«Баланың рухани дамуы отбасынан басталады»
(ата – аналармен тренинг)
(Ұйымдастырған Сайрам ауданы, Ақсукент елді мекені, № 20 С.Сейфуллин атындағы мектеп - гимназиясының Бастауыш сынып мұғалімі Кушекбаева Фериде Алментайқызы)
Балаларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуде отбасы психологиясы басты рөл атқарады. Қазақ топырағында бала жанының ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан алғаш сараптаған көсем сөздің шебері Жүсіпбек Аймауытов пен ақын Мағжан Жұмабаев еді.
«Тәрбие – баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие - тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуінде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі өнеге көрсетуінде , отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат міндеттерімен байланысты болуы керек делінген »
Қымбатты ата – аналар сіздермен біз әр тоқсан сайын кездесіп түрлі тақырыптарда пікір алысып тренинг өткізіп жүрміз. Ал бүгінгі ортаға салып, ой бөліскелі отырған тақырыбымыз «Баланың рухани дамуы отбасынан басталады» деп аталады.
Ендеше бүгінгі тренингтің тақырыбын ашу үшін төмендегі тақырыптар төңірегінде ой өрбіткелі отырмыз.
Тренинг барысы:
«Баланың ата – анаға кеңесі» – 2 мин.
Сауалнама «Отбасылық тәрбие тәсілі қандай?»–3мин
Ой тастау!«Неге бұлай?» –13мин+7мин
Топтық шығармашылық жұмыс –5мин
Релаксация – 1мин
Рефлексия
Тиімді кеңестер. –1мин
Әлі де кеш емес... – 1мин
Жүректен жүрекке. –2мин
Бүгін хатшы мен уақыт есептеуші скипер сайлап алайық.
Хатшы –
Уақыт есептеуші –
Құрметті ата – аналар, мына столдың үстінде өздеріңізге таныс конверттер жатыр. Онда балаларыңыздың ата – анаға кеңесі жазылған. Оқып танысып алуларыңызға 2 минут уақыт беріледі. Бұл әрине балаларыңыздың ойы, дегенмен де, отбасында дұрыс тәрбие қалыптасуы үшін олардың ойымен санасуымыз керек екенін білесіздер...
Сіздерді мен де біраз кеңеспен таныстыра кетейін, дегенмен де, кешірерсіздер оның біразы балаларыңыздың кеңесінен алынған:
Баланың ата – анаға кеңесі:
Мені еркелетпеңіздер, себебі мені бұзасыздар. Мен сұраған нәрселерді міндетті түрде орындай беру керек еместігін мен жақсы білемін, жай әншейін мен сіздерді сынаймын.
Маған қатал болуға қорықпаңыздар. Ондай қарым-қатынас маған қажет. Бұл менің өз орнымды анықтауыма көмектеседі.
Менімен қарым-қатынас жасауда күшке иек артпаңыздар (сүйенбеңіздер). Бұл мені де тек күшке жүгінуге үйретеді.
Орындай алмайтын ісіңізге уәде бермеңіздер. Бұл менің сізге деген сенімімді төмендетеді.
Мен өзім жасай алатын істерді мен үшін және менің орныма істемеңіздер. Себебі мен сіздерді қызметшім ретінде пайдалануға дағдыланып кетемін.
Мені бөтен адамдардың көзінше жөнге салмаңыздар. Маған кемшілігімді оңашада жайлап ғана түсіндірсеңіздер, ескертулеріңізге мен көбірек мән беремін.
Маған шектен тыс тыйым салып, ескерту жасай бермеңіздер. Ненің жақсы, ненің жаман екенін мен жақсы түсінетіндігімді білгенде, таң қалып қаласыздар.
Сіз маған шамадан тыс ұрысып, түртпектемеңіз. Егер олай істесеңіз мен сізді естімегенсіп қорғануға мәжбүр боламын.
Менің үрейлерім мен қорқыныштарым сіздерді қатты алаңдатпасын. Әйтпесе, менің үрейім ұлғаяды. Маған шыдамдылықтың не екенін көрсетіңіздер.
Мен сіздердің қолдауларыңызсыз жақсы дами алмайтынымды ұмытпаңыздар.
Маған өзіңіздің досыңызға қарағандай көңіл бөліңіз. Сонда мен де сіздің досыңыз бола аламын.
Және де мен, сізді өте жақсы көремін, өтінемін маған да соны қайтарыңыздар.
Мені өзіңіз жіберіп алған қателіктерден қорғамаңыз. Себебі, мен өз қателіктерімнен сабақ аламын.
Менің сәл ғана ауырғаныма, аса қатты көңіл бөлмеңіздер. Менің ауырғаныма көп көңіл бөлінсе, мен оны ұнатып, керісінше түсініп қалуым мүмкін.
Мен сіздерге ашық сұрақ қойғанымда, жауап беруден қашпаңыздар. Егер сіз жауап бермесеңіз, мен сізге сұрақ беруді доғарып, жауапты сырттан іздейтін боламын.
Сіздердің алдыларыңызда сауалнама кестелері жатыр. Экранда көрсетілген жауаптармен таныса отырып,тек нұсқасын белгілеп, жалпы ұпайларыңызды есептеп шығарыңыздар.
Рахмет, біз бұл сауалнамаға әлі айналып соғамыз. Қазірше алдыларыңызда тұра тұрсын...
Мен қазір сіздерді 2 топқа бөлемін (Ата – ана, Бала деп 2 топқа бөлу.)
Ал енді мен бір ой тастағалы отырмын. Бәріңіз экранға назар аударыңыздаршы...
(«Соқыр ана» бейнеролигін көрсету) 8 мин
1-топ.Ата-ана тарапынан ойын айту.
2-топ. Бала тарапынан пікірін білдіру.
Ендеше сіздерге ойланып, ақылдасуға 1 минут уақыт, ой пікір айтуға 4 минут уақытберіледі беріледі.
Хатшы алдыңыздағы «Тиімді кеңестер» бұрышына өте қажетті тиімді ақыл -кеңестерді түртіп отырыңыз.
(Ата – аналар шығып бейнеролик туралы пікірін айтады)
«Тамаша , рахмет, яғни балаға шектен тыс жағдай жасамау керек...» дейсіздер ғой.
Тағы бір бейнероликпен танысайықшы...
( «Бүгін қария жылады...» бейнеролигін көсету.)7 мин
Иә, Қазақстан елі қазір өте дамыды, жетістігіміз көп, «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз. Бұрын соғыс кезінде ашаршылық небір қиындықтар болды, бірақ қарттар үйі болған жоқ.
Ал қазір әлеуметтік жағдайымыз жақсарған сайын қарттар үйінде, балалар үйінде адамның көптігінен бос орын жоқ. Ертеректе қарттар үйі болған күнде де қазақтар кездеспеуші еді, себебі жалғыз қалған. қария жетім қалған баланы туыстары асырап бағатын.
Қариялар үйде болып, қариялардан тәрбие алу керектігін ұмытып, ұрпақтар сабақтастығы құрып бара жатқан жоқ па?
Неге бұлай?
Сіздер қалай ойлайсыздар?
(ата – аналар жауап береді)
Біздер бір отбасымыз, Бір бірімізге деген жылылығымызды сезіне түсу үшін бір сергіп алайық.
(Шеңберге бір бірінің артынан тұру, алақанымен алдындағы адамның арқасына :)
Жауын жай – жай жауып тұр (саусақтармен тысырлату)
Жауын күшейіп барады. (Қаттырақ тақырлату)
Найзағай жарқылы (саусақтарды тырсылдату)
Жайлап жел басталды.(алақанмен сипалау)
Тынышталды. (тоқтау)
(екінші адамға ауысуға болады)
Р а х м е т! Біздер тәтті бір отбасы екенбіз. Мықты отбасы болу үшін киелі бесігімізге бала толып, шаңырағымыз биік болып , керегеміз кең болуы керек. Ендеше мен сіздерді 3 топқа бөлемін.
«Бесік» «Шаңырақ» «Кереге»
«Бесік» тобы: «Отбасы бақыты»
«Шаңырақ» тобы: «Біз балаларымыз үшін кімбіз?»
«Кереге» тобы: «Біздің балаларымыз біз үшін кім?»
тақырыбында «Өткені». «Қазіргі». «Болашағы» - на тоқталып , өз тақырыптарыңызды қорғап шығыңыздар. Алдарыңызда плакат,маркер,қайшы,желім,сурет,журналдар бар. Соларды пайдалана отырып, қаласаңыздар коллаж, қаласаңыздар сурет салуларыңызға болады. Ойланып, ақылдасуға 2 минут, қорғап шығуға 3 минут уақыт беріледі.
Иә , біраз ой айтып пікір таластық . Өзімізге қажетті болатын қандай тиімді кеңестер жинақталды екен, хатшыға сөз берейікші...
(Хатшы таныстырып өтеді)
Шынында да бұл кеңестер біздің отбасылық тәрбие – тәлімімізге көмегі болатыны анық.
Тәрбиенің өзі беделді тәрбие, авторитарлық тәрбие, идентиферендік тәрбие болып бөлінеді екен. Сіздер өз тәрбиелеріңіздің қай түріне жататынын білгілеріңіз келе ме?
Ендеше алдарыңыздағы сауалнамаға оралайықшы.
ші жолда ұпайыңыз көп болса, мен сіздерді құттықтаймын. Осындай жағдайлар кездеспес үшін, беделді тәрбие түрін таңдауымыз керек. Ал кеткен қателіктеріміз болса, ол үшін ренжімейсіздер. Мен сіздерге сауалнаманы таратып беремін өз қателеріңізді жөндеуге әлі де кеш емес....
Иә, отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы ұжымы екенін бүгін тағы да дәлелдей түстік. Ендеше, алдыларыңыздағы жүрекшелерге, бақытты отбасыларыңызға деген жылы сөздеріңізді жазыңыздаршы. (баяу ән орындалады)
Жазып болсаңыздар, бір кесе шыдамдылықты алыңыз, оған махаббатқа толы жүрек жылуын салыңыз, мәрттік пен мейірімділікті мол етіп себіңіз, азғантай әзіл мен барынша сенімді қосыңыз. Содан соң араластырыңыз да мейірім, жылы сөзге толы жүрекшелермен үйімізді толтырыңыздаршы. (ортада тұрған киіз үйге алып барып салады)
(көрермендерге таратылған пікір қағазды жинап алу).
Достарыңызбен бөлісу: |