ІІ
Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп сапалы
мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің
алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің
бірі - Әбділда Тәжібаев. Ол поэзия, драматургия, әдебиеттану
жанрларында ұзақ жылдар өнімді, сапалы еңбек еткен терең тамырлы,
226
құнарлы талант. Әдебиетке жастай келіп, өнерінің де ыстық-суығын
көріп, қиындықтарға төзген, ауыртпалықтарды жеңген қайратты адам.
Қазақ жаңа әдебиетінің туу, даму кезеңдеріндегі сан алуан
құбылыстарды, жеңістерді, жеңілістерді, биіктеулерді, эволюцияны,
түлеу-жаңғыруды Әбділданың шығармашылығынан айқын көруге
болады. Өнердегі тұңғыш қадамы Тайыр, Қажым, Есмағамбет,
Жұмағали сынды арқалы дарындармен бір мезгілде аттаған Әбділданы
қазіргі ұрпақ ескінің көзі, жақсының сарқыты, мықтылардың жалғасы
деп біледі.
Сыр бойында, Қызылорда шаһарында туған, әкеден ерте
айрылған Әбділда тағдырындағы ерекше адам – анасы Айманкүл.
Араб, парсы тілдерінен хабардар, көзі ашық, шығыстың ежелгі
мәдениеті дәстүрінде тәрбиеленген ақын Айманкүлдің қабілетті,
дарынды ұлы Әбділданы жастайынан поэзияға, сұлулық, әсемділікке,
өнерге баулуы - әдебиет тарихында сирек кездесетін қызықты
құбылыстардың бірі. Әдетте, ақыннан ақын, ғалымнан ғалым,
қайраткерден қайраткер туа бермейді ғой.
Сөйтіп, Әбділда ана көкірегінен мейрім сүті мен поэзия сүтін
қатар емген. Қызылордадағы интернат, Алматыдағы КазПИ,
Москвадағы әдебиет институты – ақынды өсірген, білім берген
шаңырақтар. Бұған Жазушылар одағының төрағасы, “Қазақ әдебиеті”
газетінің редакторы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты деген
әлеумет қызметтерін қосса, ақын тұлғасының азаматтық қырлары
көрінеді.
Суреткер туындыларын жанрлық жағынан бірнеше сала, күрделі
арналарға бөліп, жіктеп қарауға болар еді; олар: поэзия, драматургия,
ғылыми-сын еңбектер, проза. Оның шығармаларын жүйелі тексеру,
ғылыми тұрғыдан зерттеу отызыншы жылдардың аяғында басталған.
Алғашқы еңбек – Мұхтар Әуезовтің “Әбділда Тәжібаев” атты мақаласы.
Отыздағы жігіттің тырнақ алды шығармаларына көңіл бөліп, зейін
салған көреген оқымысты жас дарынның суреткерлік ерекшеліктерін
айқындап көрсетіп берді. Расында да, сол кездің өзінде сыршылдық,
озық үлгілерден өнеге алу ақын туындыларының басты тенденциясы
болатын.
Алғашқы өлеңдер заман туғызған, бұран сахара өмірінде
болмаған жаңа тілектерге, сарындарға, мақсаттарға арналған.
Колхоздастыру, әлеуметтік тартыс, күні өткендерді сынау, өзгерістерді
мадақтау дәуірге тән тақырыптар еді. Әбділда өлеңдерінде формалық
ізденістер, жаңа барлаулар байқалады. Тақырып жөнінен, түр
кестесінен Сәкен Сейфуллиннен қабылдаған қалыптар да көзге түседі.
“Сорлайды екенбіз” (1929) атты өлеңнен үгіт-насихат сарыны есіп тұр.
Бейімбет үлгісіне жақындық бар.
227
Әбділда ақындығында үлкен арна – жаңалық болып ата-мекенді –
Сырдарияны жырлау сарыны туды. Ол бұл өзенді үлкен символға
айналдырады. Рейнді жырлаған Гейнені, Днепрді жырлаған
Шевченконы өзіне пір тұтады.
Сырда туған
Сырдың ұлы
Жаңа Гейне мен болам, -
деген жолдарда ақын рухының мақтанышы бар.
Соғыстың қаһарлы, жаралы жылдарында азаматтық лириканың
соны үлгілері туды. Ақын шығармашылығындағы биік кезең, қазақ
лирикасы үшін оқиға болған “Аралдар” атты әйгілі жинақ еді. Мұнда
Әбділда поэзиясындағы ырғақтар, бояулар, әуездер жарқырап
жаңғырып көрінді. Ой мен сезім, лирика мен философия тоғысты. Дәл
осы жинақтың көптеген қазақ ақындарына, әсіресе жастар поэзиясына
ерекше ықпал-әсері болғандығын мойындау керек.
Дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық әуездік, терме
кестелерін байыта отырып, Европа лирикасының жақсы үлгілерін
нысана ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра
жырлау, дәуірдің қырағы көзі, заманның лүпілді жүрегі бола білу – осы
алуандас сапалар “Көне қоңырау”, “Құрдастар” секілді бүгінгі
поэзиямыздың қымбат, асыл шығармаларының алтын өзегі.
Ақын поэма жанрында өндіріп көп шығарма жазды: оларда халық
өмірінің түрлі кезеңдері, сан алуан адам тағдырлары, алыс ғасырлар,
революциялар,
жаңа
заман
ырғақтары
жырланады.
Бұл
шығармалардың тақырыптық географиясы әр алуан. Автор үнемі үлкен
өнер талаптарын ескеріп, өзекті, проблемалар көтерген. Форма
сонылығына, жаңа түрлерге мән берген. Дәл ажыратып айтар болсақ,
поэмалар ықшам, оларда тармақты оқиғалар сирек, негізінен бір арна,
бір жүйе, бір фабула тиянақталады. Мұнан Европа әдебиетіндегі
баллада
үлгісінің
ықпалын
танисың.
Лирикалық
қаһарман
толғаныстарына көп орын беріліп, олар ақын тебіреністерімен астасып
жатады. Классикалық поэма мен ұлттық үлгі-толғаудың тоғысуынан
туған жаңа эстетикалық игілік бар. Әсіресе халықтық аңызды сүйек
етіп жазған поэмаларда фольклор айшықтары, оралымды өрнектер
қайталанады, суреткерлік мақсатқа орай құбылып өзгереді.
Ердің аты өрмен тең,
Ездің аты жермен тең.
Еңіреп туған ер болса,
Ен жайлаулы елмен тең.
228
Бұл жерде фольклор поэтикасының үлгісі бар.
Халықтық поэзия дәстүріндегі поэмалар қатарында “Оркестр”,
“Күй атасы”, “Абыл”, “Мерген”, “Толағай” аталуға тиіс. Тақырып
таңдау, бояуды еркін қолдану, сөз арқылы күй ырғағын беру, бейне
сомдаудан Ілияс Жансүгіров дәстүрінің жанды жалғасуын, баюын
көреміз. Оқиғалы поэмалар “Құлғара”, “Батрақтарда” үгіттік идея
айтылса, “Комсомол сөйлейді”, “Қазақстан – алтын сандық”, “Мен
кешеден келдім бүгінге” – поэмалары публицистикалық сипаттарымен
дараланады. Бұларда шығарма арқауы – лирикалық кейіпкердің ойы,
сезімі, толғанысы. Осылардың ішіндегі ең күрделісі – философиялық
үлгідегі “Портреттер” заманның көкейкесті сырлары, адамның қат-
қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілік жайындағы шығарма.
Ақын ұрпақтар тұтастығын, буындар аманатын толғайды. Поэмадағы
әкенің балаға беретін сағаты символдық мәнге ие, жинақтаушылық
күші бар көркем деталь.
Драматургияда қырық жыл еңбек еткен. Ә.Тәжібаевтың пьесасы
– М.Әуезовпен бірігіп жазған, азамат соғысының аласапыран
кезеңдерінен сыр шертетін, кезінде республикалық бәйге алған “Ақ
қайың”. Драматург эпос материалына сүйеніп, тарихи тұлғаларға
арнап, замандастар жайын толғап, көптеген сахналық туындылар
жасады. Ұзақ қаламгерлік сапарда дүниеге келген пьесалардың ішінде
“Жалғыз ағаш орман емес”, “Майра”, “Көңілдестер”, “Қыз бен солдат”,
“Сағынамын күн сайын” пьесалары ұлттық репертуарда берік орнықты.
Ақынның драматургияға әкелген олжасы, жаңалығы “Майрада” ерекше
айқын көрінеді. Өнер адамдарын драмаға арқау ету - әдебиетіміздегі
бай дәстүрлердің бірі.
Тарихы анық емес. Көп дүние қағаз бетіне түспеген елдің өткенін
бейнелеу таза шығармашылық мақсаттарды былай қойғанда, толып
жатқан қосалқы қиындықтар келтіреді. Үлкен адамдардың соңынан
бөзбен бірге сөз де ерген. Абайды сабап, Біржанды байлап тастаған
тентек топ әрекетін де түсіндіру керек. Осы арадан өмірлік материал
мен көркемдік қиял диалектикасы, проблемасы туады. Драмадағы
Майра әншілік, сұлулығымен бірге жаңа ой, жаңа идеяның адамы
тұлғасында сомдалған.
Әдебиеттің бір жанрымен түбегейлі айналысып, көш-жөнекей
басқа салаға соғып кетіп жүретін, ат үсті пікірлер айтатын қаламгерлер
толып жатыр. Той мақала, рецензия, баяндама жазбаған ақын
прозашы, драмашы жоқ та шығар, ал әбден танылған шақта, кемеліне
келіп, кер торысына мінген кезде, әдебиеттанудың, сынның ыстық-
суығына шыдап ауыртпалықты мойындап, білек сыбанып кірісетін
жазушылар тіпті де аз.
Осы қатарда Әбділда Тәжібаевты бөліп, даралап айтқан жөн. Ол
қазақ поэзиясының , драматургиясының көшелі суреткері болумен
229
бірге, әдебиет тануда да төрден орын алады. Көптеген мақалалар,
зерттеу еңбектер, естеліктерді былай қойғанда, “Өмір және поэзия”,
“Өмір және драматургия” (алғашқы аты “Қазақ драматургиясының
дамуы мен қалыптасуы”) монографиялары оның ойшыл ғалым, нәзік
сыншы, кең құлашты әдебиетші екендігін тапжылтпай дәлелдеген,
ұлттық өнердің екі бірдей күрделі жанрлары туралы жүйелі, іргелі
пікірлер айтқан, эстетикалық-философиялық қуаты мол көлемді
еңбектер.
Достарыңызбен бөлісу: |