2 ҒАЛАМНЫҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІНДЕГІ «ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ» КОНЦЕПТІСІ
2.1 Тіл мен мәдениет сабақтастығы
Құрылымдық тіл білімінде күні бүгінге дейін өзекті мәселелердің бірі ретінде кеңінен қарастырылатын нысанның бірі – таңба, яғни тілді жүйе ретінде танытатын таңба мен таңбалану мәселелері. Таңба мен таңбалау терминдерінің қалыптасуы үш ұғымға байланысты: таңбалаушы, яғни адамның белгілі бір затты таныту үшін қолданған дыбысы, екінші – таңбаланушы – ой-сана арқылы танылатын, алдын-ала белгілі болған, дыбыстаумен белгіленген зат және объект. Осы үш бірлікті тоғыстырып таңба ретінде жарыққа шығаратын – адам. Демек, таңбаның өзі де антропоцентристік бағыттың негізгі ұғымдарының бірі.
Белгілі бір нәрсені білдіру, хабарлау қызметін атқарып тұрған материалдық көрсеткіш, яғни таңба – таңбалаушы деп аталады, ол білдіріп тұрған мағына таңбаланушы деп аталады [75, 74 б.].
Семиотик ғалымдар Ч. Пирс пен Ч. Моррис еңбектерінде таңба, десигнат, интерпретант және интерпретатор ұғымдарын негізгі тілдік семиотикалық жүйе деп танып, бұлар лингвомәдени бірлік ретінде біртұтас семиозистік қалыпқа түсіп, «тіл – мәдениет – сана» бірлігінің өзегі, яғни сөздің дыбысталуы мен графикасының таңбалану белгісі, денотат ретіндегі көрінісі, таңбаның мазмұны мен мағынасы және субъект қызметін атқарады» [76, с. 105] деп көрсетеді.
Демек, кез келген таңбаның екі жағы болады: бірінші жағы – формасы, екінші жағы – мазмұны.
Тілдегі таңбалық бірліктер халықтың дүниетанымы мен болмысынан, рухани мәдениеті мен сол халық тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады.
Тілдік таңба – мәдениеттің феномені, ұлт мәдениетінің көрінісі ретінде ғылымда өз дәрежесінде әлі зерттелмей келеді. Таңба ретіндегі тіл – рухани күш, демек тілдік таңбалар, яғни таңбалаушы мен таңбаланушы және объект арқылы адам кез келген құбылысты қабылдап, оған баға беріп, өз көзқарасы мен ойын білдіре алады [77, 246 б.].
Таңбаның адамға тікелей қатысты екенін А.А.Уфимцева былай түсіндіреді: «таңбаның басты қасиеттері – оның қабылдану мүмкіндігінің болуында, басқаша айтсақ, материалдану, конвенциалдану (шарттылану) және жүйелену мүмкіндіктерінің бар болуы. Қандай да бір құбылыс немесе зат таңбаны қабылдаушы субъектінің объективті шындыққа деген ерекше қарым-қатынасын көрсету арқылы белгілі бір таңбалық жағдайға нақты белгілеу семиозисін іздестіреді» [78, с. 104 ].
Тіл мен таңба адам санасында танылатын бейненің сұлбасын жасайды. Тілдегі адам факторын тереңінен зерттеу нәтижелері санадағы ақиқат дүниенің бейнесін, оның ішінде дүниенің тілдік бейнесін анықтауға әкелді.
Тілдік санада дүние бейнесін қалыптастыруда тіл екі түрлі қызмет атқарады: біріншіден, тіл қойнауында дүниенің тілдік бейнесі жасалады. Бұл – адамның санасындағы әлемдік бейнелердің ең терең қабаты. Екіншіден, тілдің өзі басқа дүние бейнелерін танытуға, оның мазмұнын ашып көрсетуге, түсіндіруге қолданылады. Тіл арқылы индивидтің жинаған тәжірибелі білімі ұжымға тарайды.
Жалпы санада дүние бейнесін қалыптастыруда адамның барлық психикалық әрекеттері қатысады: сезіну, қабылдау, түйсіну, түсіну және ойлау, өзінше ұғыну, т.б. Сол арқылы танылған дүниенің бейнесі дүниені танудың алғышарты болып табылады [79, с.37]. Ал, әрбір әлеуметтік жүйеде, әрбір қоғамның өркениеттік даму барысында дүние бейнесі өзіндік ерекшеліктерімен ажыратылып отырады. Олар негізгі концептілік және сезімдік қабылдаулары негізінде жеке адамның танып түсінген деңгейі дәрежесінде болады. Қоғам дамып, дүниенің қасиеттері одан әрі таныла бастаған сайын дүние бейнесінің мазмұны да өзгеріп отырады. Демек, ақиқат дүниенің бейнесі – өзгермелі құбылыс. Ал адам санасында қалыптасатын ақиқат дүниенің бейнесі арқылы тілдік қорды, тілдің ішкі мағыналық формасындағы өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік жасалатыны қазіргі тілді зерттеудің танымдық, антропоөзектік бағыты арқылы дәлелденіп отыр.
Тіл білімі мен оның салалары бірнеше ғасырдан бері құрылымдық тіл білімінің негізінде қарастырылып келді, яғни таза тілдік, тілдің өз ішіндегі қызметтері аясында ғана зерттелінді. Алайда, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басынан бастап, зерттеуші ғалымдар тілдік құбылыстарды адамның танымы арқылы, ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан ұлттық таным ақпараты арқылы санада қалыптасқан ұғымдардың мән-мазмұнын, қызметін анықтауға арналған, сол ұғымды тану және таныту барысындағы субъектінің психикалық және когнициялық қабілеттеріне сүйенетін зерттеулер жүргізіп, соған сәйкес әдіс-тәсілдерді қолдана бастады.
Осы ғылыми тұжырымдарды дәлелдеу үшін адамның тікелей танымдық ойлау қабілетімен байланыстыра қарастыратын антропоцентристік бағыт аясындағы салалар – этнолингвистика, психолингвистика, когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану салалары дүниеге келді. Қазіргі таңда қазақ тіл білімінің мәселелері осы бағыттардың негізінде зерттеліп, қазақ тілінің құрылымдық қызметінен басқа танымдық қызметтерінің шеңбері кеңейе түсті. Антропоцентристік парадигмадағы лингвистиканың алға қойған мақсаты тілдік субъектінің дүниетаным ерекшеліктерінің семиотикалық жүйе ретінде тілдің барлық деңгейлерінде көрініс беруін зерттеп, анықтау болып табылады. Бұл бағыттар жалпы тіл біліміне үлкен өзгерістер әкелді: тіл біліміндегі басты құндылықтар ауысып, зерттеу шеңбері кеңейе түсті. Адамның әлеуметтік әрекеті мен ойлау әрекеті, олардың арасындағы байланыс туралы терең зерттеулер жүргізіле бастады.
Тіл біліміндегі жаңа бағыттағы зерттеулердің негізгі арқауы – тіл арқылы берілген ақпаратты қабылдау, тану, таныту, оны интерпретациялау, өздігінше өңдеу, жадыда сақтауға қатысты ерекшеліктерді зерттеу болып саналады. Аталған бағыттағы зерттеулердің нәтижесінде қабылданған жаңа ақпараттың адам санасында бұрын сақталған ақпараттардың көмегімен жаңа мазмұнға ие болу арқылы қалыптасатыны анықталды. Демек, бұл таным мен мәдениет сабақтастығын көрсетеді.
Қазақ халқы да көптеген басқа халықтар секілді ғасырлар бойы жинақтаған ой-тәжірибесін, даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын, салт-дәстүрін, т.б. тілінде көрсете білген. Оларды тұтас құрылым жүйесінде анықтайтын болсақ, халық өмірінің, мәдениетінің бейнесі деп сипаттауға болады. Осыған орай тіл байлығының танымдық мәнін анықтау ұлттың әлеуметтік, рухани, мәдени болмысын саралап тануға мүмкіндік береді. Сондықтан «ұлттық тілдің ерекшелігін, табиғатын ашу бағытында тіл туралы онтологиялық көзқарасты сол тілде сөйлеуші халықтың жан дүниесімен, ой-санасымен, тарихымен және мәдениетімен тығыз байланыста қарастыру – қазіргі тіл білімінің, соның ішінде қазақ тіл білімінің де өзекті мәселелерінің бірі» болып отыр. Осымен байланысты қазіргі таңда дүниенің тілдік бейнеленуінің жалпы және ұлттық ерекшеліктері негізінде салыстыра зерттелуіне ерекше назар аударылуда, зерттеу нысаны кеңеюде.
Адамзат үшін ақиқат дүние біреу болса, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру әрекеттері әр адамда, әр ұлтта әр деңгейде сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан, тіл иесінің ой-өрісіне, концептілік әлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады, өзінше бейнелеп суреттейді, ал тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сәйкес танытуға тырысады. Тілдегі ұлттың мәдени көрінісін анықтауда тиімді тәсілдердің бірі типологиясы әртүрлі тілдердегі (қазақ, орыс, ағылшын) дүниенің ақиқат бейнесін бейнелеудегі ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айқындау болып саналады. Бұл салыстырулардың терең танымдық құрылым деңгейі кең тілдік білім аясында жүргізілуі «тіл мен таным», «тіл мен мәдениет» сабақтастығын айқындауда және оның қазіргі заманға сай өзгеріп, дамуының үрдісін тануда маңызы ерекше.
Сондықтан, тіл ғалам туралы білімді сыртқа көрсетіп қана қоймайды, ғұмырнамалық тәжірибенің түпсанада бедерленіп, үздіксіз сұлбалануына және оның айқындалуына, ұрпақтан-ұрпаққа жетілуіне қалтқысыз қызмет етеді. Демек, тілді жаңа ғасыр баспалдағында жаңа теориялық-танымдық үрдісте қарастырып, зерттеудің қажеттілігі туып отыр .
Осыны жүзеге асыратын бағыттардың бірі - лингвомәдениеттану саласы.
2.1.1 Лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің ерекшеліктері
Лингвомәдениеттану бағытының негізгі мақсаты – алдыңғы ұрпақтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани және материалдық мәдениетінің жетістіктері мен тәжірибелерін, ұлт өркениетіне қатысты ақиқат белгілерін таңбалайтын тұрақты тілдік бірліктерді зерттеу.
Қазақ тіл білімінде «қазіргі лингвистиканың құрылымдық, яғни тілді өз жүйесі ішінде ғана зерттеу парадигмасының антропоцентристік қағида негізінде – сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, оның (тілдің) функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық үрдіспен байланыстыра қарайтын зерттеулердің нәтижесі болып табылар соңғы он жыл көлемінде тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейтін лингвомәдениеттану ғылымы пайда болды», – деп айтуға толық негіз бар [80, 5 б.]. Тілді лингвомәдени бағытта қарастырудың кешенді сипаты мен ғылымиаралық сабақтастығын атап өткен жөн. Атап айтқанда, зерттеу барысында этнография, тарих, мәдениет, салт-дәстүр, өнер, космонимия, т.б. ғылымдарының деректері де тиімді пайдаланылады.
Осы саладағы жалпы тіл білімінің теориялық тұжырымдары мен қазақ тіл біліміндегі нақты деректер негізіндегі зерттеулердің нәтижелері лингвомәдениеттанудың маңызды да айқын тұжырымдары мен қағидаларын қалыптастырды. Нақты түрде айтсақ, лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан алғанда, тіл тек қарым-қатынас және танымдық қызмет атқаратын құрал ғана емес, сондай-ақ ұғым – тіл – мәдениет жиынтығынан құралатын, тұтас дүние жөніндегі мол мағлұмат беретін ұлттық мәдени код, қор, мәдени ақпарат көзі ретінде танылады. Себебі, адамға рухани, интеллектуалдық, әлеуметтік мүмкіндіктерден туындайтын аса мол алуан түрлі ақпарат тілдік арналар арқылы беріледі. Санадағы бұл ақпараттар концепт немесе ұғым арқылы түйінделеді. Осыған орай, ұғым белгілі бір объектінің ең мәнді белгілерін көрсететін сананың нәтижесі болса, концепт объектінің ең мәнді белгілерімен қатар, мәнді емес белгілерін де қамтитыны жоғарыда аталған зерттеулерде дәлелденген.
Сонымен, лингвомәдениеттанудың негізгі қағидасы «тіл мен мәдениет» сабақтастығымен сипатталатындықтан, тіл мен мәдениет екі түрлі семиотикалық жүйеде танылғанымен, бір-бірін толықтыратын, өзара тығыз байланысты тұтас жүйе. Бұл маңызды тұжырымды таратып айтар болсақ, қоғамдық фактордың мәдени тұғырға көтерілуіне оның қоғамда әлеуметтік мәнге ие болуының ықпалы зор. Ал, оның іске асуында тілдің коммуникативтік қызметі ерекше. Сол себепті де тек бір қоғамның өз ішінде ғана емес, мәдениетаралық, елтанымдық қатынаста да бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады.
Демек, кез келген ұлттық тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан ғасырлық жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде орныққан мәдениетімен, ой-танымымен тікелей байланысты. Сондықтан ұлттық тілді халықтың мәдениетімен біріктіре қарау мәселесі лингвомәдениеттану ғылымының тууына себепші болды. Бұл бағыттың іргетасын В. фон Гумбольдт, Я. Гримм, Ф. де Соссюр, Р. Раск, Э. Сепир, Б. Уорф, А. Потебня, Г. Штейнталь еңбектері қалағаны байқалады. Әрі қарай жалғастырушы орыс ғалымдары В.А. Маслова, В.Н. Телия, Е. Верещагин, В. Костомаров, В. Воробьев, А. Арутюнова, т.б. бұл бағытты жеке пән ретінде таныта бастады.
Солардың бірі В.Н. Телия лингвомәдениеттануды тіл арқылы танылатын этнос мәдениетінің диахрондық сипатына назар аударатын этнолингвистиканың «тілдің корреспонденциясы мен мәдениеттің өзара қатынасының синхронды түрін зерттейтін және сипаттайтын бір бөлшегі» [81, с. 217 ] деп анықтайды.
Мәдениет пен тілдік бастау бір бірімен тұспа-тұс келеді. Яғни, тіл – адами нақтылықты адамзаттың тіршілігі өтіп жатқан әлем ретінде жасайды. Ал адамзаттың тіршілігі – мәдениеттің әлемі екені белгілі. Әрине, тіл физикалық нақтылықты қалыптастырады дей алмаймыз, өйткені ол әлемнің бейнесін жасау барысында осы нақтылықты әлеуметке жеткізуші ғана. Дегенмен, тілдің көмегінсіз болмысты толықтай тани аламыз немесе тіл қатынас пен ойлаудың кейбір мәселелерін шешудің қосымша құралы деп есептеу де қате болар еді. Шын мәнінде, нақтылы әлем бейсаналы түрде тілдік нормалар негізінде жасалады. Адамның қандай да бір құбылысты әрқалай көруі, естуі, қабылдауы тілдік нормалардың өз көрінісінің формасына сай болуымен байланысты. Осыған орай мәдениеттанушылар мәдениет тілін былайша анықтайды: «Мәдениет тілі дегенімізді оның кең мағыналылығымен сәйкес алар болсақ, бұл – адамдардың коммуникативті байланыс жасап, мәдениет кеңістігіндегі бағдарын айқындауға мүмкіндік беретін құралдар, таңбалар, рәміздер мен мәтіндер. Мәдениет тілі – бұрын болған не жаңадан пайда болатын түсініктер, қабылдаулар, ұғымдар, бейнелер және басқа да осы тектес мәндік құрылымдар (мағынаны жеткізуші) ұйымдасатын нақтылықты түйсінудің әмбебап формасы болып табылады» [82, 5 б.].
