150-1-бап. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның атқарушы органы
1. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ағымдағы қызметіне басшылықты атқарушы орган жүзеге асырады. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган байқау кеңесіне есеп береді.
Атқарушы орган денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және байқау кеңесінің шешімін орындауға міндетті.
Атқарушы орган осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысымен денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басқа да органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған, денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметінің кез келген мәселелері бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Алқалы атқарушы органның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюға және онда дауыс беруге қойылған мәселелер, алқалы атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетіліп, бұлар бойынша дауыс беру қорытындысы қамтылуға тиіс.
Атқарушы орган мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде атқарушы органның басқа мүшесіне беруге жол берілмейді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) алқалы атқарушы органның басшысы мен мүшелерін байқау кеңесінің ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайды және оның алдын ала келісімі бойынша лауазымынан босатады.
Атқарушы органның басшысы мен мүшесін сайлау, тағайындау, аттестаттаудан өткізу осы Заңның 139-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Алқалы атқарушы органның басшысымен және мүшелерімен жасалатын еңбек шартына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қол қояды.
3. Атқарушы органның басшысы:
1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган және байқау кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын атынан әрекет етеді;
3) банктік шоттар ашады, барлық жұмыскерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
4) үшінші тұлғалармен қатынастарда денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның мүддесін білдіру құқығына сенімхат береді;
5) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жұмыскерлерін қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан шығаруды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
6) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
7) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласын және жауапкершілікті бөледі;
8) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. Атқарушы органның мүшесі байқау кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Алқалы атқарушы органның басшысы мен мүшелері немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам басқа заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының не атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға құқылы емес.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аталған адаммен жасайтын еңбек шартында айқындалады.
2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен 150-2-баппен толықтырылды
150-2-бап. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі аудит қызметі
1. Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне мониторингті жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлері байқау кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі байқау кеңесіне тікелей бағынады және оның алдында өз жұмысы туралы есеп береді.
151-бап. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аудиті
1. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізуге міндетті.
2. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аудиті байқау кеңесінің, мемлекеттік кәсіпорын басшысының, тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) бастамасы бойынша мемлекеттік кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін.
152-бап. Мүдделер қайшылығы
Байқау кеңесінің мүшесі шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алуға тиіс. Байқау кеңесінің мүшелеріне шешімдер қабылдаған кезде өзінің жеке мүддесін көздеуіне, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның коммерциялық мүмкіндіктерін жеке мақсатында пайдалануына тыйым салынады.
5-параграф. Қазыналық кәсiпорын
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 153-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 153-баптың редакциясын қараңыз
153-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билік ету
Осы Заңның 135-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, негізгі құралдарға жататын, өзiне бекiтiп берiлген мүлiктi иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк етуге, дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға республикалық қазыналық кәсіпорын - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісуімен ғана, ал коммуналдық қазыналық кәсіпорын жергілікті атқарушы органның немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының жазбаша келісуімен ғана құқылы.
Қазыналық кәсіпорын негізгі құралдарға жатпайтын, өзіне жедел басқару құқығында бекітіліп берілген жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 154-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 154-баптың редакциясын қараңыз
154-бап. Қазыналық кәсіпорынның жедел басқаруына берiлген мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімнің аппараты қазыналық кәсіпорынға бекітіп берілген мүлікті алып қоюға не оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
2. Жедел басқару құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты қазыналық кәсіпорынға алып қойылған мүлікті өзге тұлғаға бергенге дейін күтіп-ұстау және оның сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.
155-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi
1. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда бекітілген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен айқындалады.
2. Өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
156-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары
1. Республикалық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органы белгiлейдi.
2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 2-тармақтың редакциясын қараңыз
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын жергiлiктi атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты белгiлейдi.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Табиғи монополия немесе мемлекеттік монополия субъектісіне жататын қазыналық кәсіпорындарды қоса алғанда, қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағалары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптары ескеріле отырып белгіленеді.
157-бап. Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы
Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы меншік иесінен жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін басқаруға алынған мүліктен қалыптастырылады.
158-бап. Қазыналық кәсіпорынның жауаптылығы
1. Қазыналық кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билігіндегі ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынды тарату жағдайларын қоспағанда, осы заңды тұлғаның қалған мүлкiн өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
2. Қазыналық кәсiпорын мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болған кезде, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
6-параграф. Мемлекеттік мекеме
159-бап. Мемлекеттік мекемені құру
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 1-тармақтың редакциясын қараңыз
1. Республикалық мемлекеттік мекемені - Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік мекемені - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, сондай-ақ аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құрады.
