Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі
Опечатка | Скачать | Жүктеу Добавил: muhamed08 24.10.2010
09:21
Скачали:270 раз
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеті, ғылыми жаңалығы, зерттеу нысаны, зерттеу барысында қолданылатын әдіс–тәсілдер, теориялық және әдіснамалық негіздері баяндалады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар анықталады.
Бірінші бөлім “Мұқағали поэзиясындағы дәстүрлі жүйе” деп аталады. Онда көркемдік жүйе ұғымының мәні мен мазмұны, ол туралы ірі ғалымдар берген анықтамалар мен түсініктемелердің дәлдігіне сүйене отырып, поэзияның өмір сүруінің мәңгіліктігінің мәселесі екендігі айқындалады. Оған Мұқағали мұрасынан мол мысалдар келтіріле отырылып, талдаулар жүргізіледі. Сөйтіп өлеңдер өзегіне бойлай ендіріледі.
Құдіретті сөз өнері, оның ішінде поэзия XIX ғасырдың екінші жартысында Абай өлеңдері арқылы ең биік тұғырға көтерілді. Ал ХХ ғасырдың бел ортасында әдебиет есігін ашқан жас талап, жаңа буын өкілі Мұқағали жырлары да сол биікке арман сапарына яғни альпинистік заңғарға қол созып, шырқау шыңға жол тартты. Сөйтіп, Абай салған соқпақ ізімен ілгері басты. Мұқағали поэзиядағы парасаттылыққа мән бере отырып, ұлылықтан үйренуге талпынды. Әсіресе Абай парасатынан нәр алып, ұлы ақын талабына орай үн қатты.Ұлттық мұраны толықтыруға өз әлінше күш салды. Рас, Абай да, Мұқағали да тақырға түскен дән емес. Құндақтаған елдің, құнарлы топырақтың, қазыналы ортаның жемісі. Олар бай ауыз әдебиетінен жүзіп ішті, әсіресе шешендік өнердің шеберлігін меңгерді, философиялық тереңдігін игерді. Жыраулар поэзиясының өткірлігі мен өршіл рухын бойына сіңірді, тың сонарларын шалды. Яғни халық даналығының небір нәрі мен дәнін жинады. Өскелең орыс әдебиетінің озық үлгілерімен, әлем классиктерімен талмай танысты, Одаққа танымал таңдаулылардың суреткерлік қабілет қарымдарынан, әдеби әдіс-тәсілдерінен үйренді. Ғаламдық деңгейде дүние танымдарын жетілдірді. Өздеріне дейінгі мықты білім қорымен қаруланды. Заманның өнегесі неде, өріссіздігі қайда екендігін ажырата білді. Соған сәйкес ащы шындығын да айта алды. Шындықты айту қашанда қиын екендігін аңғарды.
Мұқағали – советтік құрылыстың, коммунистік қоғамның дүркіреген дәуірінде еңбек етіп, тіршілік етті. Кезінде кереметтей дәріптелген, “күні күлімдеген, жұлдызы жымыңдаған” дейтіндей “аса прогрессшіл қоғам” саналған кеңестік жүйенің бітім болмысы туралы жазылуға, жырлануға тиіс кезеңде өмір сүрді. Сол ыңғайда ақынның шеңберден шыға алмағаны, ақ тиындай шығырда шыр айналғаны байқалады. Бостандық, теңдік, еркіндік деген ұғым-түсініктердің аясы тарлығы танылады. “Неге бұлай?” деген ақын түйткілі түсіндірілмеді, жауапсыз қалды. Бір елі ауызға екі елі қақпақ қатар әрі қатаң қойылды. Соған қарамай адам баласын, азаматтық қоғамды мұқият зерттеп, жеке басының мұң мен шерін, шаттығы мен бақытын халық мүддесімен қабыстырып, ұлттық сипатқа жеткізе білді. Рухы күшті рухани қазына жасады. Мұқағали жырлары қарапайымдылығымен қасиетті, дәлдігімен дәмді, ой-ырғақ еркіндігімен ерекше, “тілге жеңіл, жүрекке жылылығымен” құрметті де құдіретті.
Мұрат Мұқағали өлеңдерінің рухани астарына үңіліп, рухани күші мен құдіретіне талдау жүргізу, эстетикалық, этикалық тәліміне ден қою, поэма, дастан, толғауларының тарихи-танымдық ұстанымдарына, тәрбиелік, тағылымдық мәніне көңіл бөлу, көркемдік–шеберлік иірімдеріне үңілу.
Ал 1975 жылы 26 қаңтарда: “Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен роль атқаруға тиіс. ... Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек...” [11.], - деп жазады. Шындығында оқырманға күш–қайрат сыйламаған, жан–жүрегін баурамаған, ашындырып–тұщындырмаған өлең түкке алғысыз. Оның бәріне жетекші асқақ та адуынды ақын рухы ұлттық сипатында деген үлкен тұжырымға келіп тірейді. Ақыры 1976 жылы 14 ақпанда ” ...Мен өзімнің “менім” арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы - бәрі осында. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын. Сонымен достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасандар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естерінде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, содан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларына болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным“ [11.40-41 б ] деген екен ақын. Міне бұл айтылғандар біздің зерттеуімізге үлкен көмекші, қадау-қадау сілтемелер. Ақынның шығармашылық жағрафиясын горизанталь да, вертикаль да жағынан алдыға жайып салып отыр. Ендеше одан біз өз керегімізді инемен құдық қазғандай іздеп көрелік.
М.Мақатаев поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген. Ұлттық сипат кейіпкердің түр-түсімен, киім киісімен, сөйлеген сөзімен анықталмайды. Бұл сырт көрініс, ұлттық мейрам Наурыз мерекесінде қазақы шапан киіп, басқа халық тілдерінде сөйлеген бауыр-туғандарымыздың сұр–сықпыты, міне, осы сияқты. Мәселе ұлттың дамуының әлеуметтік, экономикалық және тарихи ерекшелігіне дүниетанудағы көзқарасына, сезудегі ұлттық психологиясына байланысты. Әрі ұлттық ерекшеліктерді бірыңғай ұнасымдылықтан, жақсы қасиеттерден іздеу де оғаштық. Яғни ол жаман қылық пен қасиеттерде де жатуы әбден мүмкін. Қысқасы, ұлттық сипат тарих көшіне ілесіп дамып, жаңа реңге ие болып отыратын құбылыс.
Ұлттық сана - біріншіден өз халқын, ұлтын сыйлайтын ыстық ықылас пен сергек сезімнен туады. Екіншіден, елінің, халқының ұлттың өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп халық тағдырына, ұлт мәселесіне елдік, мемлекеттік тұрғыдан қарайтын саналы, салихалы ойдан туады. Бұл ретте ұлттық сананың жасаушысы, сақтаушысы, қорғаушысы әрқашан да ұлттық интеллигенция, зерделі авангард топ зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар. Абайда: “Қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алып, кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып толғататын” Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Халел, Мыржақып, Жүсіпбек, Мұстафалар сияқты ұлы ойшылдар ғана ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалайды. [12.572-576 б]. Бұлар халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне қынжылған, келешегінен үміттенген.
Дәл осындай шығармашылығында ұлттық сипаттар басым қазақ ақынының бірі – Мұқағали Мақатаев. Әр кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы аға буынның жеткен жерінен бастайтындығын ескерсек, Мұқағали да Абай мұрасын құран хадистеріндей құлағына құйып өскен өрен. Абай поэзиясының түп тамыры өмірде, ұлттық негізде, тарихта екендігін жете зерделеген Мұқағали оны игеріп қана қоймай дамытты, жемісті үрдістермен жетілдірді. Сөйтіп дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын туғызды. Бұл бұрын да бар, алда да жалғасын табар құбылыс. Жалпы көркем әдебиет, өнер аса сындарлы тәрбиеші. Ата-анадан да, ұстаздан да өткін ұлы тәрбиеші - әдебиет, оның ішінде - поэзия. Тәрбиелік роль атқармаған өнер тұл.
Поэзиялық шығармадағы ой-пікір ақын көзімен көріп білген, өз көңілімен сезінген өмірдегі нақтылы жағдайлардан алған әсерлер түрінде туған идея болып келеді. Жалпы жағдайға қатысты қорытынды-түйін, ақыл-кеңес, насихат болса да, ақынның көңіл күйіне сабақтастырыла айтылады. Яғни поэзиядағы идея шығарманың көркемдік қасиетімен тығыз байланысты болса, ал көркемдіктің, ақындық шеберліктің өзі озық идеялықпен ұштасып жатады. Көркемдік жүйені форма, стиль, тіл шеберлігі, композиция, характер, образ жасау, тартыс мәселелеріне жан-жақты анализ жүргізу деп білеміз.
Ежелгі грек өнерінің табыстарынан, өзіміздің ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерінен осы күнге дейін рахат табамыз, осы күнге дейін оған сүйенеміз. Себебі ол таза адамзаттық өнер. Әр дәуірдің өзі жасаған биік тұғырлары бар. Сондай-ақ поэзиядағы көркемдіктің де биігі бар. Ол қайталанбайды. Және оған кім көрінгеннің қолы жете бермейді. ”Абай-позиядағы қазақ ренессанысының құзар шыңы. Абайдың ренессаныстық өредегі ұлылығы сол, ол өзі ғұмыр кешкен қоғамдағы қабынып тұрған қақтығыс-қайшылықтарды қаны сорғалаған қалпында шегіне жеткен шыншылдықпен көрсетіп берді” [13]. Мәселе түйіні - бабаларымыз жасаған сан ғасырлық көркемөнердің, мәдениеттің жақсы жақтарын пайдалана отырып, жаңа жол табуда. Ол жаңа форма ғана емес, ол көркемдік компененттердің мазмұннан ажырамас тұтастығын жасау. Қысқасы өмірдегі құбылыстарды тани, жіті көре білуден басталады. Бұл өмірдің диалектикалық даму заңдылығын ажырата алу деген сөз. Жаңалық табу - өзіңді-өзің ашу, шығармашылыққа өзіндік қырмен, қолтаңбамен келу.
Кез-келген шығарма халыққа түсінікті болуы керек. Сонда ғана ол жұртқа эстетикалық әсер етіп, жаңа рухани тілегін өтейді. Әрине түсініктілік деген сауатсыз адамға шақталған талап, жадағайлық, жеңіл-желпілік деген сөз емес, терең ойды көркемдік шеберлікпен қарапайым етіп көрсету. Дарынды таланттың, үлкен мәдениеттіліктің, табанды еңбектенудің қажет жері осы. Толстойдың ”Қарапайым жазу оп-оңай емес” деуі де сондықтан. Көркемөнерді зерттеушілер өнер туындыларын түсінетін эстетикалық білім қажет екенін айтқан. Шынында, терең поэзиялық туындыларды, опералық, симфониялық шығармаларды, керемет картиналарды түсіну үшін белгілі дәрежеде эстетикалық мәдениет керек. Бұл шығарманың формасын жорта қиындату емес, оқырман мен көрерменнің эстетикалық өрісін көтеру. Сонымен қарапайымдылық жалаң қарадүрсінділік те емес, дәстүрден қашып шатпаққа ұрынған жасандылық та емес. Дана қарапайымдылық, мөлдір айқындық - міне нағыз өнер.
Ақындардың барлығында қазақтың өлең мүмкіндігін мол пайдалану бар. Ол мүмкіншіліктер қазақтың қалыптасқан өлең құрылыстары мен мөлшерінен тыс тумаған, қайта солардың құбылған, құлпырған түрлері дерлік. Осыған қарағанда да қазақтың он бір буынды өлеңіне “сирағын сындырудың”, мұрын шүйіре қараудың қажеті жоқ. Өлең формаларын молайтуға қазақ поэзиясы толып жатқан мүмкіндік береді. Екі буыннан бастап, он бес буынға дейін пайдаланылатын өлең жолдары баршылық. Мысалы он буынмен келетін өлшемді Қасым Аманжолов заңдандырып кетті. Қасымнан бұрын бұл өлшеммен жазғандар болған, бірақ оны Қасым сияқты ешкім етене ендіре алмаған. ”Дариға” атты тамаша өлеңі он буынды қазақ өлең құрылысының төл түрі етіп бекіткен. Сол сықылды Мұқағали Мақатаев та тоғыз буын өлең құрылысын “Ильич” поэмасы арқылы орнықтырып отыр. Бұл жерде тоғыз буынды өлең құрылысының талантты шығарманың қызметінде жаңалықтың бір ғана көрсеткіші ретінде көрініс бергенін айтуға тиіспіз. Өлең құрылысы тілдің заңынан шығып кете алмайды. Поэзияның жолы кең. Ол стандарт емес, оның толып жатқан түрі, үлгісі, бояуы бар. Сондықтан ол бұрынғы үлгі, үрдіс, дәстүрмен жалғаса, сабақтаса жасалады.
Мұқағали поэзиясы – ұлттық сананы сілкіп оятатын қуатты дәру, жан–жүйеңе ізгілік нұрын шашатын энергия көзі. Құт-береке құюшы құндылық. Оны қара өлеңнің қарымы, мол мүмкіндігі арқылы танытып отырады. Қара өлең – Мұқағали үшін - қазына кені. Ананың ақ сүті, әкенің жасындай жарқылдаған жігері, қайрат -күші.
Қалқам!
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі - құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Бұл шынайы елжандылықтың сөзі, асқақ патриотизм үлгісі, кең- байтақ Ресейге дабысы кетіп, әлемді тамсандырған орыстың поэзия орбитасында күн нұрындай шұғыла шашқан Лермонтов, Пушкин, Есениндердің атақ-даңқын ардақтағанмен, абыройын дара қойғанмен, құлдық ұрып қол қусырмайды, табынып тәңіріне баламайды. Қайта оның есесіне қара өлеңді биік ұстайды, құдіретті рухқа, ұлы ұстазға балайды. Оның түпсіз терең, сұңғыла сыры бар. Ол қарапайымдылығында, бейнелеушілік мүмкіндігінде, шеберлігінің шексіздігінде, даналыққа суғарылғандығында. Қара өлеңнің күйсандығын ойнай білген, сөйлете алған жан ғана даласына тартып туған перзенті болмақ. Бұл әрі ұлттық сананың сырына қанықтырып, сиқырына үңілту. Сондай-ақ көне мұраға деген көзқарас. Қазақ өлеңіне ревизия жасаймыз, өлең өрнегіне өзгешелік ендіреміз, жаңалық ашамыз деп даурыққандарға тойтарыс бере отырып, анайылыққа барудан, тұрпайылыққа ұрынудан сақтандырады. Әр ақынның өлеңі халықтың жүрегіне жол тартатын қара өлеңдей сіңімді, ойға орнықты, өміршең болумен қатар қазақтық қанмен, ұлттық намыспен, ұлыстық нәрлі сөлмен жазылуын нұсқағандай. Өзіндік концептуалды көркемдікті көктен іздемей дәстүрлі жырдың ағысынан табуды көздейді.
Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
Қазақтың қарапайым қара өлеңі - қас шеберліктің үлгісі. Оның авторы - халық. Ол сан ғасыр жасап, сап алтындай сараланған, сан ұрпақтың елегінен өтіп өңдеуін көрген, сұрыпталған дүние. Ол ақындықтың әліппесі, айтыскерліктің аренасы. Осы қара өлеңнен қанаттанған, халықтық мектептен дәріс алған Мұқағали өзін абыз халқының алдында ақынмын деп айтудан жасқанады, ізеттілік сақтап именеді. Бір қарағанда шындығы да солай. Халықтың тайқазанындағы дүниені, екіншісіне аударып құйып қайнатушы, ас әзірлеуші аспаз ғана. Мұқағали өлеңінің нанымдылығы, құпия құлпылануы әсіресе соңғы қос жолда “Күпі кию” – қазақтық белгінің тайға басылған таңбасындай көзге ұрады да ұлтымыздың түр-тұлғасынан хабар береді. Кешегі бітім- болмысы күпімен кескінделсе, бүгінгі түр-сипаты шекпен киген қалыпқа сыйып қазақ табиғатын тануға мол мүмкіндік беріп тұр. Қара өлең жас талғамайды, әнмен орындауға оңтайлы. Бір жағы ән өнерінің іргетасы. Қара өлеңнің он бір буынды екі немесе төрт тармақты болатындығы белгілі. Тақырыбы жағынан бай, орындалуы жағынан сан нақышты. Қара өлең көнелігімен де құпия. Музыкатануда ол жеке жанр түрінде қарастырылады [14.146-155 б.]. Қара өлеңнің қара анықтауышына қатысты айтсақ. Қара өлеңді жинақтап, жариялаушы Оразақын Асқар “Қара - әлемнің алғашқы қалпы, ежелгі сөз, ежелгі өлең. Қара тау, қара халық, қара сөз, қара жол деу ежелгі тау, негізгі халық, бастапқы сөз, бастапқы жол дегенді білдіреді” [15.3-18б.] - деуі әбден көңілге қонымды. Қазақта қара жарыс, қара бәйге деген тағы екі сөз қолданыс ұшырайды. Бұл қара өлеңнің нағыз баламасы, пареллель ұғымы сияқты көрінетінін біз де қосуға тиіспіз.
