ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы»
РМҚК директорының
2013 жылғы 25 сәуірдегі
№81-ОД бұйрығымен бекітілген
(2015 жылдың 19 ақпанында
№ 66-НҚ өзгертулер енгізілген)
Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық
1. Жалпы ережелер
Ұлттық бірыңғай тестілеуді (бұдан әрі - ҰБТ) ұйымдастыру және өткізу келесі кезеңдерді қамтиды:
«ҰБТ өткізу пунктінің» деректер базасын қалыптастыру;
«Бітіруші» деректер базасын қалыптастыру;
тестілеуді өткізуге дайындық;
тестілеуді өткізу;
апелляцияны өткізу;
сертификаттарды басу және тарату;
жұмыс бойынша есеп дайындау.
Осы нұсқаулық ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу бойынша төменде аталғандардың іс-әрекеттері мен негізгі функцияларын анықтайды:
Ұлттық тестілеу орталығының (бұдан әрі - ҰТО);
мемлекетік комиссияның;
ҰТО филиалының (ҰБТ-ны өткізу пунктінің) жетекшісінің (бұдан әрі – ҰБТ-ны өткізу пунктінің жетекшісі);
ҰТО филиалының (ҰБТ-ны өткізу пунктінің) инженерінің (бұдан әрі – ҰБТ-ны өткізу пунктінің инженері);
мектеп бойынша жауаптының (бұдан әрі – техникалық хатшы);
Білім және ғылым министрлігі өкілінің (бұдан әрі – Министрлік өкілі);
Білім және ғылым министрлігінің программисінің (бұдан әрі - Министрлік программисі);
апелляциялық комиссияның төрағасының;
Білім және ғылым министрлігі өкілдері тобының жетекшісінің (бұдан әрі – Министрлік өкілдері тобының жетекшісі);
аудитория бойынша кезекшінің (бұдан әрі – кезекші);
ағымдағы жылғы мектеп бітірушілердің (бұдан әрі - бітіруші).
ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу бойынша жоғарыда көрсетілген тұлғалар өз қызметінде «Білім туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылдың 5 желтоқсандағы № 506 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 7367 нөмірімен тіркелген) Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын (бұдан әрі - Ереже), осы Нұсқаулықты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
2. ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу
Тестілеуді ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмыстар барлық қатысушылардың: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің (бұдан әрі - БҒСБК), Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің (бұдан әрі - ҰҚКД), ҰТО, ҰБТ-ны өткізу пунктінің (бұдан әрі – ҰБТӨП) жетекшісі мен инженері, Министрлік өкілдері мен программистері, апелляциялық комиссияның төрағасы мен мүшелері, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының білім басқармаларының, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің (бұдан әрі - жергілікті білім беру органының), мемлекеттік комиссияның, Білім саласындағы бақылау департаменттерінің (бұдан әрі - БСБД) бірлесе отырып атқаратын жұмыстарын қарастырады.
БҒСБК ҰТО-мен бірлесе отырып, Министрлік өкілдері мен мемлекеттік комиссия мүшелеріне ҰБТ өткізу технологиясы бойынша оқыту семинарларын өткізеді.
ҰТО тестілеуге енгізілген өзгерістерге сәйкес келесі автоматтандырылған жұмыс орындарын (бұдан әрі - АЖО) бейімдеп, әзірлейді және оны электрондық тасымалдағыш немесе телекоммуникациялық желі арқылы ҰБТӨП-ке жібереді:
«ҰБТӨП базасы» АЖО-сы аудиториялық қор және олардың жабдықталуы, оқушылар саны, ҰБТӨП-ке бекітілген оқу орындары, мектептен ҰБТӨП-ке дейінгі арақашықтық, бітірушілерді ҰБТӨП-ке тасымалдау тәсілі, мектептерді лектер бойынша бөлу жөніндегі мәліметтерді қамтиды;
«Бітіруші» АЖО-сы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірген мектеп бітірушілердің жеке мәліметтерін (тегі, аты, әкесінің аты (бұдан әрі – аты-жөні), білім беру ұйымы туралы, оқыту тілі, жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН)) жинақтау, осы нұсқаулықтың 1, 2-қосымшаларына сәйкес бітірушілерді тіркеу туралы анықтама мен рұқсаттамаларды беру, бітірушілерді аудитория бойынша бөлу үшін қызмет етеді;
«Сканерді тексеру» АЖО-сы сканердің жұмыс істеу қабілетін тексеру үшін берілген арнайы жауап парақтарын сканерлеу;
«Министрлік программисі» АЖО-сы тестілеу нәтижелерін өңдеу; апелляцияға өтініштерді және олардың шешімін енгізу, Ереженің 4, 5- қосымшаларына сәйкес апелляция қорытындысын есепке алынбаған және алынған кездегі емтихан ведомостарын шығару үшін қызмет етеді;
«Сертификат» АЖО-сы бітірушінің аты-жөнін, пән бойынша жинаған балдарын және сертификаттың сериясы мен нөмірін көрсете отырып ҰБТ нәтижесі туралы сертификаттарды ресімдеу үшін қызмет етеді.
ҰБТӨП-те осы нұсқаулықтың 13 тарауына сәйкес «ҰБТӨП базасы» АЖО-сын орнату және толтыру жүзеге асырылады.
ҰБТӨП-те «Бітіруші» АЖО-сы орнатылады және ҰБТӨП жетекшісімен тестілеуге өтініштерді қабылдау бойынша жұмыстар ұйымдастырылады.
Техникалық хатшы бітірушілерден өтініштерді қабылдауды жүзеге асырып, толтырылған бланкілерді сканерлеу үшін ҰБТӨП-ке жеткізуді қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылғы мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2007 жылдың 23 қазандағы № 502 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4991 нөмірімен тіркелген) үлгідегі бланкіде өтініш береді.
ҰБТӨП-те «Бітіруші» деректер базасын (бұдан әрі - ДБ) құру үшін «Тестілеуге қатысу өтініші» бланкілерін (бұдан әрі - өтініш бланкісі) сканерлеу жүргізіледі.
ҰБТӨП инженері ҰБТӨП бойынша тестілеуге өтініштерді қабылдау барысы жөнінде статистикалық деректерді телекоммуникациялық желі арқылы күн сайын сағат 17.00-ге дейін ҰТО-ға жіберуді жүзеге асырады. ҰТО-да тестілеуге өтініштерді қабылдаудың республика бойынша статистикалық мәліметтері құрылады.
Ережеде белгіленген мерзімде жұмыс күнінің аяқталуына дейін (жергілікті уақыт бойынша 18.00) ҰБТӨП-те «Бітіруші» АЖО-сы мен осы нұсқаулықтың 3 қосымшасына сәйкес өтініштерді тіркеу журналын жабу жұмысы жүргізіледі.
«Бітіруші» ДБ жабылғаннан кейін, бітірушілерді аудиториялар бойынша бөлу жұмысы жүргізіледі және осы нұсқаулықтың 2, 4 қосымшаларына сәйкес мектепте ресімделіп, бітірушілерге берілетін емтиханға кіру рұқсаттамалары мен рұқсаттамаларды тарату тізілімі басылып шығарылады.
Ережеде белгіленген мерзімде тестілеуге қатысушылардың барлығымен бірлесе отырып ҰБТ өткізіледі. ҰБТӨП-те ҰБТ-ны өткізу кезінде Министрлік өкілдері мен мемлекеттік комиссия төрағасынан басқа қатысушыларға ұялы байланыс телефондарын пайдалануға рұқсат етілмейді.
Тестілеу аяқталғаннан кейін тестілеу нәтижелерін өңдеу жүргізіледі және Ереженің 3, 4 қосымшаларына сәйкес дұрыс жауаптар коды мен ҰБТ-ның емтихан ведомостарын ілу жүзеге асырылады.
Апелляцияға өтініштерді қабылдау Ереженің 45 тармағына сәйкес жүргізіледі.
Апелляция аяқталғаннан кейін Ереженің 5 қосымшасына сәйкес апелляцияны есепке алғандағы ҰБТ-ның емтихан ведомосы беріледі.
ҰБТ өту кезеңінде ҰТО-ға мәліметтерді күн сайын телекоммуникациялық желі арқылы жіберу жүзеге асырылады.
ҰБТ-ның қорытындысы бойынша осы нұсқаулықтың 38 тарауына сәйкес сертификаттарды дайындау және беру жүзеге асырылады.
Министрлік өкілдері атқарылған жұмыстары жөнінде осы нұсқаулықтың 5, 6 қосымшаларына сәйкес нұсқада есептерін қағаз және электрондық тасымалдағышта ҰТО-ға тапсырады.
Достарыңызбен бөлісу: |