Миногалар кластармағының ерекшеліктері.
Миногалар солтүстік және оңтүстік жарты шарлардың қоңыржай ендіктерінде тараған, тропикалық суларда кездеспейді. Бұлар 3 топқа бөлінеді:
а) теңіз, немесе өткінші миногалар – тіршілігінің көп бөлігін теңізде өткізеді, бірақ уылдырық шашу үшін өзенге шығады. Олар: Атлант миногасы (Petromyzon marinys), Каспий миногасы (Caspiomyzon wagneri), үштісті минога (Entosphenus trigentatus) және басқалары. Уылыдрық шашу кезінде өткінші тілтістер қоректенбейді, жинақталған май қоры есебінен өмір сүреді. Өрістеу алдында Каспий тілтісінің (Caspiomyzon wagneri) май қоры дене массасының 34%-н құраса, Европа тілтісінде (Lampetra fluviatilis) – 20%, ал уылдырық шашу кезінде қордың бар-жоғы 1-2% қалады. Уылдырық шашу кезінде оларда көзге түсетіндей сыртқы және ішкі өзгерістер болады: ішегі жойылады және ол жіңішке жіпшеге айналады, өт қапшығы жойылады, тістері тоқалданады, ауыз воронкасының бездері қызметін тоқтатады, арқа жүзбе қанаттарының мөлшері ұлғаяды, аналықтарында кішірек тақ аналь жүзбе қанаты, ал аталықтарында жыныс емізікшесі дамиды; уылдырықтары мен шоғалдары пісіп-жетіледі.
ә) өзен өткінші миногалары теңіздердің тұщылау жағалаумаңы учаскелерін мекендейді, уылдырық шашу үшін өзенге шығады. Бұлар: Европа тілтісінде (Lampetra fluviatilis), Жапон миногасы (L.ayresii) және басқалары.
б) өтпейтін өзен, көл және бұлақ миногалары. Бұларға Европа мен Азияның тұщы суларын мекендейтін Lampetra туысының өкілдері – Европа өзен миногасы (L.planeri), Қиыр-шығыс өзен миногасы (L.japonica), Сібір өзен миногасы (L.ressleri), сол сияқты Солтүстік Америкада мекендейтін Ichthyomyzоn туысының өкілдері де жатады.
Қазақстанда Каспий миногасы, атына сай Каспий теңізі мен Жайық өзенінде мекендейді, Сібір миногасы – Ертіс, Тобыл өзендерінің бассейнінде және Қиыр-шығыс миногасы – Ертіс өзенінің су алқаптарында кездеседі. Каспйи миногасы (тілтісі) Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген.
Каспий миногасы Caspiomyzon wagneri (Caspiomyzon туысы) Каспий теңізінің эндемигі, уылдырық шашуға Еділ мен Кураға көтеріледі. Дене ұзындығы 44-55 см-ге, салмағы 120-125 г-ға жетеді. Еділ өзеніне өрістеуі қыркүйекте су температурасы 11°С-қа төмендегенде басталады. Жаппай өрістеу қазанның екінші жартысы мен қараша айларында жүреді. Өзенде мұз пайда бола бастағаннан кейін өрістеу тоқтайды. Еділ бойымен жоғары көтерілу жылдамдығы тәулігіне орташа 10 км. Каспий миногасы тасты немесе қиыршық тасты грунтта көбейеді. Каспий миногасының тістері тоқал болып келеді, балдыр, детрит, ұсақ жануарлармен және балықтар мен басқа жануарлардың өлекселерімен қоректенеді.
Теңіз миногасы Petromyzon marinus (Petromyzon туысы) миногалардың ішіндегі ең ірі өкілі. Дене ұзындығы 90-100 см-ге, салмағы 3 кг-ға жетеді. Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде, Солтүстік Американың жағалауларында мекендейді. Сирек Американың Ұлы өзендерінде көлдік форма түзейді. Теңіз миногасы бағалы балық түрлеріне – албырт, треска, бекіре балықтарына шабуыл жасайды. Тіпті киттерге де жабысып жүрген миногалар байқалған. Ақпан-наурыз айларында теңіз миногасы қарқынды қоректенеді. Көбею уақытында қоректенуін тоқтатады. Көбеюі көктемде құмды грунтта жүреді. Уылдырық шашқанда бірнеше данадан топ болып жиналады. Өнімділігі (тұқымдылығы) – 238 мың уылдырық. Аналығы грунтта ұзындығы 2 м, ені 50 см шұңқыр қазады да сол ұяға уылдырығын салады. Теңіз миногасы өмірінде бірнеше рет көбейеді. Теңіз миногасының өткінші формасы моноциклды. Судың 18-23°С температурасында ұрықтанғаннан кейін личинкалары 7-8 күні уылдырықтан шығады.
Ұлы көлдер бассейндерінде теңіз мингогасының көлдік формасының көбеюі 10°С – тан жоғары температурада жүреді. Көл миногасының аналығы 24 мыңнан 170 мыңға дейін уылдырық шашады, бәрақ оның 1% ғана тірі қалады. Қалған уылдырықтар дамуының ерте сатыларында өледі. Инкубация уақыты 12 күнге созылады. Уылдырықтан шыққан личинкалар пайда болған жерлерінде 20 күндей болып, содан соң өзеннің детритке бай учаскесіне орын ауыстырады.
Теңіз миногасы жеуге жарамды, бірақ кәсіптік деңгейде аз ауланады.
Европа өзен миногасы Lampetra fluviatilts (Lampetra туысы) Батыс Еуропада – Италиядан Англия және Солтүстік Норвегияға дейін таралған. Жалғаулық суларда тіршілік етіп, уылдырық шашуға өзендерге көтеріледі. Ресей өзендеріне Балтық теңізінен кіреді. Ресей суларында үлкен кәсіптік маңызға ие. Дене ұзындығы 41 см-ге жетеді. Аналықтарының ұзындығы әдетте 31-32 см. Жаздың аяғы мен кұздің басында өзен миногасы өзен атырауында өте көп мөлшерде жиналып, үлкен үйлермен өзендерег өтеді. Миграцияны әдетте түнде жасайды. Жарыққа кері реакциясына байланысты миграция қарқындығы ай фазасына тәуелді болады. Айсыз, қараңғы түндері жүзу өте қарқынды болады. Миноганың күндізгі уақытта да орын ауыстыратыны белгілі, бірақ ол бұлтты күндері болғанда жүзеге асады. Гауя өзенімен минога 1-4 км/сағ жылдамдықпен көтерілген. Жаздың аяғында – күздің басында өзенге кіріп миногалар онда бір жыл бойы болып, мүлдем қоректенбейді. Бір жыл өзен миногаларында жоғарыда көрсетілген сыртқы және ішкі өзгерістер жүреді. Өзен миногасы көктемнің аяғы мен жаздың басында уылыдрық шаша бастайды. Өнімділігі орташа 22 мың уылдырық. Уылдырықтары су түбілік, жабысқақ, алмұрт формалы. Диаметрі 12 мм-ге жетеді. Ұрықтанғаннан кейін 11-14 күні өте кішкентай (3,2мм) ашық сары құрттар тәрізді құмқазғыштар шыға бастайды. Құмқазғыштар қиыршық тасты ойықтарға жиналып қозғалыссыз 3-4 күн жатадығ бұл уақытта олар қалған сарыуызбен қоректенеді. 6 мм-ге жеткеннен кейін личинка грунтқа көміледі. 15-20 күндік құмқазғыштар туған жерлерінен өзен ағысымен төмен кетеді. Өзеннің әлсіз ағынды, батпақты учаскелерінде тоқтап, сазға көміледі де детритпен және диатомды балдырлармен активті қоректене бастайды. Личинкалық сатысы 4-5 жылға созылады. Метаморфоздан кейін минога ағыспен теңізге келеді. Теңізде өзен миногасы салақа, қиярбалық (корюшка), треска, албырт және т.б. балықтарға шабуыл жасайды.
Өзен миногасы – дәмді, нәрлілігі өте жоғары бағалы тағамдық өнім. Өтінің, сүйегі мен ішегінде еш қалдық заттардың болмауы оларды толығымен тұтынуға мүмкіндік береді. Прибалтика елдерінде өзен миногасы үлкен сұранысқа ие.
Үштісті миноганың (enthosphenus tridentatus) жоғарғы тіл пластинкасында 3 тісі бар. Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде ол атланттық теңіз миногасын алмастырады. Негізінен шығыста, Беринг теңізінен Калифорнияға дейін таралған, сирек Азия жағалауларында, Командор аралдары мен Хоккайдода кездеседі. Үштісті миноганың дене ұзындығы 66 см-ге жетеді. 500 м-ге дейінгі тереңдікте жүзіп палтус, албырт, қара семсер балықтарға (Aphonopus carbo) шабуыл жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Нельсон Д. С. Рыбы мировой фауны / Пер. 4-го перераб. англ. изд. Н. Г. Богуцкой, науч. ред-ры А. М. Насека, А. С. Герд. — М.: Книжный дом «ЛИБРОКОМ», 2009.
Сейтбаев Қ.Ж. Ихтиология.-Алматы, 2013 жыл.
Түсіпова К.С. Омыртқалылар биологиясы.-Алматы, 1998жыл.
Ковшарь А.Ф. Қазақстандағы жануарлар әлемі.-Алматы, 2003жыл.
Ахметжанова Т. Биология «Шың».-Алматы, 2012жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |