Омарова Бәтіш Әбдірәшқызы
ПОЛИГРАФИЯЛЫҚ БАСУ МАШИНАЛАРЫ
Полиграфиялық басу машиналары жайлы қысқаша мәліметтер
Полиграфия саласында қолданылатын басу жабдықтарының түрлері өте көп. Баспа-полиграфиялық өнімдердің техникалық көрсеткіштеріне–қолдану саласына, таралымына, көлеміне, бояулығына, құрылымына, қағаз ерекшеліктеріне, таңдалған басу әдістерінің түрлеріне және тағы да басқа көптеген техникалық сипаттамалары мен көрсеткіштеріне қарай, оларды басып дайындайтын басу жабдықтарының түрлері де әртүрлі келеді.
Басу машиналары басу аппараттарының құрылымдық ерекшеліктеріне қарай: тигельдік, жазық және ротациялық болып үш типке бөлінеді.
Тигельдік машиналардың басу аппараты жазық жатқан екі құрылымнан тұрады. Оның бірі – жазық қалып орнатылатын талер. Екіншісі – қағаз немесе басылатын материал салынатын тигель құрылғысы. Тигельдік басу әдісі қалыбының өлшемі шағындау және үлкен қысымды талап ететін. Мұндай тигельді бір бояулы машиналар тек шығыңқы басу әдісінде ғана – мұқабалар, қаптама мұқабалар, бланкалар, шақыру билеттері сияқты шағын пішімді өнімдерді басу үшін қолданылатын. Тигельдік машиналардың өнімділігі төмен – сағатына 1,5-3 мың көшірімге дейін ғана болатын.
Жазық басу машиналары (плоскопечатная машина) құрылымы жағынан едәуір күрделібұл машиналарда жазық орналасқан қалып бекітетін құрылғы мен қағаз беру құрылғысы болады. Басу үдерісі кезінде қалып пен қағаздың түйісуі арқылы мәтін-бейне суреттерінің көшірмесі алынады. Басу машинасының жылдамдығы сағатына 2,5-3 мың көшірме алуға мүмкіндік берді. Мұндай басу машиналарында бекітілетін қалып көлемдері 40х60 см-ден 84х108 см дейін болады. Бұл машиналар да шығыңқы басу әдісінде қолданылады. Оларда көбінесе растрлы және көп бояулы жұмыстар басылатын. Ұзақ жылдар бойы полиграфия саласында қолданылып келген тигельдік және жазық басу машиналарының қолданыстан шығып қалуы қазіргі заманғы полиграфиялық техникалар мен технологиялардың үздіксіз жаңарып, дамуына байланысты.
Басу машиналарының ротациялық деп аталу себебі, осы машинаның басу аппараттарының – біліктерінің бәрі айналмалы, әрі дөңгеленген цилиндрлі білік түрінде болатынынан (Ротация – айналымды). Басу аппаратындағы барлық біліктердің айналмалы қозғалуы басу машинасының жылдамдығын, яғни полиграфиялық өндірістің жұмыс өнімділігін арттыра түседі.
Ротациялық машиналардың басу аппараттарындағы айналмалы дөңгеленген білікке – формалық цилиндрге басу қалыбы бекітіледі. Араларынан өтетін қағаздың осы басу қалыбымен түйісіп, бояуды қабылдауын қамтамасыз ететін екінші басу цилиндрі де айналмалы дөңгеленген білік түрінде болады. Ротациялық басу машиналарының парақты (қажетті пішімге кесілген) және рулонды қағаздармен жұмыс істейтін екі түрі белгілі. Олар:
Рулонды қағаздардан басатын ротациялық басу машиналары.
Бұл машиналарда рулоннан айналдырыла шығып жатқан қағаздың екі жағынан бірдей мәтін-бейне материалдары басылып шығады. Осындай мүмкіншіліктері болғандықтан, мұндай машиналарға бүктеу-кесу құрылымды агрегаттарын орнатуға болады. Бұл агрегаттар басу аппаратында басылып, жылдамдықпен келе жатқан қағаз рулонын екіге бүктейді де, ортасынан бөліп (қағаз табағының 1/2), бүктемелеу аппараты арқылы өнім түріне немесе тапсырыс талабына қарай кітап немесе газет өнімінің 4, 8, 16 немесе 32 беттік дәптерлерін бүктеп шығарады. Рулондық ротациялық басу машиналарының дайын өнімді немесе өнім шикізатын қабылдап алатын құрылғысында бүктелген өнімнің престеліп шығуын қамтамасыз ететін пресс құрылғылары қоса орнатылады.
Қазіргі рулонды ротациялық басу машиналарының жылдамдықтары барған сайын өсе түсуде. Бұл басу үдерісі кезіндегі қағаз бен бояудың өзара түйісу сапасының арта түсуін талап етеді.
Қазіргі кезде әр түрлі басу әдістерімен басатын ротациялық машиналар ірі және орташа полиграфиялық касіпорындарының негізгі жабдықтары болып табылады. Ротациялық басу машиналары секциялы құрылымды болады. Бұл көп бояулы өнімдерді басу кезінде, сапаны және өнімділікті арттыруда өте қажет.
Парақты басу машиналарының өнімділігі. Парақты басу машиналарының өнімділігі сағатына 6-21 мың оттискі, ал рулонды ротациялық басу машиналарының жылдамдығы, сағатына — 20-100 мың оттискіден асып кетеді.
Парақты басу машиналарының рулонды басу машиналардан айырмашылығына, аты айтып тұрғандай, мұндағы қағаз беру құрылғысының тек рулондардан таратылып кесілген немесе арнайы даярланған белгілі бір пішімдегі қағаздармен жұмыс істейтіндігі жатады.
Ондаған жылдар бойы барынша кеңінен қолданылып келе жатқан офсеттік басу әдісімен басатын парақты басу машиналарының секцияларға, пішімдерге, құрылымдық ерекшеліктеріне, жылдамдығына, қағаз беру ерекшеліктеріне қарай бөлінетін көптеген түрлері бар. Сондықтан осы машиналарға арналған қажетті материалдардың да жүздеген түрлері бар.
Басу машиналарының секциялық құрылымына, пішіміне, қағазды екі жағынан баса алатын мүмкіншіліктеріне қарай басылып шығатын өнімнің көлемдік көрсеткіштері әртүрлі болады.
Соңғы жылдарда полиграфия өндірісінің жұмыс өнімділігін арттырудың, басу жабдықтарын одан әрі дамытудың басты бағыты — басу үдерісінен кейін бірден кітапшалау және түптеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ететін агрегаттармен біріктіру мүмкіншіліктерін қолдану болып отыр.
Бұл агрегаттарда пластикалық басу қалыптары лента-қалып сақтағыштарға бекітіледі де, қағазда басу үдерісі орындала береді. Басылып шыққан шикізаттар бүктемеленіп, дайын дәптерлерге айналады. Дайын дәптерлер әрі қарай кітап бумасына біріктіріліп, желімденіп бекітілуі үшін автоматгы түрде суырып алынады. Одан әрі бумаларды мұқабалармен қаптау жұмысы жүргізіледі. Егер жүйеге кітап бумаларын өңдеуге және оларды мұқабаға бекітуге арналған автоматтандырылған кітапшалау-түптеу ағынды желісі біріктірілсе, онда бірден, түптелген дайын кітаптарды алуға болады.
Басудың белгілі бір түріне арналған машиналар, тіпті олар бір типті болса да (мысалға парақты ротациялық машиналар) бір-бірінен айтарлықтай айырмашылықтары болады.
Мәселен, кез келген офсеттік басу машинасының құрылымында, әр жұмыс циклі басталарда ашық жол элементтеріне бояу жағылмас үшін, алдымен қалыптың ылғалды болуын қамтамасыз ететін ылғалдау аппараты біріктірілген.
Ылғалдау аппараты – офсеттік басу қалыбындағы ашық жол элементтеріне, бояудың жағылмауын қамтамасыз ету үшін қолданылатын (яғни, бояудың жағылуынан сақтау үшін) офсеттік басу машинасының арнайы құрылғысы. Офсеттік басу машинасының ылғалдау құрылғысы аппаратындағы резервуарға арнайы ылғалдау ерітіндісі құйылып, жаймалау біліктері арқылы офсеттік басу қалыбына жағылады. Офсеттік басу әдісінің қалыптарындағы ашық жол элементтерінің гидрофильдік қабілеті бар. Ол басу қалыбының суды немесе ылғалдау ерітіндісін қабылдап, майлы бояуды қабылдамау қабілеті (майлы бояу жағылмайды). Офсеттік басу қалыптары осы негізде жасалған. Сондықтан офсеттік басу қалыптарында гидрофильді және гидрофобты қабілеттер бар. Гидрофильділік - жазық басу әдістерінде (офсеттік басу әдісі, литография) беріктігі жоғары ашық жол элементтерін қалыптастырады, ал гидрофобтық қабілет қалыптағы басу элементтерінің беріктігін арттырады. Яғни, гидрофобтық қабілет қалыптағы басу элементтерінің майлы бояуды қабылдап, суды немесе ылғалдау ерітіндісін қабылдамай, итеру қабілеті. Сондықтан жазық басу әдісінің қалыптарындағы басу элементтері майлы бояуды қабылдап алады да, ылғалды қабылдамайды. Қазіргі офсеттік басу қалыптары осындай ерекшеліктерге ие болғандықтан ашық жол және басу элементтері бір жазықта орналасады. Жазық басу әдісі деп аталатыны да басу қалыптарының осындай ерекшеліктерінен шыққан.
Енді ойыңқы басу әдісімен басатын машиналарды алсақ, олардың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, бұл машиналар, біріншіден, арнайы резервуардағы сұйық бояуға малынып шығатын басу қалыбындағы ашық жол элементтерінде жағылған артық бояуды сыдырып тастап, тазалап тұратын жұқа металл пышақ — ракельмен жабдықталады. Ойыңқы басу әдісімен басатын машиналар міндетті түрде кептіру құрылғыларымен жабдықталады. Кейбір машиналарда арнайы ұнтақ себелегіш құрылғылар да болады. Олар жаңа басылып жатқан оттискі беттеріндегі кеппеген бояу қабаттарының – келесі оттискінің қарсы жағына жабысудан сақтайтын арнайы ұнтақ заттар сеуіп тұрады
Дәстүрлі шығыңқы басу әдісімен басатын жазық басу машиналарын мысалға ала отырып, басу жабдықтарын басу үдерісіне дайындау жұмыстарының қалай орындалғанын қарастырып көрейік. Басу машинасындағы өзі салғышты (самонаклад) дайындау — қағазды дайындау — қағаз жүргізіп тұратын жүйені дайындау — бояу аппаратын дайындау — бояуларды дайындау — қалыпты орнату — басылым қалыбын дайындау — бояудың берілуін ретке келтіру — қысымын реттеу (приправка) — сәйкестендіру (приводка) -түзету-бекіту— сынама көшірме алу — басуға бекітілетін оттискі алу — себелегіш құрылғыны дайындау — таралымды басу.
Басу үдерісінде машинада орындалатын - сәйкестру (приводка) операциясының маңызы өте зор. Ол басылымның оң жағы мен кері жағындағы мәтін және бейне материалдарының және ондағы әртүрлі бояуларды сәйкестендіру мақсатында, олардың оң жағы мен кері жағының бір-біріне дәл келуін қадағалап, орын-орнына дәлдікпен орналастыру операциясы. Мысалы тек мәтіндік ақпараттардан тұратын өнім басылғанда мәтін жолдарының қағаздың екі жағында бір-бірімен дәл келуін қамтамасыз ету. Тәжірибеде бұл машинадағы қалыпты да, қағазды да (белгілі шамада) жылжыту арқылы да жасалады.
Басу қысымын реттеу (приправка) операциясы негізінен дәстүрлі шығыңқы басу әдісіне тән — мұнда басу қалыптары мен басу машиналарының ерекшеліктеріне сәйкес басу қысымын реттеу операциялары орындалады. Басу қалыбына қысымның біркелкі берілмеуі, басу элементтері биіктіктерінің әр түрлілігі салдарынан да, басу машинасындағы басу құрылымының кемістігі — металды өңдеу кезінде пайда болған, басылатын беттің тегіс еместігінен, не басу цилиндрінің майысуы — салдарынан болуы мүмкін. Қалай болғанда да қалыптың басу қысымы жеткіліксіз болып тұрған тұсына қосымша қағаздар желімденіп, ал басу қысымы артық тұстағы қағаздар ойылып кесіп тастау арқылы берілетін қысымды біркелкілендіреді. Қысымды біркелкілендіруді іске асыруда арнайы жасалатын серпінді майысқақ қабаттардан тұратын декель материалы басты рөл атқарады. Декель шығыңқы басу машинасының құрылымы мен жылдамдығына байланысты күрделі құрамды болады. Тигельді және жазықтық басу машиналарында, сондай-ақ табақтық ротациялардың біразында декель әртүрлі қағаз түрлерінің бірнеше қабатынан жасалатын. Бірақ бұл операция ұзақ жылдар бойы металды басу қалыптарымен жұмыс істейтін шығыңқы басу әдісінде қолданылып келген, қазір қолданылмайды. Басу қалыбына түсетін қысымды реттеу басу элементтері мен ашық жол элементтері бір жазықта орналасқан офсеттік басу әдісінде қолданылады. Мұнда, қысымды реттеу – арнайы декельдің қызметін атқаратын және басу қалыбындағы бояуды өзіне қабылдап алып, сонан соң барып, оны қағазға беретін арнайы майысқақ әрі серпінді резинаматалы материал атқарады (кейде резинаматалы пластина деп аталады).
Басу машиналарындағы негізгі құрылғылардың біріне бояуды басу қалыбына жағуға дайындайтын, диаметрлері әртүрлі резиналық біліктер мен металды цилиндрлерден тұратын - бояу аппараты жатады. Әртүрлі басу әдістеріндегі бояу аппараттарының құрылымдары әртүрлі болады.
Мақалада полиграфиялық кәсіпорындарда дәстүрлі басу әдістерімен баспа-полиграфиялық өнімдерді басып шығаратын машиналар жайлы қысқаша мәліметтер берілді.
В статье дается краткая информация о печатных машинах традиционных способов печати применяемых в полиграфических предприятиях.
Достарыңызбен бөлісу: |