Досанова Гүлім Мендіғалиқызы,
“Әлеуметтану” мамандығы бойынша PhD-докторант
Мұсабаева Айнұр Бергенқызы,
әлеуметтану магистрі,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
Астана, Қазақстан
Хиджаб киген әйелдің ұстанымдары мен күнделікті тәжірибесі.
Астана қаласындағы сase-study.
Қазақстан - Шығыс пен Батыс өркениеті мен мәдениеті, түрлі діндердің өзара сұхбатты және тоғысуы орын алған тарихи аумақ. Бұл жергілікті ұлттың басқа мәдениет, ұлт, дін өкілдеріне деген төзімділікті қалыптастырды. Қазақтардың мәдени-этикалық дәстүрінен мұраға қалған шыдамдылық қазір және болашақта рухани салада келісім мен бейбітшілікті сақтаудың негізі болып табылады. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы барлық дәстүрлі және дәстүрлі емес дін өкілдерінің діни нанымдарына бостандықты қамтамасыз етті. Бұны дін институтындағы сапа әрі сандық жағынан болған елеулі өзгерістерден көруге болады. Мысалы, қазір Қазақстандағы діни бірлестіктердің жалпы саны 4173 болса, ал 1990-шы жылдардың басында олар – 670 құраған.
Қазақстандық қоғамның этникалық-демографиялық құрылымында ислам діні дәстүрі болып табылатын қазақтардың санына байланысты, Қазақстан Республикасындағы негізгі конфессиялардың бірі – ислам. Соның ішінде өзге дін сенушілеріне шыдамдылықпен қарап, құқықтық мәселелерде еркін жеке пікірлерімен сәйкес жергілікті құқықты қолданумен сипатталатын исламның ханафит мазхабындағы сүннит тармағы кеңінен таралған. Бұл бағытты қазақтардан өзге татарлар, башқұрлар, ұйғырлар, өзбектер, қарақалпақтар, қырғыздар, дүнгендер және басқалары ұстанады. Дінге сенушілердің мұсылман әлемімен байланыстың күшеюіне орай, Қазақстанға ханбалит мазхабындағы сүннит тарала басталды. Исламның бұл бағыты шариғаттың мүлтіксіз орындалуын қатаң қадағалау және қиясты шектеулі түрде қолдану секілді белгілермен ерекшеленеді.
1990 жылы қаңтарда елімізде Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасы құрылды (ҚМРБ). Басқарманың негізгі міндеттеріне халыққа рухани тәрбие беру, қайырымдылық, діни ұйымдар мен мешіттердің қызметін бақылау және ағартушылық кіреді. ҚМРБ бақылауына мешіттердің құрылысына қатысты мәселелер алынған. Оларды жүзеге асыру үшін арнайы комиссиялар да құрылған. Соңғы 15 жылдың ішінде көпшілігі ҚМРБ-ның филиалы ретінде тіркелген мыңнан астам мешіттер салынды. Еліміздің көптеген аймақтарында салынған, соның ішінде, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Сәтбаев қалаларындағы ірі мешіттерді атап өтуге болады. Мешіттердің көпшілігі мемлекеттің және шетелдік (Біріккен араб әмірлігі, Сауд Арабиясы, Түркия) ислам қорының қаржыландыруымен салынған. Мысалы, Астана қаласында 2005 жылы наурызда Катар мемлекетінің қаржыландыруымен салынған, «Нұр-Астана» мешіті ашылды.
ҚМРБ-ның 2009 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 9 миллионға жуық мұсылмандар бар. Ол барлық халық санының 67% құрайды. Сонымен қатар, елімізде 2334 – сүннит, 3 - шейт бағытындағы барлығы 2337 мұсылман бірлестіктері, 2229 мешіттер жұмыс істейді (http://muftyat.kz).
Қазіргі таңда республикамызда 20 жуық медресе қызмет етеді. Ең үлкен медреселерге Алматы, Атырау, Талғар, Тараз және Жезқазған қалаларындағын жатқызуға болады. Шымкент қаласында Халықаралық қазақ-араб және қазақ-кувейт университеттерінде «Араб тілі және дінтану» факульттері ашылды. Сондай-ақ дінтанушы мамандарды Алматы қаласындағы Ислам институты даярлайды.
1997 жылдан бастап ҚМРБмен мемлекеттік тілде «Ислам Әлемі» атты газет, «Иман» және «Шапағат-Нұр» журналдары, рухани-ағартушылық әдебиеттер мен күнтізбелер шығарылады. Сондай-ақ 2000 жылы Қазақстан мұсылмандарының рухани басқармасымен шығарылымы 44 мың дананы құрайтын «Ислам және өркениет» айлық газеті басылады. Көптеген мешіттерде бастапқы рухани білім алып, араб тілін үйренгісі келетіндер үшін тұрақты негізде дәрістер өткізіледі. Дәрісті қазақстандық имамдармен бірге, Сауд Арабиясы мен Түркиядан келген имамдар жүргізеді. 1992 жылы Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы құрылды.
Қазақстанда діни процестердің қайта жандануы діни топтардың қызметіне ғана емес, көпшілік арасында көрініс тапқан қала мәдениетіне де әсер етті. Ислам нышандары (мешіттер, мұсылман киім үлгілері мен тамақтандыру және т.б.) біртіндеп қала өміріне ене бастады. Осындай ислам мәдениетінің Қазақстанға енген айрықша және жаңа нышандардың бірі, ол - хиджаб. 1990-шы жылдардың аяғында еліміздің көптеген қалаларында мұсылманша бас орамал тартқан қыздар кездесе бастайды. Қазіргі заманғы қаладағы мұсылман әйелдің жолы ең алдымен, урбандалған ортада өмір сүру шарттарына, тарих беттеріндегі 70-жыл бойы мемелекеттің діннен бас тартып, исламды «ұлттандыруына» байланысты өзіндік ерекшеліктері бар.
Қазақстандағы әйелдердің діншілдігі мен этникалық (қазақ) мұсылман әйелдерінің арасында мұсылмандығын білдіретін жаңа белгілердің пайда болуын зерттеудің өзектілігі Орталық-Азия аумағындағы «ислам факторының» жандануына байланысты туындаған әлеуметтік мәселелердің шиеленісуімен айқындалады. Зерттеу - мұсылман әйелдерінің діндарлығын зерделеу маңыздылығында. Сонымен қатар, Қазақстан қалаларында қалыптасқан мәдениеттің сан алуан түрі мен секулярлы ортаның шарттарына сәйкес ислам бейнесін бейімдеудің жеке жағдайларын зерттеу болып табылады.
Бұл зерттеуде Ирвинг Гофман мен Пьер Бурдьенің символдық қор тұжырымдамаларының эвристикалық мүмкіндіктерін «тестілейміз». Жұмысымыздың діңгегі болып отырған тұжырымдамаларға түсінік берейік.
И. Гофман бойынша дисплейді (бұл жерде гендерлік дисплей) сыртқы бірегейлендіру белгілері, яғни киім мен іс-әрекетті түсінген жөн (2). Гендерлік дисплейдің негізгі элементі ретінде біздің назарымызда басты символдық мәнге ие болып отырған мұсылман әйелінің бас киімі. Себебі хиджаб киген қалалық әйелдер арасында орамалды мұсылман әйелінің кеңістігі мен өмірлік бағдарын айқындайтын, оның белгілі бір коммюнитиге жататындығын білдіретін нышан ретінде пайдалану орын алған.
П.Бурдьенің пайымдауынша, символдық қор – «бұл танымдық қабілеттерімен әлеуметтік құрастырылған хабитустың символдық белгілерін білу немесе дәлірек айтсақ, нышандардың көпшілікпен таныс болуы немесе болмауын ұсынатын (яғни қабылдау) қордың кез келген түрі» (3). Осылайша, символдық қорды өзара танысу және мойындау мүмкіндіктермен байланысқан ресурстардың жиынтығы деп түсінеміз.
Әлеуметтанулық зерттеу 2007 жылдың қыркүйегі мен 2008 жылдың тамыз аралығында жүргізілді. Ақпарат жинау әдісі ретінде тереңдетілген сұхбат қолданылды. Зерттеу хиджаб киген әйелдердің ұстанымдары мен күнделікті тәжірибесіне қатысты кешенді сұрақтарды зерделеуге бағытталған еді. Зерттеудің нысаны - посткеңестік Қазақстандағы хиджаб киген 17-35 жас арасындағы әйел адамдар. Берліген топ қазіргі таңда көпшілік арасында «фундаменталист», «тақуа» т.с.с. кеңінен таралған атауларға ие және қоғамдық санада дискурс құрастырудың ерекше назарында болып отыр.
Зерттеу орамал жабынудың семантикалық және символдық мағынасын анықтау, заманауи қалалық кеңістікте орамал тартқан мұсылман болу қалай? хиджаб – дәстүрге, өткенге қайа оралу ма? Қазіргі таңда болып жатқан қоғамдық өзгерістер еріксіз көндіріп отырған жаңа дәстүр ме, әлде стратегия ма? деген секілді сұрақтарға жауап іздеуді талап ететін міндеттерден тұрады.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы ислам жастар субмәдениетіндегі хиджаб киген қыздардың мағынасы зор. Себебі олар жаңа мұсылмандық ортаны өзінше сипат беріп жасайтындар болып табылады. Егер қыздар діннің қатал талаптарын ұстануға тиіс екенін ескеретін болсақ, онда келесі сұрақ туындайды. Зайырлы қоғамда қыздардың хиджаб киюге шешім қабылдауына не себеп?
Біз зерттеуді ең алдымен, мұсылман орамалы – хиджабтың мағынасын түсінуден бастадық. Исламда бас пен бетті жауып тұратын, әйелдерге арналған көптеген бас киім түрлері бар. Хиджаб (араб тілінен аударғанда «жамылғы» дегенді білдіреді) – төртбұрыш пішінді, бас пен мойынды жауып, бетті ашық қалдыратын мұсылман әйелінің бас киімі. Никаб (Сауд Арабиясында кең таралған) – көзді ғана ашық қалдырып, бетті көрсетпейтін бас киім. Никаб көбіне исламның шейт бағытындағы мұсылман әйелдеріне тән. Паранджа (Ауғаныстанда кездеседі) бетті толығымен жауып, кеудеден төмен түсіп тұрады. Көздің тұсында торланған кесік болады. Мұсылманша шәлінің де көптеген түрлері бар: әмірлер (бас киім мен шалма), шейла (Пәкістанда кездеседі) – кескіні тікбұрышты, басқа жабылып, иықтан түйреуішпен түйірілген ұзын орамал. Сондай-ақ жабынның да бірнеше түрі бар. Соның бірі – хымар. Ол шашты, мойынды және иықты жапқанымен, бет ашық тұрады, ұзындығы белге дейін жетеді. Келесі түрі - чадор. Иранда кең таралған. Дене тұтас жабалып, беті ған ашық қалады.
Қазақстан қыздары мен әйелдері арасында көбінесе иектің астынан оралған, не түйреуішпен түйрелген хиджабты кездестіруге болады. Хиджаб – дененің кескінін жасырып, адамның беті мен қолын білектен ашық қалдырып, бас пен дене толығымен жабылуын талап ететін, мұсылман киімдірінің атауы. Исламда мұндай киімді «сыртқы хиджаб» деп атайды. Сондай-ақ «ішкі хиджаб» деген ұғым бар. Ол мұсылман әйел ұстанатын ғадет нормаларының жиынтығын білдіреді.
Дегенмен, күнделікті өмірдегі қала дискурсына сүйенсек, хиджаб дегенде көпшілігі тек басқа тартатын орамалды түсінеді. Бұл жерде ұғымның алмастырылуы кездейсоқ емес. И. Гофманның айтуы бойынша, гендерлік дисплейде нақ осы орамал, қыздар үшін қажетті «айыру белгісі» қызметін атқарады.
Осыдан келесі сұрақ туындайды. Қазақстандағы жас әйелдердің өмірінде жаңа діни тәжірибенің – мұсылман орамалын тарту немен байланысты?
Астанадағы көптеген жас мұсылман қыздар зайырлы, әдетте атеистік үлгідегі отбасыларда тәрбиеленген. Олардың бала кезден қалыптасқан жүріс-тұрыс үлгісі ислам діні өкілдерінің құндылықтарына сәйкес келмейді. Себебі оларға берілген тәрбиеде мұсылмандықпен бірегейліктің қалыптасуына жағдай жасалған жоқ. Керісінше, олардың жастайынан орамал тартуға деген шешімі, кеңестік қоғамда әлеуметтенген ата-аналары тарапынан түсінбеушілік туғызды. Өздерін мұсылманбыз деп санайтын және ислам дінінің көптеген жоралғыларын ұстанатын, егде жастағы ақпарат берушілердің айтуынша, жас қыздардың орамал тартуы шектен шыққан тақуалық. Сәйкесінше тәжірибе жүзінде исламға апарар жол өзін-өзі тәрбиелеу және жасаған таңдауына үнемі ой жүгіртіп, өзін қайта қалыпастыру жолына айналады. Осылайша, қыз бала өзінен мұсылманды «жасайды». Осы «жасау» процесіндегі шешуші рөл басына орамал тарту тәжірибесі.
Астана жас мұсылмандарының өмірбаяндарын зерделей келе, мынадай түйін жасауға болады. Басына орамал тарту әрекеті өмір тарихындағы бұрылысты сәт, осыдан бастап оның өмір сүру үлгісін кешенді өзгерту процесі басталады. Орамал тәріпті сақтау факторына айналған. «Менің тәжірибем көрсеткендей, киім киюде, көңіл көтеруде (түнгі клубтар), яғни айналаңда еліктіретін нәрселер көп болғанда, барлығы секілді (денені тартып тұратын киіммен, орамалсыз) жүру мүмкін емес. Адамды арбаудан сақтап тұратын тосқауыл болмаса, ол бәрі-бір біртіндеп болсын, төмендейді. Орамал мен үшін тосқауыл болды. Мен оны тежегіш ретінде қабылдаймын. Себебі орамал тарту көп нәрсеге міндеттейді» (Гүлмира, 26 жаста).
Бұл тұста, тағдырын өзгертуге деген ерікті шешім маңызды орын алады. Сұхбат барысында мұсылман қыздар өздерінің дінге қатысты ойларын сызып көрсетіп, исламға өз еріктерімен саналы түрде келгендіктерін басып айтады. Қыздар сонымен бірге, исламды қабылдау мен орамал тарту - қоршаған өмірдің шындығын сыни қабылдаудың нәтижесі дейді, ол өз кезегінде шынайы өмірдің кейбір тұстарымен келіспегендіктің белгісі ретінде, тіршілік етудің басқа жолын іздеуге итермеледі. Іс-жүзінде орамал тартқан мұсылман қалыптасқан пікірлерше, дараланған сопыға айналмайды. Керісінше, басын орамалмен жабқан олар көпшіліктің назарына ілінеді. Ислам атрибуттары (біздің жағдайда орамал) зерттеу кезінде алған мәліметтерімізге сәйкес, мұсылман әйелдерді өзгешелеп, көпшілік арасында актор ретіндегі позициясын күшейте түседі. Осылайша, қыздар өздерінің «күн тәртібінде» тұрған өзекті (неке тұру, жұмыс іздеу, бала тәрбиесі және т.б.) мәселерлерді шешу мақсатында жамағат (коммюнити) болып біріге түседі.
Астанадағы «Барақят», «Кәусәр», «Халифа-Алтай» сынды коммюнити түрлері осыған мысал болады. Зерттеу барысында «Халифа-Алтай» қоғамдық қоры жанында қызмет атқаратын ірі мұсылман әйелдері коммюнитилерінің біріне көңіл аудардық.
Әйгілі түріктанушы, дінтанушы, жазушы және аудармашы Халифа Алтай (1931-2000жж.) атындағы қордың негізі Алматы қаласында 1999 жылы қаланды. Қордың басты міндеттеріне қоғам арасында исламның мақсаты мен міндеттері жөнінде объективті түсініктер беру, ислам құндылықтарын белсенді түрде насихаттау және тұрғындардың мәдениет деңгейін көтеру кіреді. «Халифа Алтай» қоры Алматы қаласында белсенді қызмет атқара отырып, Астана, Қарағанды қалаларында өз филиалдарын ашты. Қор діни әдебиеттерді басып шығару және оларды тегін таратумен айналысады, сонымен қатар онда мұсылман киім-кешегін тігетін тігін цехы да жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында, бала-бақшаларда, түзету мекемелерінде қордың қызметкерлері ислам туралы дәріс береді. Осы күні «Халифа Алтай» қорымен ұйымдастырылған тегін араб тілін үйретуге арналған курстары кеңінен танымал.
Зерттеу барысында қойылған: «Хиджаб киген мұсылман әйелдердің күнделікті өмірінде берілген коммюнитидің рөлі мен мәні қандай?» деген сұраққа мынадай жауаптар алдық. Жамағат «иманды нығайтады» (Жайран, 29 жаста), «зинаны болдырмайды» (Қаракөз, 26 жаста), «....жамағатпен оқылған намаз, жалғыз оқыған намазға қарағанда жүз есе сауап болады» (Сайран, 32 жаста).
Берілген коммюнити мұсылман әйелдердің өмірінде маңызды рөл атқарады. «Халифа-Алтай» жамағаты діни салттарды ғана бірлесіп атқарып қоймай, бос уақыттарын да бірге өткізеді. Бірлесіп шетел тілдерін (араб, түрік, ағылшын және т.б.) оқи жүріп, «Қыз сыны» мен мұсылман әйелдің сәнді киім үлгілерін көрсетуді ұйымдастырады. Мұсылман әйелдер балалар үйіндегі бүлдіршіндердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға да белсене араласады.
Хиджаб киген әйелдер арасында «апа» деген берік және маңызды ұғым бар. Бұл ұғым «барлық мұсылмандар бір-біріне аға және апа» қағидасының негізі, осыдан барып жамағат қалыптасады. Мұндай ортада әртүрлі ұжымдық іс-шараларды (Наурыз, Ораза Байрам және т.б.) ислам талаптарына сәйкес халал болып табылатын – дәмхана, мейрамханаларда өткізуді ұйымдастыру мәселесімен айналысатын формалды емес көшбасшылары болады.
Берілген діни коммюнитидің ұйымдастырушылық құрылымы да бар. Коммюнити арнайы діни білімі бар (медресе, ислам университеті, шетелдік мұсылмандық білім алған) дін бойынша дәріс оқитын оқытушылар мен шет елдерде (Түркия, Таяу шығыс елдері) сынақ мерзімінен өткен, шетел тілдерінен сабақ беретіндер, сондай ақ, қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы міндетін атқарушы белсенділер мен қатардағы қызметкерлерден тұрады.
Осылайша, жамағат хиджабтағы әйелдердің күнделікті өміріндегі діни тәжірибесінде әлеуметтік-діни тәртіпті қамтамасыз ететін мына маңызды қызметтерді атқарады:
1) діни (көпшілік алдында діни дәрістер өткізу, бірлесіп намаз оқу, діни рәсімдер мен жоралғыларды атқару, қасиетті мәтіндерді оқу және оны түсіндіру, неке, отбасы, бала тәрбиесі, киім кию үлгісі, тамақтану және т.б. қойылатын мұсылмандық қағидалар мен талаптар жайында ақпараттандыру);
2) әлеуметтік (жамағат мүшелерін топтастыру, қаржылай және рухани қолдау көрсету, өмірлік жар таңдауда, жұмыс іздеуде өзара көмек көрсету, дресс-код - жүріс-тұрыс үлгісіне сай жаңа нормаларды, мұсылмандық этикетті, гендерлік рөлді, ері мен балалары алдындағы міндеттері меңгеру үшін қайта әлеуметтендіру);
3) мәдени (шет тілдерін үйрену, бос уақытын көппен бірлесе өткізу, зайырлы және діни сипаттағы шетелдік білім беру бағдарламаларын хабардар ету, сән үлгілерін көрсетуді, жеке өмірінде – некеге тұру, дүниеге сәби келу, жерлеу рәсімдеріне байланысты жоралғыларды ұйымдастыру).
Зерттеу нәтижесі Астана қаласының күнделікті тұрмысына енген хиджаб көпаспектілі екенін көрсетті. Нақты айтқанда, хиджаб діни киім ретінде жергілікті қазақтың ұлттық дәстүріне қатынасы жөнінде өткір сұрақ туындайды. Ұлттық және діни дискурс арасында зерттеу барысында анықтағанымыздай жасырын сипатта болса да, қақтығыстың бар екендігін көрсетті.
Қазақстанда орын алған бұл жағдайдың ерекшелігі, қазіргі тәжірибеде хиджаб кию мен қазақ халқының ұлттық дәстүрінің қатынасы жөнінде сұрақтардың орын алуымен сипатталады. Орамал тартқан мұсылман әйелдерінің айтуынша, олардың көбі «қазақ халқының дәстүрі бойынша, тұрмыс құрмаған әйел заты бастарына орамал тартпайды, ол біздің менталитетке сәйкес емес» деген айыптауларды жие естіген. Олардың мұндай жағдайда беретін жауабы: «Біз ұлттық дінді емес, ислам дінін ұстанамыз және ол нені жабу керек десе, біз соны жабамыз. Біз арабтардан үйренбегенде кімнен үйренеміз? Нағыз иманды бізге арабтар әкеледі, өйткені онда ислам дініне ешқашан да тиым салынбаған, солай емес пе? Бұл білім арабтарда сақталған» (Манат, 23 жаста).
Дегенмен, Астананың көптеген мұсылман қыздары үшін олардың діни тәжірибесі қазақтың ұлттық сипатының көрінісі. Ақпарат берушілердің пікірінше, хиджабтың тұпнұсқасы ретінде Қазақстан тарихынан белгілі кимешек және басқада әйелдердің бас киімдерін қарастыруға болады. Өйткені қазақ әйеліне жалаң бас жүру тән болмаған, сондықтан әрбір әйел өзінің жасына сәйкес бас киімдер (бөрік, сәукеле, тақия, жаулық) киген. Астана қаласындағы орамал тартқан барлығы 16 мұсылман қыздармен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттың он төртеуінде қыздар өзінің ұлттық бірегейлігіне ерекше көңіл бөледі. Оларға ұлттық мәдениеттің ережелерін сақтамайсыңдар деген айыптаулар айтылған жағдайда олар, әйелдердің орамал тартып, денелерін жабық ұстауы ұлттық дәстүрімізден қалған деп дәлелдерді келтіреді.
Қазіргі уақытта қазақ-мұсылман қыздар өмірінде хиджабтың рөлі мен оның мәні қандай?
Репонденттердің пікірінше, хиджаб мұсылман әйелдің өмірінде өте маңызды рөл атқарады. «..неге мен орамал тақтым? Хиджаб адамдардың, әсіресе ер адамдар тарапынан сыйластық тудырады. Хиджаб Тәңірдің даналығының белгісі. Қорғаушы механизм іспетті, ол адамгершілік нормаларды сақтауға және рухани тазалықты ұстауға ықпал етеді. Хиджаб кию ол әйел адамның Тәңірі алдындағы міндеті. Жаратушының маған өмір бергені үшін қолымнан келер нәрсенің бұл ең кішкентайы ғана! Менің жүріс-тұрысым сыртқы келбетіме сай болу керек, яғни бейтаныс адамдармен сыпайы, жаймен сөйлесу, әдепті болу, жақысылық жасау» (Сайран, 32 жас).
Хиджабтағы әйелдер, оны киюге түрткі болған себептердің бірі ретінде қазіргі қоғамда орын алған отбасы дағдарысын келтіреді. Бұл дағдарыстың айғағы: ажырасу санының артуы, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыста белең алған зорлық, жасанды түсіктің көбеюі, жезөкшеліктің қарқынды дамуы, зина (бей-берекет жыныстық қатынасқа түсу) жасау. Осындай факторлардан соң «...хиджаб - әйел адамның адамгершілігін сақтауға, рух пен тән тазалығын ұстауға әсер ететін қорғаныш механизі. Хиджаб менің абыройымды сақтап, масқара болу мен зорлыққа ұшыраудан сақтайды» (Айым, 23 жас).
Шынында орамал тартуды әйелдер ұлттық бірегейліктің жаңа түрі ретінде қарастыруға болатын, аса зор себептерін негіздейді. «.....Неге біз өркениетті азаматтық қоғамды қалыптастыра алмай отырмыз? Неге біздің арамызда өз Отанының нағыз патриоты жоқ? Себебі, біз әйелдер балаларымызды отанға деген махаббат, үлкенге құрмет және т.с.с. рухында тәрбиелеу керек екендігін ұмыттық. Исламда құлшылыққа қарама-қарсы ғибадат деген ұғым бар. Ал осы ғибадат қылудың үш жолы бар. Олар: кітап жазу, көпір салу немесе жақсы азамат тәрбиелеу. Өкінішімізге қарай, қазақтар арасында жақсы азаматтар мен патриоттар жоқтың қасы. Қазақстанда тұратын қазақтар үшін бұл - ұят!» (Гүлмира, 24 жас).
Сонымен, өткізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижесінде «Зайырлы қоғамда қыздардың хиджаб киюге шешім қабылдауына не себеп?» деген басты зерттеушілік сұрағымызға жауап алдық. Хиджаб киюдің себептері: рухани (Жаратушы алдындағы парыз), азаматтық (балаларын Қазақстан патриоты рухында тәрбилеу), жеке (ері мен балалары алдындағы міндеті), прагматикалық (жұбайының дін жолында болуы), қауыпсіздік (өзін зорлықтан сақтандыру).
Әдебиеттер:
(http://muftyat.kz)
И. Гоффман. Представления себя другим в повседневной жизни. – М., 200, 307стр.
Bourdieu, Pierre. Les rites d¢institution, Actes de la recherché en sciences socials, Vol. 43 (1982)
Түйін
Мақала негізін автордың эмпирикалық зерттеуінің негізгі нәтижелері құрастырды. Зерттеу әйелдер діншілдігін және Қазақстандағы жаңа мұсылмандық тәжірибелерді зерттеуге мақсатталды. Негізгі зерттеу сұрақтары ретнде - мұсылмандық орамал тағатын кәзіргі әйелдердің өміріндегі хиджаб ролі, хиджаб тағатын кәзіргі әйелдердің күнделікті өміріндегі діни қауымдастықтың ролі, хиджабтағы әйелдің әлеуметтік желілерге қатысы.
Аннотация
В данной статье автором представлены некоторые результаты эмпирического исследования, в фокусе которого находилось изучение женской религиозности и новых мусульманских практик в Казахстане, на примере новой столицы г.Астана.
В качестве основных исследовательских вопросов выступили - роль и значение хиджаба в жизни современных женщин-мусульманок; функции религиозного коммюнити в повседневной жизни «новой» мусульманки; включенность женщины в хиджабе в социальные сети.
Theses
In given article the author presents some results of empirical research in which focus there was a studying of female religiousness and new Muslim an expert in Kazakhstan, on an example of new capital Astana. As the basic research questions have acted – the role and the value hidjaab in a everyday life of modern Moslem women; functions religious community in everyday life of the Moslem women in hidjaab; an including of the veiling woman in social networks.
Достарыңызбен бөлісу: |