«Май ауданының білім беру бөлімі» ММ
Баяндама тақырыбы: ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛЬДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Аубакирова Индира Биржанкызы
әдістемелік кабинет әдіскері
Павлодар облысы, Май ауданы
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛЬДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылды.
Осы міндетті жүзеге асыру барысында оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспардың мақсат, міндеті нақтыланып жасалды.
Ұлттық жоспарда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін төмендегідей кешенді жоспар жасалды. Олар: мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық іс-шаралар кешені. Бұл кешен Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту барысында жасалатын іс-шаралардың мақсаттылығын, біртұтастығын және жүйелілігін негізге ала отырып дайындалған.
Аталған Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау. Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.
Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар.
Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.
Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.
Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.
Жалпы функциональдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функциональдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функциональдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
Осыған орай Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың төмендегідей негізгі механизімдерін бөліп көрсетеді. Ұлттық жоспардың жоғарыда аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері (механизмдері) нақтыланып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады. Олар:
• білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
• оқыту нысандары мен әдістері;
• білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;
•мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;
• мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);
• барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;
• ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.
Оның алғашқысы – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Яғни мектеп оқушыларының функциональдық сауаттылығын дамыту жалпы білім беретін орта мектептің Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуға тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикалық жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Олар: басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті); ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау); коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау); әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті); тұлғалық ( өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу); азаматтық (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі); технологиялық (әр азамат өз мамндығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы). Білім алушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді (әр пәннің мазмұны арқылы) меңгеруі тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде оқулық мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
Жалпыға білім беретін орта мектеп стандарты негізінде жазылатын мектептердегі оқулық жоғарыдағы айтылған құзыреттіліктерді басшылыққа ала отырып дайындалуы тиіс.
Функционалдық сауаттылықты жүзеге асырудың екінші тетігі (механизмі) – оқыту нысандары мен әдістері. Тәуелсіз қазақ елінің оқулықтарының мазмұны ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып жазылып, оны оқыту мен жүзеге асырудың жаңа әдістері, яғни интербелсенді әдістер арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы негізде білім алған мектеп оқушылары теориялық білімдерін практикалық тұрғыда қолданумен қатар ана тілінің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиеленеді.
Ұлттық жоспарда көрсетілген функциональдық сауаттылықтың үшінші тетігі (механизімі) – оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту. Яғни бағалау жүйесі функциональдық сауаттылықта сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді. Іштей бағалау – оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау және мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты өлшеміне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ал сырттай бағалау – әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне сәйкес (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.), сондай-ақ халқаралық зерттеулерге (ТIMSS, PISA және PIRLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтар болсақ, сыртқы бағалау белгілі бір мамандық иелеріне қатысты болса, іштей бағалау көбіне білім алушыларға қатысты. Сонымен қатар білім алушылардың өзін-өзі бағалауы, ұйымдастыруы, жетілдіруі және жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады. Біздің тәжірибемізде, осы аталған білім алушының бағалау жүйесі ұлттық төл технологиямыз «Сатылай кешенді талдауда» қолданылып келеді. Бұл жоғарыдағы аталған басқарушылық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық, азаматтық, пәндік құзыреттіліктерді білім алушы бойына дарытады. Оның дәлелі «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен білім алып отырған оқушылар мен оларға білім беруші мектеп мұғалімдерінің жыл сайынғы жетіп отырған жетістіктері, яғни мектеп бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тестте жоғары пайыздық көрсеткішке жетуі және Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының республикалық ауызша командалық олимпиадасына республикамыздың әр өңірінен бастауыш сыныптан бастап, орта, жоғары буын сыныптарынан ие болуы. Бұл туралы әр өңірдегі баспасөз құралдарында жарияланып отырады.
Ал функциональдық сауаттылықтың төртінші тетігіне (механизіміне) тоқталар болсақ, оған қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызады. Шынтуайтына келгенде, бұл мәселе бізде толыққанды жүзеге асып отырмағандығы белгілі. Себебі, әлі күнге дейін стандарт пен оқулықтарға айтылған сын түзелмей отырған кезеңде мұндай қосымша білім функциональдық сауаттылық өз деңгейінде жүзеге асып отыр дегенді айта алмаймыз.
... Балаларға туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын, мінезін үйреніп, хәкімшілік, әлеумет мекемелерімен, олардың қызметтерімен, сауда кәсібімен, қатынасу жолдарымен таныстырып, жергілікті тарихи ескерткіштердің қатынасын түсіндіріп, балаларды бұрын білмейтін, жат нәрсемен яғни әлеумет ғылымымен таныс қыламыз»,–деп бүгінгі заманауи білім беру талабына сай функциональдық сауаттылық мәселесіне, дәл осы терминмен айтпаса да, терең талдау жасап, нанымды тұжырым айтқан. Егерде біз қосымша білім беру және мектептен тыс сабақтарда осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, бағдарламалар түзіп, қосымша әдебиеттер ұсынатын болсақ, онда функциональдық сауаттылықтың төртінші механизімі өз дәрежесінде жүзеге асады.
Ұлттық жоспарды жүзеге асырудың бесінші тетігі (механизмі) –мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі). Бүгінгі білім беру жүйесінде қазақстандық мынадай мектептер бар. Олар: жалпы білім беретін орта мектеп, гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мектептер, Назарбаевтың зияткерлік мектебі (НЗМ) т.б. Осы мектептердің басқару жүйесі, оқу бағдарламалары, оларда оқытылатын пәндердің оқулықтары, онда оқитын оқушылардың білім сайыстары бір-бірінен ерекшеленіп, бүгінгі қоғам талап етіп отырған үрдістен шығуы тиіс.
Алтыншы тетігі (механизмі) – барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы.Бұл мәселедегі жүзеге асырылатын жұмыс – мектеп пен жоғары оқу орындары, түрлі ғылыми зерттеу орталықтары мақсатты түрде келісімшартқа отырып, мектеп оқушыларының мамандық таңдауда, ғылыми жұмыстар, жобалар жасауда әріптестік қарым-қатынас орнатып отыру екі жаққа да тиімді болмақ. Жоғары оқу орындары білім сапасын арттыруда өзі дайындайтын маманның деңгейін, қабілетін, дарынын алдын-ала анықтап, болашақта жүргізілетін жұмыстарын жоспарлап, білім алушыларға кредиттік жүйенің ерекшеліктерін, мақсат-міндеттерін алдын-ала түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектеп оқушыларына мамандық таңдауда дұрыс бағыт беру.
Функциональдық сауаттылықтың жетінші механизімі – ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеуге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Ата-ана бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулуға борышты. Ата-ананың бала тәрбиелеуде функциональдық сауаттылығын көтеру мектеп мұғалімдерімен олардың тығыз байланыс жасап, екі жақты әріптестік әрекетінің негізінде қалыптасады. Яғни ата-ананың баласының ерекше қасиетін тануы, оны түрлі жағдаятта түсініп, қол ұшын беруі, олардың қабілетін дамытуға, бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруға, жағымсыз мінез-құлық, әдеттерден арылтуға көмек беретін функциональдық сауаттылық ата-ана бойында да болуға тиіс. Бұл жағынан біз, қытай халқының бала тәрбиесіндегі өнегесін алуымыз керек. Олар баланың біліміне, тәрбиесіне мектепті емес ата-ананың өзін жауапты етеді. Егер баласы үй тапсырмасын мезгілінде және дұрыс орындамаса, оған тікелей ата-ана жауапты. Осы мәселе шектен шығатын болса, мектеп басшысы баланы ол мектепке қабылдамауға толық құқылы. Сондай-ақ ата-ана өзі қызмет ететін орында бала тәрбиесіне тікелей жауап беруге мәжбүр болады. Бұдан байқалатын нәрсе, білім мен тәрбиенің екіжақты мәселе екендігін көрсетеді
Бүгінгі қоғамның талабы оқушының пән арқылы мектептен тыс өмірде қолдана алатын құзіреттіліктерді меңгеруін қажет етуде. Осыған байланысты орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәнінің мақсаты оқушының әлеуметтік-қоғамдық ортада сөйлесім әрекетінің түрлерін өз қажетіне қарай қолдана алуын қамтамасыз ететін функционалдық сауаттылықты қалыптастыру болып белгіленді. Бұл мақсатқа жету үшін жаңа бағыттағы білім мазмұнының макромоделі анықталды. Мұнда лингвомәденитанымдық аспектілерге ерекше көңіл бөлінді. Онда тіл – мәдениет – білім үшеуі бірлікте ұсынылады. Пәннің білім мазмұны үлкен 3 аяға бөлінді: әлеуметтік-тұрмыстық ая, әлеуметтік-мәдени ая, оқу-еңбек аясы болып анықталды. Әр ая лексикалық тақырыптарға бөлінді. Ал әр тақырып өз ішінде: тілдік бөлім, қатысымдық-сөйлесімдік бөлім, мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі деп жіктелді. Бұл функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мақсатына сай алынды. Мысалы: 7-сыныпта Әлеуметтік-мәдени аяға кіретін «Сұлу, әдемі музыка» тақырыбы оқушылардың күнделікті өміріне жақын, олардың әр күн сайын орындайтын әрекеттеріне байланысты таңдалды. Бұл жерде оқушылар қазақ тілін өз әрекеттеріне сай үйренеді.
Функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған сабақтарда білім мазмұны мен оқу тапсырмалары барынша шынайы қарым-қатынас жағдайына жақындатылды. Ұсынылатын жағдаяттық тапсырмалар өзекті әрі оқушылардың өмір жағдайына етене жақын болуы ескерілді. Мысалы, 6- сыныптағы «Әлеуметтік-тұрмыстық аяның» «Менің отбасым. Отбасы мүшелерінің сыртқы келбеті» тақырыбына байланысты берілген жағдаяттық тапсырма былай орындалады. Қатысушылар: оқушы бала және ойын алаңындағы диспетчер. Жағдаят: оқушы бала жазғы демалыс паркіндегі ойын алаңында жүріп өзінің інісінен\сіңілісінен адасып қалады. Оқушыға берілген тапсырма: сол жердегі диспетчерге барып, ініңнен/сіңіліңнен адасып қалғаныңды айтып, дауыстап хабарлауын өтін. Ініңнің/сіңіліңнің бет бейнесін, жасын, үстіне киген киімдерін сипаттап бер. Диспетчерге берілген тапсырма: оқушының баяндағанын дауыстап хабарла. Қажет болғанда оқушыдан қайталап сұра. Тірек сөздер: адасып қалдым, көмектесуіңізді сұраймын. Жұмыс: баяндау, сипаттау, сұрақ-жауап түрінде орындалады. Бұл жағдаяттық тапсырманы орындау барысында мынадай нәтижеге қол жеткізілді: тапсырма мазмұны оқушы өміріне етене жақын болғандықтан, шынайы орындалды; оқушылардың шынайы коммуникативтік қажеттілігіне дәл келіп, белгілі ортада өз ойын жеткізуге көмектесті; сондықтан ол оқушылар үшін қызықты болды; жағдаяттық диалогтарды құруда оқушылар сұрақ қоюға, жауап беруге, сөйлем құрауға үйренді; тілді үйренуге, аударма жасауға, сауатты сөйлеуге, қазақ тілінде белгілі бір өмірлік жағдаяттар төңірегінде сөйлесім дағдылары дамып, функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруға негіз болды. Жағдаяттық тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын тудырып, өздігінен шешім жасауға ынталандырды. Олар оқушылардың белгілі бір жағдаятты диалог арқылы игеруін кажет етіп, оның автоматты түрде орындалуын қамтамасыз етті. Жасөспірім жастағы балалардың жетекші әрекеті қарым-қатынасболғандықтан, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда коммуникацияға жетелейтін рөлдік ойындардың маңызы зор. Мысалы, «Дөңгелек» ойыны. Адамға керек кезінде жылы сөздер айта алу керектігін жиі естиміз. Бұл, әрине, дұрыс.
Оқушыларды тек жауап беруге, яғни – мәліметті хабарлауға ғана үйретпей, қарсы сұрақ қоюға, қайталап сұрауға да үйрету аса маңызды.
Диалогтік тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың диалогтік сөйлеудегі қарапайым дағдылары қалыптасып, сұрақ беру, өтініш айту, таңдану, бұйыруды қолдану, бір-бірімен әңгімелесе білу, мәліметтерді нақтылап сұрау, тыңдай отырып қайта сұрақ беру, келіспеушілік, толықтыру, тілдік материал көлемінде өзара пікір алыса білу дағдылары дамып, диалогтік тілді үйретуде соңғы нәтиже болып табылатын әңгімелесе білу біліктіліктері жетілді.
Құзыреттіліктерді қалыптастыратын тапсырма түрлерін орындату арқылы оқушылардың ақпараттық, коммуникативтік, проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерін қалыптастыру көзделеді. Ақпараттық құзыреттілік тапсырмасы дегеніміз – қатысымдық және танымдық мақсатқа байланысты өзіне қажетті ақпаратты тауып, талдау, өңдеу, сақтау, оның мазмұнын жеткізу, тапқан ақпаратты өзінің қажетіне қарай пайдалана алу және жаңа ақпараттық технологияларды игеру біліктілігі.
Жалпы білім беретін орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытудың түпкі нәтижесі оқушылардың алған білімдерін өмірде қолдана алуына бағытталуы білімнің білікке ұласуының бірден-бір кепілі болып табылады. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру қазіргі таңда оқыту жүйесіне қойылып отырған әлеуметтік сұраныс талаптарымен сай келу үшін орта сыныптардан бастап оқушының қатысымдық, ақпараттық және проблемалардың шешімін табу құзіреттіліктеріне бағытталып жүргізілгенде ғана оң нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Қорыта келе, Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауындағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында құрылған бес жылдық Ұлттық жоспардың дер кезінде көтерілгендігін құптаумен қатар, бұл функционалдық сауаттылық мәселесінің алаш арыстарының да ой-тұжырымдарынан қағыс қалмағандығын жұртшылық назарына ұсыну болды. Сондықтан да функционалдық сауаттылыққа байланысты атқарылар іс-шараларда алаш арыстарының ұлт болашағы, оның сауатты, білімді, рухани дүниесі бай, ұлтжанды азамат тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары үнемі басшылыққа алуынуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.А.Назарбаев. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты. // Ана тілі газеті. № 5, 2-8 ақпан, 2012 ж.
2. Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары.
3. Оразбаева Ф.Ш., Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы, Ы.Алтынсари атындағы Қазақтың білім академиясының баспа кабинеті, 2000. – 30 б.
Достарыңызбен бөлісу: |