымның бейнесін кӛргім келмейді,- деді бәсең үнмен.
-Ақырзаман ұрпағы ең бақытсыз ұрпақ деседі. Оны кӛруді құдай баламның
баласының маңдайына жазбасын!-дедім Қадронның арманына қарсы шығып.
-Бәрібір қашып құтыла алмаймыз. Келе жатыр. Белгілері кӛбейіп кетті,- деп ол тағы
да әлденені айтуға оқтала бергенде -, «болды осы жерден тоқтайық, басқа тақырыпта
сӛйлесейік»,- деп тиып тастадым.
-Оның да жӛн сӛз бауырым,- деп кӛкейіндегі ойды кейін серпіп жіберді.
-Бірақ шіріген алма туралы ойымды нақтылай түсейін саған, ақыры түсінбеген
секілдісің. Біз қараусыз ӛскен буынбыз. Оны жоққа шығармассың. Біздің сыныпта отыз
оқушы оқыдық. Солар мектепті бітіргенше болашақ мамандығын таңдай алған жоқ. Қай
университеттен таныс тапты, қандай оқу орнына әке-шешесі жетелеп барды, сонда оқыды.
Ӛзіне болашақ мамандығы ұнамаса да оқыды, ақыры білдей диплом алып шықты. Бірақ
біліксіз маман болып шықты. Бізге ешкім жӛн сілтеп, жол нұсқамапты ғой қарап отырсам.
Жӛн сілтемек түгілі денсаулығымызға назар аударған адам бар ма? Моншаға түсеміз,
шылқыған дамбалымызды сығып-сығып киіп аламыз да кӛрпеге оранып ұйықтап қаламыз,
ол бұтымызда жатып кеуіп кетеді. Қыстың күні мал жайғағанда киер етігіміз далада қатып
тұрады, жерді тепкілеп тұрып әзер киетінбіз, аяғымызда жүріп жылынады оның іші.
Соның барлығы денеге ауру болып жабыса береді екен ғой....
-Сақырлаған аязда боти киіп алып ойнаймыз деп мен де қосамжарласа кеттім. Ол
қарқылдап күлді. Мен келгелі екінші рет күлді.
-Әне, әне тұр ол боти,- деп қолымен ошақхананың шатырын нұсқай беріп, бүктеліп
жатып қалды. Атып тұрып, қасына жетіп барсам, селкілдеп күліп жатыр екен.
-Аздап шаршап қалдым, ертең келсеңші карта ойнайық деді күлкісін тия алмай.
-Жарайды онда, жатып демал,- деп келген ізіммен қайтып бара жатып ошақ қораның
шатырында тұрған қоңыр галошқа кӛзім түсті. Галош емес боти. Әлгі сырғанақ боти.
Қадрон тракторға жабысқанда киіп алып, ешкімге жеткізбей жүретін жүйрік боти. Ақыры
ӛзіне кесел жамаған қоңыр боти. Күнге қақталып, әбден кӛнерген екен. Шамасы
Қадронның кӛкесі, қонышын қиып тастап есік алдына киетін сүйретпе жасаған. Оған да
жарамай қалған соң, шатырдың үстіне лақтыра салған. Кӛп ойланған жоқпын, досымның
тағдырын тас-талқан еткен резіңке етікті бір қарғып шатыр үстінен іліп әкеттім.
-Оны не қылмақсың деді ол тӛсекте жатқан күйі...
-Монша жағамын, тамызыққа керек.
-Ала бер дегенді қолын бір сілтеп аңғартты.
Қаскүнем ботидан кек алуға асығып үйге қарай адымдай бастым. Қоршаудан секіріп
ӛттім де, моншаға қарай бет алғанымда қалта телефоным безілдеп қоя берді. Қадрон екен.
-Қоңыр ботиды ӛртемей-ақ қойшы,-деді салған жерден. -Ол да мен секілді бейбақ
қой, одан да балаларыңның денсаулығына дұрыстап қарашы!
Жауап қатуға дәрменім жетпей, байланысты үзе салдым. Кӛзімнен ытқып шыққан
тамшылар қоңыр ботиға шашырады.
Ол да «менің не жазығым бар» деп тұрғандай кӛрінді.
Достарыңызбен бөлісу: |