Бернард Барбер мәселені ежелгі дүниеден біздің заманымызға дейінгі тарихи тұрғыдан қарай отырып, батыс қоғамы әлеуметтік стратификациясының алты өлшемін бөліп қараған:
1. Кәсіп рөлі. Отағасы - барлық қоғамда да өзінің азды-көпті толық жұмыс уақытын арнайтын “өндіруші” рөлде қоғамға қосатын функционалдық үлесі тұрғысынан жіктеліп бағаланып келген. Осы сияқты рөлдер әрқашан олардың функционалдық үлесінің шамасы бойынша әр түрлі болады және тиісінше дифференциалды бағаланады, яғни мерейлері әр түрлі болады.
2. Билік пен күш-қуат деңгейі бойынша дәрежелеу. Билікті әлеуметтік жүйелерде мақсатқа жетудің заңды қабілеті деп, ал күш-қуатты оның заңсыз ұқсастығы деп анықтауға болады. Кез келген қоғамда кейбір рөлдер басқа рөлдерге қарағанда үлкен билік пен күш-қуатты қамтиды, нәтижесінде олардың құрылымдары осы өлшем бойынша стратификацияланады.
3. Кіріс немесе байлық. Қоғамдағы әр түрлі кәсіптік рөлдердің пайда табу мен байлық жинауға қабілеттері әр түрлі болады, отбасылық байланыстарға орай мұраға ие болу жолымен байлыққа ие болу мүмкіншіліктері де дәл осындай әр түрлі. Бұрын да, қазір де ақша бірқатар мобильділік процестерінде үлкен орын алады. Бұл ретте М.Вебердің ізін ала Б.Барбер мерейдің, биліктің және табыстың арасында сәйкессіздік болуы мүмкін екендігін айтады. Кейбір рөлдер (мысалы, Рим Папасы) жоғары мерей мен билікке ие, ал табысы - төмен. Немесе, керісінше, әлеуметтік мерейі онша жоғары емес. Бұл орайда табыс әрқашан да одан әрі дамудың және ақшамен жоғары бағаланатын рөлдерге қол жеткізу (мысалы, білімді, атақты сатып алу, неғұрлым жоғары саналатын әлеуметтік топтың өкіліне үйлену және т.б.) құралы болған.
4. Білім беру немесе білім алу. Адамдардың қоғамда оқу-білімге және білім алуға әрқашан қолдары бірдей жете бермейді, мұның олардың өздеріне туғаннан берілген әр түрлі рөлдерін атқаруы үшін ғана емес, бір рөлден екінші рөлге өту мүмкіншілігі үшін де маңызы зор.
5. Діни немесе салттық тазалық. Қандай да бір қоғамдағы функционалдық маңызды діни идеялар категориясына адамдар азды-көпті дәрежеде жоғары бағаланатын діни немесе салттық тазалыққа ие болуы мүмкін.
6. Туыстық және этникалық топтар бойынша дәрежелеу. Туыстық және этникалық топтар барлық қоғам үшін және өздері өмір сүретін жергілікті қауымдастықтардағы өздерінің функцияларын қалай орындайтындықтары тұрғысында әр түрлі, атап айтқанда олардың кәсіптік мерейлерінен, билік пен күш-қуаты дәрежесінен, табысы мен байлығы деңгейінен бөлек туыстық және этникалық топтар ретінде бағаланады.
Б.Барбер жоғарыда аталған алты өлшем түріндегі мағынасында өзіндік стратифициялық құрылымның тәуелсіз өлшемі емес қоғамда үстемдік ететін мобильділікке қатысты институцияланған нормалар берілген қоғамда жасалатын мобильділіктің көлемі мен дәрежесіне едәуір ықпал етеді деп есептейді.
Б.Барбер теориясы әлеуметтік стратификацияны геометриялық фигуралар терминімен сипаттайды, бұл әлеуметтік мобильділіктің өтіп жатқан процестерін көзге елестетуге және әлеуметтік стратификацияның қазіргі заманғы батыстық жүйесін түсінікті баяндауға мүмкіндік береді.
Иерархия факторын қарастырғанда стратификациялық рангтерді бөлген кезде пайда болатын негізгі екі фигура Б.Барбердің ойынша пирамида мен ромб болып табылады. Бұл екі фигура әрқашан төбесіне жақын рангтерді иеленетін азшылықтың - “элита” немесе “элиталар жиынтығы” болатынын көрсетеді, бұл төбені Б.Барбер осылай атайды. Пирамидалық фигурада, сонымен қатар, салыстырмалы түрде аз адамдар орта рангте, бұқара халық төменгі дәрежеде болады. Бұған керісінше ромб тәріздес фигура адамдардың төменгіге дәрежеге қарағанда орта дәрежеде бірдей мөлшерде көп шоғырлануымен сипатталады, әйтсе де төменгі дәрежеде фигураның үшкірлігін жасау үшін едәуір адамдар қалып қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |