УДК 811.512.122.
КӨРКЕМ ПРОЗАДА ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Испандиярова А.Т. – магистр, аға оқытушысы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Бұл мақалада көркем прозада фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің стильдік қызметі
анықталады. Көркем шығармада автордың өзіндік тілдік қолданысын айқындайтын
фразеологизмдер мен мақал- мәтелдерге талдау жүргізіледі. Жазушының фразеологизмдерді
талдап, таңдап кейіпкердің образын сомдауда, мінезін ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық-
көркемдік жақтарын жетілдіруде тағы басқа толып жатқан мүмкіндіктеріне сай етіп, белгілі бір
стильдік мақсатпен қолданғанына тоқталған. Мақалада жазушының тұрмыс-тіршілік, салт -
дәстүрге, ұлттық дүниетаным, әлеуметтік жағдайға қатысты мақал - мәтелдерді шебер
қолданғаны баяндалады. Авторлық қолданыстағы мақал-мәтелдерге талдау жүргізіледі.
Т.Әбдіковтің ұлттық тілдің бай қазынасы – сөздік құрамын мейлінше шебер пайдаланып, әр сөзін,
сөйлемін, тұтас мәтінін мәнерлі, өткір шебер тілмен өрнектеген және оларды белгілі бір сильдік
мақсатпен ұтымды пайдаланғанына көзімізді жеткізе аламыз. Автордың шығарма тіліндегі
суреттеліп отырған заман мен оқиғаны жан-жақты ашып көрсету және мүмкіндігінше шындыққа
сай беру үшін басқа тілден енген сөздерді молынан қолданғаны анықталады. Көркем
шығармалардағы синонимдік және антонимдік, эмоционалдық-экспрессивтік фразеологизмдер
ұлттық дүниетанымды көрсетеді. Оның қаламынан шыққан афоризм, нақыл сөздер халықтық
үлгімен құрылғаны дәйектеледі. Мақалада көркем прозадағы фразеологизмдер мен мақал
мәтелдердің қолданысы жан-жақты қарастырылып, қолданылу аясына зерттеулер жүргізілген.
Негізгі ұғымдар: мәтін, стиль, фразеологизм, ерекшелік, кейіпкерді суреттеу, образ.
ИСПОЛЬЗОВАНИЕ ФРАЗЕОЛОГИЗМОВ, ПОСЛОВИЦ И ПОГОВОРОК
В ХУДОЖЕСТВЕННОЙ ПРОЗЕ
Испандиярова А.Т. – старший преподаватель, магистр, Костанайский государственный
университет им. А.Байтурсынова
В данной статье рассматривается деятельность фразеологизмов, пословиц и поговорок в
художественной прозе. В художественном произведении проводится разбор фразеологизмов,
пословиц и поговорок, определяющих особенности стилистического применения автора.
В данной статье определяются стилистические особенности использования в
художественной
прозе
фразеологизмов,
пословиц
и
поговорок.
Проводится
анализ
фразеологизмов, пословиц и поговорок в художественных произведениях, используемых автором.
При раскрытии образа героев автором мастерски, используются фразеологические обороты для
создания портрета героя, раскрытия характера, полноты общей картины произведения.
Особенности применения фразеологизмов в раскрытии быта, национального самосознания,
социального положения создают особый стиль автора. Дается анализ применения пословиц и
поговорок. Особое место занимает национальное своеобразие, богатство родной речи, описанные
в произведениях Т. Абдикова. Автор для создания реальной картины произведения мастерски
использует пословицы и поговорки, а также заимствованные слова. В произведении используются
фразеологизмы различных конструкций, антонимы, эмоционально-экспресивно окрашенные слова,
синонимы и т.д. Автор, показывая богатство языка, широко использует афоризмы, слова
назидания, что находится в неразрывной связи с народным творчеством. В данной статье
показано разносторонее применение автором в художественных произведениях фразеологизмов,
пословиц и поговорок.
Ключевые слова: текст, стиль, фразеологизмы, особенности описание героя, образы.
THE USE OF PHRASEOLOGY AND PROVERBS-SAYINGS IN PROSE
Ispandiyarova A.T. - senior teacher,master of the humanities, Kostanay State University named after
A.Baitursynov
In this paper, the use of stylistic features of phraseology, proverbs and sayings in prose are
determined. In the article used by the author idioms, proverbs and sayings in works of art are analyzed. The
idiomatic expression used for the disclosure of the hero's image, creating a portrait of the hero, the
disclosure of the nature, the completeness of the picture works by the author masterfully. Features of the
application of phraseology in discovering life, national identity, social status, create a special style of the
author. The use of proverbs and sayings is analyzed
.
National identity, the richness of the native language,
described in the works of T. Abdikov occupies a special place. For creating a realistic picture of the work the
author uses proverbs and sayings, as well as loan words skillfully. In his work the idioms of different designs,
antonyms, emotional and expressive painted words, synonyms, etc. are used. Author, showing the richness
of language, uses aphorisms, words of edification, which is in close connection with folk art widely. In this
article, the author of versatile use in works of art of phraseology, proverbs and sayings is shown.
Keywords: text; style; idioms; peculiarities; the description of the hero images.
Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін стильдік мәні
айрықша құрал болып саналады [1, 123].
Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас бірақ олардай
жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын
семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер [2, 184].
Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы
құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологизмдердің мағыналары құрамындағы
сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес.
Фразеологизмдік мағына дегеніміз құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық
мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер
семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады [2, 186].
Дүниенің тілдік бейнесі ұлт өкілдерінің өмірге деген көзқарасы мен өмірлік тәжірибелерінен
тұрады. Сондықтан дүниенің тілдік бейнесі фразеологизмдерден, тұрақты тіркестерден, мақал-
мәтелдер мен идиомалардан анық көрінеді. Себебі бұл тілдік қабатта ұлт өкілдерінің дүниеге деген
көзқарастары, айнала қоршаған ортаға қарым-қатынасы, сондай-ақ халық даналығы жинақталған.
Осымен байланысты дүниені танып-білуде фразеологиялық бірліктердің маңызы ерекше.
Б.А.Ларин “фразеологизмдер қоғамдық өмірді, халықтың дүниеге көзқарасын, сол қоғамдағы
идеологияны бейнелеп тұрады”,- деп көрсетеді [3, 4].
Қазақ тіл білімінде фразелогизмдер І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Н.Уәлиев т.б ғалымдар
еңбектерінде жан-жақты зерттелген. Соның негізінде І.Кеңесбаевтың “Қазақ тілінің фразеологиялық
сөздігі” [4], Ә.Қайдардың “Тысячи метких образных выражении в казахском языке” [5], Н.Уәлиевтің
“Фразеология және тілдік норма” [6], Г.Смағұлованың “Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени
аспектілері” [7] деп аталатын қомақты ғылыми еңбектері жарық көрді.
Ә.Қайдаров “Қазақ тілінің өзекті мәселелері” атты жинағында фразеологизмдердің қасиеті
жөнінде мынадай ой айтады: “Фразеологизмы – весьма сложные лингвистические образования.
Сложность их объясняется не только множеством структурных типов и синтаксических моделей, но и
тематической и семантической многоплановостью, а также способностью выражать самые различные
эмоционально-экспрессивные оттенки мысли ” [5, 202]. Демек, академик-ғалымның пайымдауынша,
фразеологизмдер – бейнелі ойлаудың жемісі.
Фразеологизмдердің көркем әдебиет тіліндегі маңызы мен рөлі туралы тұжырымды ойды біз
Х.Кәрімовтің еңбегінен кездестіреміз. Автордың пайымдауынша: “Әдеби шығарма тілін көркемдеп,
жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар
тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар –
ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық
даналыққа суарылған өткір құралдар” [8, 134].
Н.Уәлиев фразеологизмдердің дүниенің тілдік бейнесін берудегі рөлі жайлы былай деп жазады:
“Халық тілінде байырғыдан келе жатқан тұрақты сөз оралымдарының (мақал, мәтел, қанатты сөздер,
фразеологиялық тіркестер т.б.) сан алуан сыры бар. Олай болатыны халық өзінің өткен дәуірлеріндегі
наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі
әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Көнелікті ең көп сақтаған “жаны сірі” сөздердің небір шоғырлары
алдымен мақал-мәтел, фразеологизмдердің құрамында шегенделіп қалған деуге болады [6, 12].
“Фразеологизмдер – ұлттық психологияны, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін, әдет-
ғұрпын бойына сіңірген, соларды баяндайтын лингвокультуремалар” [9, 30].
Қазақ тілі фразеологизмдерге бай тілдердің қатарынан саналады. Бұл рухани байлық қазақ
тілінің түсіндірме сөздіктерінен, фразеологиялық сөздіктерінен, сондай-ақ көркем шығармалардан
көрінеді.
“Қай елдің, қай жазушының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан
түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қай-қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын
пайдалануға бейім” [10, 41].
Фразеологизмдер халықтың өткені мен бүгінгісін жалғастырушы көпір іспетті. Көркем образды,
терең мазмұнды сөз өрнектері әр ұлт тілінің ерекше көрінісі болып табылады. Мұндай сөз
айшықтары жалпы халық тіліне айырықша реңк беріп, ұлттық характердің айқын белгісін көрсетеді.
“Фразеологизмдердің қай-қайсысы болмасын (идиом, фраза, мақал-мәтелдер) бәрі де ең
алғаш халықтық сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып,
ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамдардың ой сезімін, ара-
қатынасын, өмір тануын білдіреді” [11, 82].
Көркем әдебиет ұлт тілінің қазынасын танытатын болса, сол көркем дүние тілін
ажарландыратын қажетті тілдік амал-тәсілдердің бірі фразеологизмдер арқылы көрінеді. Басқалай
айтқанда, фразеологизмдер - көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелеу, суреттеудің
тілдегі ең қажетті құралдарының бірі. Фразеологизмдердің стильдік бояуы сөзбен салыстырғанда
әлдеқайда күшті, экспрессивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осымен байланысты
фразеологизмдер белгілі бір оқиғаны баяндауда сөйлеуде ерекше өң береді. Олардың көркем
әдебиет тілінде атқаратын қызметі сан қырлы. Таратып айтсақ, шығарманың идеясын беруде,
образ сомдау мен портрет жасауда маңызды рөл атқарады. Фразеологиздер қатысқан суреттеулер
арқылы айтылар ой бейнелі шығады. Сонымен қатар, характер жасауда фразеологиялық
тіркестердің орны айырықша. “Адам образын жасауда мінездеудің алатын орны ерекше. Әрине, бұл
тілдік құрал арқылы іске асады. Көздеген нысанаға дәл тигізетін эмоциялы бояуы күшті, айырықша
мәнде сипаттама беретін тілдік тәсілдердің көмегімен жазушы адам мінезінің толып жатқан қыр
сырын, оның ішкі жан дүниесін, портретін, жағымды не жағымсыз әрекетін бейнелейді, не
кейіпкерлерді ажуа-сықақ, ирониялық тұрғыдан көрсетеді. Айырықша эмоционалды-экспрессивті
мәнде мінездеме беру мүмкіншілігі әсіресе, фразеологиялық тіркестерде мол”, - деп көрсетеді [12,
57].
Фразеологизмдер ғалымдар жетекшілігімен жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде жалғасын
тапты.
Т.Әбдіков халықтың фразеологиялық байлығын өзіне ғана тән шеберлікпен қолдана білген.
Оның қаламынан шыққан афоризм, нақыл сөздер халықтық үлгімен құрылған. Мазмұны терең,
тұрпаты көркем келіп, жазушының өзіндік дара үнін танытады. Мысалы: Кенет жүрегім су ете
қалды. Бұл қалай келген хат? Палатада жалғызбын. Кім кіруі мүмкін? Неге мен жоқта келеді? [13,
13-
б ].
1) Т.Әбдіков шығармаларында фразеологизмдер кейіпкерді мінездеуде қолданылады.
Мысалы, Менің «бейтаныс құрбым» зымиян адам. Мені сырттан қалт жібермей бақылап жүр(13,
21-
б]. Қызара білетін жаны жұқа жандардың өн бойынан теңдесі жоқ сұлулықтың, имангершілік
пен шыншылдықтың лебі еседі [13, 37-б ].
