4) саланың еңбекке ақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттары туралы, оның ішінде:
саладағы ең төмен тарифтік мөлшерлемелерді (айлықақыларды);
разрядаралық коэффициенттердің шекті мәндерін;
ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін
жұмыскерлерге қосымша ақы белгілеудің бірыңғай тәртібін белгілеу;
5) салалық біліктілік шеңберін бекіту тәртібі туралы;
6) Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі
және оның қызметі туралы;
7) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі
кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы;
8) келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін
байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның құзыреті мен қызметі туралы;
9) кадрлық әлеуетті және біліктіліктерді дамыту жөніндегі үйлестіру орталығын
қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
6. Өңірлік келісімдерде:
1) өңірде әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту;
2) өңірдің бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі;
3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды
болғызбау жөніндегі іс-шаралар;
4) жұмыс берушілерге және жұмыскерлердің өкілдеріне еңбек дауларын реттеуге
жәрдемдесу;
5) жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейін қысқартуға
бағытталған шараларды қолдану;
6) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі
кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
7. Келісімнің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда
жұмыскердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға
тиіс.
154-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің қолданылуы, олардың орындалуын
бақылау және тараптардың жауаптылығы
1. Бас келісімнің күші мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, жұмыскерлер
атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдеріне қолданылады.
2. Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті
саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
3. Өңірлік келісімнің күші тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы
органдарына, жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
4. Келісімдердің күші Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шетелдік
азаматтар немесе шетелдік заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын заңды тұлғалар мүлкінің
меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері болып табылатын
ұйымдарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне
қолданылады.
5. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган – республикалық деңгейде, тиісті
қызмет саласының мемлекеттік органдары – салалық және жергілікті атқарушы органдар
өңірлік деңгейде келісімдерді оларға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн
ішінде ресми түрде жариялауға міндетті.
6. Келісімдердің орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік тараптары жүзеге
асырады.
7. Тараптар өкілдерінің келісім жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздерге
қатысудан жалтаруы немесе келісім жасасудан негізсіз бас тартуы, келіссөздер жүргізу
мерзімдерін бұзуы және тиісті комиссияның жұмысын қамтамасыз етпеуі, келіссөздер жүргізу
және келісімдер ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты
бермеуі, сол сияқты олардың талаптарын бұзуы немесе орындамауы Қазақстан
Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
155-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
Жұмыскерлердің республикалық және салалық бірлестіктері келісімдерде және ұжымдық
шарттарда бекітілген жағдайларда және тәртіппен Қазақстан Республикасы еңбек
заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
14-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
156-бап. Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық
шартты әзірлеу және жасасу тәртібі
1. Жұмыс беруші және жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген
олардың өкілдері ұжымдық шарттың тараптары болып табылады.
2. Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шартты жасасу туралы ұсынысты
тараптардың кез келгені жасауы мүмкін.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы
бар хабарламасын алған тарап оны он күн мерзімде қарауға және осы баптың 4-тармағында
белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
3. Ұжымдық шарт ұйымдарда да, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен
өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін. Ұйымда бір ұжымдық шарттың болуына жол беріледі.
4. Ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар
тепе-теңдік негізде комиссия құрады. Комиссия мүшелерінің саны, оның дербес құрамы,
жобаны әзірлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзімдері тараптардың келісімімен айқындалады.
Кәсіптік одақтың мүшелері болып табылмайтын жұмыскерлер жұмыс берушімен өзара
қарым-қатынастарда өздерінің мүдделерін білдіру үшін кәсіптік одақ органына уәкілеттік
беруге құқылы.
Ұйымда жұмыскерлердiң бiрнеше өкiлдерi болған кезде олар комиссия жұмысына қатысу,
ұжымдық шартты талқылау және қол қою үшiн бiрыңғай өкiлдi орган құрады.
5. Комиссия дайындаған ұжымдық шарттың жобасы ұйым жұмыскерлерінің міндетті түрде
талқылауына жатады. Комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып,
жобаны пысықтайды.
6. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген кезде, ұжымдық шарт кемінде екі данада
жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды.
7. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер
болған кезде олар туындаған күннен бастап бір ай ішінде тараптар бір мезгілде
келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген талаптармен ұжымдық шартқа қол
қоюға тиіс. Ұжымдық келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктер өзгерістер мен
толықтырулар енгізу кезінде оларды реттеу бойынша бұдан кейінгі ұжымдық келіссөздердің
нысанасы болуы мүмкін.
8. Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар осы бапта оны жасасу үшін
белгіленген тәртіппен тараптардың өзара келісуі бойынша ғана жүргізіледі.
9. Егер алынған мәліметтер мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық немесе
заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын болса, ұжымдық келіссөздер тараптары оларды
жария етуге құқылы емес.
10. Ұжымдық келіссөздер тараптары келіссөздер жүргізу кезінде жалақысы сақтала
отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін.
11. Жұмыс берушi тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күнінен бастап
бір ай ішінде мониторинг үшiн еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органға ұсынуға
мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |