Шаяхметова А.Е.,
№ 66 мектеп-лицейінің директоры,
Астана қаласы
2018 жылы мамыр және қараша айларында өткізілген жаңа форматтағы аттестаттаудан кейн ұстаздармен жүргізілген кәсіби сұхбат негізінде ойымды жеткізуіме рұқсат етіңіздер.
Аттестатталуға мектебіміздің 32 пән мұғалімі өтініш білдірсе, солардың 29-ы ұлттық біліктілік тестілеуде оң нәтиже көрсетіп кәсіби портфолиосын қорғады және 2018 жылы 1 қыркүйектен бастап жалақысына қосымша ақы ала бастады. Педагог-шебердің (1адам) жалақысы 50%-ға (40 мың теңгеге), педагог-зерттеуші (11 адам) – 40%, педагог-сарапшы (6 адам) – 35% және педагог-модератордың (11 мұғалім, жас мамандар) жалақысы 30%-ға (шамамен 18 мың теңгеге) артты.
Ағымдағы жылдың қараша айында 37 мұғалім тестілеуге қатысып, олардың 30-ы оң нәтиже көрсетті, жетеуі төмеңгі шекті ұпайдан өте алмады.
2018 жылғы мамыр және қараша айларындағы тестілеу нәтижесін салыстырсақ, «Педагогика және әдістеме» бөлімінде сапаның 67%-дан 80%-ға дейін өсуін, ал «Оқу пәнінің мазмұны» бойынша тұрақтылықты (80%) көре аламыз.
Білім беру саласындағы өзгерістер аясында (жаңартылған білім мазмұнын енгізу, үштілділік оқыту, оқу мен оқытудың жаңа тәсілдері, мектеп түлегінің жаңа моделі) мұғалімнің рөлі де өзгеріске ұшырайтыны анық. Жылдам өзгерудегі әлемде мұғалім тұлғасының негізгі және маңызды қасиеті – өмір бойы оқуға бейімділігі. Өз бойында осы қабілеті терең орын алған ұстаз ғана оқушысын да дамыта алады.
Ұстаздардың пікірі бойынша, аттестаттаудың жаңа түрі үнемі кәсіби әдебиетті оқуына, білім саласындағы жаңалықтарды біліп қабылдауына, жалпы үнемі белсенді болуына ықпал етеді.
Мұғалімдердің барлығы аттестаттаудың жаңа түрін заманауи және тиімді деп бағалайды. Мұғалім шеберлігін арттыру емес, қағазбастылыққа ұшырататын көп құжатты әзірлеудің қажеттілігі жойылғанын атайды.
Мектеп мұғалімдерінің басым бөлігі аттестаттаудың жаңа жүйесінің оң нәтижесі ретінде жалақысының артуын атап өтті.
Жас мамандар кәсіби мансаптық өсуін жылдамдатуға мүмкіндік алғанын айқындайды. Мысал ретінде, мектебіміздің химия пәні мұғалімі терең біліміне қоса бес жылдың ішінде өз ниетімен ағылшын тілін игерген, оқушыларын республикалық, халықаралық олимпиадалар жеңістеріне жеткізген, жас болса да табысты ұстаз. 5 жылдық педагогикалық өтілі бар. Мұғалімнің аталған жетістіктері оған бірден «педагог-шебер» санатын алуына мүмкіндік береді. Бұрынғы аттестаттау жүйесі бойынша алдыңғы біліктілік санаттарынан өтпей жоғары санатты қорғау мүмкін емес болатын. Жеделдетіп мерзімінен бұрын аттестатталу мүмкіндігі жас мамандардың мектепте тұрақталуына себеп бола алады.
Аттестаттаудың жаңа форматы мұғалімді өз пәні бойынша білімі мен біліктілігін үздіксіз дамытуына, педагогикалық шеберлігін жетілдіруге ынталандырады деп тіпті көп жылдық өтілі бар ұстаздардың өзі атап өтті. Мысалы, оқушы саны, оған байланысты сынып саны жоғары болып табылатын қала мектептерінде мұғалім өз ыңғайына қарай апталық сағат жүктемесін бір тізбектегі сыныптардан алуға тырысатын болса, қазір ұлттық біліктілік тестілеуден өтуде қиындық тудыратынына көз жеткізді. Жаңа оқу жылында орта буынға ғана емес, жоғары сыныптарда да сабақ беруге ниет білдірген мұғалімдер бар.
Қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау әдісі ретінде бекітілген электрондық портфолио туралы ұстаздар «тиімді, жылдам, көп уақыт кетіруді қажет етпейді, қағазбастылықтан айырды», «сара жолды салып алғандаймын, сандық сауаттылығым артты» деген пікір білдіруде.
Қорытындылап айтқанда, мектеп мұғалімдері аттестаттаудың жаңа ережесіне оң пікір білдіріп, педагог мүддесіне бағытталғанын айтып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |