Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Г.Н.Абдвахитова., Г.Т.Тілеужанова
Қазақ тілін үйренушілерге тіл мен тәрбиені байланыстыра оқыту.
Тірек сөздер:оқыту,салт-дәстүр, шығармашылық,сұрақ-жауап, аудару,қайталау, тәрбие,мақал,сыйлау.
Қазақ тілін оқыту барысында қазақ халқының тарихы, әдебиеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ғылымы, өнері, ақын-жазушылары және т.б жөніндегі білім жинақталады, жүйеленеді. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың сапасын арттыру көптеген факторларға байланысты. Олар білім мазмұны, әдістемелік, оқытушы шеберлігі оқу-материалдық база т.б.
Бүгінгі таңда студенттер алатын ақпарат жан-жақты даму үстінде. Атап айтқанда, интернет желісінің, электронды поштаның өсуі, күнделікті тұрмыста қолданысқа енуі студенттердің ойлау жүйесінің артуына, ақпараттарды мол қабылдауына өз әсерін тигізіп отыр. Сондықтан оқытушы студенттермен нағыз қатынас орната отырып, шығармашылық байланыста болуы керек. Оқытушы студенттің ішкі жан дүниесіне әсер ететін нағыз тәрбиелеуші күш, сондықтан оның кәсіби шеберлігі, яғни тілді үйретуі тәрбиемен ұштастыру іскерлігі дамып отыруы қажет. Олай болса, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, әдеби, мәдени бай қазынасын студенттердің санасына сіңіріп, тәрбиелеу әр оқытушының міндеті. Орыс аудиториясындағы оқытушыларға қазақ тілін сан қилы әдістерге сүйеніп тиімді өткізуге болады. Әсіресе, қазақ тілінде 9 әріпті, септік жалғауының артықшылығын, екпін түсіру ерекшеліктерін үйретудің қиындығы, қазақ тіліне тән шешендік сөздерді орыс тіліне аударуға байланысты туындайтын қайшылықтар қазақ тілі маманын көптеген мәселелелерді өзінше ойланып, шешуін қажет етеді. Міне, өз сабақтарында әркез қазақ тіліне тән ерекше дыбыстардың айтылуына басты назар аударамыз. Сонымен бірге дыбыстардың айтылуы мен мағынасы арасындағы тығыз байланысты да сабақ үстінде ескеріп отыру керек. Сөздердің мағыналы өзгеруі оның айтылуына да әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз. Қазақ тілі сабағында дыбыстардың жуан, жіңішке, қатаң, ұяң, үнді тағы басқа болып бөлінуін тілдегі үндестік (сингармонизм) заңдарымен ұштастыра оқыту керек. Дыбыстардың үндесу заңдарын үйрету қазақ тілінде дұрыс сөйлеудің ең басты шарты. Өйткені дыбыстардың бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын, сөздердің өзара байланысу жолдарын білмей тұрып, сөйлем құру мүмкін емес. Осы қиындықтарды жеңіп, оқу процессінде студенттерге дұрыс бағдар, бағыт бере білу оқытушының тәжірибелігінен, оның өз пәніне деген ықыласын,ой өрісінің кеңділігін көрсетеді. Осы пікірлерімізді ортаға сала отырып, орыс аудиториясында қазақ тілін оқытуда өзіміз сүйенетін бірқатар тиімді әдістерімізді баяндап бермекшіміз.
Сұрақ-жауап әдісі. Сабақта осы әдісті жиі қолдана отырып, студенттердің қазақша ойлау жүйесін дамытуға болады.
Суретті пайдалану.Студенттерді сурет арқылы сөз, сөйлем құрастыруға дағдыландыру үшін өте тиімді әдіс. Әсіресе, әр тақырып бойынша іріктеліп жиналған, тақырыптық топтама суреттердің берері мол. Мысалы : Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, Дипломатиялық қабылдаулар, кездесулер т.б.
Аударма. Екі тілде де сөйлемді және жазуды жан-жақты үйрететін пайдалы әдіс.Бұл әдісте де мамандыққа қатысты мәтіндер алынады.
Сөзді және сөйлемді толықтыру. Сөздерді құрап айту, әрбір сөздің орысша, қазақша мағынасын түсіндіру, тақтаға және дәптерге қазақша жазуды үйрету ең қиын да күрделі жұмыс. Сөйлем құрау және сөзді толықтыру әдісін білген оқытушы қазақ тілін тез үйрете алады.
Мәтін бойынша сабақ өту әдісі. Бұл әдісті қолдану оңай емес. Себебі оқытушы қос тілде де жақсы сөйлеп, әрі түсіндіре білуі керек. Қазақ тілін жақсы түсіндіре алғанмен, орыс тілін жөнді сөйлей алмаса, мәтінмен де жұмыс істеу қиын. Орыс аудиториясында мәтiнмен жұмыс iстеу студенттердiң тiлiн дамытуда ерекше орын алады. Мәтiн студенттерге бiлiм бередi, олардың ойлау қабiлетiн, тiлiн дамытады, қазақша жүйелi сөйлеуге үйретедi.
Қайталау. Тіл үйретудің негізгі шарты-әрбір сөзді қазақша көбірек қайталату, сөйлетіп, жаттықтыра беру.
Сөздікпен жұмыс істеу. Сөздік жұмысы студенттердің қазақша сөздік қорын көбейтіп, ой-өрісін кеңейтеді.
Жаттығу әдісі. Студенттерге тіл үйретудің тиімді әдістерінің бірі. Жаттығу жазбаша және ауызша өткізіледі.
Мәнерлеп оқыту. Сөзді, сөйлемді тақтадан, кітаптан, дәптерден дұрыс оқыта білу-қазақ тілін меңгеруге септігін тигізері сөзсіз.
10.Әңгімелесу.Екі тілде әңгімелесу арқылы тілімізді үйрету, студенттерді өз бетінше қазақша сөйлеуге дағдыландыру.
Білім жүйесінің нарықтық экономикаға енуі, оның әдістері мен жобаларын қайта қарауды талап етеді. Дегенмен біз жаңа оқу жүйесін енгізуде бірнеше жылдар бойы білікті мамандар дайындауда қалыптасқан әдістерімізден бас тарта алмаймыз, қайта білімімізді жетілдіре отырып, халықаралық деңгейге сай оқу үдерісін дамытамыз. Жаңа технологияны енгізуде алдымызға қойылған мақсаттың орындалуы оқытушының ісі нәтижелі болуы. Оқыту мен тәрбиелеудің егіздігі студенттің танымдылық дәрежесін арттырып , білімге құштарлығын дамытады. Біз өтіп жатқан кредиттік технология алдымен оқытушының күнделікті даярлығын талап етеді. Тіл – адамдардың ойлары мен сезімдерін жеткізетін және жаңалықтар мен білімді игеретін қатынас құралы. Тілдің дұрыс қатынасқа түсуі үйренуші мен үйретушіге тікелей байланысты. Үйренуші тілді үйренем деп талпынғанда, үйретуші сол зеректілікті дәл баса білсе тіл дамиды.
Әр ұлттың салт – санасы , түсiнiгi, танымы, сөйлеу мәдениетi, дәстүрi әркелкi. Жаңа технологияны қолдану, студенттердің шығармашылық қабiлеттерiн арттырады. Ол үшiн енгiзiлген жаңалықты студенттердің деңгейiне сәйкестендiре қолдану қажет, себебi бiр топта қабiлетi әртүрлi студенттер отырады. Берiлген мәтiндi оқыта отырып, студенттерден мәтiннiң мазмұнын қалай (орысша - қазақша) түсiнгенiн сұраймыз. Одан кейiн оқиғаның не жайында баяндалып тұрғанын ( iс - әрекет адамның қатысуымен бе, әлде жан-жануар, құбылыс па) түсіндіреміз. Жоғарыда келтiрiлген iс-әрекеттiң(жатыр,жүр,-отыр,тұр) қандайын қолдануы қажеттiгiн айту керек. Студенттің танымдылығы оқиғаның неге байланыстығын дұрыс түсiнгенде ғана сөйлемнiң мағынасы ненi сұрап тұрғандығын бiледi. Тiлдi меңгеру және меңгерту оңай жұмыс емес. Ең алдымен тiлдi тұтыну қажеттiлiгiне тiл үйренушiнiң ынтасы болу шарт. Оқыту әдісінде дәстүрлі әдіспен қатар этно,тандем, ойын, тәжірбие, қайталау әдістерін жаңа технологияға үндестіре қолданған жөн. Ықылас пен ынта , тiлдi үйренем деген талап белгiлі бiр қажеттiлiкте ғана туындайды. Кезiнде орыс тiлiн бiлу қандай қажеттiлiктi керек етсе, қазiргi кезеңде ағылшын тiлiн бiлу де қажеттiлiктi тудырып отыр. Техникаға байланысты енген сөздер студенттің логикалық өрiстерiн де кеңейтедi.Олар алдымен сол сөздiң мағынасын бiлуге талпынады, құштарлық пайда болады. Егер сол сөз қазақ сөзiмен тiркеске енiп, белгiлi бiр әрекеттi бiлдiрiп тұрса, студент өз ойын тиянақты аяқтай алады.
Жаңа технология мен әдiстердi оқыту тек тәжiрбие жұмыстарында ғана iске асады. Сондықтан жұмысты дайындағанда топтағы студенттердің қабiлетi мен ынталарын жоғалтпайтындай етiп жеткiзу керек. Оқу әдiсi жыл сайын емес, күн сайын жаңаланып отырады,себебi әр оқытушы өз тәжiрбиесiн жетiлдiрiп отырады. Оқытушы жаңа технологияны пайымдап, зерттеп, жақсысы мен жаманын екшеп барып, оны әдiс ретiнде пайдалана алады.Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадыр-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан кез келген мемлекет өзінің аумағында салт-дәстүрін, ана тілін айрықша қорғайды. Еліміз Қазақстан Республикасы егемен ел атанды. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Тіл туралы заң қабылданды. Тіл адамдар арасындағы қатынас құралы, өйткені адамдар қоғамдық өмірде бір-бірімен тіл арқылы сөйлеседі, пікір алмасады, ойын жеткізеді. Тіл арқылы біз оқып, білім аламыз, қалаған мамандықты игереміз. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. “Өнер алды – қызыл тіл” деген осыдан шыққан болар. Тіл халықпен бірге жасайды, дамиды, өркендейді. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не?
Себебі тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Тәрбие үдерісінде халық мұрасының танымдық, тәрбиелік мәні ұлан-ғайыр дүние, ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана адам өмірінің рухани-эстетикалық қуатының қайнары. Бабаларымыз өзінің барлық асыл сөз, даналық ойларын, мақал-мәтелдер,нақыл сөздерін кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған. Сонымен қатар халқымыздың ою-өрнектерін, мәдени мұраларын пайдалана отырып та танымдық тапсырмалар беруге болады.Мысалы: ыдыс-аяқ (кесе,шәйнек),ою-өрнек. Халық педагогикасының қағидалары қай халықтың болсын тұрмысымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты болып, үнемі өсіп-өркендеп, дамып отырады.Мақал-мәтелдерде адамгершілік ,имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда ақыл-ой тәрбиесі, өлең-жыр дастандарда әсемдік тәрбиесінің негізгі принцптері, ал ертегілер халықтың сан алуан мәселелерін қорғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланған. Ең негізгі мәселе бұларды бүгінгі күннің талап, тілегімен байланыстыра оқу тәрбие үдерісінде пайдалана білу. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары, бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздардар, шешендік сөздер мен айтыс, термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні адамгершілік, имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене ,отбасы. Жыраулар мен ақындардың, ұлы данышпандар мен батырлардың , ел басшылардың шығарған мақал-мәтелдері жөнінде эдвайзерлік сағаттарын, пәндік кештерге, мерейтойларға арналған әдеби кештерде болады. Сабақ барысында пікірталас, пікірсайыс, білім жарыстыру, сахналық қойылымдарды ұйымдастыру керек. Мысалы: қазақ халқының шешен-билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билері халықтың ұлттық бірлігін сақтауға зор әсерін тигізген. Данышпан ақын, шешен ойшыл, көсемдер туралы, солардың бейнелерін сахнада көрсетіп, сөздерін өнеге етіп, қастерлі қойылымдар ұйымдастыруға болады. Демек осындай тағылымдардың куәгері болып өскен жастардың адамгершілік қасиетінің ( ар-ұят, сыпайылық, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, еңбекті қадірлеу, халқын сүю, дос-жаранды қадірлеу, т.б.) Сондай-ақ оқу- тәрбие процесінде тәрбиенің маңызды факторы ретінде бүкіл ғылымның жетістіктерін барынша қолдану және халықтық пайдаланумен байланысты. Қазақ халқының педагогикалық ой-пікірін халықтың өткендегі өмірімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс тіршілігімен тығыз байланысты алып қараған жөн. Қазақ халқы – салт – дәстүрге өте бай ел. «Халқым қандай десең,салтымнан сынап біл» демекші бұл оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы .Халықтық тәлім-тәрбие ұлтымыздың нағыз тәрбие құралы екендігі дәлелденіп қойған. Қазақ тілі сабағында ойынды қолдану студенттердің жан-жақты дамып, жетілуіне, дүниеге көзқарасының сана-сезімінің, эмоциясының, рухани және эстетикалық көзқарасының қалыптасуына, өз бетінше білімін көтеруге ұмтылуын дағдыға айналдыруға әсер етеді. Қазақ тілін оқып, үйрену барысында студенттер өз сөзін жоспарлай білуге икемделеді, сөз әріптерін дұрыс пайдалануға дағдыланады.Бүгінгі күні жоғары оқу орындарының оқытушыларының мақсаты : тәрбиелеу мен оқытудың жұмыс түрлерін ұштастыра отырып, одан әрі жетілдіруді, өмірмен байланыстыруды міндеттеп отыр. Білім – білікті ерінбейтін еңбекке ұштастыру, ол – ұрпақ тағдырына адалдық таныту. Олардың бойына біліммен қатар, отаншылдық рухты дарыту, тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағынан дәйім сусындауы, имандылық, мейірім, адамгершілік, адалдық шуағын себуі, ізгілікке жетелеу – осының бәрін оқытудың озық үлгілермен жалғастыру. Оқыту процесі тәрбиелеу процесімен қатар жүргізіледі, дегенмен оны қажетті бағытта, оқу материялының мазмұнына, әдісіне, формасына, негізгі мақсатына, қоғамның даму кезегіндегі бағыттарға байланысты таңдайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2008 жыл
2. «Білім және ғылым» журналы 2011 жыл
3. «Жас ғалым» журналы 2011 жыл
4. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы 2002 жыл
Резюме
В статье рассматривается обучение казахскому языку с аспектами воспитательного характера .
Summary
The article considers teaching kazakh language with the aspects of educational character.
Достарыңызбен бөлісу: |