“Аманат” өлеңінде соғысқа аттанған әженің буыны бекіп, бұғанасы қатпаған ботасын нарға балап, мықты мият, құрыштай қуат тұтып, үйдің ендігі тірегі екенін ескертіп, еркек кіндік бас ие санайтындықтан арман-аманатын табыстайды. Ол аманат - күйреген қарт әжені, қайғыдан бүк түскен шешені, шиеттей іні- қарындастарын асырау, қатардан қалдырмау, жадатып-жүдетпеу. Бұл бұрыннан бар ата дәстүр, қазақы салт-сана. Ертегілерде, батырлық жырларда ер-азамат жорыққа аттанғанда, іштегі туылмаған перзентіне, бесіктегі ұлына қол артып, медет қылатыны, жерінің тағдырын, елінің хандығын, мыңғырған байлығын, қаусаған әке-шеше, сүйген жар, дүние мүлік барлығын табыстайтыны бесенеден бар. Яғни берісі отбасылық, әрісі елдік, жерлік мәселелер жас жеткіншектің осылай өмір мұраты болып белгіленіп, өзектестірілетін. Сөйтіп ұлы міндеттер ұл мен қызды ұзақ жолға, үлкен сапарға алып шығатын. Осы тұжырымның, әкелік аманаттың, ұлттық элементтердің танымдық тапсырманың сілемі жатыр өлеңде.
Қандайда бір тұрмысты қайырып тастау үшін жұмыс жасап жатқан адамға: “Іс ілгері бассын!”, “Өнім көп болсын!”, “Орта толсын!“, “Қырқар көбейсін!”, “Игіліктің сәтін салсын!” сияқты тілеулер айту өзінің ортақтастығын білдіру, ниеттестігін сездіру ежелгі қазақ дәстүрі. Бұларды бүгінгі ұрпақтың санасына салу, осылай айтуға үйрету, қамқорлықты, бауырмашылдықты білдіру, жөн-жосықты ұғынуға дағдыландыру ата-ана мен үлкендер парызы. Ақын жаны кісілікті, кішілікті аңсайды. “Үйшінің ойы” осы мұраттан туындаған, ізгілік иірімдеріне жетелейтін өлең. Тік бақай, жөн білмейтін, жосық танымайтын көр соқырлықтан сақтандырады.
“Көзіме тура қара” шыншылдықты, арлылықты арқау еткен. Арамдық, алақол жексұрындықты жерлей отырып, ар-ұяттың дар ағашына тартуға дайын. “Қалжасын жеп қуанып, шілде жасап, Сені де перзентім деп туды-ау, ана” деп аяқтауында үлкен салмақ, мән жатыр. Қалжа - босануға тақаған әйелді қуаттандандыру, әлдендіру үшін күтім кезінде берілетін ас, рухани әрі күш-қайрат үстемелеуге жасалған әрекет. Шілдехана - қуаныштың өлшемі, шаттықтың шарықтау шегі, әлейім жұртқа жар салу, перзентті болғанын жариялау. Сөйткен баланың сұмпайылық пен сұрқиялықты серік етіп адамгершіліктен ада, кісіліктен кенде пасық, шерменде жан болуы қайғы-қасірет екендігі зерделетіледі. “Ескертуде” анадай әулиеге ізет– құрмет жасауға, тәрбиелікке шақырады.
“Отыз бесінші көктемім” бір қарағанда 35 жылдық өмірдің күз, қыс, көктем, жаз белестері мен елестерін шолып өткен есепті түйіндеу болса, екінші жағынан ұлттық сананың алауына ұсталған, шұғыласына малынған өлең.
Мені жұрт: “Жақсыдан қалған көз”, - дейді,
“Жақсыдан қалған сөз”, - дейді.
Ақымақ болсаң төзбейді,
“Хайуан” дейді, “ез” – дейді.
Қақым жоқ жаман болуға,
“Мені жақсыдан қалған көз”, - дейді деп, әркімнің адамдық менін, тектілігін оятады. Мұнда ата-тектік, ұлттық, асылдық қасиеттерден айырылмауға үндеумен бірге, жеке бастың өнегелік-үлгілік үрдісін эстафета таяғындай берік ұстауға, ген арқылы берілетін қазақтық қағиданы көздің қарашығындай сақтауды міндеттейді. “Болар елдің баласы – он бесінде баспын дейтін” еті тірілікке, қағылездікке, “болмас елдің баласы жиырмасында жаспын дейтін” еркетотай енжарлықты қарама-қарсы қойып, кері кетушіліктен сақтандырып саналылыққа жетелейді.
Биік болса болғаны болашағым,
Мен аласамын.
Өмір сахнасына алған заңды билетім бар,
Заңды орныма таласамын.
Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң өз ортасында орны бар ірі болуға, білімнің шыңына шығуға, іскерлік пен өнер-ғылым қууға, елінің намысын жыртып тұғырын биіктетуге үлес қосқанға не жетсін? Лирикалақ кейіпкер 35-ті аз ғұмыр деп отырған жоқ, қазақтың ұғымындағы орда бұзар, дүниені дүр сілкінтер, аймағына аты кетер жас екенін ұғынып отыр. Сондықтан өмірден ойып тұрып орын алуға, қашап тұрып жыр жазуға құлшынулы. Өзіне есеп беріп, алды–артын болжауы, өлшеніп берген өмірді қиқымдап, өткізіп алмауға тырысуы саналы жанға ой саларлық. Заңды орнына таласуы. Абай айтқан “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қаланмен” идеялас. Бұл өнер, өлең мұратындағы дәстүрлі жалғастық.
“Мен өскен лашық бір бөлме” – қазақтың жаны мен жаратылысына, қарабайырлығы мен хан көңілділігіне өлшем болар өлең. Кешегі күн көрісі жүдеу, тіршілігі жұпыны өмірдің араға жылдар салғанда қымбат тартқанын, қызығы мол қимас күндердің ыстықтығын соншалық дөп басқан. Бір бөлмелі лашық - бақытты шақтың белгісі. Ханның қарадай қанағатшыл, таубашыл тұстары сирек болғанымен, қараның хандай қамсыз, мұңсыз шақтары жиі ұшырайтындығы бар. Мынау соның кепілі. Дүниесі түгелдей тойымдық жасау, барға қанағат ету - лирикалық кейіпкердің, оның өсіп-өнген топырағы қара қазақтың қанындағы қасиет.
Мен өскен лашық бір бөлме,
Бір бөлме - маған мың бөлме.
Хан тағы қараң қалатын,
Есігіңді аттап кіргенде.
Өр тұлға, өжет мінез, оптимист қазақ қана осылай тартынбай сөйлейді, өзекті жанға дес бермейді. Бұл аңыздардағы Жиренше шешеннің төсегінде жатып көсілгенде сирағы шығып жататын құрым жаппасын: “Ақ ордадай - ақ үйім, хан сарайдай қара үйім“ деп бай-бағланның ақ боз үйіне өз тұрағын теңгермейтінін еске түсіреді. Өлеңнің шешендік шиырлармен сабақтастығын сезінесің. Арыс ақынның майталман шешендермен хал-ахуал қарайластығына, жағдай жанастығына, ой орамдары ортақтастығына таң қаласың әрі сүйсінесің.
Қонақпен күнді батырып,
Қонақ боп атып таң нұры.
Тұратын еді шақырып,
Әжемнің аппақ жаулығы.
Қазақтың тағы да бір дара қасиеті, дана сипаты – зерттеушілер зерделеген, әлем халықтары мойындағаны - мол дастарқандық, қонақжайлылық. Қонақсыз жаны жай таппайтын, ішкен асы бойына сіңбейтін ел-жұртымыздың бар болмысы айшықтанып тұр. Әже - ыстық ықылас, кең пейілімен, шайы қайнаулы, шәйнегі оттан түспеуімен ырыс-береке ұйытқысы. Ақ жаулығы – үлкен–кішінің магнит өрісі, балды дәміне шақыртқы. Бүгінде сол көненің көзі де, өзі де кетіп, жаңа төлдің орын басқандығын жеткізеді. Ауылына аңсап-сағынып барғанда алдынан шығар анасы, қарсы алар қара шаңырағы жоқтығына мұңлы, бауыр басқан босағасынан бір ұрттам су ішуге шөліркеулі. Қара шаңырақ - бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса азамат азады. Осыны түйсінтеді. “Ат ерттеп жатқан жас жігіт, жарамады үйге кір деугесі” салт-дәстүрдің жұтағандығы, сәлемнің сатулығы, үлкенге - ізет, кішіге – құрметтің тапшылығы. Бұл уақыттың өзгерісі, заманның тарту-таралғысы. Алайда белгісіз жігітті жазғыруға жоқ. Дегенмен ақын ата-дәстүрін жоғалтуды ар санайды, тектілік ұстанымдарын тоздыруға қарсы. Бұл ретте ақынның жалғыз бөлмелі лашығы – Аяз бидің есік маңдайшасына іліп қойған малақайындай қадірлісі, көңіл төріндегі көнесі. Ақ жолдан адастырмас, желпіндіріп желіктірмес, өткенін ұмыттырмас елеп-екшер қалбыры, ақыл мизан өлшемі. “Ақ кимешек көрінсе” осы ойды екшейді. Ақ жаулық пен ақ кимешек аналардың ажар көркі, белгісі ғана емес, жаныңа шуақ құяр, бауырына басар жылылық көзі, қарттықтың, этикеткасы боп елестейді. Ғалым Қ. Алпысбаев: “Ақын жырларының ешқандай алабөтен насихатсыз жүректерге жол тартуы сондықтан. Ұлттық рух мәңгілік. Ақын рухының онымен ұштасуы шығармашылық бақыт” деуі [4. 79] соның дәлелі.
“Сағынып, аңсап барғанда” ауылда кіндігі кесіліп, азаматтығында қалада тұрған жанның лақтай жар-жағада ойнақтаған, еліктей құйғытып еңіс-қыратын кезген шақтарын еске алуы, салқын самалын сіміріп, саумал бұлағынан қанып ішіп қайтуға ынтығулы. Бұл қазақ перзентіне ғана тән жер жадылық. Өйткені туып-өскен қара шаңырақ та, қара шал мен қара кемпір де, “күректей күрең сақалды Сұлтанбай” ақсақал да, ата-баба зираты да атамекенде. Қалада арқандалғандай күй кешкен ақын сағынышын басып, көру кеңістігін кеңейтіп қайтуға келе жатыр. Әрине жүрегі күпті, көңілі күдікті, қарсы алар жан табылар ма? Құлын-тайдай тебіскен құрбы-құрдастары қалды ма? Олар баяғыдай мінез–құлықта ма? Жайыңды ұғып, жаныңды түсінер жан табылса ғой. Ұлылықты таулардан, ойлылықты орманнан, дархандықты даладан, зерделілікті зеңгір көктен алғандықтан – осының бәріне бас иіп тағзым жасауда. Міне, перзенттік парыз бен қарыз деп осыны түсінуге тиіспіз. Опалылық от басынан, ошағын сүюден, құрметтеуден басталмақ.
Ақындықтың азабы мен тозағын, дертін бір кісідей тартқан лирикалық кейіпкер мазасыз ойлар қалжыратып, қарбалас қала шуы мезі еткенде, ата кәсібін қуып, малшы болып қамсыз, алаңсыз тау тағыларындай несібесін түзден тауып тірлік құрып кетуге бекінеді. Бұл бір жағы ұлттық мінез–құлқынан, тұрмыс-тынысынан хабар беріп жатса, екіншіден, жан сарайының мөлдірлілігі мен ішкі әлемі тұнықтығының, рухани байлығының алар бастауларына, тұнба көздеріне жетелейді.
Қасқа бұлақ бесікті тербетеді,
Қасқыр жүрек ұлдарым ержетеді, -деп,
жандардың ширақтығы мен шымырлығын, үрей мен қорқыныштың қаперіне кірмеуін зейіндетіп, осылай өжеттіктің өр рухымен суғарылған ұрпақтарының табиғатқа тартып туып, заңғарлықпен зәулімдесіп, тектілікпен тамырласып жатқандығының заңдылықтарына көз жеткізеді. ”Тау баласы тауға қарап өседі”, “Қарап тұрып шырқау биік шыңдарға, қалай төмен боламыз, ей, жігіттер” деп келетін ашық айтылған ойлардың, құпия құлыптаулары, сипаттау сырлары осы идеямен Қасқа бұлақтың сыңғыры мен сылдырын тыңдаған, қыр көкжалының ұлуын естіген өрістестік болса керек-ті. Әрі бұл жыр - қос бұрымды қара өлең үлгісімен өрілген.
“Мұқағали поэзиясындағы образдар жүйесі” аталған екінші бөлімде ақын талантының айқын дәлелі көркемдегіш құралдарды құлпыртып қолдануымен бірге, образ жасау шеберлігінің шешімдеріне ұмтылыс жасалынды. Ол тудырған бейнелердің тәрбиелік мәніне, тұтастық сипатына, даралық белгілеріне назар аударылады. Әрі образдар уақыт тынысын айқындап, оқиға желісін шымырландырып, көркем туындының құндылығын арттырып, халықтың рухани қазынасын байыта түскеніне дәлелдер жасалды. Қысқасы Мұқағали әр түрлі бейнелермен қазақ поэзиясының образдар галереясын байыта түскендігіне көз жеткізіледі.
Образ яғни көркем бейне аса кең ұғым. Мұқағали шығармаларындағы образдар жүйесі дегенде ақынның образ жасау әдіс–тәсілдері, суреткерлік шеберлігі жайлы, осы ретте нендей компоненттерді пайдаланғандығы, қандай образдарды жасағандығынан әңгіме қозғалмақ. Алдымен образға барар алғашқы баспалдақ - суретті сөз. Мұқағали поэзиясында бұл молшылық. Кез-келген өлеңді ашып оқи қалсаңыз суретті бейне, образды сөз қолданыс жанарыңды бірден жасқап, терең иіріміне тарта жөнеледі. Мәселен :
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Көкейіңе қона кетеді. Жанды сурет. Маужыраған жаз. Құлағыңа құстардың құйқылжыта сайраған үні, тынымсыз қимыл-қозғалысы, қалықтауы, шарықтауы, ойнауы, шомылуы - қысқасы хан базардай қайнаған тірлігі келеді. Өлең басынан аяғына дейін сан-сала тірлік, тұнып тұрған полотналы сурет. Тек түрлі-түсті бояу алып, өрең мен өнерің жетсе, суретін салу, ретімен орналастыру ғана қалады. Нәмесе жақсы жырды жадыңа тоқып, жаттап тынасың. Ерді бірде:
“Киіктің сүтін ішіп ер жеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан “
Бұдан табиғат анаға тартып туғандықтың, тазалық пен тұнықтықтың, тектілік пен тегеурінділіктің өлшемі мен бірлігін көреміз. Суреттеудің сұлу да сүйкімділігіне, салыстырудың сонылығына, жырдың жаңалығына жан сарайың нұрланып, ғажайып бір әлеммен қауышасың. Міне сұңғыла суреткерлік, айызды қандырар ақындық. Орнын тапса, қиюын келтірсе, гүл–гүл жайнамайтын, сан түрге құбылмайтын, тоты құстай түрленбейтін сөз сирек кезігеді екен.
Адам бейнесін жасаудың жолы сан алуан. Ол айтып өткеніміздей суретті сөз қолданыс қана емес. Алайда лирикалық кейіпкерді жалаң ақындық тұлға деп қарауға келмейді. Сонымен бірге әркімнен алынған жиынтық сезім түрлері, қилы көңіл күйлері бірлікте қоныс тебеді.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным, сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін.
Іс-оқиғаға араласушы – лирикалық кейіпкер. Ол батыл байламның, сұрапыл сезімнің, өжет мінездің адамы. Бақытқа балқыған сәт. Бірақ оны оқырман тек ақын деп қарамайды, әр ер азамат өз басындағы ахуал, келісті күй, керемет шағым деп қабылдайды. Ақынның сыр түйінін дәл шешіп, сым пердені дөп басқанына ризалық танытып, үнсіз ұнатасың, құптайсың. Қимастық сезіміне бөленесің.
Ұялып барады ағып бұлақ бала,
Бұйығып үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сыйпалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.
Сүюдің қорытындысы - қыз баланың жан-дүние өзгерісі, жаңа ғұмырдың көзін ашуы. Махаббат шуағы шашылуы. Бір дәуір өшіріліп, екінші дәуір басталуын аяндайды. Бұл нағыз сыршыл лирика.
Ал енді ақын өз күйін, тіршілік қарекетін қалай суреттегендігіне назар аударалық. Шығармашылық жұмыстың ауырлығын немен, азабын неге салыстырғанын көрелік.
Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,
Шөп қажап шегірткедей дән үзбейміз.
Алты айшылық жол басып арып-ашып,
Адам деген патшаға дәрі іздейміз
Ақын мен ара тірлігі бір фонда. Араның өте сезімтал, аса еңбекқорлығын білеміз. Дала кезіп, гүлді атырапты шарлап, тынымсыз қозғалысқа түсіп жатқан ара омартасын тамашалағанымыз бар. Ал араның гүл шырынын қалай әрі қаншалықты әкелетінін және оның қандай жолмен балға айналатынын зерттеуші ғалымдар мен мамандар жеткілікті білер. Ақынның үзіндіге келтірілген бір шумақ өлеңі алуан ойға, қилы қиырларға жетелейді. Ақын мен араның тірлігі ішкі үндестігін, еңбектену қаракеті ұқсастығын ұғынымыз. Ақында қиялмен кезіп, оймен омбылап, “алты айшылық жол жүреді“, адамдардың жан– дүниесіне үңіледі. Үңіледі де сүйінеді, күйінеді. Әркімнен мысқалдап нәр алады, батпандап зәр алады. Сезім сергелдеңіне түседі, шөл қысып құрдымға ұрынады, дерттенеді, кектенеді, тоқсан толғатып, адам деген - патшаның рухани азығын жасап, өлең перзентін дүниеге әкеледі .
Бір сом соғылған тұлға - “Дариға жүректегі” - Дариға. Алдымен Дариға айтулы сұлу, өр әрі тәкаппар жан. Шығарманың лейтмотивінде алынған “Аққудай еді көлдегі, Сұңқардай еді жердегі” халықтық өлеңнің қос жолы оның тікелей анықтамасы, өлеңдегі баламасы іспетті. Өте дәл әрі орнымен қолданылған теңеу. Дариғаның ажар -көркін, бітім -болмысын ақын:
Жолбарыс бақай білегі,
Құлан жон жанның бірі еді.
...Қос уыс бұрым арқада,
Қос жылан болып жүреді.
Егіз шың тұрған кеудеде,
Еңістің жатыр сілемі.
Қос жанар бірден жалт етсе,
Жарқ ете шыққан күн еді, - деп суреттеуі елден ерек, өз құралыптастарынан оқ бойы оқшаулығын танытарлық сипаттар. Дариға - сезімнің адамы. Дәлірек айтқанда, өзегі өртті, кеудесі дертті, жар қызығын қызықтамай жатып майданға аттандырған. Яғни базарлы да бақытты шағы басталмай жатып сөнген. Қызығы таусылмай, қызуы басылмай жесірлікке ұрынып қаралы шәлі жамылып, ауыр тұрмыстың қамытын киген. Сондықтан жалғыз-жарым қалғанда, мұңдас тапқанда ақтарар сыры, айтылар жыры, шер-шемені қисапсыз. Іштегі запыранын шығарғанда халықтың әнін жарына арнап “Аққудай еді көлдегі, сұңқардай еді жердегіні” сазына келтіре салатын. Бірте-бірте осы ән оның есіміне телініп, бүркеншік атына айналады. Оған тағы бір себеп санаттан жары келмеуі, ақ некесі соғыстан оралмауы. Төзуде-ақ төзіп, тосудай-ақ тосқан, амал қанша хат та, хабар да ұшты-күйлі жоқ. Күні бойы ауыр тіршілік илеуімен ешнәрсені елемейтін Дариға түн түсісімен әйелдігін сезініп, әдемі әніне басатын. Алдында ол сағыныш сазы боп көтеріліп, кейіндей келе күйікті дерт боп түнгі ауаны жаратын, атырапты аралап әркімге әрнені ойға оралтатын. Кішіні таңырқатып, кәрі-құртаңды тамсантып, жесірлерді шөлдетіп, жетім - жесірлердердің көз -жасын төккізіп егілтетін. Дариға сөйтіп тауға да, тасқа да, кең жайлауға да, айға да сырын ашып, мұңын шағумен жүрді. Бірақ кең дүние, кемел өмір селт етіп сезінбеді, елп етіп елірмеді. Мұңдыны мүсіркеп, көз жасын көрмеді. Жанына батты. Емін іздеді. Ол дертіне дауа табады. Ол “Жалған“ бөлімінің үлесінде. Екі ауыз диалог, шағын эпизодта өсек айтып отырған әйелдердің әңгімесі арқылы қыруар мәліметтер алдыға жайып салынады. Өрттей қаулаған өсек тегін болмапты, ары қарайғы желі - аузынан сүті арылмаған, жан- дүниесі ластанбаған “тентегінің “ сұмдықтың үстінен түсуімен, жеңгесінің құмарпаздық құрты құшағында жатқанын көзімен көруімен нақтыланады. Періште көңілі шошынып Дариға жеңгесі- жексұрындықтың бейнесіне енеді. Жеңгесімен бірге оның әні, сәні, күллі қоршаған орта - тау, өзен, арша, құсы мен жәндігі түгел ластыққа бөленіп, дүние біткен былғанышқа оранады. Сұлулықтың жалғандығы, тірліктің алдампаздығы аяндалған. Поэзия пәрмені елітіп, Дариға тағдырына елеңдей отырып, “Намыс пен муза “ бөліміне ден қоямыз. Дариға ар-намыс құрбандығы болып, өсек-аяңға шыдамай өз өмірін өзі қиған. Осының бәрін басы -қасында жүріп, сырласы мен мұңдасындай халдегі “тентегі” ой -санасына түйеді, көкірегіне тоқиды. Нәтижеде жан дүниесіне өлшеусіз өзгеріс енеді, жеті балдық сілкініс тұрады. Көзімен көргендері мен көңіліне түйгендерін ащы запырандай сыртқа шығаратын, зұлмат жылдардың зұлымдығын жеткізетін, жесірлер мен жетімдердің көз жасының өтеуін өлеңмен толтыратын, жоқшысы, іздеушісі боп шығады.
Дариға - трагедиялық әрі типтік образ. Оны трагедияға ұрындырған - қанқұйлы соғыс. “Аузы асқа тигенде мұрны қанады” дегендей, он екіде бір гүлі жаңа ашылғанда, жан жарынан айырылды, ауыр тұрмыстың тозақ отында өртеніп, қара қазанында қайнады. Қайғы құшақтап, қасіретке бауыр басады. Жалқындай жас өмір ләззатын татып, ер - азаматпен ойнап күлгісі келді, жастық ғұмырының жоқшысы - серігін іздеді, жар құшағын аңсады. Жанған жүрек, өртенген тәнге су сепкенде, өсек - аяңға таңылды. Қаңқу сөз, күндестік күңкіл жанын жеді, жан жарасын ұлғайтты. Ол аз болғандай бойына бала бітті. Бұл ұятын ұлғайтып, абыройын мүлде кетірді. Өзі паң, өзі асқақ, өр тұлғаны бұның бәрі жасытты. Жай оты жанына түсіп, тұла бойын күйік шалды. Күйкі тірлік , күлдібалам өмір аждаһа боп шағып, ажал боп торыды. Сондықтан өлімнен ұят күшті, өзіне - өзі өкім шығарып, жартастан ұшып, өмірін қиды. Дариға жүздеген, мыңдаған жас арулардың, өнбей жатып сөнген өртеңдердің, өксік жұтып өмірі өшкендердің, қартаймай–ақ шаштары аппақ қудай ағарып, жастығы жайрап жазым болғандардың прототиві .
Мұқағали - эпик ақын. Оның көсіле шапса, жер танабын қуыратын шынайы жүйрік екеніне “Ару-Ана ” поэмасы толықтай көз жеткіздіртеді. Қызықты оқиға, сом соғылған образдар, сұлу жыр, айшықты сөз қолданыстар баурап қуатты ағыс құрсауынан шығармай, жыр аяғына жеткізіп барып бірақ байыз таптырады. Басты қаһарман - Құрман. Ол - алты болыс Албанды запыс қылған, “қарақшы “ деген лақап аты бар жан. Өктемдікке, озбырлыққа қаны қас. Әсіресе әділетсіздікке төзбейтін, өз дегенінен басқаға көнбейтін, бірбеткей, қара нардай қайратты, қара ағаштай қайсар, жүрегі түкті, балуан білекті. Салқар сенім мен берік байламның адамы. Алғаш біз оны бәйгеден ат келе жатқанда, той иесі атақты байдан жасқанбай тұлпарынан тұғыры озатындығын айтып, бәс тігісуге шақырады. Ерегіс қоздырады, тартыс өршітеді.
Жұртым - жер, руым – көк, далада өстім,
Қорлық көріп байлардан, нала кештім.
Бәс тігемін, байеке, бәйгемді бер,
Бәйгемді бер, озады Ала бестім.
Бәс тігем де, қаласаң жамбы атамын,
Қиырға қой киікті, қандатамын.
Шығаршы шымыр дене балуаныңды,
Аяғыңның астында аунатамын, - деп, асқақ сөйлеп, байларға ұзында өшті, қысқада кекті екенін ашық жеткізеді. Мергендік сынасып, тіресіп күш сайысына да түсе алатындығын жариялайды. Сөзге шыдамай ұшып тұрған бай балуанын әбсәтте алып ұрып, басынан аттап той иесінің көңіл-күйінің әлем-тапырағын шығарады, тасыған мейманасын басады. Сөреге бірінші келген Ала бестіні көріп, Құрман тіпті қуаттанып, жүлдесін талап етеді. Бұғыбайдың “Сары атанды бас қылып мал алсын. Бәйгеге тігілген қызды алам десе, күшік күйеу боп есігімде жүрсін. Ала бестісін мамағашқа байлап, қол қусырып алдыма келсін“ деген күш көрсетуіне ықпақ тұрсын, өршеленіп, өктемдігін тіпті еселеп өсіре түседі.
- Байекеңе айт, естісін Құрман атым,
Зауқым жоқ заңды олжадан құр қалатын.
Табиғаттың тауда өскен тағысымын,
Тақыр кедей мен емес құл болатын, - деп,
өзінің жұртқа мәлім зәу-затын айтып, қорқу тұрмақ ымырасыз күреске дайын екендігін, атысудан, шабысудан қашпайтынын мәлімдейді. Бұғыбай - дау-дамайды доғарып, Құрманның сойқанды ісінен сескеніп, уәдесінде тұрған адам сыңайында қызды “қарақшы” артына өңгертеді. Құрманның қатігездігі, алғанынан қайтпайтын бірбеткейлігі – уыздай жас үлбіреген Жамалдың ат артында келе жатып жылап-сықтағанына, “ағалап!” арыз-арманын айтқанына құлақ аспауынан да көрінеді. Оның сөзінде де, ісінде де дөкірлік тұтасқан, тоң мінезділік топтасқан.
Тәйт әрі, неткен ащы сұм дауысың,
Мен бе екен жыртатұғын күң намысын.
Берілмеген қос құлақ ер-жігітке,
Әйелдің бақырғанын тыңдау үшін.
Бұл тік сөйлейтін тұрпайылық, тауда өскен, тағыланған мінез- құлқын бағдарлатады. Құз-қиядағы үш жылдық өмір де Құрманды жұмсарта алмаған, қараулық ниеті мен пиғылынан арылтпаған. Жамалдың ақылын тыңдап, адамдық бейнеге енетін сұрқы байқалмайды. Тек төртінші жылы Жамал ұл босанғанда ақ түйенің қарны жарылғандай жан-дүниесін ашып, адамдық қасиеттері бас көтереді. Нәрестенің жолында өзін өлімге тігіп, ұрпағын “ұры – қары “, “қарақшы “ дегізбеске бекінеді.
Алдыңда тұр, ағайын, қаңғыбасың,
Қаласаңдар, мінеки қанды басым.
Аманат қып алдыңда қалдырамын,
Жаңа өмірдің жазықсыз қарлығашын,- деп, өзіне қандай үкім шығарса да қабылдап, қылмыстарын мойнымен көтеруге бекінген. Тек жазықсыз ұрпақтың өмірі бүлінбеуін, өзінің күйін кешпеуін тілек етуі - сәби мен Жамал арқылы оған ізгілік нұры себілгендігі, жат жүріс, қаңғыбастық жалықтырғандығы. Әрине, Жамалды алып қашып, тауға бекінгенге дейінгі өмірі, қалай қарақшылық жолға түскені, бай, озбыр топтарға кектену себебі бимағлұм. Белгілісі өктемдік иелеріне, байларға қаны қастығы. Озбырлық иелерімен жағаласып, ымыраға келмей тау кезіп, тас мекендегені, осы тағылық өмірінен қол үздірген Жамал арудың жар болуы, мұңдасына айналуы, тас жүрегін жібітуі, ақырында перзент тауып беріп, бақытқа бөлеуі екені көрінеді .
Жамал - тағдыры тәлтекке түскен жетім қыз. Жалғыз б
Достарыңызбен бөлісу: |