Ал, адамзат тілі – кез келген таңбалық жүйе сияқты – бір нәрсенің екінші нәрсемен алмасуына және олардың арасындағы байланысты тұрақтандыруға негізделеді. Кез келген мәдени жүйені әлеуметтік қолданатын таңбалық жүйе ретінде қарастырған Э.Бенвенист мәдениеттегі тілдің орны туралы былай деп жазады: «Біз үшін тіл формальді құрылысы жағынан да, қызметі жағынан да бір мезетте семиотикалық болатын жүйенің бірден-бір мысалы бола алады, тіл кез келген семиотикалық жүйені жасау үшін үлгі боларлық әмбебеп семиотикалық матрица болып табылады. Тіл адамның анықтамасына етене жақын болады: тілсіз адамды және өзіне тілді ойдан шығарып алған адамды елестету мүмкін емес. Әлемде тілі бар адамдар ғана, басқалармен сөйлесетін адамдар ғана өмір сүреді, сондықтан тіл міндетті түрде адамның анықтамасына жатады» [82].
Демек, мәдениет тілге қатыссыз болмайды. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет – оның ішкі мәні. Осы тұрғыдан алғанда, тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұтас бір дүние деуге болады. Олай болса, антропоөзектік бағытқа сай тіл мен мәдениеттің байланысы, тілдің мәдениетті сақтау, сипаттау, жарыққа шығару қасиеттерін анықтайтын өзіндік зерттеу нысаны бар, зерттеу әдістері мен қағидалары бар арнайы ғылым саласы – лингвомәдениеттану саласы.
Сондықтан, «тіл – тек мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Лингвомәдениеттану негізінде ұлтқа тән мәдени-танымдық жүйенің қалыптасуын анықтауға болады. Ал бұндай зерттеулерге тілдің кумулятивтік қызметі негіз болады»[83, 6 б.] деген А.Сейілханның пікірімен толық келісеміз және ғалымның: «Лингвомәдениеттану – этнос мәдениеті мен сол тілде сөйлеуші халықтың лексикасының мәдени-тілдік деректерін сипаттайтын, жұрт мәдениетін өз лексикасы арқылы басқа этносқа танытатын, ұлттық рух пен ұлттық тілдің туын көтеретін, халықтың тіл байлығын тек болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, тілдік деректерді ұлттық нышанда жарата да, жарқырата да алатын, этнолингвистика пәнімен ағайындас, ұлттық рух пен тіл арасында өзіндік жолы бар, тілді мәдениет арқылы танудағы бітімімен басқа тіл ғылымдарынан ерекшеленетін, қоғамдық-әлеуметтік, эстетикалық, философиялық сипаты бар кешенді пән» [83, 23 б.] деген анықтамасын, біздіңше, қазақ тіл біліміндегі осы бағыттағы зерттеулердің нәтижесінің қорытындысы, түйіні деп бағалауға болады.
Демек, «тіл негізінен белгілі бір мәдениеттің құндылықтары мен белгілерін өз бойына сіңіреді, үнемі антропологиялық, логикалық және философиялық факторларға сүйеніп отырады. Өзінің символдық және бастапқы қызметі арқылы тіл басқа тіршілікті бейнелей алады және белгілі бір мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын құбылыстардың жинағын білдіреді» [84, 18 б.].
Олай болса, әр халықтың басынан кешкен тарихы, бүкіл рухани, мәдени байлығы, болмысы, дүниетанымы, өмір тіршілігіне, күнделікті тұрмысына қажет бұйымдары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, талғамы, т.б. сол тілде таңбасы емес, дүниенің тікелей бейнесі емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі, яғни «дүниенің тілдік бейнесі.
Мысалы, кез келген заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен берге оны танытады. Ал тану немесе анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Әртүрлі ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс-тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып оған ат қойылады. Мұндай ажыратқыш белгілер сөйлеуші ұжымдық ортада әртүрлі болуы мүмкін. Тіл білімінде ол белгілер уәждер деп аталады.
Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің көркемдік амалы – ұқсату. Ол күнделікті өмірде, тұрмыстық тәжірибеде қалыптасады. Себебі, адамдардың табиғаттағы әртүрлі құбылыстарды бақылап салыстыруы, оны өз іс-әрекетімен, тәжірибесімен салыстыруы, ассоциациялық бейнелер түрінде әртүрлі нәрселердің ұқсас жақтарын табуы, солардың негізінде танымын кеңейтуі осы қасиетке негізделеді. Мысалы, қазақ тіліндегі «құндыз» сөзі жағымды коннотацияға ие. Көздің жауын алатын әдемі, екінің бірінің қолына түсе бермейтін бағалы терісі үшін «байлық, барлық, сұлулық, бақуаттылықты» білдіреді. Қазақтың қызын «Аспандағы жұлдызым, жағадағы құндызым» деп еркелетуі, оған Құндыз есімін беруі тегін емес. Ал оның орыс тіліндегі баламасы «выдра» сөзі орыс лингвомәдени жүйесінде «күйгелектік, қатыгездік» мінезінің символы ретінде жұмсалып, «арық, ұсқынсыз әйелмен» ассоциацияланады. Сондай-ақ «қызғалдақ» сөзі де қазақтар үшін бай лингвомәдени мәнге ие. Сирек өсімдік ретінде Қызыл кітапқа енген қызғалдақ кез келген жерде өсе бермейді. Биік жерде өсетін қызғалдақтың бүр жарып ашылуын, жайқалып өсуінің өзіндік мәні, кезеңі бар. Оның басқа гүлдерге ұқсай қоймайтын ерекшелігін қазақ даласында өскен бала ғана біледі. Қызғалдақтың Отаны көп айтылып жүрген Голландия емес, Қазақстан деген де болжам бар. Көбінесе қыз сұлулығының, қайта айналып келмейтін жастық шақтың символы ретінде қолданылады. Қыз дегенің - өмірдің қызғалдағы, Қылықтылар аз ба екен қыздан-дағы?.. (И. Сапарбай. Ғашықтың тілі.); Қырандай тиген кептерге, Қызғалдақ- ғұмыр, бозбала- ай! (М. Мақатаев. Аманат).
Ал орыс мәдениетінде «тюльпан» сөзі ешқандай лингвомәдени мәнге ие емес. Сонымен қатар орыс тіліндегі «калина» сөзі ауыр әйел тағдырын білдіріп, жауапсыз махаббатпен ассоциацияланса (В. Шукшиннің «Калина красная» әңгімесінің желісімен түсірілген аттас фильмді еске түсіріңіз), ал оның қазақ тіліндегі баламасы «шәңгіш» сөзі лингвомәдени тұрғыда бейтарап, нольдік мәнге ие.
Осыған орай, біздің ойымызша, қазақ тіл біліміндегі «шаңырақ», «тары», «от», «қамшы» т.б. концептілер ұлттық мәдени константалар ретінде танылған ұғымдар А.Ислам [85], Н.Уәли [86], Б.Ақбердиева [7], М.Күштаева [88] т.б. еңбектерінде лингвомәдениеттанымдық бағытта зерттеліп, дәлелденген.
Әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол – мәдениеттің көрсеткіші. Сондықтан оны құрылымдық лингвистика деңгейінде зерттесек, үлкен нәтиже ала алмаймыз. Себебі, бұнда тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, этномәдени ақпараттарды сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, бүтін тұтастық болып танылады.
Ақиқат дүниенің мәдени ақпаратын танытатын әрбір лингвомәдени бірлік дүниенің тілдік бейнесін айқындаушы лингвомәдени көрсеткіш ретінде қарастырылады. Ол тіл мен мәдениет арасындағы өзара байланысы тұрғысынан талданады және таңба мазмұнындағы лингвистикалық, мәдени ақпараттармен танылады.
Қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттанымдық бағыттағы зерттеулердің түпкі мақсаты – қазақ тілінің өзіндік жеке мәдени тілін қалыптастыруға, тілі арқылы ұлтын тану дәрежесіне жеткізу. Осы мақсатқа жету жолында тіл мен мәдениет сабақтастығын салыстыру нәтижесінде анықтай түсуге көмектесетін – лингвоелтанымдық сала.
2.1.2 Лингвоелтанымдық бағыттағы зерттеулер
Лингвоелтанымдық бағыттың негізгі мақсаты - мәдени константаларды екі немесе үш тілде өзара салыстыра отырып, ұлттық нышандарын айқындайтын, сол елдің болмыс-бітімін, халықтың мінез-құлқы мен тұрмыстық ерекшеліктерін ажыратып көрсететін тілдік ұғымдар мен белгілерді зерттеу. Бұл бағытта қарастырылатын объектілер белгілі бір елдің немесе ұлттың өзіне тән белгілерін, басқа ұлтта жоқ өзіндік нышандарын көрсете алатын тілдік бірліктер болуы керек. Мысалы, қазақ тілінде белгілі бір ұғымды ауыс мағынада түсіндіру үшін өздері күнделікті көріп жүрген, болмысы әбден танылған ұғымдарды қолданады. Қазақтар үшін қойға қатысты тұрақты тіркестер жағымды мағына береді: қой көзді, қой аузынан шөп алмас, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман т.б. Ал орыс халқында «баран» сөзі жағымсыз қасиеттермен, нақты айтқанда, қырсықтық пен ақымақтықпен байланыстырылады. Мысалы, упрямый, как баран. Американдықтарда да «қой» жағымды ассоциация тудырады. Американдық жарнамадан: «Покупайте автомобиль «Додж», он напорист, как баран» деген мағынадағы тіркестер жиі кездеседі.
Басқа халық момын адамды қой аузынан шөп алмас деп бұлайша түсіндірмейді. Себебі, олар қойдағы жуастық қасиетті тұрмыс-тіршілігінде танымаған немесе негізгі кәсібінің бірі қой бағу болмағандықтан, ерекше мән де бермеген. Мысалы, орыс тілінде ұзын бойлы, арық кісіні «кощей» деп таныту бар. Мұндағы «Кощей» орыстың халық ауыз әдебиетінің кейіпкері, оның сыртқы бейне-бітіміне ұқсату негізінде ұнамсыз ұзынтұра, қаңқа сияқты өатып қалған адамды танытудың ауыс элементі болып тұр. Бұл танымдық бірлік – тек орыс тіліне ғана тән тұрақты ұғым. Бұндай елтанымдық қызметі бар тіл бірліктерін ұйытқы сөздер деп атауға да болады. Өйткені, әрбір елдің тілінде белгілі бір ұғымды таныту барысында жиі қолданылатын, сол ұғымды дәл нақты беруде тиімді деп саналатын, сол елдің дүниетанымын көрсете алатын ұйытқы сөздер болады.
Күн – славяндықтар мен германдықтар және көптеген халық өкілдері үшін мейірімділік, жылылық символы. «Ты мое солнышко!» орыс халқының, «Күнім менің!» - қазақ халқының сүйіктілеріне қарата айтылған ең жылы сөзі:
Келген кемпір табалдырықтан аттаған сайын самауыр қасында бір қырын отырған Шәйзаны көріп, солқылдай жылап бас салды: – Күнім, құлыным! Өкпем, жүрегім!.. (Ғ.Мүсірепов.Таңдамалы).
Күн бейнесі түрлі киім, тұрмыстық бұйым кестелері мен ағаштан ойылған заттарда жиі кездеседі. Ал күн көзі аяусыз күйдіретін, ми қайнатар ыстық елдерде, араб елдері мен Африкада күн зұлымдық көзі ретінде танылады. Сондықтан да арабтар В.Шекспирдің сүйіктісін күнге теңеген сонеттерін мүлде түсінбейді.