Жоғарыдағы келтірілген мысалдардың алғашқысында автор «зымиян адам» тіркесі арқылы
“Парасат майданы” повесіндегі палаталас құрбысының қу, айлакер мінезін суреттеп, жағымсыз образ
жасайды. Екіншісінде мысалда образға мүлдем қарама-қарсы кейіпкер бейнесі берілген. «Жаны жұқа
жандардың» сияқты есім фразеологизм арқылы сұлу, нәзік, мінезі жұмсақ адам мінезделген.
Фразеологизмдердің тәрбиелік мәні тұрғысынан келсек, жоғарыдағы кейіпкерлерді мінездеуде автор
бірінші бейнеден оқырмандарын жирендірсе, ал екіншісін тәрбиелік мәнде қолданған.
2) Жазушы фразеологизмдерді кейіпкердің психологиялық күйін суреттеуде қолданады.
Көркем туындыдағы сезім қылын шертерліктей әсер туғызатын айшықты сөздердің қай-қайсысы да
көркем шығарманың жалпы экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді,
күшті сезім әсерін туғызады. Ұғымды дәлме-дәл, жан-жақты бейнелеп жеткізуде
фразеологизмдердің тап басып, дәл түсетін ұтымдылығы басым. “Көңіл күйді аңғартатын
фразеологизмдер кейіпкер көңіліндегі әр сәттегі өзгерістер мен құбылыстарды аңдатады. Олар
кейіпкерлердің психологиялық толғанысын: таңдану, қамығу, елжіреу, ашулану, күйіну сәттерін
мәнерлі жеткізеді” [14, 8]. Фразеологизмдердің осындай мүмкіншіліктерін жазушы өз шығармасында
кейіпкерлердің психологиялық күйініш-сүйініштерін, ой әсерлерін, рухани жан дүниесін нақты да
нәзік бейнелеуге таңдап, талғап жұмсайды. Мысалы:
“Әпсаттардың үйіне әкелген азғантай тарының жартысын Айтыбайдікіне беріп, таңертең
Әпсаттарды іздеуге шықтым. Көңілімде ешқандай үміт жоқ. Шыққанына бір ай болса, қандай үміт
болсын. Қара жолдың айналасына көз жіберіп, аяңдап келе жатырмын. Жол маңында көзге ілігер
қара жоқ. Қу медиен дала. Анда-санда ұшар төбенің басына айқайлатып салған зираттар, шошақ
тамдар, обалар... Енді жолды тастап, обалардың төңірегін шарладым. Ақыры іздеген сорыма
жетіп тындым. Үлкен жолдан Төлек сайына бұрылатын тағы бір жол бар еді. Сол жолдың бойында
жатқан баланың киімін көрдім. Көп ұзамай тағы бір дорба... одан әрі Әпсембеттің пешпетін
кездестірдім. Зәре кетті. Айдалада аңырауға өз дауысымнан өзім қорықтым. Күн еңкейген шақта
жолдың шетінде шашылған адамның сүйегін көрдім. Баланың сүйегі екен. Төрт-бес шақырымдай
жүргеннен кейін Әпсаттардың өліктерінің үстінен шықтым.Әйелінің сүйегі қатарында жатыр.
Екінші балалары өздерінен бұрын өлген болуы керек, жолдың екінші бетінде. Еттері ағып кетіпті.
Киімдері сүйектеріне жабысып қалған. Жылауға шамам келмей қалды. «Аллалай» бердім.
Әпсаттардың өлігі көз алдыма келсе, осы күні де кейде екі қолымды төбеме қойып, безіп кеткім
келеді ” [ 13, 88-б ] .
Жоғарыдағы мәтіндегі фразеологизмдер «Әке» шығармасындағы аштық кезінде өлген адамды
суреттегендегі кейіпкердің жан қорқынышы мен үрейін психологиялық толғанысымен әсерлі де
мәнерлі жеткізу үшін қолданылған.
Роберт креслоға отырды. “Бұл – білместік, иә қастандық”, - деп күбірленеді өзіне-өзі. “Бұл –
білместік... білместік... ” Кенет тағы бір ой Роберттің ішкі дүниесін дүр сілкіндірді. “Қашу керек!
– деді алқына сыбырлап. Асыққаннан жүрегі алқымына тірелді. – Қашу керек... Бүгін... осы қазір...
Тез қашу керек... ” [ 13, 179-б ]
Бұл мысалда автор Роберттің ішкі жан – дүниесін берген.
“Роберт қолын берген жоқ. Өйткені қол беру қажет екенін есіне түсіре алмады. Әйелі қарсы
алдына келіп, қадалып, ұзақ қарады. Әйелінің үрейіне толы көзқарасы санасын оятқандай болды.
Ол өзінің әйеліне июнь айында туған күніне арнап үнемі раушан гүлін сыйлайтынын есіне түсірді.
Содан кейін барып жымиып әйеліне көз тоқтатты” [ 13,178-б ] .
Бұл сөйлемде автор Роберттің халін көрген әйелінің ішкі толғанысын суреттеген.
“Оның осынау кісі ақылы жетпейтін құпия қабілетіне, тіпті телепаттың аза бойын қаза
қылып жатқан жан түршігерлік оқиғаларға мұндағылардың еттері үйренгені соншалық,
осындай пәлендей таңырқап, болмаса сыры неде деп бастарын қатырып, қиялдап жатпайтын” [ 13,
170-
б ] .
Жазушы шығармаларында эмоциялы бояуы күшті фразеологизмдер кейіпкерлердің кейбір
ситуацияға қарай болатын көңіл-күй өзгерістерін беруде қолданылған. Мысалы, “Бәлен жерде бүкіл
бір ауылды атып кетіпті, шауып кетіпті,әйелдерді масқаралапты дегенді естігенде тұла бойың
түршігеді ” [7, 66-б). “-Ал келді атты казактар, - деп жатты. Іргеге келгенде бір-ақ білдік - әкейді
айдап келе жатыр екен. Малда жүрген болатын. Таяқ жеген секілді. Шекесінде қан бар. Иттердің
түсі суық екен. Атып жібермегеніне шүкір десейші” [7, 67-б ]. “ Жұбатарға сөз жоқ. Қу тілмен кісі
тірілткен небір бетсіз шешендер тілдері байланып, қарабет боп, үнсіз қалған” [13, 206-б ].
3
) Кейіпкерлердің қуаныш, шаттық күйін беруде де фразеологизмдер ерекше қызмет
атқарады. Мысалы, “Бір күні Дүйсен ағайынды үшеумізді жинап алып, сауатымызды ашты.
Өкіметтің ұстап отырған саясатынан хабардар болып, ішіміз әжептәуір жылып қалды” [13,73-
б). “Кешкілік Әбекеңнің балалары тары нан жеп, мәре-сәре болып, жеңгеміздің де төбесі көкке
жеткендей қуанып, бір көтеріліп қалды” [13,82-б ]. “Ол тек бір затқа-санадан тыс құдіретпен
адамдар дүниесін байланыстыра алатын көріпкелдердің бар екеніне ғана қуанатын. Сол
байланыстың біреуі қазір өз уысында отырғанына одан да бетер қуанды”[13, 171-б ].
Осы мысалдардағы фразеологизмдер шығарма кейіпкерлерінің өмір-тіршілігіндегі сан қырлы
оқиғаларға ризалық жан сезімін айрықша мәнерлеп жеткізумен бірге, олардың мінезіндегі қат-қабат
қырларын ашып, небір нәзік жайттарды айқындай түседі.
4) Мәнерлегіштік-көркемдік бояуы айшықты келетін фразеологизмдерді жазушы портрет
жасауда ұтымды қолданады. Мысалы: “Серікпай шал келіп, өз құлағы мүкіс болған соң, әкеммен
айқайлап сөйлейді”
[13,70-
б ]. “ -Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар. Қазір сүйегінің қайда қалғанын
ешкім білмейді.-Серікпай өзіне қарсы дау шыға ма деп күткенде , кілегей көздерін бажырайтып,
үндемей қалды” [ 13,70-б] . “Дүйсен қалаға барып,не оқу екенін кім білген, әйтеуір оқып келді. Байлар
қанша менсінбесе де Дүйсеннің мінезінен, өткір тілінен қатты сескенетін”
[7,73-
б). “Жапағы құлағы қарқиған, мұртты қара екен” [13, 71-б]. “Қожекең басын көтеріп,
оның осыншалық сұлу жүзін көргенде тағы таң қалды. «Жасаған, адам баласын мінсіз ғып тудыра
береді екен-ау... Неге осынша қаражүрек болды екен?» ” [ 13, 230-б] .
5) Экспресивті-эмоционалды фразеологизмдер де кеңінен қолданылған. Мысалы: “Көздері
ұясынан шыға алақтап, орнынан қалай атып тұрғанын сезген жоқ”
[13,179-
б ].
Бүкіл зиялы қауым, қалың ел қабырғалары қайысып, қайғыға ортақ болып жатыр екен
[13,297-
б] .
Жоғарыда келтірілген фразеологизмдер кейіпкерлердің сыртқы мүсінінің айрықша бір сипатын
бейнелейді. Құлағы мүкіс, кілегей көздері бажырайған, өткір тіл, құлағы қалқиған, мұртты қара сияқты
халықтық фразеологизмдер болып табылады.
Т.Әбдіков шығармаларында да фразеологиялық тіркестер мол қолданылған. Жазушы
қолданған фразеологизмдерді синоним және антонимдік сипаттарына қарай топтастыруға болады.
Синонимдес фразеологизмдер жазушы шығармаларында төмендегідей қатарда кездеседі. Мысалы,
Ашулану - зығырданы қайнау; тарпа бас салу; қадалған жерден қан алатын кенедей; апшысын қуыру;
төбе шашы тікірею; ызғар шашу; тас түйілу; кірпідей жиырылу; қаншырдай қату;
Қорқу - төбесінен мұздай су құйып жібергендей болу; төбесінен жай түскендей болу; зәресі зәр
түбіне жету; жан ұшыру; алас ұру; тас төбеден жай түскендей болу; зәресін зәр түбіне жіберу; төбе
шашы тікірею; тұла бойы мұздап қоя беру; зәресі ұшу; безек қағу;
Қуану: қуанышы қойнына сыймау; жерден жеті қоян тапқандай қуану;
Қайғыру: көңілі су сепкендей басылу; қам көңіл;
Мейірлену: іші жылу;
Момындық: қой аузынан шөп алмайтын;
Күту: тағаты таусылу;
Күш көрсету: қан қақсату; қамшы үйіру;
Мезгіл мәнді: ымырт үйірілу; өң мен түстің арасында; түн жамылу; қыстың көзі қырауда;
Мекен мәнді: таяқ тастам жер;
Құмарту, ынтығу: үйір болу; ұршықтай иірілу; көңілі кету;
Дағдылану: бойы үйрену;
Тынышталу: байыз табу; пышақ кескендей тыйылу;
Қырсық мінез көрсету: бүйректен сирақ шығару;
Ұялу: ұрлық қылғандай қуыстану;
Қатты айқайлау: құлындаған даусы құраққа жету;
Тыңдамау: құлақ асқан жоқ;
Сөйлеу: тіл қату;
Тыңдау: құлақ тігу;
Көзге көріну: оттай басылу;
Бірге жүру: жұп жазбау;
Жайсыз тию: инедей қадалу; істіктей қадалу;
Жатсырау: көз көріп, құлақ естімеген жат жұрт; көлденеңнен келген көк атты;
Көңілі бұзылу: түлен түрту;
Сый-құрмет көрсету: ебелек қағу;
Ажал : ұстараның жүзі;
Жоғарыда берілген фразеологизмдердің синонимдік қатарына қарай топтастырғанда қорқу мен
ашулануға қатысты фразеологизмдердің жиі қолданылғанын байқауға болады. Әсіресе, қорқу
дағдысына қатысты фразеологизмдердің көп болуы жазушы шығармаларының аштық, казактармен
соғыс тақырытарына арналуымен байланысты. Жазушы прозасындағы қорқу дағдысы, көбінесе, ажал
апатымен, ажал сұсымен яғни ажалдан қорқумен байланысты қаралады. Мысалы, «Бір күні біздерге
қарай казактар келе жатыр деген хабар алдық. Зәре қалмады.» [13, 66-б].
Т.Әбдіков
шығармаларында
мағыналары
жағынан
қарама-қарсы,
антонимдік
фразеологизмдердің мынадай жұптары қолданылған. Мысалы: тұла бойың түршігеді-жүрегіміз
аздап орнына түсті,зығырданы қайнау- төбесі көкке жеткендей қуанып, зәре қалмады- ішіміз
әжептәуір жылып қалды,тісіңнен шығарушы болма-ашық ауыз, жаттау жүзбен кіржиіп- іші
бауырыңа кіру т.б.
Т.Әбдіков шығармаларында фразеологизмдерді молынан пайдалана отырып, шығарма тіліне
мәнерлегіштік, бейнелегіштік нәр берген. Жазушы фразеологизмдерді талдап, таңдап кейіпкердің
образын сомдауда, мінезін ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық көркемдік жақтарын
жетілдіруде тағы басқа толып жатқан мүмкіндіктеріне сай етіп, белгілі бір стильдік мақсатпен
қолданады.
Көркем сөз тәсілдерінің ішіндегі қуаттысы мен құнарлысы болып саналатын мақал-мәтелдер
тіл атаулының баршасына тән, өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін универсалдық құбылыс. Қазақ тіл
білімінде барлық тілдердің екі түрлі қызметін атап көрсетеді: оның бipiншici — қоғам мүшелерінің өзара
түсінісуіне, пiкip алысуына қажетті қатынас құралы ретіндегі коммуникативтік қызметі де, eкiншici — өмip
шындығын, барлық болмысты өзінде бейнелеп көрсету қызметі. Мақал-мәтелдердің табиғатына тән
қасиет тілдің осы екінші қызметіне байланысты, өйткені олар белгілі бip тілде сөйлеуші халықтың
өткен өмipi мен барлық болмысынын кyәгepi icпeттec оның дүниетанымы мен даналығын бойында
сақтап, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей ауысып келе жатқан асыл мұра, рухани
қазына болып саналады.
Мақал-мәтелдердің бойына бip ғана көркем сөз тәсілінің ауқымына сыя бермейтін көптеген
басқа да қасиеттер мол шоғырланған. Бұл қасиеттерді кеңінен зерттеймін деушілерге мақал-
мәтелдердің шертер сыры мол-ақ. Біле білсек, халықтың дүниетанымын, болмыстың объективтік
заңдылықтарын, тылсым табиғаттың сан алуан сырын ұққысы келген философ ғалымдар да,
халықтың өткен өмipін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, әдет-ғұрпы мен діни наным-сенімдерін
зерттегісі келген экономист, тарихшы, этнограф ғалымдар да, тәрбие, дидактика мәселесіне
байланысты педагогтар да, ауыз әдебиетіне тән көркем сөз поэтикасын зерттеушілер де, сондай-
ақ басқа ғылымдардың өкілдері де мақал-мәтел табиғатынан өзіне қажетті мол мағлұмат табатыны
сөзсіз.
Мақал-мәтелдері тіл фактісі тұрғысынан зерттеуші паремиолог-ғалымдардың пiкipiнe қарағанда,
олар ең алдымен өзінің мән-мағынасы, мазмұны мен тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты назар
аудартады. Мақал-мәтелдердің шығу тарихы мен пайда болу жолдары, тілі жақын туыстас халықтар
үшін ортақтығы, логикалық сәйкестік, образдылық, бейнелеу тәсіліндегі шендестік, т.б. толып
жатқан мәселелер паремиологияның объектісіне жатады.
Солардың ішінде мақал-мәтелдерді мән-мағынасына және тұлғалық ерекшеліктеріне
байланысты топтастыра зерттеу ерекше орын алады. Бұл салада бүкіл Шығыс халықтарының
мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп, олардың жүйелі түрдегі ғылыми классификациясын жасаушы
белгілі совет ғалымы Г. Л. Пермяковтың eciмін ерекше атауға болады. Ал, түркі халықтар тіліндегі
мақал-мәтелдердің зерттелу жайына келсек, әлі күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс
істелмей келеді. Әpбip тіл бойынша шыққан мақал-мәтелдер жинағын санамағанда, бұл тілдердегі
мақал-мәтелдер ғылыми тұрғыдан аз зерттелген саланың бipi; кейбip тілдердегі бірлі-жарымды
филологиялық және лингвистикалық
зерттеулер болмаса, паремиологияның түркі тілдері бойынша әлі
негізі қаланған жоқ деп айтуға болады. Басқа туысқан тілдерге қарағанда қазақ мақал-мәтелдерінің
жинағын шығару , басқа халықтардың мақал-мәтелдерін қазақшаға аудару, сондай-ақ оларды тарихи-
филологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстарының біршама iлгepi екендігін айтпауға болмайды. Бipaқ дәл
осы жағдайды қазақ мақал-мәтелдерін таза лингвистикалық тұрғыдан зерттеуге байла
нысты айта
алмаймыз, өйткені олардың стильдік ерекшеліктеріне, аудару тәсілдеріне байланысты бip-eкi еңбектен
басқа арнайы зерттеу жоқтын қасы. Ал қазақ паремиологиясының сан алуан тілдік проблемалары қазақ
лингвистерінен жан-жақты, әpi жүйелі түрдегі ғылыми зерттеулерді талап етеді.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің бәрі негізінен жай сөйлем түріндегі тұрақты сөз
тipкecтepінe жатады, яғни олар тұлғасы жағынан ұзақ уақыттан бepi қалыптасып, белгілі бip
формада тұрақталған, мазмұны жағынан біртұтастыққа ие болған жай сөйлем типтері. Осыған орай
мақал-мәтелдердегі тұрақтылық пен біртұтастық неге байланысты және оны қалай түсінеміз деген
заңды сауал тууы мүмкін.
Біздің пiкipiмiз бойынша, мақал-мәтелдердегі тұлғалық тұрақтылық, сайып келгенде, оның
бipтұтac мағынасы мен мазмұнына тікелей байланысты. Ал мағына мен мазмұнның тұтастығы қоғам
мүшелерінің өмip тәжірибесінен алған тағылымы мен танымынан туындаған oй-пiкipдiң, логикалық
тұжырымның әсерлі бейне, сан алуан образбен қат-қабат астарласа, жалғаса көмкерілуіне
байланысты болса керек. Олай дейтін себебіміз - мақал-мәтел тұлғасына тән дәстүрлік тұрақтылық
(оны паремиологияда «клише» деп атайды) қаншама бepiк және тіл үшін нормаға айналған стандарт
болса да, абсолюттік ұғым емес: ол тілдің тарихи дамуына байланысты, көрші тілдердің әсерінен,
сондай-ақ тілдің iшкi даму заңдылықтарына сәйкес, стильдік қолданысқа, сөз зергерлерінің сөз
саптау шеберлігіне байланысты әр түрлі өзгерістерге түciп отырады. Бipaқ бұл өзгерістер мaқaл-
мәтeлдepдiң жалпы мазмұнына, мағынасына, бүкіл тіркеске негіз, дәнекер болып тұрған образ-бейнеге
бәлендей нұқсан келтіре қоймайды.
[15]
Мақал-мәтелдер - халық данышпандылығының айнасы, оларды тудырған халықтық тіл
байлығының алтын қазынасы. Мақал-мәтелдердің көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің
ережесі болып келеді. Олардың « бәрі заңның, өсиеттің, ереженің күшіндей күші бар қысқы-қысқа
нақыл сөзге айналып тілде сақталып қалады ».
Мақал-мәтелдер аз сөзді, терең мағыналы әрі ұтымды болатындықтан сөйлеген сөзді
пайдалана білу керек – ақ. « Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі – сақал » дегендей, мақал-мәтел сөзіңе
әр береді. [16, 88-б]
Мақал-мәтел – халықтың қоғамдық құбылыстарды кең қамтып, өмірдегі әр қилы қарым-
қатынастарды әсерлі, көркем бейнелейтін, тақырыбы, идеялық мазмұны бай ең бір мол саласы.
Мақал-мәтел – халықтың нақыл сөздері, белгілі бір ойды ықшамды түрде ұтымды, өткір етіп айтып
беретін кестелі сөз. Яғни оның мазмұнында халықтың ғасырлар бойындағы өмір тәжірибесінің
негізінде түйінделген философиялық ой жатады. Көркем туындыда мақал-мәтелдер шығарма тілін
шұрайландырып, көріктендіріп, айтар ойдың жүйесін қиыстырып, арттырып, ширатып тұрады.
Сондықтан да болар “сөздің көркі - мақал” деп айтылады.
Т.Әбдіков шығармаларындағы мақал-мәтелдер тақырыптық жағынан әр алуан. Олар түрлі
мақсаттарда қолданылған.
1) кейіпкер бейнесін ашуда: “Жақынымыз болғасын, қайтейік. Кісі баласын бағу деген қиын
ғой. Кісі баласы кекшіл емес пе? Ылғи соның қабағына қараймыз. Барамызды аузына тосамыз.
“Енесі тепкен құлынның еті ауырмас” деп қағып-соғып Нұржанды жұмсап, бір нәрсе болса
Нұржанға ұрсамын. Кісі баласынан бір игілік көрейін деп жүрген жоқпыз, тек байғұстың сауабы
тие ме деп жүрміз ғой, уһ! деп шын жүрегінен күрсініп, кәдімгідей қамығып қояды” [13, 153-б].
2) портрет жасауда: “– Қойшы, Дариға-ай, ерні көнтиген, көзі быттиған біреу соншама …
–Қыз-ау, есің дұрыс па? Қазақ айтқан емес пе, “ат ерінді, ер мұрынды келсін” деп” [ 13 ,
162-
б].
3) кейіпкердің ішкі жан дүниесін, психологиясын беруде: “Суға кеткен тал қармайды”
деген осы екен ғой… Үстіме төніп қалған зор қауіпті сезе тұра жалтарып, қайдағы алдамшы, бос
елеске жармасам. Жалғыз қалған соңғы екі-үш айым шындап, қазір ғана қатердің ызғарлы жүзіне
тіке қарай алатындай халге жуықтадым” [13, 123-б]; “Қара ешкіге жан қайғы”, әркім өз басымен
әлек, маған назар аудара қойған адам болмап еді, тек көзі түсіп кеткендердің өңінде “бұ қайдан
жүрген адам? деген таңырқау сұрақ жылт етіп тез өшетін” [ 13, 127-б]; “ Әсіресе кірер есігін
бекітіп, қымтап тастаған кезде төңірегім тас қараңғы болып, көзім түк көрмей, алғаш істеген
еріксіз қимылым қараңғыны қармап, екі сәбиді екі бүйіріме қысып алыппын, “қараңғыда қабан
күркірейді” демекші, өзге жұрттан бөлініп жалғыз қалған үрейімді қараңғылық қауқитып өсіре
түсіп, тұла бойымды бір жаман, салқын діріл қарып өтті. Сол діріл екі сәбиге де дарыды ма, олар
да балапандай қалтырап, бауырыма тығыла түседі” [ 13, 133-б ].
4) кейіпкердің әлеуметтік жағдайын көрсету үшін: “Мал баққанға бітеді” дейді қазақ, Төкең
жарықтық мал бағатын адамның түрі емес еді. Ол кісінің жалғыз аты болады, бір тазысы болады,
қосауыз мылтығы болады. Атына мініп, мылтығын асынып, тазысын ертіп көл жағалап кеткен
Төкең содан ел жағалап үйіне алты айдан кейін бір-ақ оралады екен” [13, 210-б]. “Қазақ “кедеймін
десең көшіп көр” деуші еді, сыбай салтаң жүрген екі жас қанша дүниеміз жоқ десе де, ол-пұл
жиналып қалыпты. Төсек – орын, ыдыс-аяқ, көр-жер … әрқайсысына бір жармасам …” [13, 221-б].
Сондай-ақ “Құдай бергенге құлай береді” мақалы осы мақсатта қолданылған.
5) бағалау мақсатында: “Үмітіме талшық ететінім, “жүзі игіден түңілме” деп атам қазақ
айтпақшы, Роберттің жүзінде иманы бар, сырына қанбай жатып бір көргеннен-ақ іш тартып
кеткенім содан болар” [13, 263-б].
6) басу айту, сабырлыққа шақыру мақсатында: “ Өлгеннің артынан өлмек жоқ” деген.
Есіңді жи, шырағым. Туһ, мына түріңді көргенде шошып кеттім ғой” [13, 123-б ]. “– Сол
айтқандай, - деді Айдархан сөзін жалғап,- өлгеннің артынан өлмек жоқ. Берік болған жөн. Мінекі,
қандай қылып жөнелтіп жатыр. Елдің ортасы деген осы ғой.” [ 13, 124-б ] . “Шырағым Батима,
қатын өлсе, қамшының сабы сынды, азамат өлсе, асқар тауым құлады деген, - деп өзім
жаттап алған үлкендердің сөзіне салып алыстан орағыттым. – Соғыс аты соғыс. Күн сайын
жаманат хабар күтіп бәріміз де құдайға мінажат қыламыз”. [ 13,134-б ] . “– Қарағым, біз көрмегенді
көрдің, тура ажалдың аузынан келіп отырсың. Мына Жаңыл мұңлықтың өлгені тіріліп отыр бүгін.
“Алдыңғыны көріп күпірлік ет, артқыны көріп шүкірлік ет” деген екен. Алдыңғы десең осы
атырапта қабырғасы бүтін үй таба алар ма екенсің. Ал артыңа қарасаң талай боздағынан
айрылып зарлап қалған жетім мен жесір, кемпір мен шал бар. Тағдырдың жазғанына шара бар ма,
Кенжеке қарағым, мына бүгінгі қуанышыңа у тамызғалы отырмын. Берік бол. Артыңда қалған
тұяғың сынды” [13, 84-б].
“- Әліптің артын баға тұруға болмады ма, шырағым, - деді бір мезгілде әкем. Жоқты
барға теңейді екен дегенің құлаққа қонып тұр-ау. Бірақ аумалы-төкпелі заманда жан сақтанның да
зияны жоқ. Омыраулап алға шыға бергеннің өзі жалпы жақсы емес қой... Дұшпан көп...” [13 , 74-б ].
Бұл сөйлемдегі Әліптің артын баға тұру мақалы сабырлыққа шақыру мақсатында қолданылған.
Сондай-ақ “Уды у қайтарады”; “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі”; “Көппен
көрген ұлы той”; “Ондай-ондай хан қызында да болады” мақалдары басу айту, жұбату, көңілге
тоқ санап, өз-өзіне берік болу, тәуекелге бел байлау т.б. мағыналарында қолданылған.
7) ғибрат, өсиет айту мақсатында: Бүлінген елден бүлдіргі алма; Заманың түлкі болса тазы
боп қу; Ұлық болсаң кішік бол; Ақырын жүрсең алысқа жетесің, Айран сұрай келіп шелегіңді
жасырма [ 13, 89-б ]. Кіммен қара болсаң сонымен ақ бол [13 , 91-б ].
8) ұлттық дүниетанымды (салт-дәстүрді) беру мақсатында: “Дүйсен, шырағым, қазақ “алты
жасар бала алыстан келсе, алпыстағы қария арнап барып сәлем береді” деген еді. Бара
алмадым” [ 13, 72-б].
9)
тұрмыс –тіршілікті суреттеу мақсатында: - Кел, қоштасайық, - деді күлімсіреп. – “Ат
жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр” деген ғой. Дәм жазса, қайтып келеміз. Әкеме
сәлем айт... [ 13, 91-б].
-
Мал бір жұттық дегендей, адам да бір жұттық қана тіршілік қой. Әлгі қалада тұратын
өзіміздің балалар елге бір бала, екі баласымен қыдырып келеді. [ 13,80-б ].
10) Салт-дәстүрге қатысты мақал-мәтелдер:
-
Қыз – қияға, - деп мақалдады ол. – Баяғыда келіншекті аттан түйеге қалың кілем, жасау
артып, құда түсіп, алып қайтатын. Қазір енді заман басқа. Балалар өздері көңіл жарастырып,
сырттай қосылып жатыр... Бәтиманың еліндегі көп туысқанын біле бермейміз...Бармаған соң
қайдан білейік... Жаңағы еліңді, жеріңді сұрап жатқаным сол ғой... [13 , 160-б].
Қазақ әрқашан да қызды жат жұрттық деп есептеген. Қыз бала өсіп, ер жетіп басқа отбасының
ұйытқысы болады. Автор бұл мақалды қолдана отырып, екі замандағы салт-дәстүрді салыстыра
көрсетеді. Бұрынғы кезде қызды құда түсіп алса, қазіргі заманда өздері бір- бірін көңіл қосып, қосылып
жатады. Жазушы шығармаларында халықтық мақал-мәтелдер арқылы халықтың сана-сезімін, ұлттық
дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін хабардар етеді.
Т.Әбдіков шығармалрында авторлық қолданыстағы мақал-мәтелдер де ұшырасады.
Мысалы,
“Ақылдан азап” – не деген сәтті табылған тіркес! Адам баласы өмір бойы ақылды болғысы
келіп, ақыл тапқысы келіп, ал өзі өмір бойы сол ақылдан азап шегіп өтетінін түсінбейді. [ 13, 186 -б]
Өзі біздің дүниенің соңына түсіп жүр екен жегенді естігенмін алдында. Көңілім секем алып қалды.
“Ерегіс басы – боқ жеме.” Атаның құнын елемей, қияндағы қысыр ерегіске мал-жанын салатын
қазақ емес пе. [13 , 85-б]
Тіл- аузың тасқа тигір, көгермегір жұрт маңайына арыстай бес ұл берген
Жармағамбеттің ырысы не деген кең еді деп жүруші еді. [ 13,92-б]
“Дерт көп, денсаулық біреу”депті ғой бір халық. Не көп – аурудың түрі көп... Бірақ солардың
ішінде бір оқиға есімде айрықша қалды [ 13,326-б] .
“Әке” повесінде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін көрсету үшін және бала ұғымын терең ашу
мақатында контекстке байланысты мақал-мәтелдерді қолданған. “ Бала адамның бауыр еті; Жетім
бала кекшіл; Балалы үйде ұрлық жатпас; Ата-ананың қадірін, Балалы болғанда білерсің; Ұл туғанда-
Күн туған;Алты жасар бала атқа мінсе, Алпыстағы шал алдынана шығып атын ұстар.
“ -Алпыстағы шал алдынана шығып атын ұстар дегендей қалқам, сенің келгеніңді естіп,
өзіңді көрейін деп арнайы келіп отырмын” [13 , 106-б ] ;
“Дүйсен, ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің, - деді әкем” [13 ,116-б ] .
Т. Әбдіков шығармаларында мақал-мәтелдерден Уды у қайтарады, Қырық жыл қырғын болса
да ажалды өледі; Көппен көрген ұлы той; Алдыңғыны көріп күпірлік ет, артқыны көріп шүкірлік ет;
Өлгеннің артынан өлмек жоқ; Өзекті жанға бір өлім мақалдары жиі қолданылған.
Жазушы прозасында біршама орыс мақалдары да қолданылып отырады. Автор оларды бірде
түпнұсқа күйде берсе, енді бірде “орыста мынадай мақал бар еді” деп, мағынасын алып, қазақ тілінде
береді. Мысалы, “Сынаны сынамен ұрып шығарады; Лиха беда начало” [ 13, 96-б].
Т.Әбдіков шығармаларында қолданылған мақал-мәтелдердің дені халықтық сипаттағы мақал-
мәтелдер болып келеді. Автор оларды негізінен түпнұсқа күйде берген.
Т.Әбдіков ұлттық тілдің бай қазынасы – сөздік құрамын мейлінше шебер пайдаланып, әр сөзін,
сөйлемін, тұтас мәтінін мәнерлі, өткір шебер тілмен өрнектеген және оларды белгілі бір сильдік
мақсатпен ұтымды пайдаланып отырған. Жазушы шығарма тіліндегі суреттеліп отырған заман мен
оқиғаны жан-жақты ашып көрсету және мүмкіндігінше шындыққа сай беру үшін басқа тілден енген
сөздерді молынан қолданады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1.
Қабдолов З. Таңмамалы шығармалар ІІ том. Алматы, 1983, 456 б.
2.Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тлінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы:
«Сөздік- Словарь», 2006. - 264 б.
3. Маслова В.А. Лингвокультурология.– М.: Академия, 2004. – 208 б.
4. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.
5. Қайдар А. Тысяча метких и образных выражений. – Астана: Білге, 2003. – 368с.
6. Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998.
– 128б.
7. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық - мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым,
1998.
– 196 б.
8.
Кәрімов Х. Қанатты тіл.– Алматы: Санат, 1995.– 144 б.
9. Балақаев М., Томанов М., Жанпейісов Е., Манасбаев Б. Қазақ тілінің
стилистикасы. – Алматы: «Дәуір»,2005ж. – 256 б.
10. Снасапова Г. Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” повесіндегі лингвомәдени бірліктер: филол. ғыл. канд.
... дисс. – Алматы: Тіл білімі институты, 2003. –141б.
11. Айтбаев Ө. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс. Алматы: Ғылым, 1975. – 228б.
12.
Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. – Алматы: Мектеп,
1972.
– 109 б.
13. Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар»
2005,384 б
14. Айғабылова А. Қазақ тілі стилистикасы. – Алматы, 1998. – 64 б.
References:
1. Kabdolov Z. Tandamali sigarmalar
ІІ tom. Almati, 1983, 456 b.
2.Kaliev G., Bolganbaev A. Kazirgi kazak tilinin lekcikoloqijsi men frazeologiasi. Almati
: «Sozdik-
Slovar
», 2006. - 264 b.
3. Maslova B.A. Lingvokulturologia.
– М.: Аkademia, 2004. – 208 b.
4. Kenesbaev I. Kazak tilininin frazeologialik sozdigi.
– Almati: Gilim, 1977. – 712 b.
5. Kaidar
А. Tisjza metkix I obraznix birazheni. – Astana: Bilge, 2003. – 368 s.
6. Ualiuli N. Frazeologia zhane tildik norma.
– Almati: Respublikalik baspa kabineti, 1998. – 128 b.
7. Smagulova G. Maginalas frazeologizmderdin ulttik-madeni aspektileri.
– Almati: Gilim, 1998. – 196
b.
8. Karimov X. Kanatti til.
– Almati: Sanat, 1995.– 144 b.
9. Balakaev M., Tomanov
М., Zhanpeisjv Е., Manasbaev Б. Kazak tilinin stilisticasi.- Almati: «Dauir»,
2005 z.
– 256 b.
10. Snasapova G. G. Musirepovtin
“Ulpan” povesindegi lingvomadeni birlikter: filol. gil. cand. ... diss. –
Almati: Til bilimi instituti, 2003.
–141b.
11. Aitbaev O. Audarmadagi frazeologialik kubilis. Almati: Gilim, 1975.
– 228 b.
12. Kozhaxmetova X. Frazeologizmderdin korkem adebiette koldanilui.
– Almati: Mektep, 1972. – 109
b.
13. T.Abdikov
«Ake» Povester men angimeler zhinagi. Almati «Kainar»
2005,384 b
14. Aigabilova A. Kazak tili stilisticasi.
– Almati, 1998. – 64 b.
Сведения об авторе
Испандиярова А.Т. - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Тілдік
даярлау орталығының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қостанай қ., Абай к.,
28
т. 8-775-296-30-78, e-mail Ispandyarovaa@mail.ru
Испандиярова А.Т. – старший преподаватель центра языковой подготовки Костанайского
государственного университета им. А.Байтурсынова, магистр гуманитарных наук, г.
Костанай,ул. Абая т.8-775-296-30-78, e-mail Ispandyarovaa@mail.ru
Ispandiyarova A.T.-senior teacher centre of language preparation of Kostanay State University named
after
A.Baitursynov,
master
of
the
humanities,
Kostanay
city,
t.
8-775-296-30-78,
e-mail
Ispandyarovaa@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |