Сәлеметсіздер ме, мен Даубаева Айгерім Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, №1 Абылайхан ЖОМ мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Қазіргі уақытта мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуы жылдам өзгеріп жатқан әлемнің талабы деп білемін.
Биылғы оқу жылының аяқталуы, ұстаздар қауымы үшін ерекше болды. Өйткені, оқу жылының 4 тоқсанын толығымен қашықтықтан оқытудың жаңа жүйесімен аяқтадық. Бұл жүйеде жұмыс жасауда біз мұғалімдер үшін қиындықтар да туындап жатты: біріншіден бұл бағытта жұмыс жасаудағы тәжірибеміздің жеткіліксіздігі; екіншіден ауыл мектептерінде оқыту платформаларының қызметтерін меңгеруге дайын еместігі.
Бірақ соған қарамастан, қолдағы бар құралдарды толық пайдаланып, барлық мүмкіндіктерді қолдануға тырыстық, оқыту мен сабақ берудің негізгі тәсілдерін жаңа платформаға икемдеп, өз тәжірибемізді жаңа қырынан шыңдадық.
Қашықтан оқытудың алғашқы аптасында сабақты қалай құру керек, қандай ресурстар мен технологияларды пайдаланған тиімді, оңтайлы үй тапсырмаларын ұйымдастыру, ата-аналардың көзқарасы, шәкірттеріме сапалы білім беруде бұл үрдістің қаншалықты тиімді болатынына ерекше алаңдадым. Осындай қиын қыстау уақытта қол жетімді шешімдер қабылдап, сабағымызды дұрыс жоспарлау жолында түрлі әдістемелік кеңестерін берген «Өрлеу» БАҰО, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш оқыту» кафедрасының аға оқытушыларына айтар алғысымыз шексіз.
Атап айтсам, тренерім Шораева Улбала Бахытжанқызынан бағыт бағдар алып, тренерімнің қолдауымен кафедра қызметкерлері ұйымдастырған түрлі вебинар, онлайн сабақтарына үнемі қатысып, дер кезінде әдістемелік көмектер алып отырдым. Соның ішінде қашықтықтан оқытудағы кері байланысты тиімді қолдану, ТЖБ,БЖБ тапсырмаларын құрастырудың жолдарын үйрену, тілдік дағдыларды дамыту бойынша ұйымдастырылған іс шаралардың мен үшін маңызы зор болды. Осындай бірлескен талқылаулар, түсіндірулер, сұрақ-жауап ағымындағы түрлі кеңестерден түйіндеген ойым:
«Қашықтан оқыту» - «балалардың зияты» білім жүйесін ғана емес, өмірге қажетті, болашақта оқуға қажетті жаңа дағдыларды да қамти алатындығын, тапсырманы орындай отырып, бала: «Менің қолымнан келеді!», «Мен жасай аламын!» деп өзін-өзі жігерлендіретінін, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынастың ешбір жүйеге қарамастан беки түсетінін ұғындым.
Достарыңызбен бөлісу: |