2. Мемлекеттің жеке тұлғалармен және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен бірлесіп мемлекеттік мекеме құруына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені құрудың ерекшеліктері мен мемлекеттік органдардың мүліктік айналымға қатысуын құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Заңның 163 және 164-баптарында белгіленеді.
160-бап. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 1-тармақтың редакциясын қараңыз
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін тиісті саланың уәкілетті органы, жергілікті атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты бюджеттен қаржыландырады не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырылады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерге басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асырудан бөлек, табыс әкелетін қызметті (ақылы қызметтер көрсету) жүзеге асыру құқығы берілуі мүмкін.
161-бап. Мемлекеттік мекеменің мүліктік құқықтарды іске асыруы
1. Мемлекеттік мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және өзіне смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге құқылы емес.
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Білім беру, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауылшаруашылық өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларының, Қарулы Күштердің спорт саласында маманданатын мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылуға тиіс.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ мүліктік жалға беру (жалдау) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2015.02.11. № 387-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 162-бап өзгертілді
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 162-баптың редакциясын қараңыз
162-бап. Мемлекеттік мекеменің жедел басқаруына берiлген мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу құқығы
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты мемлекеттік мекемеге бекітіп берілген мүлікті алып қоюға не оны басқа мемлекеттік заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
163-бап. Мемлекеттік органдардың мүліктік қатынастарға қатысуы
2016.06.04. № 481-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына орай мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік органдар, егер Қазақстан Республикасының көрсетілген заңнамасында және оларды құру туралы жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерде олар заңды тұлғалар ретінде айқындалса, мемлекеттік мекемелер болып танылады.
2. Заңды тұлға ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, егер олар азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекет атынан емес, өз атынан қатысса (жалға алу, кеңсе керек-жарақтарын, жабдықтар сату-сатып алу шарттарын жасаса, зиян келтіргені үшін міндеттемелер бойынша жауаптылықта болса, басқа да азаматтық-құқықтық әрекеттер жасаса) мемлекеттік мекемелер ретінде қарастырылады.
164-бап. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерді құрудың және олардың қызметінің ерекшеліктері
2016.06.04. № 481-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 163-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік органды құру туралы жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің негізінде құрылады және осы мекеме туралы ережелердің негізінде жұмыс істейді.
2. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме өзінің атынан басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (акционері, қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуге құқылы емес. Мемлекеттік заңды тұлғаларды, акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру кезінде мемлекеттік органдар мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) атынан ғана құрылтайшы (акционер, қатысушы) ретінде әрекет етуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелер табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы емес. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы.
2016.06.04. № 481-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік органның құзыреті, құрылымы, ведомстволық бағыныстылығы және функцияларын жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы мемлекеттік органдарды құру туралы жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерде айқындалады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы құрады, таратады және қайта ұйымдастырады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына бекітіп берілген мүлікке меншік құқығы немесе өзге де заттық құқық оның құрылтайшысында сақталмайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Заңның күші мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерге қолданылады.
165-бап. Мемлекеттік мекеменің жауаптылығы
1. Мемлекеттік мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен жауап береді.
Мемлекеттік мекеменің қалған мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
2. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
12-тарау. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне құқықтарды жүзеге асыру
166-бап. Акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне мемлекеттің өзіне тиесілі құқықтарын жүзеге асыруын құқықтық реттеу
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруды, акционерлердің (қатысушылардың) құқықтарын, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқару органдарын құру мен олардың өкілеттігін құқықтық реттеу осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы акционердің (қатысушының) акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органына беруі мүмкін. Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне билік ету құқығы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органда қалады.
Акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырушы тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының (қатысушылардың жалпы жиналысының) құзыретіне жататын мәселелер бойынша акционер (қатысушы) ретінде мемлекеттің мүддесін білдіреді.
3. Әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде әкімшілік-аумақтық бөліністің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.01.02. № 551-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы, оның ішінде кепілдендірілген тапсырысты орналастыруы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгілік қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
167-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқықтарының туындау негіздері
Мемлекет акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарды:
1) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
2) мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруы;
3) мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алуы;
4) жарғылық капиталындағы қатысу үлесі осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен, өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдарды акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
5) «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін мәжбүрлеп сатып алу;
6) стратегиялық объектілерді сатып алуға басым құқықты іске асыру;
7) осы Заңның 19-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша сатып алу жолымен ие болады.
168-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру
Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүргізіледі.
169-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алуы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін республикалық және коммуналдық мүліктің құрамына сатып алу туралы шешімді тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
2. Акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін бюджет қаражаты есебінен сатып алу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
3. Акционерлік қоғамдардың акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда мемлекеттік мүлікті беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
4. Акционерлік қоғамдардың акцияларын республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдарды құрған кезде республикалық мүліктің құрамына түсетін, акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тізіліміндегі акциялар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жеке шотының есебіне жатқызылуға тиіс.
Акционерлік қоғамдардың акцияларын жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алған кезде, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдарды құрған кезде коммуналдық мүліктің құрамына түсетін, акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тізіліміндегі акциялар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның жеке шотының есебіне жатқызылуға тиіс.
170-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құруы
1. Мемлекет акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құрған кезде олардың құрылтайшысы Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының атынан акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болады.
3. Әкімшілік-аумақтық бөліністің атынан акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы жергілікті атқарушы орган болады.
4. Акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құратын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органды және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органды қоспағанда, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары және мемлекеттік мекемелер акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы бола алмайды.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуына тыйым салулар мен шектеулер белгіленуі мүмкін.
6. Мемлекеттің қатысуымен құрылатын акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын төлеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
7. Акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда, мемлекеттік мүлікті беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
8. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
171-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің түрлері
1. Акционерлік қоғамдардың акциялары (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері) кімге тиесілі екендігіне қарай мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
1) Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;
2) әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.
2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларының санына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерінің мөлшеріне) қарай акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
1) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер - жарғылық капиталындағы акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді. Акционерлік қоғамның акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі тиісінше акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі екендігін білдіреді;
2) мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер - осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген белгілері жоқ акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.
172-бап. Мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өзге заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу ерекшеліктері
1. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылған коммерциялық ұйымдардың, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында құрылған ұйымдардың құрылтайшысы (акционерлері және қатысушылары) бола алады.
Ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуіне жол берілмейді.
2. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарға ие болған жағдайда, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлесі, егер осы коммерциялық ұйым акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, оған құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.
173-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі бола алмайтын қатысу үлестеріне (пайларға) құқықтарға мемлекеттің ие болуының салдары
Егер осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері (пайлар) түскен болса, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлестері (пайлар), егер заңды тұлға акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, немесе аталған тұлғаның мүлкі негізінде мемлекеттік заңды тұлға құрылмайтын болса, сатудан түскен табысты бюджет есебіне жатқыза отырып, оларға құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.
174-бап. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуын тоқтату
1. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуы акционерлік қоғамдардың акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатқан кезде немесе осы Заңның 83-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқықтарды тоқтатқан кезде тоқтатылады.
2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сату осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жүргізіледі.
3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін акционерлік қоғам орналастыратын акцияларды төлеуге немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде беру осы Заңның 114-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
175-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету осы Заңның 10-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Акционерлік қоғамдардың акцияларын (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестерін) дербес білім беру ұйымына беру жағдайларын қоспағанда, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) өтеусіз беруге жол берілмейді.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің жарғылық капиталдарына берілген ұлттық компаниялардың акцияларына, сондай-ақ стратегиялық объектілер болып табылатын, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) билік етуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жол беріледі.
4. Мемлекетке тиесілі акцияларға (жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқару нысанындағы үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға және оларды иеліктен шығаруға осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жол беріледі.
5. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кепілге қоюға жол берілмейді.
176-бап. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру
1. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беруді, егер берудің нысанасы республикалық мүлікке жататын - акционерлік қоғамдардың акциялары немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері болып табылса, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
2. Коммуналдық мүлікке жататын - акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беруді жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беру осы Заңның 10-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Сыйақы мөлшері, сондай-ақ сенімгерлікпен басқару әрекетінің мерзімі акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартпен айқындалады.
Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға мемлекеттің дивидендтерге деген өз құқығынан бас тартуы арқылы беруге жол берілмейді.
5. Сенімгерлікпен басқарушыға мынадай:
1) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту туралы;
2) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін өзгерту (ұлғайту немесе азайту) туралы;
3) акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату, оларды қайта ұйымдастыру туралы, сондай-ақ олардың атауларын өзгерту туралы мәселелерді шешуге байланысты мемлекеттің құқықтарын беруге болмайды.
177-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығы
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығын мемлекет «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іске асырады.
2. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) қоғамның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептiлiгiн бекіту және қоғамның есептi қаржы жылындағы таза табысын бөлу;
4) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомадағы активтерінің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау;
6) «алтын акцияны» енгізу және оның күшiн жою;
7) қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша директорлар кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, акционердің құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестерін иелену және оларды пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептілігін бекіту және таза табысты бөлу;
4) серіктестіктің өзге де заңды тұлғаларға қатысуы туралы шешім;
5) серіктестіктің барлық мүлкін кепілге қою туралы шешім;
6) серіктестіктің атқарушы органын құру, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
7) серіктестіктің мүлкін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша мәмілелер туралы шешімдер қабылдау;
8) байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) қатысушыдан жарғылық капиталдағы қатысу үлесін мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
10) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
11) серіктестіктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша байқау кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, қатысушының құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
3. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам директорлары кеңесінің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органының және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілдері кіреді.
4. Акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінің және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді.
178-бап. Мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару
1. Қазақстан Республикасы тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешімнің уақтылы қабылдануын және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) арналған дивидендтерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігін) жалғыз акционер (қатысушы) шешім қабылдаған күннен бастап он күн ішінде аударуын қамтамасыз етуге міндетті.
179-бап. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компания өз қызметін жүзеге асыру кезінде экономиканың белгілі бір саласындағы мемлекеттік мүлікті басқару аясында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекет жалғыз акционері болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру туралы және оның атауын өзгерту туралы шешімдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарату, қайта ұйымдастыру туралы және олардың атауларын өзгерту туралы шешімдерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құратын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация біреуден артық болмайды.
3. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан жиырма беске дейінгі пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
4. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан көп пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша (ұлттық компанияның жалғыз акционерінің шешімімен) ұлттық компания акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдайды.
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес осы баптың 3 және 4-тармақтарының талаптары қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу, сондай-ақ халықаралық мамандандырылған көрменің аумағын көрмеден кейін пайдалану болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елу пайызынан кем мөлшерін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін басқарма қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елуден жетпіс бес пайызға дейінгісін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесі қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің жетпіс бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционердің шешімімен) қабылдайды.
180-бап. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
3. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жалғыз акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесі қабылдайды.
181-бап. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді басқару
1. Ұлттық басқарушы холдингті, ұлттық холдингті тарату, қайта құру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша берілуі мүмкін.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
2-1. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, акцияларының пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге тиесілі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің құрамына мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, тиісті саланың уәкілетті органының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
4. Акционерлердің жалпы жиналысы үшін белгіленген, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционерлерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 1-тармағының 6) және 14) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді қоспағанда, осы Заңның 36-бабында көрсетілген мәселелер жатады.
5. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабы 2-тармағының 15-1) тармақшасында көрсетілген мәселені қоспағанда, осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің ерекше құзыретіне мынадай мәселелер:
1) аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
2) штат санын бекіту;
3) еншілес ұйымдардың стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу кезінде олардың бірыңғай (оның ішінде еншілес ұйымдар қызметінің салалары бойынша) қаржы, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық саясатын қалыптастыру;
4) даму жоспарын, сондай-ақ оның орындалу есептерін бекіту;
5) даму жоспарларының іске асырылуын бағалау;
6) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты айқындау;
7) қоғам акцияларды сатып алған жағдайда олардың құнын белгiлеу әдiстемесін және әдiстемесiне енгізілетін өзгерiстердi бекіту;
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8) активтердiң бір бөлігін немесе бірнеше бөлiгiн қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомада беру арқылы қоғамның өзге де заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау;
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
9) холдингтің және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде холдингке меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру қағидаларын бекіту жатады.
9) тармақшада көзделген қағидалар осы Заңның 10-тарауының 2-параграфында белгіленген нормалар ескеріле отырып қабылданады.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің атқарушы органының құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген мәселелер және акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызы қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кіреді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 182-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |