Тақырып 9 IҚМ-дың, қойлардың, шошқалардың биологиялық ерекшелiктерi, тұқымдары, өнiмдiлiктерi
Мақсаты: IҚМ-дың, қойлардың, шошқалардың биологиялық ерекшелiктерiне, тұқымдарына, өнiмдiлiктерiне сипаттама беру
Жоспар: 1 Iрi қарамал шаруашылығы
2 Қой шаруашылығы
3 Шошқа шаруашылғы
IРI ҚАРАМАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Iрi қарамалдың биологиялық және шаруашылыққа пайдалы ерекшелiктерi.
Iрi қарамал шаруашылығы - мал шаруашылығының iшiндегi жетекшi салалардың бiрi.
Iрi қарамал - бұл сүтқоректi, жұптұяқты, күйiс қайыратын жануар.Төрт камералы асқазаны iрi және шырынды азықтардың үлкен көлемiн қорытып, тiптi карбамид секiлдi синтетикалық қоспаны да қабылдай алады. Ересек iрi қарамал асқазанының сиымдылығы 140-200 л құрайды. Клечаткаға бай азықтарды пайдаланудың тиiмдiлiгi асқазан алдындағы қарындардың (месқарын, торлы қарын және кiтапша қарын) микрофлорасына байланысты. Бұл микрофлораның (бактериялар, инфузориялар және саңырауқұлақтар) әсерiнен азық мәзiрiнiң қорытылатын клечаткасы 70 %-ға дейiн ыдырайды.
Әлсiз шайналған азық 30-70 минут аралығында малдың ауыз қуысына қайта түсiп, қайта шайналынады. Бұл үрдiс 40-60 минутқа созылады. Күйiс қайыру тәулiгiне 6-8 рет қайталанады. Осы уақыттың iшiнде сиыр месқарын iшiндегi 50-100 кг азықты шайнай алады. Сиымдылығы 20 л құрайтын ұлтабар нағыз асқазан болып табылады.
Ет бағытындағы сиырлар ашық ауада желдi күндерi –25ºС, ал жылы күндерi –32ºС температураға шыдамды келедi.
Iрi қарамалдың тұқымдары.
Қазақстанда сүт бағытындағы сиырлардың 4 тұқымы кең тараған: әулиеата, қара- ала, қырдың қызылы және латвияның бурылы. Аралас бағыттағы тұқымдардың iшiнде басты 2 тұқым өсiрiледi: симментал және алатау. Аталған тұқымдардың өнiмдiлiк сапалықтарын жақсарту үшiн қара-ала, голланд, немiс, голштин, швиц, айршир, джерсей, англер, даттың қызылы сияқты ең жақсы әлемдiк тұқымдар пайдаланылады.
Мамандандырылған ет бағытындағы тұқымдардың iшiнде отандық (қазақтың ақбас тұқымы, қалмақ, әулиекөл), шығу тегi британдық шетел тұқымдары (герефорд, абердин-ангус, галловей), франко-итальяндық тұқымдар (шароле менанджу, лимузин, киян), зебуге ұқсас тұқымдар (санта-гертруда, брангус, кубалық зебу), сонымен қатар жоғарыда аталған тұқымдардың будандары өсiрiледi.
Әулиеата тұқымы - жергiлiктi қазақ, қырғыз сиырларын голланд малымен будандастыру арқылы алынған. Бұл тұқым оңтүстiктiң ыстық аудандарында жақсы жерсiнген. Бiрқатар ыстық жерлерде кездесетiн ауруларға (пироплазмоз, тейляриоз т.б) төзiмдi келедi. Дене бiтiмi келiстi, терiсi жұқа, сүйегi мықты, емшектерi орташа дамыған. Түсi негiзiнен қара-ала. Ересек сиырлары 440-470 кг, 6 айлығында –160-170 кг жетедi. Сүттiлiгi 2500-3500 кг, сүтiнiң майлылығы 3,9-4,1%.
Соңғы уақыттарда Қазақстанға дүние жүзiнде кең тараған қара-ала сиыр тұқымын алып келiп, әсiресе Оңтүстiк облыстарда сүт өнiмiн көбейту үшiн өсiрiп жүр. Бұл сиыр тұқымының салмағы 450-600 кг, бұзауының туғандағы салмағы 35-40 кг. Сүтi жылына 3500-6000 кг, майлылығы 3,2-3,7%. Еттiлiк қасиетi жақсы.
Қара-ала тұқымы. 1959 жылы тұқым ретiнде қабылданған. Ресейде ата-тектерi Балтық республикасынан әкелiнген жергiлiктi малды остфриз (голланд) малымен шағылыстыру нәтижесiнде алынған.
Ересек малдарының тiрiлей салмақтары 500-600 кг, бұқалары 900-1000 кг тартады. Бұзауының туғандағы салмағы 30-35 кг.
Азықтандыру мен бағып-күту жағдайлары жақсы болса, сиырларының сүттiлiгi 4500-5500 кг, ал асыл тұқымды шаруашылықтарда 6000-6500 кг жетедi. Майлылығы 3,6%. Түсi қара-ала.
Қырдың қызыл тұқымы - Қазақстанда ертеден берi көп тараған тұқым.
Солтүстiк Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында өсiрiледi. Дене бiтiмi келiстi, әрi мықты, сүйегi жеңiл де берiк. Ересек сиырлары 420-500 кг, бұзауы 30-36кг тартады, 18 айлығында 320-350 кг жетедi. Сүтi жылына 3500-5000 кг, майлылығы 3,6-3,8%. Еттiлiк қасиетi де жақсы.
Латвияның бурыл тұқымы - Ақмола, Қостанай облыстарында өсiрiледi.
Дене бiтiмi орташа, сүттiлiгi жақсы. Ересек сиырлары 450-520 кг тартады, бұзауы –29-37 кг, алты айлығында 160-180 кг жетедi.
Симментал тұқымы – жер бетiнде кең тараған тұқымдардың бiрi. Швейцарияда шығарылған. Қос бағыттағы тұқымға жатады. 1872 жылы Швейцарияда симменталдарды таза қанда өсiру туралы заң қабылданған.
Түсi негiзiнен ашық-сары, қызыл-ала және ақ басты қызыл түстiлерi де кездеседi. Сиырларының тiрiлей салмағы 530-580 кг, сүттiлiгi 3200-3800 кг, сүтiнiң майлылығы – 3,8-3,9% (3,9-4,03).
Алатау тұқымы – жергiлiктi қазақ және қырғыз сиырларының тұқымдарымен будандастыру жолымен шығарылған. Сүттi-еттi тұқымдар қатарына жатады, жылына 3500-5000 кг сүт бередi. Сүтiнiң майлылығы 3,8-4,0%. Iрi сиырының салмағы 450-550 кг, бiр жарым жасының өзiнде 360-390 кг салмақ тартады.
Қазақтың ақбас тұқымы – аса құнды ет бағытындағы тұқым. Бұл тұқым жер жүзiне белгiлi герефорд тұқымы мен жергiлiктi қазақ сиырын будандастыру негiзiнде шығарылған. Төлi тез жетiледi. 18 айлығында 400 кг, 2-2,5 жасында 500-550 кг салмақ тартады. Сонымен бiрге сауса 2000-2500 кг сүт бередi. Бiрақ бұл тұқымды жайылымда ұстап, бiрыңғай ет өндiрген пайдалы. Табиғи жайылымда өте тез өсiп, сойыс салмағы –55-65% жетедi.
Қалмақ тұқымы – шөл және шөлейт жағдайға әбден бейiмделген, ет бағытындағы осы даланың ең байырғы мал тұқымының бiрi. Сақа сиырларының салмағы 520-550 кг, бұзауы туғанда 20-25 кг ғана болады. Бiрақ өте тез өседi. Енесiнен айырған кезде (8 айлығында) 200-220 кг жетедi. Сүттiлiгi 1100-1500 кг, майлылығы 4,1-4,5%. Табиғи жайылымды өте жақсы пайдаланады, ыстыққа да, суыққа да төзiмдi. Сойыс шығымы 55-60 % жетедi.
Әулиекөл тұқымы – Солтүстiк Қазақстанда қазақтың ақбас тұқымының сиырларын абердин-ангус пен шароле тұқымдарының бұқаларымен күрделi ұдайы өндiрiстiк шағылыстыру нәтижесiнде шығарылған. Жеке тұқым ретiнде 1992 жылы бекiтiлдi.
Бұл тұқым малдарының ет формалары жақсы, тез жетiледi, өсу энергиясы жоғары, дене бiтiмдерi берiк және республикамыздың солтүстiк облысының шарттарында өсiруге жақсы бейiмделген. Түсi негiзiнен ашық-сұр. Бұқалары 900-1125 кг, сиырлары – 500-700 кг салмақ тартады. Сойыс шығымы 64-65%.
ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Қойдың биологиялық ерекшеліктері
Қой - күйіс қайыратын малға жатады. Басқа күйіс қайыратын түліктерге қарағанда олар жайылым отын едәуір толық пайдаланады. Жалпы жем-шөпті қорыту қабілеті де басқа малдардан жоғары. Қойдың жақ сүйегі сүйір, жұқа, ерні икемді де епті, тістері өткір. Осы қасиеттерінің арқасында жайылым шөбін тақырлап жеп, өте ұсақ, майда өсімдіктерді де теріп жейді. Сондықтан оларды сиырлармен және бұзаулармен бірге бағудың тиімділігі жоғары. Қой ірі қарамалға қарағанда жайылым шөбінің көптеген түрлерін пайдаланады. Ғылыми-зерттеу мекемелерінің мәліметтеріне сүйенсек, тексерілген 600 түрлі жайылым шөбінің 570 түрін қой, 81 түрін жылқы, ал 56 түрін сиыр жеген. Осыған байланысты шөбі сирек, шөлейт жерлердің жайылымын пайдалануда қой басқа малдардан ерекше келеді.
Қой таулы жердің отын да өте жақсы пайдаланады. Үй қойлары таулы аймақтарда мекендеген муфлон, арғали және арқардан тарағаны белгілі.
Қойлардың аяқ бітісі өте мықты болғандықтан, олар қар астынан да азық тауып жейді. Сондықтан олардың денсаулығын нығайту, жүнінің өсімін артттыру және ұдайы өндірістік сапалықтарын арттыру мақсатында қыста далада жаюға әбден болады.
Әр бір 100 саулықтан орта есеппен 140 қой алуға болады.
Қойдың жыныс мүшелерінің жетіліп, күйлей бастауы 5 айлық шамасында басталады. Көптеген қой тұқымдары 1,5 жастарында қашырылады. Қой 2 жасында толық жетіледі.
Орта есеппен алғанда қой қозысын 5 айдай көтеретіндіктен, оларды жылына екі рет қоздатуға болады. Көптеген қой тұқымдары маусымдық көбеюге қабілетті келеді. Мұндай малдардың жыныстық күйлеуі мен ұрықтану қабілеті күз айларында туындайды. Ал романов сияқты қой тұқымы өзінің маусымдық қабілетін жоғалтып, жылдың кез келген уақытында қаша алады. Бұл тұқымның 100 саулығы жылына 300-350 қозы беруге қабілетті.
Қойлардың өмір сүру ұзақтығы 12-14 жыл (кейбіреулері 18 және одан да жоғары), бірақ олар шаруашылықта 7-8 жылдан артық пайдаланылмайды.
Қойлар туберкулезге шалдықпайды, бірақ қышыма, шешек, бруцеллез, тұяғының іріңдеуі, желінсау және басқа да ауруларға тез шалдыққыш келеді. Қой ұсталынатын қора-жайдың құрғақ болуын қадағалау керек.
Қойдың шаруашылыққа пайдалы биологиялық қасиеттерінің бірі – тез жетілгіштігі және өсімталдығы. Күтімі мен азықтандырылуы жақсы болса, 4-4,5 айлық төлдерінен сапалы мол ет өндіруге болады. Орташа тәуліктік өсімі 250-300 гр. Емізу кезеңінің төрт айында қозыларының тірілей салмақтары 25-30 кг құрайды немесе жылдық өсімнің 3/4 бөлігін береді. 8-9 айлық жасқа дейін бұлшықет пен сүйек ұлпасы дамиды, ал ақырын даму кезінде май ұлпалары дамиды. Сондықтан жас қойдың еті жоғары сіңімділігімен және дәмдік сапалықтарымен ерекшеленеді.
Май құйрықты тұқымдар азық жетіспеген жағдайда құйрығында жинақталған майды қоректік зат ретінде пайдаланады. Осы себептен, қойлар шөлейтті аудандардың өсіру шарттарына жақсы бейімделеді.
Қазақстанда өсірілетін қой тұқымдары
Соңғы 50-60 жылда республикамыздың биязы және биязылау жүнді бағыттағы қой шаруашылығы қарқынды түрде даму алды. Кеңес Одағында биязы жүнді қошқарлардың бірінші партиясы 1924 жылы елімізге әкелінді.
Қазақтың биязы жүндi қойы – елiмiзде 20 ғасырда бiрiншi шығарылған еттi-жүндi бағытындағы тұқым. 1931-1946 жылдары жергiлiктi құйрықты қазақы қой саулықтарын прекос қошқарларымен ұрықтандыру арқылы шығарылған. Олардан алынған төл жақсы еттiлiк қасиеттерiн сапалы биязы жүн өнiмiмен байыта отырып, жергiлiктi қойға қарағанда өсiмталдығымен қатар, олардың табиғи жайдайларға бейiмдiлiгiн де сақтаған. Сөйтiп қатаң түрде сұрыптау жүргiзу жолымен сүйегi iрi, денсаулығы мықты, жыл бойы табиғи жайылымды жақсы пайдаланатын ет-жүн өнiмi жетiлген тұқым шығарылған.
Қозылары өте тез жетiлiп, 4-4,5 айлығында 30-32 кг салмақ тартса, саулықтары 60-65 кг, қошқарлары 110-140 кг тартады. Жүнiнiң таза талшық шығымы саулықтарда 48-52%, 4,5-5 кг жүн қырқылады, ал қошқарларынан 10-12 кг биязы жүн қырқылады. Әр 100 саулықтан 125-140 қозы алынады. Қозылары тез өсуге, жайылымды жақсы пайдалануға да, бордақылануға да өте бейiм.
Арқар-меринос тұқымы – 1934-1950 жылдары таулы аудандарда шығарылған. Тянь-Шань тауы арқарының ұрығымен биязы жүндi қой саулықтарын ұрықтандырып, содан алынған будандарды қатаң сұрыптау, өсiру арқылы алынған дүние жүзiндегi бiрiншi қой тұқымы. Соның негiзiнде iрi сүйектi, дене бiтiмi тығыз, сирақтары ұзын, тұяқтары мықты, таулы жерде еркiн жүрiп-тұратын, биiк тау қияларында жақсы жайылатын биязы жүндi қой тұқымы қалыптасты. Қазiр бұл қой тұқымы Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының таулы жерлерiнде өсiрiледi.
Сақа қошқарлары 90-130 кг, саулықтары 53-63 кг, тоқтылары 40-45 кг салмақ тартады. Биязы жүннiң ұзындығы 8-9 см, сапасы 64-60, саулығы 3,5-4 кг, қошқары 7-7,5 кг жүн бередi. Әр 100 саулықтан 120-130 қозы алынады.
Оңтүстiк қазақ мериносы – 1932-1966 жылдары республиканың оңтүстiк облыстарында жергiлiктi қазақтың құйрықты қой саулықтарын биязы жүндi Ставрополь, Кавказ, Грозный қой тұқымдарының қошқарларымен шағылыстырып, одан алынған ұрпақтарды қатаң сұрыптау арқылы өсiрiлiп шығарылған. Бұл тұқымның бойында қатысқан тұқымдардың жақсы қасиеттерi, ең бастысы жергiлiктi малдың табиғатқа бейiмдiлiгi жақсы сақталған. Сондықтан Оңтүстiк қазақ мериносы сол жердiң аптап ыстығына, құмды-шөлейт жайылымдарына жақсы бейiмделген жоғары өнiмдi қой тұқымы. Жүнi меринос жүнiне қойылатын талаптарға сай, шығымы 50-55 пайызға жетедi. Қошқарлары 90-130 кг, саулықтары 50-60 кг салмақ тартады. Олардан 9,5-15 кг және 4,0-5,5 кг жүн қырқылады, жүнiнiң ұзындығы 7-9 см, биязылығы 64 сапада. Әр 100 саулықтан 120-130 қозы алынады. Бұл тұқым қазiр Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында өсiрiледi.
Солтүстiк Қазақстан мериносы – 1932-1976 жылдары жергiлiктi қойлар мен әр түрлi биязы жүндi тұқымдарды күрделi шағылыстыру арқылы шығарылған. Солтүстiк, солтүстiк-шығыс облыстарының табиғатына жақсы бейiмделген жоғары өнiмдi қой тұқымы. Аса сапалы ақ түстi, меринос типтi жүн бередi. Қошқарларының салмағы 100-140 кг, саулықтары 55-60 кг тартады, қошқарлары 11-16 кг, саулықтары 5-6 кг жүн бередi. Жүн сапасы 64, ұзындығы 7,5-10 см. 100 саулықтан 120-130 қозы алынады, төлi өте тез жетiледi.
Едiлбай тұқымы - халық селекциясының жемiсi. Ол ұзақ жылдар бойы табиғи жағдайда сұрыптау арқылы қалыптасқан тұқым. Отаны -–Қазақстанның батысы, негiзiнен Жайық пен Едiл арасында өсiрiлген. Шөл және шөлейт даланың қатал табиғатына жақсы бейiмделген, қыстың қақаған аязы мен шiлденiң аптап ыстығына өте төзiмдi мал. Мықты да iрi денелi, ұзын сирақты, жақсы жайылымда қоңын тез көтерiп, құйрығына қор ретiнде 20-30 кг дейiн май жинайтын нағыз ксерофит мал.
Қылшық жүндi қой тұқымы iшiндегi ең бағалы жүн осы қойдан қырқылады. Жүнi өрiмделiп келген. Өрiмнiң құрамында майда да нәзiк түбiт көп. Төлi тез жетiледi, ет-май өнiмi өте жоғары. Сақа саулықтары 65-70 кг, қошқарлары 120-150 кг салмақ тартады, олардан 2,25 және 3-4 кг жүн қырқылады. Қозылары төрт айлығында 35-40 кг, олардың құйрықтары 3-4 кг тартады, сойғанда 17-18 кг өте дәмдi ет алынады.
Қаракөл қойы көп ғасырлар бұрын Орталық Азияда (Бұқара маңайында) шығарылған. Елтiрi беретiн қой тұқымдарының iшiнде ең көп тараған, аса бағалы, түрлi-түстi елтiрi беретiн бiрден-бiр қой тұқымы. Шөлдi жерлердiң аса қатты табиғатына өте төзiмдi. Соңғы 50 жылда Қазақстанда кеңiнен таралып өсiрiлдi. Кешегi 1988-1990 жылдарда бұл қойдың саны Қазақстанда 7,0 миллионнан асқан болатын. Сонымен бiрге тамаша түрлi-түстi аса бағалы елтiрi беретiн бұл тұқымның ондаған жаңа түрлерi де шығарылған. Сол малдардың бәрiнiң де iзi бар. Елтiрiсiмен бiрге бұл қойдың жап-жақсы ет өнiмдiлiгi, киiз-кiлемге таптырмайтын жүнi, өте жақсы тондық терi беретiн де қасиеттерi бар.
Сақа қойлардың жүнi ұзын, өрiм-өрiм болып келедi. Ұзын аяқты, мықты тұяқты, құмды жерлерде жеңiл жүруге әбден бейiмделген. Қошқарлары 60-80 кг, саулықтары 45-60 кг салмақ тартады, қырыққанда 2-4 кг жүн бередi. Қаракөлдiң қара, көк, әр түрлi сұр елтiрi беретiн типтерi бар.
Қойлардың өнiмдiлiктерi
Қойдың еті және сүті. 6-9 айлық жастағы жас төлдерді сойғанда нәрлі ет алынады. Қозы етінің кулинарлық сапасы мен денеге сіңімділігі өте жоғары. Сақа қойдың еті қаттырақ, ал құнарлылығы майының есебінен жоғары болады. Азықтандыру мен күту жағдайлары жақсы болса, бұл уақыттағы жас төлдерінің салмағы сақа қойлардың 70-80% құрайды. Өнімнің бірлігіне жұмсалатын шығыны 5-6 азық өлшеміне жетеді, яғни сақа ірі қарамалдарды бордақылауға жұмсалатын шығыннан екі есе төмен. Қошақандар туғаннан соң 15-16 күннен кейін жылдам өсе бастайды (бұзаулар тек 45-50 күннен кейін). Ему кезеңінде олардың орташа тәуліктік өсімі 250-300 гр жетеді.
Қой етінің құрамы 63-68% судан, 18-20% ақуыздан, 10-12% майдан және 0,85-0,95% күлден тұрады. Құнарлылығы – 1760-1940 ккал/кг.
Сақа қойлардың сойыс шығымы 40-72%, ал жас төлдерінікі - 50%. Тез жетілгіш етті қойлардың сойыс шығымы орташа 65-70%, биязы жүнді қойлардікі 35-40%, ал қалған қой тұқымдардікі 45-50% құрайды.
Еттен басқа қойлардан май алынады. Май құйрықты қойлардың құйрықтарында 15-16 кг дейін май жиналады. Бұл май қоректілігінің жоғарылығымен, тағамдық, техникалық және медициналық құндылығымен ерекшеленеді. Оны ұзақ уақыт сақтауға болады.
Сойыс салмағына ұша салмағы мен іш майларының салмағы жатады. Оған бас, құйрық, сирақ салмақтары енбейді. Сойыс шығымы дегеніміз қойдың сояр алдындағы тірілей салмағының %-ға шаққандағы ұшасы мен іш майының салмағы.
Қой сүті жұғымдылығымен және бағалы диетикалық қасиетімен сипатталады. Оның құрамында 100-ден аса жұғымды заттар бар. Қой сүтінің құрамы 6-8% майдан, 5-6% ақуыздан, 4,5% сүт қантынан және 0,8% минералды заттардан тұрады.
Қой сүтінен брынзадан басқа рокфор, пекарино, качкавал сияқты жоғары сортты қатты және жұмсақ сары iрiмшiктер жасалынады.
Саулықтардың сүт беру кезеңі 4 айға созылады. Қой сауу және қой сүтінен өнімдер шығару кавказдың бірқатар аудандарында, Орта Азия республикаларында жүргізіледі.
Саулықтардың сүттілігі 4-6 жас аралығында жоғарылап, біртіндеп төмендейді. Оларды қолмен де, машинамен де саууға болады.
ШОШҚА ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Шошқа шаруашылығы мал шаруашылығы саласының ішіндегі ең тез жетілгіш және үдемелігі жоғары салалардың бірі. Оның маңызы әлем бойынша шошқа етін өндірудің салмақтық үлесінің үнемі артып отыруына байланысты. Шошқа етiн өндiрудiң жалпы үлесі жаңа мыңжылдықтың басында 40% жетті. Шошқа шаруашылығы Азия елдерінде де өте қарқынды түрде дамуда. Бұл континенттегі шошқалардың басы соңғы 10 жылда (1990-2000ж) 20,3%, ал шошқа етін өндірудің көлемі 58,5% артты.
Шошқалардың биологиялық-шаруашылықтық ерекшеліктері
Шошқалар – азық түрін талғамайтын, климаттық жағдайы әр түрлі аудандарда бордақылауға жарайтын жануарлар. Олар концентратты, концентратты-картопты, концентратты-тамыртүйнекті және басқа да мәзірлермен, сонымен қатар тағам өндірісінің қалдықтарымен азықтандырылады. Шошқалар азықтың қоректік заттарын май мен ет түзуге өте жақсы пайдаланады. Үдемелі түрде өсірілетін шошқалар тірілей салмағының 1 кг өсіміне 3,5-4,5 азық өлшемін, ал бордақыдағы ересек шошқа – 6-8 азық өлшемін жұмсайды.
Шошқалардың сойыс шығымы өте жоғары – 75-85%. Тірілей салмағы 100 кг құрайтын шошқа ұшасы орташа 55% еттен, 35% майдан және 10% сүйектен тұрады. Шошқа ұшасындағы ет пен майдың арақатынасы оның жасына, тірілей салмағына, тұқымына және азықтандыру деңгейіне байланысты қалыптасады.
Шошқалардан сапалы ет өндіріледі. Оның етiнiң сіңімділігі 95%, ал майының сіңімділігі 98% құрайды. Шошқаның ұшасында ірі қараның ұшасына қарағанда сүйек аз болады. Шошқа етінде ауыстырылмайтын амин қышқылдарының (аргининнен басқа) барлығы бар. Шошқа майы тағамдық құндылығы бойынша сары майдан кем түспейді. Адам 85-90 жыл өмір сүруі үшін күніне 50 гр шошқа майын жеуi керек деп саналады. Ол сол сияқты адамның ағзасындағы радионуклеидтерді сыртқа шығарады. Шошқа майының құрамына линолен (5,7%), линол (0,82%) және арахидон (0,42%) секілді байытылмаған май қышқылдары да енеді. Соңғысының ісік ауруларының алдын алуындағы маңызы зор.
Шошқа көп төлдегіштігімен және тез жетілгіштігімен ерекшеленеді. Сондықтан да оның табиғаттың биологиялық кереметі деп аталуы бекерден-бекер емес. Шошқалардың көп төлдегiштiгi тірі туған торайлардың санын қамтиды. Ол мегежінің жыл бойы берген ұрпағын сипаттайтын өте маңызды шаруашылықтық қасиет болып табылады, сәйкесінше өндірістің өзіндік құнымен тығыз байланыста болады: мегежіннен неғұрлым көп төл алынса, соғұрлым оның өзіндік құны төмен болады.
Бір төлдегенде мегежін 10-12 торайды дүниеге әкеледі, кейбіреулері тіпті 14-16 торай туады. 1964 жылы Көкшетау облысының «Каменобродский» совхозында ірі ақ тұқымға жататын мегежін дені сау 32 торайды дүниеге әкелген. Шошқаның көп төлділігі бойынша әлемдік рекорд Қытайда тіркелген. Тэйху тұқымына жататын мегежін бір торайлағанда 42 тірі торайды дүниеге әкелiп, өмір бойы берген торайының саны 216 торайды құраған.
Шошқалардың буаздық кезеңінің қысқалығы ( 114-115 күн) мен торайларын емізу кезеңінің қысқалығы (26-60 күн) әрбір мегежінді жылына 2 рет торайлатуға мүмкіндік береді. Ал одан да қысқа емізу кезеңінде – 2,8 торайлатуға қол жеткізіледі. Жалпы алғанда жылына бiр мегежiннiң 20-24 кем емес торайын өсіруге болады.
Өсіп келе жатқан торайлардың өсу энергиясы да жоғары болады. Осы көрсеткіші бойынша олар ең ірі ауыл шаруашылық малдарынан 15-20 есе асып түседі. Азықтандыру мен күту жағдайлары жақсы болса, алты айлық жасының аяғында тірілей салмақтары 100 есе артық 100-110 кг құрайды. Осы уақытта олардан 73-75 кг кем емес ұша салмағы алынады. Мұндай шарттарда алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың әрбір мегежіні 15-20 ц бірінші класты шошқа етін бере алады. Ал Краснодар аймағының Қорған ауданының Е.Г.Манжулина есімді шошқа бағушысы ақ тұқымның әр мегежінінен 1 жылда 35 торай алған, ал олардың тірілей салмақтары 5843 кг-ға жеткен.
Шошқалар ұзақ жыл өмір сүрмейді. Азықтандыру мен күтімнің шарттары жақсы болса, әрi рационалды түрде пайдаланылса мегежіндер қалыпты көп төлдегіштігін сақтап қалады, сонымен қатар сүттілігі де 5-6 жыл бойы сақталынады. Бірақ олардың арасында да салыстырмалы түрде көп өмір сүретіндерi болады.
Шошқа шаруашылығында өнімділіктің үлкен потенциалына қол жеткізілді: мегежіндерінің көп төлділігі – 14-18 торай, жаңа туған торайдың тірілей салмағы 1,5-2 кг, 60 күндік торайдың тірі салмағы 20-28 кг, 120 күндік торайдың тірілей салмағы 48-60 кг. Бордақыдағы шошқаның тірілей салмағының орташа тәуліктік өсімі 1100-1400 гр. 100 кг тірілей салмаққа жету уақыты – 155 күн. Туғаннан 100 кг-ға дейін 1 кг өсімге жұмсалатын азық шығыны – 2,2-3 азық өлшемiне тең. Бірақ соған қарамастан, тәжірибеде шошқалардың биологиялық потенциалы барынша пайдаланылмайды.
Шошқалар өте тез жетілетін жануарлар. Қалыпты дамыған жас төл 9-10 айлық жасында табынды ұдайы өндіру мақсатында пайдаланыла бастайды. Мегежіндер 13-14 айлық жастарында алғашқы рет торайлай бастайды.
Шошқа өте сезімтал жануардың бірі. АҚШ-та жүргізілген зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, оларды теуіп, ұрып-соғып өсіргенде тірілей салмақтары төмендейтіні, ал керісінше, жылы сөздер айтып, алақанмен сипалап өсiрсе жағымды әсер етіп, көңіл-күйлерімен қатар өнімділіктері де артатыны анықталған.
Шошқаның ішкі мүшелерін медицинада қолдану, әсіресе бірқатар жылдар бойы оның жүрек клапандарын адамның жүрегіне операция жасау кезiнде қолдану ісі жақсы жолға қойылған. Жаңа туған торайлардың кіндік қанаттары қантамырларына операция жасағанда қолданылатын ең жақсы материал болып табылады. Ең жақсы асқазан сөлі де шошқадан алынады.
Қазақстанда өсірілетін шошқа тұқымдары
Ірі ақ тұқым КСРО-да ағылшынның ірі ақ шошқаларының будандарын жергілікті шошқалармен будандастыру жолымен көп жылдар бойы жүргізілген селекцияның нәтижесінде шығарылған.
Шығарылған жаңа тұқым ағылшын тұқымынан дене бітімінің беріктігімен, көп төлдегіштігімен және күтудің шарттарына жақсы бейімделгіштігімен ерекшеленеді.
Шошқаның ірі ақ тұқымы арасынан екі тип бөлініп шығады: етті және етті-майлы. Бұл тұқымға жататын шошқалардың денесінің ортаңғы бөлімі созылыңқы, ал аяқтары қысқа келеді.
Сақа мегежіндерінің тірілей салмақтары 220-280 кг, ал қабандары 320-380 кг салмақ тартады. Мегежіндері көп төлдегіштігімен және сүттілігімен ерекшеленеді. Мегежіндері бір торайлағанда орта есеппен салмағы 1-1,3 кг тартатын 10-12 торайды, кейде 14-16 торайды туады. Мегежіндерінің сүттілігі - 45-50 кг және одан да жоғары.
Бордақылаудағы жас төл үдемелі түрде өсіп, 183-195 күндік жасында тірілей салмағы 100 кг тартады. Мұндағы тірілей салмағының орташа тәуліктік өсімі 700-760 гр, ал 1 кг өсімге жұмсалатын азық шығыны 3,6-4,6 азық өлшемін құрайды. Жас төлдің сойыс шығымы – 70-75%, ал сақа малдарынікі – 80-82%.
Шошқаның ірі ақ тұқымы етті және етті-майлы бағыттағы тұқымдармен өнеркәсіптік шағылыстыру мақсатында кең түрде қолданылады.
Жетісу тұқымы Қазақстанның оңтүстік-шығысында будан шошқаларды (ірі ақ х жабайы қабан) кемеров тұқымының шошқаларымен шағылыстыру және 1/4, 1/8, 1/16 қабанның қандылық үлесі бар ең жақсы малдарды «өз ішінде» өсіру және 4-5 ұрпақ бойы бір-бірімен шағылыстыру жолымен шығарылған. Бұл жұмыстармен Қазақстанның ҒА Эксперименталдық биология институтының ғалымдары 30 жылдың төңірегінде (1947-1978 ж ) айналысты.
Жетісу тұқымы өнімділігі бойынша етті-майлы бағытқа жатады. Қабандарының тірілей салмағы 280-300 кг, мегежіндерінікі – 210-220 кг. Төлділігі – 10-11 торай, сүттілігі – 51 кг, торайының ірілігі – 1,2-1,3 кг. Енелерінен бөлген уақыттағы 60 күндік жастағы торайларының тірілей салмағы орташа 15-16 кг құрайды.
Ландрас – Данияда шығарылған әлемдегі ең жақсы тұқымдардың бірі. ХVІІІ ғасырдың аяғында және ХІХ ғасырдың екінші жартысында Данияда дұрыс жетілдірілмеген жабайы еуропалық қабанның ұрпағына жататын жергілікті шошқалар өсірілді. Олар өмір сүру ортасының шарттарына жақсы бейімделді.
Бекондық өнеркәсіптің дамуына байланысты жергілікті шошқа топтарын жақсартудың қажеттілігі туындады. Осы мақсатпен ағылшын ірі ақ шошқасы әкелініп, олар жергілікті шошқалармен будандастырыла бастады.
Қазіргі уақыттағы ландрас тұқымы шошқаларының өнімділік бағыты бекон типті, дене тұлғасы ұзын, саны етті, терісі жұқа және ақ, басы жеңіл, салпаң құлақты. Арқасы мықты және түзу. Түсі ақ.
Қабандарының тірілей салмағы орташа 250-270 кг, мегежіндерінікі 200-220 кг, төлдегіштігі 10-12 торай. Жас төлінің өсу үдемелігі жоғары және бордақыланғыштық қасиеті өте жақсы. Олардан еті мол, май қабаты жұқа ұша алынады.
Ландрастардың басқа тұқымдармен салыстырғанда ішкі мүшелері жақсы дамиды, сонымен қатар оның омыртқа жотасы ұзын. Олар мәзірдің азоттық бөлігін өте жақсы пайдаланады. Ландрастар басқа тұқымдарды жақсарту мақсатында кең түрде қолданылады.
Данияда әлемде ең алғаш рет шошқалардың тез жетілгіштігін, азықтың өніммен қайтарымдылығын және еттілік сапалығын бағалайтын бақылау бекеттері салынды. Бұл бекеттер 1907 жылдан бастап жұмыс істеуде.
Дюрок. АҚШ-та 1860 жылы Испания, Гвинея, Португалиядан әкелінген қызыл түсті шошқалардың будандары мен Англиядан әкелінген сарғыш түстес беркшир тұқымдарын күрделі өнеркәсіптік шағылыстыру жолымен шығарылған.
Бұл әлемде ең көп тараған тұқымдардың бірі.
Шошқалардың түсі қызыл-сары, қызыл-қошқыл түстен ашық- қызыл түске дейін. Кеудесі кең және терең, арқасы доға тәріздес, аяқтары тік, саны етті, тұяқтары мықты. Дене бітімі мықты және өсу энергиясы жақсы. Бұл тұқымның шошқалары өнеркәсіптік типті шаруашылықтардың әр түрлі өсіру аймақтарына жақсы бейімделеді.
Қабандарының тірілей салмағы 400 кг, ал мегежіндерінікі 340 кг жетеді. Төлділігі 8-9 торай, мегежіндерінің аналық инстинктi жақсы дамыған. Қабандары басқа тұқамдарға қарағанда жақсы криоконсервіленетін және мұздатылатын сперматозоидтарының концентрациясы өте жоғары шәует өндіреді.
Немістің байсалды немесе қысқа құлақты ақ тұқымы (эдельшвайн). Жергілікті салпаң құлақ шошқа тұқымдарын ағылшын йоркширлерімен сіңіре шағылыстыру жолымен Германияда шығарылған.
Бұл тұқымның дене тұлғасы гармониялық үйлесімділігімен ерекшеленеді: басы онша үлкен емес, құлағы тік және қысқа, дене тұлғасының ұзындығы жеткілікті дәрежелі, түсі ақ. Мегежіндерінің өнімділік сапалықтары бордақылау кезінде қол жеткізілетін жоғары көрсеткіштерімен үйлесіп жатады. Бұл тұқым солтүстік Кавказдың климатына өте жақсы бейімделген және жаңа линиялар құру үшін өнеркәсіптік шағылыстыруда табысты түрде пайдаланылады.
Ұсынылған әдебиеттер тiзiмi:
Негiзгi:
1. Вахитова Р.З., Найманов Д.К., Тулеубаев Т.Т. Животноводство. Учебное
пособие для начинающих курс «Животноводство». Костанай, 2005г. стр.4-10
22. Красота В.Ф. и др. Разведение сельскохозяйственных животных. М.:
Агропромиздат, 1990.
8. Васильев Н.А. и др. Овцеводство и технология производства шерсти и
баранины. – М.: Агропромиздат, 1990.
Қосымша:
31. Мысик А.Т. и др. Свиноводство. – М.: Колос, 1984.
35. Николаев А.И. и др. Овцеводство. М.: Агропромиздат, 1987.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақстанда шығарылған IҚМ тұқымдарын атаңдар? 2. Ұрғашы тайыншаларды алғашқы ұрықтандыру жасы? 3. Сиырлардың жыныстық күйiтi мен жыныстық циклының ұзақтығы? 4. Қазақстанда шығарылған қой тұқымдарын атаңдар?
5. Қой жүнiнiң физико-техникалық құрамы? 6. Шошқалардың тұқымдарын атаңдар?
Тақырып 10 Жылқылардың, түйелердiң, құстардың шаруашылыққа
пайдалы және биологиялық ерекшелiктерi
Мақсаты: Студенттердi жылқылардың, түйелердiң, құстардың шаруашылыққа пайдалы және биологиялық ерекшелiктерiмен таныстыру
Достарыңызбен бөлісу: |