1.2 Отарлық кезеңіндегі Польша Патшалығының саяси-құқықтық
жағдайы
Поляк мемлекетінің құрылуы туралы алғашқы тарихи мәліметтер Х-
ғасырдың соңымен мерзімделеді. Осы кезеңдердегі поляк жерлері мен поляк
мемлекеттілігінің ұлғаюы Одра мен Висла өзендерінің аудандарын мекендеген
аттас княздіктен бастау алады. Бұл аумақтарды басқарған атақты княздердің
бірі князь Мешко болған [22].
Княздік биліктің нығаюына бірыңғай дінді қабылдау ықпал етті. 965 жылы
Чехия христиандықты қабылдағаннан соң бір жылдан кейін Польша
шоқындырылады [23].
Ұлттық мемлекеттіліктің нығаюында ерекше рольді ойнаған діннің
келуімен поляк княздіктері чехия және литва княздіктері сияқты
жалпыеуропалық саясат жүйесіне ене отырып бағыттарын Батыстағы Римге
бұрады.
Сонымен қатар, католицизмнің мәдениеті және моральды этникалық
өсиеттерімен бірге қала мен ауыл тұрғындарының арасында қатаң тәртіп
орнайды. Оларды бұзу әрбір полякты сөзсіз жауапкершілікке алып келетін. Бұл
жерде құдайға құлшылық ету, әртүрлі рәсімдер тек латын тілінде жасалғанын
және олардың жергілікті тұрғындар арасында өткір қабыданғанын ескере кету
керек. Дей тұрғанмен, дін жоғарғы билікті қолдай отырып, мемлекеттіліктің
рухани негізі бола алды.
Шығыс Еуропамен шекаралас орналасқан Польша аумақ дауларына
байланысты өзінің көршілерімен өзінің де, өзгенің де бастамаларымен
мәжбүрлі соғыстар жүргізгенін атап өту керек. Польша герман жерлеріне де
жорықтар жасап отырған. Ерте ортағасыр кезеңінде поляк княздігі көрші литва,
чех және басқа да мемлекеттердің басып алынған жерлерін қамтыған ірі иелік
түрінде болған.
XIV ғасырда поляк-литвалық бірлестігі құрылады. Литва княздігі сол
кездегі мықты мемлекеттік құрылымдардың бірі болған. 1386 жылы литва князі
24
Ягелла польша ханшайымы Ядвигамен неке құрады, ал 1399 жылы Ягелла
Польшаның королі атанады. Польша мен Литва одағы тек адам және әскери
күште артықшылық беріп қана қойған жоқ, ол сонымен бірге жаңа мемлекеттік
басқару институттарының, сот жүйесі мен құқықтың дамуына ықпал етіп,
қалалардың салынуы мен сауданың артуына мүмкіндіктер берді. Жалпы, бұл
кезеңде Польшаның аумақтарының кеңеюі және көрші мемлекеттердің
шекараларының қосылуы болғанын атап өту керек. XVI ғасырға дейін билік
еткен ягеллондардың ұраны Польшаны «теңізден теңізге дейін» құру болатын
[22, б.10].
Сол кезеңдегі Польшаның басқару нысаны сословиялық-өкілдік монархия
үлгісінде болды. Тарихи дәстүрлер нәтижесінде Польша тағы бір әулеттің ғана
қолында болмаған, сондықтан XV ғасырдан бастап корольді сайлаудың белгілі
процедурасы сақталып келді. Король тағына үміткерді сарай маңындағы
ақсүйектерден тұрған Королдік рада бекітіп отырды, содан кейін ғана
құрамында шляхталардың (дворяндар) кең бөлігі өкілдік ететін сайлау съезі
корольді сайлау бойынша жұмыстарын жасаған.
Сайлаушылық қағидасы сол немесе басқа король билігінің заңдылығы
үшін маңызды болатын. Соңында, сайлау үрдісін – сол уақыттардағы заң
бойынша корольдік биліктің ажырамас белгілері болып табылатын тәж, билік
скипетрі (асатаяқ), семсер мен жүзікті табыстау арқылы таққа отырғызу рәсімі
аяқтады. Таққа отырғызу рәсіміне католик шіркеуі міндетті түрде қатысып
отырған. Корольдің бұрынғы заңдар мен артықшылықтарды сақтауы жөнінде
ант берілетін [24].
Сословиялық монархия жағдайындағы король билігінің шектеулі болғанын
айта кету керек. Бұрынғы уақыттарда король қалаларға, кейбір әулеттерге,
шляхталарға артықшылықтар беру арқылы жоғарғы билік пен жергілікті
басқарулар арасында тепе-теңдікті сақтап отырған. Өзінің міндеттерін
құзырындағы азаматтардың алдында орындамауы ақсүйектердің кетіп қалуына
немесе корольді қайта сайлауға құқық берген [24, б.104].
Корольдің мемлекет Басшысы ретінде сословиялардың құқықтарын
арнайы құжатпен растау дерегі ерекше қызығушылықтар тудырады.
Сословиялық өкілдік монархия жағдайындағы король билігі белгілі бір
шектеулермен шектелсе де, елдің ішкі басқару салаларында оның күші
әжептәуір болатын.
Біріншіден, король бүкіл әкімшілік жүйенің Басшысы болып табылды.
Оның қарамағындағы билеуші өкіл - старосталары жергілікті жерлерге бақылау
жасап, король заңдары мен жарлықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз
етіп отырған.
Екіншіден, король жоғарғы сот инстанциясы болып табылды. Осы арқылы
ол тек істерді қарастырып қана қоймай, сонымен қатар өзі қызығушылық
тудырған кез-келген істерді талап ете алатын.
Үшіншіден, король мемлекеттің Жоғарғы бас қолбасшысы болып
табылатын. Соғыс жағдайында оған ірі ақсүйектер мен шляхталардың әскери
жасақтары бағынатын және де ол өзі халық жасағын шақыра алатын.
25
Және соңғысы мемлекеттің сыртқы саясаты корольдің қолында болуы
маңызды еді. Ол ел атынан сөз сөйлеп, польша мемлекетінің халықаралық
саясатының векторын анықтап, халықаралық келісім шарттарға қол қойып,
күштерін жоя алды. Дегенмен, шектеулі монархия жағдайында соғыс немесе
бейбітшілік, шекаралас орналасқан жерлер мәселесі бойынша аумақтық
келіспеушіліктерге қатысты халықаралық сұрақтарды король жоғарғы
ақсүйектермен келісіп отырған. Бұл бір жағынан польша королі үшін бірқатар
артықшылықтар берді, себебі егер де көрші державалармен саяси жағдай ушыға
түссе, немесе ірі әскери кампанияның жүзеге аспауы жағдайында сәтсіздік үшін
жауапкершілікті поляк шляхталарына аудара салуға болатын.
Мемлекет өмірінде XIV ғасырда пайда болған Корольдік Раданың ролі зор
болды. Оның құрамы ірі мемлекеттік шенеуніктерден, жергілікті басқару
органдарының өкілдерінен, ірі еркін қалалардың басшыларынан және жоғары
католиктік элиталардан тұрды. Корольдік Раданың заң кеңесі өкілеттігі болды,
оның өкілдерінен корольдік сот құрылған. Король билігі нығайған сайын бұл
органның да мәртебесі арта түсті [24, б.105].
Сол кездегі польша мемлекетінің жоғарғы басқару жүйесінің сол дәуірдегі
Қазақстандағы хандық басқару жүйесінің айнасы тәріздес болғанын бірден
байқауға болады. Хан мемлекет Басшысы бола тұра ірі феодалдармен, әскери
және рухани ақсүйектермен санасып отырғанын біз білеміз [5, б.120].
Сондықтан, алдына қойған мақсаттарға қол жеткізіп, өзінің мемлекеттік
саясатын жүргізу үшін хан маңызды сұрақтарды сұлтандармен, билермен
келісіп отырған. Польша королі және қазақ хандарының шектеулі билік
жағдайында мемлекетті басқаруы үлкен өнер мен шеберлікті талап еткенін айта
кету керек.
Корольдік Рада құрамында мемлекет Басшысына жақын тұлғаларды
қамтыған Хандық Кеңеске ұқсайды, ал Сейм қазақтың көшпелі ортағасырлық
мемлекетінің дәстүрлі институттары болған Феодалдар съезі және Халық
жиналысын елестетеді.
Польшадағы жергілікті басқаруда Сеймдер мен Сеймиктер ерекше рольді
атқарғанын айта кеткен жөн. 1573 жылы ягеллондар әулетінің билігі
тоқтағаннан кейін, король билігі өзінің өкілеттіктерін қысқартады. Жоғарғы заң
шығарушы және атқарушы билік органы Сейм болады (Парламент), ал
жергілікті өзін-өзі басқаруды Сеймиктер атқарады. Дәл осы тарихи кезеңде
Поляк мемлекеті Республика немесе Речь Посполита деп атала бастайды.
Жалпы, бұл поляк мемлекетінің шынайы бейнесіне сәйкес келетін, себебі
басқарудың барлық органдары сайланбалы болды. Мысалы, жергілікті
жерлерде Сеймиктер өздерінің ортасынан Жалпыпольяк Сейміне депуттарын
сайлайтын, ал сайланған депуттардың әрқайсысы Сеймнің кез-келген шешіміне
Вето жариялауға құқықтары бар ерекше мәртебе иеленген [22, б.14]. Бұл болса
маңызды мемлекет міндеттерін жедел шешуде Парламенттің жұмысын кідіртті.
Корольдік биліктің өкілдік мекеме пайдасына қарай әлсіреуі бүгінгі күн
көзқарасы тұрғысынан қарасақ позитивті үрдіс болып табылады, алайда
26
Польшаның күрделі сыртқы саяси жағдайында бұл үрдістер бұған дейін де елді
қатаң басқаруда ұстап келген мемлекет механизмінің әлсіреуіне алып келді.
Және де, XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың басында Речь Посполита
өзінің көршілерінен қарулану мен әскер саны жағынан, тұрақты әскердің
болмауынан және баяу экономикалық өсім жағынан артта қалғандықтан өзінің
саяси позициясын бірте-бірте жоғалтуы кездейсоқ емес.
XVII ғасырдың бірінші жартысында Речь Посполита Швеция мен Ресей
тарапынан бірінші жеңіліске ұшырайды. Мемлекеттің әлсіздігі поляк тағының
қызметіне сырттан араласу үшін себеп болды. Белгілі тарихшы Н.И.Костомаров
бұл жөнінде былай деп жазған: Польшадағы жағдай І Петрдің бұл мемлекетті
өзіне толық бағындыру саясатын жүргізіп, билік ете алатындай жағдайда
болды. Жалпы, «Петрдің Польшаға қатынасы, тарихтағы белгілі күштілердің
әлсіздерге, қарапайымдарға одақтастан қожайын және әмірші мәртебесіне
айналу тәсілін пайдаланудай болған»,–дейді ғалым [25].
І Петрдің швед королін жеңуінен кейін ІІІ Август патшалы Ресейдің
қысымымен Польшаның жаңа королі болып сайланады. Польшаның батыс
шекарасындағы жерлердің бөлігін пруссия корольдігі басып алады.
Бірінші рет Польшаны бөлу 1772 жылы Ресей, Пруссия және Австриямен
жасалады. Сонымен қатар, Реч Посполита жерлерінің жоғарыда аталған
мемлекеттерге берілуі кезінде Республика өзі басып алған шекаралас жерлерде
болғандықтан Польшаның этникалық бөлігіне айтарлық зиян келтірген жоқ [22,
б.17].
Польшаның жеңілісі және оның ішкі, сыртқы істеріне көрші
державалардың араласуы ақсүйектер мен қара халықты қоғамның саяси жүйесі
мен елді басқаруды реформалау арқылы өздерінің ұлттық мемлекттілігін
құтқару үшін бірігуге итермеледі.
Нәтижесінде, Польшада1788 жылы Сейм шақырылған болатын. Парламент
өз жұмысының төрт жылы аралығында Польшаның ішкі істеріне араласу үшін
Ресей империясының тегеуірінімен басқару органы ретінде құрылған
Мемлекеттік Кеңесті таратады. Парламент жұмысы кезеңінде 100 мыңдық
тұрақты әскерді ұстап тұру үшін қаржы жиналады, ал Сейм қызметінің ең
маңыздысы ол 1791 жылы 3 мамырда Польшаның жаңа Конституциясын
әзірлеп, қабылдауы болатын. Бұл күн қазіргі Польшадағы Конституция
қабылданған күн саналады және ұлттық мереке болып табылады [22, б.18].
Конституцияның басты мәні онда француз төңкерісінің теоретиктері
болған Руссо, Монтескье және тағы басқалардан алынған халық егеменділігі
идеясы мен билік бөлінісі қағидасының бекітілуінде еді. Мысалы,
Конституцияның 5 бабында: «...әрбір қоғамдық билік халық еркінен тарайды»
делінген. Заңда биліктің үш билік тармағына бөлінетіні атап өтілген, ол заң
шығарушы – 2 палаталы Сейм, атқарушы – король және сот билігі [24, б.293-
294].
Сонымен бірге, Конституцияда келесі қағидалар бекітілген: тақ
мұрагерлігі; католицизмді негізгі дін ретінде мойындау; шляхталық
сословиялардың барлық артықшылықтарының бекітілуі; жергілікті өзін-өзі
27
басқарудың шектелуі; керісінше, мещандар құқықтарының кеңеюі. Ал қалған
әлеуметтік құрылым өзінің крепостнойлық құрылысымен бұрынғыдай қалып
қойды.
Конституция артықшылықтары мен табыстарын алып қойған Браницкий,
Ржевусский сияқты ірі ақсүйектер мен жер иелері Петербургқа патшаға
шағымданады. Бұл осы тұста патшалықтың Реч Посполитаға қарулы күшпен
басып кіруінің формальды сылтауы болып шыға келеді. Польшаға жіберілген
әкерлер кейін ғана қалыптасқан поляк әскерлерін жеңіліске ұшыратып,
Варшаваны басып алады. Пруссия Ресейді қолдай отырып 1793 жылы жүзеге
асқан Польшаны бөлудің жаңа жоспарын ұсынады. Нәтижесінде, Реч
Посполитаның аумағы 1/3 бөлікке дейін қысқарып, бар болғаны 3 800 кв.
мильді құрайды [22, б.19].
Поляк мемлекетіндегі жаңа дағдарыс елдегі тонаушылыққа көндіге
алмаған әртүрлі сословияларды қозғалысқа алып келді. Польшаның барлық
аумақтарында жаппай көтерлістер басталады, солардың ең ірілерінің бірі 1794
жылғы Тадеуш Костюшконың бастауымен болған көтеріліс, алайда ол кейін
патшалық биліктерімен қатаң басылады [26]. Тіпті патша шенеуніктерінің
өздері бұл көтерілістің «патшалық тарапынан жасалған қысымдар нәтижесінде
өлкенің ренішінің табиғи салдарынан туындаған қайтарылуы зор көтеріліс
екенін мойындауға мәжбүр болған» [27].
1795 жылы Польшаны жаңадан басып алғаннан кейін оның үшінші
бөлінісі басталады. Бұл датаны поляк мемлекетінің тәуелсіздігінен толық
айырылғандығы деп санауға болады. Реч Посполитаның барлық аумақтары
Ресей, Австрия және Пруссия арасында бөлінеді. Осы үш мемлекеттегі поляк
халықтарының жағдайларының өз ерекшеліктері болды, алайда, Реч Посполита
немесе Республика поляк мемлекеттілігінің нысаны ретінде жойылғанын
ескеру керек.
ХІХ ғасырдың басында вассалды Польшаның тарихына Еуропа елдеріне
қарсы Наполеонның соғысымен байланысты оқиғалар араласады. Поляк
ақсүйектері Наполеонның соғыс кампаниясына үлкен үміттер артты, тіпті
еріктілерден тұрған поляк әскерлері Пруссияға қарсы соғыс амалдарында
француздар жағында соғысады.
1807 жылы Тильзит трактаты бойынша заңдастырылған жаңа мемлекеттік
құрылым – Варшава княздігі пайда болды. Варшава княздігі аумағы жағынан
үлкен болды, ал адам саны 2,5 млн. астам халықты құрады. 1809 жылы
Австрияны жеңген Наполеон әскерінің құрамында Юзеф Понятовский бастаған
поляк еріктілер болды. Осы жеңістен кейін Варшава княздігінің аумағы
Австриядан алынған жерлер есебінен ұлғайып 154 мың км.кв. дейін, тұрғындар
саны 4,5 млн. адамға дейін жетті [24, б.319].
Варшава княздігі ұлы Бонапарттың жеңілісіне дейін 7 жыл өмір сүрді,
алайда солармен Польша аумағында жасалған мемлекеттік құрылым үлкен
тарихи мәнге ие болды. Поляктар үшін Наполеонға бағынышты болған княздік,
олардың ұлттық мемлекеттіліктерін толық қалпына келтіруде зор үміт берді.
Бастабында, Варшава княздігі Наполеон үшін әлемдік үстемшілік үшін күресте
28
одақтас ретінде қабылданса, кейін бұл шектеулі егемендігі бар мемлекеттік
құрылым Бонапарттың ойынша, болашақ Еуропаны қайта құруда үлгі бола алар
еді.
1807 жылы шілде айында Варшава княздігінің наполеон Конституциясы
күшіне енеді. Бір ерекшелік, Конституцияның 4 параграфы «...еріксіздік
жойылады. Барлық азаматтар заң алдында тең» деген ережені бекіткен.
«Еріксіздік» сөзі крепостнойлық бағыныштылық дегенді білдірді. Ары қарай
Констиуцияда дінге сенім бостандығы, жүріп тұру, адамдардың жазалануы тек
сотпен жүзеге асырылатындығы және тағы да басқа қағидалар түсіндірілді [24,
б.321].
Бір жылдан кейін, 1808 жылы Наполеон буржуаздық құқық нормаларына
негізделіп, құқықтық қатынастардың жаңа тәртібін орнатқан Азаматтық
кодексті енгізеді [28].
Конституция бойынша монархиялық басқару нысаны жарияланды, тақ
мұрагерлікпен берілуі керек болды. Монарх Үкіметке жетекшілікті жүзеге
асырып, Сеймге күшті ықпал ете алатындай дәрежеге жеткен. Сейм өкілді билік
органы ретінде екі палатадан тұрды, мемлекеттік биліктің жаңа органы –
монархқа тәуелді және заң шығарумен айналысатын Мемлекеттік Кеңес органы
енгізілді. Атқарушы билік үкіметтің қолында болды, әкімшілік бөлініс француз
үлгісі
бойынша
жүргізіліп,
княздік
Префектімен
басқарылатын
департаменттерге бөлінді [24, б.323-330].
Наполеон Конституциясының ерекшелігі оның крепостной құқығын жою
арқылы шаруаларға еркіндік пен теңдік беруінде еді. Жерді сатып алу немесе
жалға алу да Конституцияда жазылған болатын, алайда ол ірі жер иелерінің
тарабына бағытталған еді. Дегенмен, Негізгі заңда көрсетілген қағидалар
мемлекеттің болашақ жаңаруы үшін үлкен мүмкіндіктер ашты.
Наполеонның ресей армиясы құрамында болған еуропа әскерлерінен
жеңіліске ұшырауы поляк сұрағын күннің саяси тәртібіне қайта алып шықты.
1814 жылы Венада жеңіске жеткен мемлекеттер Польшаны төртінші бөлініске
салады. 1815 жылдың мамырында Ресей, Австрия және Пруссия араларында
Шығыс Галиция жерлерінің бір бөлігін австрия тәжіне беру жөнінде бірқатар
келісімдер жасалады. Краков қаласы 3 империяның қарамағындағы Еркін қала
деп жарияланады. Пруссия корольдігіне Ұлы Познань княздігі деген атқа ие
Варшава княздігінің бір бөлігі беріледі. Варшава княздігінің қалған жерлері
Ресей империясына беріліп Польша королдігі немесе Польша Патшалығы деп
атала бастайды. Оның тұрғындарының саны 3 млн.астам адамды құраған. Орыс
императоры Польша королінің атағын алды [24, б.331-332].
1815 жылы 27-қарашада ресей императоры І Александр Польша
корольлігінің Ресей империясына бағыныштылығын бекіткен Конституцияға
қол қояды. Сонымен бірге, Конституцияда польша мемлекеттілігінің отарлық
бағыныштылыққа өткенге дейінгі дәстүрлі институттары сақталды. Атап
айтсақ, бұл дәстүрлі заң шығарушы билік органы ретіндегі Сеймге қатысты
болды, кейбір мемлекеттік мекемелердің атаулары мен қызметтері,
әкімшіліктің алқалығы мен сайланбалылығы және сот жүйесі қалдырылды.
29
Конституция тұрғындардың барлығының Заң алдында теңдігін сақтады, алайда
бұл теңдік христиан дінін ұстанатындарға қатысты болды. Сонымен қатар,
еврейлердің саяси құқықтарынан айырылуы заңмен бекітілді [24, б.333].
Жалпы, 1815 жылғы Конституция 1791 жылғы 3 мамырдағы Польшаның
тұңғыш Негізгі заңына ұқсас болғанын айта кету керек, және де Варшава
княздігінің Конституциясымен салыстырғанда демократияшыл болмады әрі
көбінесе шляхталардың мүдделерін қорғады.
Польша корольдігі мен Ресей арасында уния, яғни орыс императорының
таққа отыруы Ресей империясындағы тәжге мұрагерлік ету тәртіптеріндей
сәйкес қайталанатыны туралы келісім болды. Мысалы, І Николай Мәскеуде
таққа отырғаннан кейін, сол рәсімдерді ол тағыда Варшавада поляк тағына
отыруы үшін қайталауы керек болатын. Сондықтан, император Польша
корольдігінде конституциялық монарх болып саналды. Констиуцияға сәйкес
король болмаған кезде оны билеушінің өкілі болған наменгер алмастырған.
Польша Корольдігінің бірінші наменгері Юзеф Зайончек болған [24, б.335].
Польша корольдігіндегі маңызды әрі ықпалды мекемелердің бірі болып
кеңесші қызметіне ие Әкімшілік кеңес табылды. Мемлекеттегі ерекше ролді
Поляк Әскерінің Қолбасшысы атқарды, ол қызметті патшаның інісі Ұлы князь
Константин орындаған. Әскер тек шекара қорғау қызметін жүзеге асырған жоқ,
ол сонымен қатар, Корольдіктегі ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етті және де
бүліктер мен көтерілістерді басу үшін жиі пайдаланылды [24, б.336].
Конституция қанша либеральды болғанымен, наменгер мен оған
бағындырылған әкімшілік билігі біртіндеп поляк Сеймі мен жергілікті басқару
органдарының ролін артқа ысырғанын айта кету керек.
1819 жылы наменгер баспа органы мен әртүрлі басылымдардағы
жарияланымдарға цензура енгізген болатын. Наменгердің бұйрығымен
азаматтардың бостандығы шектеліп, саяси сенімсіз тұлғаларды қамауға алу
шаралары жүзеге асырылды. Тіпті, 1825 жылы Парламент жұмысына
Парламент Палаталарының ашық отырыстарына тыйым салу жөнінде
Конституцияға өзгерістер пен толықтырулар енгізілген болатын. Патшалық
қоғамды саясаттандыру және ұлттық сана-сезімнің өсуі үшін түрткі болып кетуі
мүмкін деп мерзімі жеткен сұрақтарды парламентарилердің ашық талқысынан
өзін сақтады.
Бұл жерде сол кездегі Ресей империясында ешқандай Парламенттің
болмағанын ескеру керек. Мемлекеттік Дума 1905 жылғы бірінші орыс
төңкерісінен кейін 1906 жылы құрылғаны белгілі. Сондықтан, патшалық өкілді
билік органы – Сеймге Корольдікті басқарудың монархиялық жүйесіне қауіп
ретінде қарады. Патшалық Сейм қызметін жоққа шығару үшін бәрін жасайды.
Мысалы, Сейм қажеттілігіне қарай әр 2 жыл сайын жиналуы керек болды.
Алайда, 1818 жылдан 1830 жылға дейінгі аралықта Сейм бар болғаны төрт рет
жиналған. Бірінші, 1818 жылы, кейін 1820, 1825 және 1830 жылдары [24, б.337].
Сейм қағаз жүзінде кең өкілеттіктерге ие болғанымен іс жүзінде
императордың құқықтарымен шектелген еді. Басқарудың барлық орталық
жүйесі Әкімшілік кеңеске бағындырылған үкіметтік комиссиямен жүзеге
30
асырылды.
Іс
жүзінде
маңызды
шешімдер
Петербургтағы
тиісті
Министерстволардың рұқсатымен қабылданған. Петербургта патша сарайы мен
Корольдік билік органдарының арасында делдал қызметін атқарған мемлекеттік
хатшы – Министр орналасқанын айта кету керек.
Корольдікте орыс әскерінің үлгісі бойынша жасалған тұрақты әскерлер
болды. Әскери қызмет 10 жылды құрады, оның құрамы қарапайым адамдардан
тұрды, өйткені бай поляктар қызметтен ақша төлеу арқылы босатылатын. Әскер
жалпы саны 30 мың адамнан тұрды. Оларға поляк киім үлгісін киюлеріне
рұқсат етіледі.
Сонымне бірге, Польшаның империяға бағыныштылығы жағдайында,
Корольдікте ағартушылық, мәдениет, білім деңгейі және де баяу болса да,
жоспарлы түрде экономиканың дами бастағанын айта кеткен жөн. 1816 жылы
Еуропалық мемлекеттердің үлкен ықпалымен Варшавада 5 факультет:
медицина, пәлсафа, өнер, теология, құқық және әкімшілік жүргізу
факультеттері болған бірінші университет ашылады. Кейін, 1818 жылы Краков
университеті ашылады [24, б.340].
Тәуелсіздіктен айырылуы, соғыстағы жеңілістер, патша шенеуніктерінің
озбырлығы, поляк халқының дәстүрлерінің, мәдениет пен тілдің ескерілмеуі
жаппай наразылықтар туғызады. Австрия, Пруссия және Ресей аумақтарында
өмір сүрген әрбір поляктың өздерінің ұлттық мемлекеттілігін қайтару үміті
болды. Адамның табиғи құқықтары мен жеке тұлға бостандығын үшін
деспотизммен күрес поляк қоғамының ақсүйектері – шляхталардың, азаматтық
мекемелер және қарулы күш қызметкерлерінің санасын жиі жаулай бастады.
Сондықтан, Варшавада және өзге ірі қалаларда жоғалған поляк ұлттық
мемлекеттілігін қалпына келтіруді көздеген, патшалыққа қарсы қарулы
көтерілістер жүргізу үшін құпия қоғамдар пайда бола бастады.
Осылайша, Варшавада 1830 жылдың 29-30 қараша күндері поляк әскерінің
қызметкерлері көтеріліс ұйымдастырады. Оған 1830 жылғы француз төңкерісі
итермелейді. Әскерилердің көтерілісін қоғамның өзге қабаттары ақсүйектер
мен қарапайым халық қолдай жөнеледі. Алайда, әскери жағы мен халықтың
қолдауына ие болған қоғамның басшылары түпкілікті шешімдер қабылдауда
көп ойланады.
Біраз уақыт жоғарғы билікті Корольдіктің Әкімшілік кеңесі жүзеге
асырады, кейін ол ішкі үкімет болып өзгереді, бірақ келесі күні билік диктатор
император Юзеф Хлопицкидің қолына өтеді. Осы уақытта шақырылған Сейм
диктатор мен Жоғарғы ұлттық кеңесті біржола бекітеді. Көтерілісшілер
Петербургпен келіссөз жүргізгілері келеді, алайда император оған көнбей,
олардың толық берілуін талап етеді.
1830 жылдың желтоқсанында көтеріліс ұлттық деп танылады. Сейм орыс
императорының поляк тағын иемдену құқығынан айырған бірқатар заң
жобаларын қабылдайды, Парламент көтеріліс кезеңіндегі жоғарғы билік органы
болып жарияланады [24, б.343].
Сол кезеңдегі төңкерісшілердің «Еуропа Жандармы» деп аталған Патшалы
Ресей поляк әскерін жою үшін ірі бөлімдерін кіргізеді. Көтеріліс бұл жолы да
31
сәтсіздікке ұшырап, көптеген поляктар қуғыннан бас сауғалап көрші елдерге
кетуге мәжбүр болады.
Көтерілістің салдары Конституцияның жойылуына, поляк әскерлерін
таратылуына, Парламенттің таратылуына және жойылуына себеп болады.
Поляк корольдігінің барлық аумағын ресей билігі басып алады. І Николайдың
Польшадағы наменгері болып Паскевич тағайындалады [22, б.25]. Елдің
барлық аумағында күштеп орыстандырудың жоспарлы саясаты, қатаң цензура
және қуғындау шараларының кезеңі басталады.
1830 жылғы көтеріліс күші жағынан әлді тараптан жеңіліске
ұшырағанымен, Польша үшін баға жетпес мәнге ие болды, себебі ол поляк
мемлекетінің тәуелсіздігін алуы үшін қоғамның барлық топтарын біріктірді.
Және де, мұның абсолютизммен күресіп жатқан Еуропа үшін айтуға
тұрарлықтай үлгі әрі «поляк» сөзінің тәуелсіздік үшін күресудің символы
болғаны кездейсоқ емес [24, б.344].
Австрия мен Пруссия аумақтарында тұрған поляктардың өз отандастарына
қолдарынан келгенше қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. 1846 жылы поляк
еркін қаласы Краковта көтеріліске әзірленеді. Көтеріліске қатысушылар
комитеті құрылып, кең ауқымды әрекеттер дайындауға қару-жарақтар жинала
бастайды, алайда пруссиялық және австриялық биліктер әзірленіп жатқан бүлік
жөнінде біліп қояды да, көтерілісшілерді құрту бойынша шараларды
қабылдайды. 1848 жылғы краков көтерілісінің басылуымен Польша соңғы
тәуелсіз бөлігі – Краков Республикасының тарихы аяқталады [22, б.23-24].
Пруссияның иелігіндегі Ұлы Познань княздігі деп аталатын Польшаның
бөлігі өзіннің алғашқы күнінен бастап-ақ Батыс және Шығыс Пруссияның
жүргізген бірегейлендіру және германдандырудың нақты бағдарламаларын
сезіне бастайды. Поляк мемлекеттілік құрылысын, дәстүр мен ұлттық
ерекшеліктерін жоюға бағытталған жоспарлы акциялар басталады. Іс тіпті
поляк мектептерін жабу мен мемлекеттік мекемелерде поляк тілінде сөйлеуге
тыйым салуға дейін барған. Біртіндеп немістендіру мен поляк мәдениетін
жоққа шығару жүріп жатты.
Бұл кезеңде бытырап кеткен герман жерлерінің бір мемлекет астына
біріккенін ұмытпау керек. Герман жерлерін біріктіру үрдісі қиын әрі ұзақ
жүрді, ол бейбіт жолмен де, қарулы күшпен де жүзеге асырылды. Біріктіруші
рөлінде екі мемлекет – Австрия және Пруссия болғаны белгілі. Алайда, 1871
жылы жаңа біріккен Германияны құруда басты рөлді ойнаған Пруссия әскери
және экономикалық тұрғыда мықты болып шықты. Сондықтан, Германия
империясының қалыптасуы иіріміне тартылып кеткен Ұлы Познань княздігінің
жағдайы өте күрделі болатын. Княздіктің басында Пруссия Корольдігінің бір
провинциясының әкімшілігіне бағынған наменгер отырды. Наменгер билігі
қағаз жүзінде ғана болатын, нақты билікті провинция басшысы жүргізген.
Біртіндеп княздік Пруссия провинцияларының біріне айналады, 1831 жылдан
бастап тақ наменгері лауазымы жойылады.
1830 жылғы көтерілістен кейін пруссия әкімшілігі аталған оқиғалардың
оның аумағында қайталанбауы үшін, поляк тұрғындарына қатаң полициялық
32
тәртіп орнатады. 1832 жылдан бастап неміс тілі әкімшіліктегі, кейін сот
өндірісіндегі қарым қатынастың міндетті тілі болдырлады.
Ресей императоры І Николай 1830 жылғы көтеріліс басылысымен бірден
Корольдік Конституцияны алмастырған «Органикалық статут» атымен белгілі
Заңда көрсетілген Польша корольдігінің Ерекше құрылымын жоюды бастайды.
Унияның орнына Корольдіктің Ресей империясы құрамындағы бір
провинциясы ретіндегі инкорпорация келді. Патша өзінің Заңында барлық
құқықтар мен бостандықтар, діни сенім бостандығы, жеке басқа қол
сұғылмаушылық және тағы да басқаларды жариялады. Сонымен қатар,
Корольдікте биліктің азаматтық органдармен әскери полициялық-аппарат
әрекет етті. Патшаның белгілі бір уақыттарда азаматтық мекемелер қызметі
әскери мекемелермен алмастырылатын төтенше және әскери жағдайларды
енгізу құқығы болды, мұнда ұлт-азаттық қозғалыстармен күрес жүргізген
әскери-далалық соттар, жандармерия және әскери бөлімдер ерекше ролді
атқарды.
«Органикалық статутпен» Польша Парламенті – Сейм таратылады, бірақ
уақыт өте келе провинциялық сословие Жиынын шақыру уәде етіледі. Бұрын
болып келген сеймиктер, земстволық және гминдік жиындар жойылды. Заңда
уәде етілген қалалық және ауылдық өзін-өзі басқару жоқ болды. Польша
әкімшілік құрылымының органы ретіндегі воеводствалар губерния деп
өзгертілді, олардың басында императормен тағайындалатын губернатор
отырды. Іс жүзінде Польша Корольдігінің барлық мекемелері ресей билік
органдарының ұқсас түрлерімен өзгертілді. Репрессия жүріп тұрған кезеңде
Варшава университеті мен өзге де білім мекемелері жабылды [24, б.349-350].
1855 жылдың 18 ақпанында І Николай қайтыс болады. Осы мәселені
зерттеген А.Ф. Смирнов, сарай маңында патшаның аяқ асты қазасына
байланысты әртүрлі пікірлер жүргенін айтады. Біреулер мұны Қырымдағы
соғыстың (1853-1856 жж.) жеңілісінің нәтижесі десе, енді бірі императордың
өлімін лейб дәрігер Мандтың қатысуымен болған қасақана кісі өлтіру деп
жатты [29].
І Николай қайтыс болғаннан кейін ресей тағына өзінің озық саяси
көзқарастарымен ерекшеленген және Ресейді дағдарыстан алып шығып Еуропа
елдерінің деңгейінің қатарына қоюды көздеген ІІ Александр отырады. Ұлттық
шеттер жаңа импертордың келуінен тың өзгерістерді күтеді.
Халық арасында «реформатор патша» немесе «азат етуші патша» деген
атқа ие болып, ресей қоғамына маңызды реформаларды алып келген ІІ
Александрдың билігі тұсында оның айналасындағылардың рөлі зор болды.
Олардың қатарында патшаның бауырлары ұлы князь – Константин
Николаевич, граф М. Лорис-Меликов, Д.А., Милютин, К.Д. Кавелин, Ю.
Самарин, К.П. Победоносцев, П.В. Донской, А.М. Горчаков және тағы басқалар
болды [30].
ІІ Александр реформалары басталмас бұрын қоғамның жағдайын және
түпкілікті қайта құрулардың жасалуы жоспарланған сұрақтарды зерттеу үшін
комиссия құрылғанын айту керек. Императордың серіктестерінің бірі граф Д.А.
33
Милютин Ресейдің батыс аймақтарындағы жағдайларды келесідей сипаттайды.
Ол отарлық басқарудың мемлекеттік тетіктері мен жүйелерінің икемсіздігі
Польшадағы империялық саясатқа зиян келтіргенін айтады. Оның ойынша,
Польша мен Финляндиядағы өзгертулерді халықты шектен шығарушылыққа
жеткізбей-ақ жасауға болатын еді. Нәтижесінде екі елдің қоғамы өшпенділік
күйде, ал ауада кез-келген сәтте жаңа төкеріс орын алуы мүмкін шиеленістің
қауырттылығы сезіледі [31].
Император ағартушылық абсолютизм идеяларына сәйкес әлеуметтік-
экономикалық реформаларды жүргізуді 1861 жылы Ресейдегі крепостнойлық
құқықты жою арқылы жоғарыдан бастауды көздейді. Шаруалар реформаның
арқасында еркіндік пен бірге жерлерді де алды. Бұл жерде помещик жер иелері
зардап шекпегенін айта кету керек, себебі шаруалар қауымдастығы Шаруа және
Жер банктерінен жеңілдетілген көмек қарыз алу арқылы жердің құнын
келісілген нақты бағамен төледі. Шаруалар мен помещиктер арасындағы
дауларды ірі және беделді дворяндардың ішінен тағайындалған ара
бітістірушісі шешетін болған [32].
Бұл реформаларға император көп уақыты мен қаражатын жұмсайды,
өйткені помещиктер өздерінің басыбайлыларынан және жерлерінен
айырылғылары келмеді. Алайда, абсолютизм қысымымен олар оны қабылдап,
реформа ережелерін орындауға мәжбүр болды.
Патшаның келесі қадамдары болып – университет жарғылары (1863 ж.),
сот және жер реформалары (1864 ж.), қалалық реформа (1870 ж.), әскери
реформа (1874 ж.) және тағы басқалары табылды [33].
Мысалы, 1864 жылғы сот реформасы айыпталушының міндетті қорғалуы –
қорғаушылар институты мен барлық қоғам топтарының сот алдында теңдігін
енгізді. Әділет министрі Н.В.Муравьевтың мәліметтері бойынша алқа билер
соты енгізілгеннен кейін маңызды істер бойынша ақтау үкімдерінің пайыздық
мөлшері 57,5 % жеткен [34]. Белгілі қоғам қайраткері және ІІ Александрдің
реформаларын жасаушылардың бірі А.А.Головачев: біздегі сот Жарғысымен
бекітілген
алқа
билер
институты
сот
орындарындағы
үкімдердің
дұрыстығының ең басты кепілі,-деп атап өткен [35].
Өкінішке орай, ІІ Александрдің демократиялық реформалары тек
метрополияға қатысты болды, ал отарлык шеттерде олар енгізілмеді. Мысалы,
Қазақстандағы, Польшадағы алқабилер соттары 1917 жылы ғана Уақытша
Үкіметпен енгізілген болатын. Жергілікті өзін өзі басқару ісі Қазақстанда да,
Польшада да 1917 жылға дейін дәл осындай жағдайда болған. Сонымен бірге,
патшалықтың ұлттық шеттерге біркелкі қатынасы болмағанын айта кету керек.
Мысалы, Финляндияға 1863 жылы оның Ресейдің Финляндия Княздігі деген
аты бар отарлы шеті екендігіне қарамастан, Конституциясы мен автономиялық
мәртебесі қайтарылады [31, б.7]. Оған жауап ретінде кім көбірек қарсылық
білдірсе, соларды қатаң ұстау деген түсінікті келтіруге болатын сияқты.
Аймақтарды тыныштандыру мақсатында император ІІ Александр орыс-
поляк қатынасындағы келеңсіздіктерді жоюы тиіс болған граф А.Велепольскиді
Польша Патшалығын басқару үшін жібереді. А.Велепольский поляк
34
ақсүйектерін орыс тағына жақындату үшін бұрын Польша аумағында, кейін
патша әкімшілігіне толықтай бағынышты болған Мемлекеттік кеңес, Әкімшілік
кеңес және тағы да басқа басқару органдарын қалпына келтіреді. Сонымен
қоса, ол халық құрылымындағы ережелерді босату, еврей тұрғындарына
қатысты кейбір босаңдықтардың жасалуына ықпал етеді. Алайда, ол Польша
Патшалығындағы шаруалар реформасының басты аграрлық сұрақтарын шеше
алмайды [24, б.352-353].
Крепостнойлық құқық және шаруаларды жерге орналастырушылықпен
байланысты болған жер сұрағы сол кезеңдегі көкейкесті сұрақтардың бірі
болатын. Ресейдің өзінде бұл мәселе 1861 жылы шешілгенін жоғарыда айтып
өткен едік. Патша реформалары серіктестерінің бірі болған К.Д. Кавелиннің
пікірінше, крепостнойлық құқық біздің қоғамымыздың барлық жараларының
біріккен тұсы, ол Ресейдің дамуы мен болашақ жетістіктеріндегі кедергі [36].
Пруссиялық және австриялық Польшада да аграрлық сұрақ орнынан
қозғалады. Мысалы, Еуропадағы ең ұзақ реформа саналатын пруссия аграрлық
реформасы 1850 жылы 2 наурыздағы заң бойынша міндеттіліктің сатып алынуы
және жалпы пайдалану жер суларының бөлінуі шарты анықталған күні іске
асырыла басталып [37], іс жүзінде 1865 жылы аяқталады. [37, б.237]. Ал
Польша Корольдігінде жер мәселесі бір орында қала берді. Шаруалардың 1807
жылы крепостнойлық бағыныштылықтан босатылғаны белгілі, алайда жерлерді
сатып алу мен жерге орналастыру тетіктері туралы заңның болмауына
байланысты олар мекен еткен және жұмыс жасаған жерлердің барлығы
помещиктердің меншігінде болды. Мұндай мән-жағдайларға байланысты граф
Вельепольскийдің
косметикалық
қайта
құру
жұмыстары
Польша
Патшалығындағы жалпы жағдайды оңалта алмады. Польшадағы өзекті
мәселелерді шешуде патша билігі тарапынан құлшыныстың болмауы польяк
қоғамын аяғынан тік тұрғызады.
Ю.Мархлевскийдің айтуынша, көтерілістің формальды басталуына
рекруттарды таңдауды әдеттегі жеребе әдісі бойынша емес, биліктің қарауымен
жүзеге асыру арқылы Варшавадан рекруттарды алу сияқты ерекше жолды
қарастырған граф Велепольскийдің жоспары себеп болған. Осылайша,
Велепольский революциялық көңіл күйдегі жастарды қызмет атқаруға жіберу
арқылы олардан құтылғысы келген [38]. Польша Патшалығы аумағындағы
төңкеріс басталғанға дейін екі саяси лагерь қалыптасады, олар: радикальды-
демократиялық (қызылдар) және консервативті (ақтар). Қызылдар қанаты
көтеріліске шығуды қолдаса, «ақтар» керісінше сұрақты бейбіт жолмен шешуге
тырысты. 1862 жылы «қызылдар» өздерін Уақытша ұлттық үкімет деп атаған
құпия Орталық комитеттерін ұйымдастырып, барлық азаматтарды қарулануға
шақырады. Кейін, 1863 жылдың 22 қаңтарында Варшавада ірі көтеріліс
басталады.
Уақытша ұлттық үкімет шаруалардың өздерінің жерлеріне меншік құқығы
туралы және де жермен айналысуды қалаған әрі көтеріліске қатысқан жерлері
жоқ шаруаларға ұлттық меншіктегі жерлерден жер бөліктерін беру уәде етілген
бірнеше декреттер қабылдайды.
35
Көтеріліске қатысқан шамамен 30 мың адамға 200 мың патша әскерлері
қарсы тұрады. Алайда, Польшаға көтеріліске қатысуы үшін тек поляктар ғана
емес, сонымен қатар өзге еуропалық мемлекеттерден басқа этнос өкілдері де
келіп жатты. Көтерілістің көшбасшылары болып Париж Коммунасының
жетекшілерінің бірі болған – Ярослав Домбровский, Стефан Бобровский және
Зигмунд Падлевскийлер және тағы басқалар табылды [24, б.355].
Қаңтарда басталған көтеріліс бүкіл Еуропаны, әсіресе аумағында
көтерілісшілердің отандастары болған Австрия мен Пруссияны дүр сілкіндірді.
Біріккен Германияда басты рөлге үміткер болған Пруссия болған оқиғаға
өзгелерден көп абыржиды, алайда оның Министрліктері мен Ведомстволары
Польша Патшалығындағы жағдайлар туралы ақпараттардан беймәлім еді [39].
В.Г.Ревуненков тарихта «темір канцлер» атанған Пруссия канцлері Бисмарктің
көтерілісшілерге қатысты ұстанымы қатаң болғанын, поляктардың ығына
көнбеушілік, көтерілістің қатаң басылуы және қандай да бір реформаларды
жою сияқты позицияны ұстанғанын атап өтеді [39, б.124]. О.Бисмарктің
ойынша, Польша Ресей үшін алаңдаушылықтың көзі болып табылады, оның
орыстандырылуы әртүрлі дінге сенушілікке және орыс билігінің әкімшілік
қабілетінің жетіспеушілігінің кесірінен жүзеге аспаған. Ары қарай былай дейді:
«...біздердің, немістердің қолынан келетін еді, ...бізде бұларға қатысты
құралдарымыз бар, яғни неміс халқы поляк халқына қарағанда мәдениеттілеу»
[40, б.265-266].
Көтеріліс 1864 жылға дейін созылып, көтерілісшілердің жеңіліске
ұшырауымен аяқталады. Көтеріліс аяқталған жылы патшалық шаруа
реформасын жүргізуге мәжбүр болады да, император ІІ Александр19 ақпанда (2
наурыз) шаруалардың құрылысы туралы Жарлық шығарады [41]. Реформа
бойынша шаруалар өздері мекен етіп, еңбек еткен жерлерін жеке меншікке
алған. Шаруалардан алынатын міндетті алым алынып тасталады, олардың
орнына помещик жерлерінің құны өтелетін ерекше жер салығы салынады [41,
б.130]. Жер салығын төлеу үдерісі ондаған жылдарға созылады, тек, 1906 жылы
ғана помещиктерге төленетін төлем аяқталады [42, б.603-604].
1863-1864 жылдары болған оқиғалар поляк халқының империяға қарсы тең
емес күрестерде қаншама рет жеңіліс тапса да, өздерінің поляк ұлттық
мемлекеттілігін қалпына келтіру идеяларын тастамағанын дүние жүзінің
алдында тағы бір рет көрсетті.
Поляк жерлерін ассимиляциялау және орыстандыру, көтеріліске
қатысқандардың және олардың отбасыларының репрессияға ұшырауы оларды
өз елдерінен басқа елдерге қашуға мәжбүр еткенін айта кету керек. Поляк
ғалымдары Ю.Бардахтың, Б.Леснодорскидің, М.Пиетрчактың мәліметтері
бойынша 1870-1914 жылдары аралығында АҚШ–қа көбісі шаруалардан
тұратын 2,6 млн.адам, Американың өзге мемлекеттеріне – 200 мың поляктар,
Герман елдеріне, әсіресе Вестфальға 400 мың адам, Еуропа елдеріне – 100 мың
адам, және де Ресей империясының әр жерлеріне 30 мың поляк қоныс аударған
[24, б.372].
36
1905 жылғы Орыс төңкерісі Ресейдің өзге шеткері аймақтарындағы
сияқты Польшаға да өмір сүру деңгейінің жақсаруына, ұлттық тәуелсіздікті алу
мүмкіндігіне, отарлық тәртіптің босауы үміттерін алып келді. 1905 жылы 17
қазандағы Манифестке сәйкес құрылған Мемлекеттік дума өзіне тек
метрополия ғана емес, сонымен қатар ұлттық шеттердегі халықтардың
барлығының назарын аударды.
Польша Патшалығы Ресейдің өзге отарлары Дала, Түркістан өлкелері
сияқты Мемлекеттік думаға өздерінің депутаттарын ұсыну құқығына ие болды.
Поляк депуттары «Поляк колосы» деп аталған өздерінің фракциясын құрады.
Польша атынан депутаттар орыс және поляк тұрғындарының арасынан
сайланды.
Қазақстанға қарағанда поляк қалаулыларының айырмашылығы олардың
парламенттегі 4 шақырылымның барлығына қатысады, ал ортаазия
аймақтарының депутаттары болса 1907 жылғы 3-маусымдағы мемлекеттік
төңкерістен кейін Думадағы өкілдік ету құқықтарынан айырылады. 3-
маусымдағы заң бойынша депутаттардың жалпы саны жұмысшы тап,
демократиялық революциялық партия және ұлттық шеттер есебінен
қысқартылады. Есесіне монархиялық партия мен оларға жақын саяси күштер
«оңшылдар» саны арта түседі [43], бұл – парламенттің тек патша үкіметінің
талаптарын орындайтынын білдіреді.
III және IV Мемлекеттік думалар тарихта «қара жүздік» деген атпен
қалады, өйткені олар Польша мен Қазақстанның жағдайын жақсартатын ешбір
заң жобасын қабылдамаған.
Жалпы, Дума басталған реформалардың елесін ғана жасағанын айта кеткен
жөн, ал олардың жасаушылары – император және оның маңындағылар болса
өздерінің шексіз биліктерін шектегілері келмеді [44].
Поляк ұлттық мемлекеттілігі үшін күрес поляк халқына тәуелсіздік алып
келген революциялық күштердің 1917 жылғы ақпандағы буржуазды
демократиялық төңкеріс оқиғасына және ІІ Николай тақтан бас тартқанға дейін
жалғасады. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру үдерісінің қиын, күрделі
және ұзақ жылдарға созылғанын айта кету керек.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, XVI ғасырдың аяғында пайда
болған Реч Посполита немесе Республика сословиелік-өкілдік монархия болып
табылғанын атап өту керек. Оны расында республика деп атауға болады,
өйткені ондағы король билігі Жалпыполяктық Сейммен шектелген, олардың
келісімінсіз корольдің қандай да бір ірі мемлекеттік шешімдер қабылдауына
құқығы болмады. Польшада ондағы биліктің саяси нысанына сәйкес жергілікті
өзін-өзі басқару институттары болған.
Польшада XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың басына қарай
экономикалық және әскери-саяси сипаттағы дағдарыс құбылыстары орын ала
бастайды. Әлсіз орталықтандыру және мемлекеттік тетіктердің икемсіздігі
елдің алдында тұрған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік бермейді. Және де,
Польшаның әскери тұрғыда әлдеқайда қуатты империялардың қоршауында
тұрғанын, олардың саяси құралдарды және Реч Посполитаның уақытша
37
шарасыздығын пайдалана отырып оның мемлекеттік аумағына қол сала
бастағанын айта кету керек.
Бірқатар жеңілістердің нәтижесінде, Польшаның аумағы Ресей, Пруссия
және Австрия арасында 4 рет бөліске ұшыраған, алайда өзінің құқықтық
жағдайларына көңілдері толмай бірнеше рет ірі көтерілістер ұйымдастырады,
олардың соңғысы 1863 жылы болады.
Ресей билігімен қатаң түрде басылған көтерлістер, өзін-өзі басқарудың
дәстүрлі институттарының жойылуы, отарлық билік тарапынан болған қуғын-
сүргіндер поляк халқының өздерінің мемлекеттік тәуелсіздіктерін қалпына
келтірудегі рухтарын аяқ асты ете алмады. Тек қызу күрестің арқасында
самодержавиялық режимнің құлауынан кейін ғана осындай мүмкіндік пайда
болды.
Поляк халқы мен мемлекетінің өз тәуелсіздіктері үшін қаза болған
батырларының қайғылы оқиғаларына толы тарихы Қазақ мемлекетінің
тарихына ұқсас. Қазақ хандары XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ресей
империясымен келісімге қол қойған сәттен бастап басында сыртқы, кейін ішкі
саясатта өздерінің дербестіктерін жоғалта бастаған. Ал, XIX ғасырдың бірінші
тоқсанындағы Кіші және Орта жүздердегі хандық билікті жою туралы заңның
шығуы Дала өлкесін вассалды мемлекеттен Ресей империясының отарына
айналдыра бастайды.
Польша мен Қазақстандағы патшалықтың отарлау саясаты, біртіндеп
олардың тұрғындарының ассимиляциялануы және орыстандырылуы, ұлттық
мәдениеттерінің, дәстүрлерінің және тілдерінің жойылуы біздің қоғамымызды
«цементтей» біріктіре түсті, әрі болашақта ұлттық мемлекеттілікті қалпына
келтіру үшін күресте негіз болып табылатын олардың ұлттық санасын
нығайтты.
Достарыңызбен бөлісу: |