Аталған ел мәдениеттерінде, керісінше, ай ерекше ілтипат, ыстық ықыласқа ие деп айтуға болады. Егер орыс халқының санасында ай қара түнек пен о дүниемен байланысты түсінік тудырса («жить под луной, в подлунном мире»), славяндарда ай жарығы әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен жаңадан туылған сәбилер үшін зиянды, қауіпті саналады, вьетнамдық мәдениетте айға деген көзқарас өзгеше. Олардың өмірі ай күнтізбесімен тығыз байланысты болғандықтан, ай мерекесі – вьетнам балаларының сүйікті мейрамы. Айды нәзік және жаны таза, пәк жас қызға теңейді. Ай астында ғашықтар қыдырып, оған ән жыр арнайды. Қазақ мәдениетінде де сұлу қызды айға теңейді: айдай сұлу, толықсыған айдай, жүзің бар он төртінші айдай көркем, т.б. Ал орыс халқында «лицо, как луна» (ай жүзді) теңеуі сұлулыққа тамсануға мүлде жатпайды.
Осыданақ табиғаттағы бір құбылыстың өзі бір-біріне жақын мәдениет өкілдері тарапынан түрліше бағаланатынын байқауға болады.
Сондай-ақ орыс мәдениетінде сиыр сөзі тым толық, икемсіз, ебедейсіз әйелге қатысты айтылуы мүмкін. Ал Индияда сиыр әулиелік пен аналық сезімді, шындықпен ассоциацияланады.
Орыс тілінде шошқа жағымсыз коннотацияда жұмсалса (грязный, как свинья), ал қытайлықтар үшін доңыз бақыт символы, сондықтан олар орыстың «подложить свинью» деген тіркесінің мәнін түсінбейді. Олар үшін «аю» жағымсыз мәнге ие .
Әркім өз мәдениетін өзге мәдениетпен байланысқанда ғана жақсы түсінеді. Өзге мемлекетке барғанда біз өз еркімізден тыс мәдениеттанушы болып кететін тәріздіміз. «Бізде былай, оларда мүлде басқаша» деген сипаттағы пайымдаулар жасаймыз.
Үзілістен кейін дастарқанға үйеме табақ ет келді. Жеке тарелкаға салынған қойдың басы төрде отырған Акбардың алдына тартылған. Ол мұндайды өмірі көрмесе керек, қорыққан адамдай үдірейіп, кейін шегініп кетті. Лаураны тілмаштыққа пайдаланып, онымен де біраз сөйлесуге тура келді.
Мынау қойдың басы, – деді Ақжан оған түсіндіріп. – Біздің халқымыз ең құрметті қонағының алдына осылай бас тартады.
Мен құрметті қонақ емеспін ғой. Бар болғаны біздің жас ханымның қызметшісімін. Ондай жағдайда басты ханымның өзі ұстауы керек, –деп Акбар оны Лаураның алдына жылжытты (Қ. Жұмаділов. Атамекен)
Байқап отырғанымыздай, Сирия елінен келген кісі қазақ халқының салт- дәстүрінен, қазақ мәдениетінен хабарсыз, оған сәйкес аялық білімі жоқ, сол себепті қойдың басы онда дұрыс ассоциация тудырмай отыр. Ол қазақтың сыйлы қонағына бас тартатынын да, оны әйел баласына ұсынбайтынын да білмейді.
Әрине, тілді лингвоелтанымдық бағытта қарастыру барысында салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы зерттеу әдістері қолданылады. Қазақ тіл білімінде бұл бағыт бойынша зерттелген бірқатар еңбектерді атап өтуге болады: Г.Сағидолланың «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны (қазақ және моңғол тілдерінің фразеологизмдері бойынша)» [89], «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі анималистік фразеологизмдердің коннотативтік семантикасы» атты Т.Мықтыбаеваның [90], С.Садыбекованың «Сопоставительный анализ народной метрологии в казахском, русском и английском языках» [91], Ә.Айтбаеваның «Бесік жырларының этнолингвистикалық сипаттамасы (қазақ, орыс, неміс тілдерінің материалдары бойынша)» [92] т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |