13-бап. «Электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық
инфрақұрылымының операторы
«Электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың және ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
2) өзіне бекітіліп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, сондай-ақ оны дамыту үшін тартылған өзге де тұлғалардың инфрақұрылымын пайдалануды, сүйемелдеуді, дамытуды, мониторингілеуді, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
3) бюджет ресурстарын және мемлекеттік қаржыны басқару бойынша ақпараттық жүйені пайдалануды, мониторингілеуді, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
4) ақпараттық-коммуникациялық қызметтердің каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның базасында мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетеді;
5) өзіне бекітіліп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының тоқтаусыз және тиісінше жұмыс істеуін және қорғалуын қамтамасыз етеді;
6) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына бекітіліп берілген бөлігінде орналастырылған мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
7) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету кезінде мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
8) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету каталогын қалыптастырады және жүргізеді;
9) ақпаратық-коммуникациялық қызметтің және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің анықталған кемшіліктеріне жедел ден қойылуын және оларды жою жөнінде шара қолданылуын қамтамасыз етеді;
10) әлеуетті берушілердің сервистік бағдарламалық өнімдерді әзірлеуі және тестілеуі үшін «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторының сұрау салуы бойынша ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өтеусіз негізде береді;
11) мемлекеттік органдардың жергілікті (интернет желісіне рұқсаты бар жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникация желілерін «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына интеграциялауды және қосуды жүзеге асырады;
12) мемлекеттік органдарға, олардың аумақтық бөлімшелеріне және ведомстволық бағынысты ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылған өзге де ақпараттандыру субъектілеріне олардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелері жұмыс істеуі үшін деректер беру бойынша қызмет көрсетеді.
14-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
1. Мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттандыру саласында мемлекеттік монополияға жатқызылған мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникацияық тұғырнамасына, сервистік бағдарламалық өніміне, интернет-ресурсына олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестациялық зерттеу жүргізеді;
2) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстарын, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің қорғалуын қамтамасыз ету мониторингін жүзеге асырады;
3) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстарының, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің қауіпсіз жұмыс істеуін мониторингілеуді жүзеге асырады;
4) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын қауіпсіз қолдану және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою мақсатында оларды мониторингілеуді жүзеге асырады;
5) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуінің және қызметінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне орталықтандырылған мониторингілеуді жүзеге асырады;
6) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының электрондық почтасының бірыңғай шлюзін сүйемелдеуді жүзеге асырады;
7) сервистік бағдарламалық өнімге, мемлекеттiк ақпараттық жүйеге, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ жүргізеді;
8) сервистік бағдарламалық өнімге техникалық тапсырманы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бөлігінде келісуді жүзеге асырады;
9) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға (дамытуға) бағытталған инвестициялық ұсыныстың, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің және техникалық тапсырмасының ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізеді;
10) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігін мониторингілеу жүйесін ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыдан сүйемелдеуді жүзеге асырады;
11) жоғарғы деңгейдегі қазақстандық домендік атауларға қызмет көрсететін домендік атаулар серверлерінің істен шығуға төзімділігін мониторингілеуді жүзеге асырады;
12) өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын байланыс операторларының телекоммуникация желілерін адрестеу және нөмірлеу жоспарларын әзірлеуді сүйемелдейді;
13) ақпараттық жүйелердің және мемлекеттік органдардың ақпараттық-телекоммуникация желілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерді анықтау, талдау және болғызбау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу бойынша жұмысты жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік монополия субъектісі ретінде мемлекеттік техникалық қызмет жасайтын және (немесе) іске асыратын жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Мемлекеттік техникалық қызмет:
1) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникацияық тұғырнамасына, сервистік бағдарламалық өніміне, интернет-ресурсына олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестациялық зерттеу жүргізу әдестемесін әзірлейді және бекітеді;
2) сервистік бағдарламалық өнімге, мемлекеттiк ақпараттық жүйеге, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге, ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілерге жатқызылған ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
4. Мемлекеттік техникалық қызметтің лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15-бап. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері
жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы:
1) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
2) мемлекеттік органдарға көрсетілетін ақпараттық-коммуникациялық қызмет мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
3) жеке және заңды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға «электрондық үкімет» мәселелері бойынша тәулік бойы консультация беруді жүзеге асырады;
4) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті және мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушыларда туындаған мәселелер бойынша түсініктер беру үшін операторға және өзге де құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сауал жібереді;
5) жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша ақпаратты операторға, құзыретті мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға жүйелі негізде жіберіп отырады;
6) көрсетілетін қызмет сапасының нашарлығы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
16-бап. Халықтың компьютерлік сауаттылығы және
«электрондық оқыту»
1. Мемлекет орта, техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, электрондық оқытудың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын құруды қамтамасыз етеді.
2. Мамандардың компьютерлік сауаттылығы деңгейіне қойылатын талаптар еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келiсім бойынша тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары бекітетін кәсіби стандарттарда белгіленеді.
3-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы құқықтары мен міндеттері
17-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың,
ақпараттық жүйенің, ақпараттық-
коммуникациялық инфрақұрылымның
меншік иесінің құқықтары мен міндеттері
1. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі:
1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жалға, сенімгерлік басқаруға, шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға беруге және оларға өзгеше түрде билік етуге;
2) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өңдеу, қорғау және оларға қол жеткізу режимі мен қағидаларын өз құзыреті шегінде белгілеуге;
3) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, көшіру және тарату кезінде оларға иелік ету шарттарын, ақпаратық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену және пайдалану шарттарын айқындауға құқылы.
2. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі:
1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау жөнінде шаралар қодануға;
2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуді қолдануға, ұсынуға, шектеуге немесе тыйым салуға;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, ақпараттық жүйені тұтастай мүліктік кешен сияқты иелену, пайдалану және билік ету құқықтарына ие болады.
4. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесінде өзгеше белгіленбесе, аталған ақпараттық жүйеде қамтылған электрондық ақпараттық ресурстарды көшіруге және таратуға тыйым салуға немесе шектеуге құқылы.
5. Ақпараттық жүйенің меншік иесі аталған ақпараттық жүйеде пайдаланылатын техникалық құралдардың және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі болып табылмаған жағдайда, ақпараттық жүйені пайдалану және электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу тәртібі меншік иелері арасындағы келісіммен айқындалады.
6. Ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау және қорғау, өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған ақпараттық жүйелерді қорғау қауіпсіздігі үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі (иеленушісі) алдында жауапты болады.
18-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар,
ақпараттық жүйе, ақпараттық-
коммуникациялық инфрақұрылым
иеленушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі:
1) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды меншік иесі айқындаған шарттар негізінде иеленуге және пайдалануға;
2) үшінші тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуі және оларды пайдалануы шарттарын айқындауға;
3) ақпараттық жүйеде ақпаратты өңдеу шарттарын айқындауға құқылы.
2. Электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі:
1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
3) электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қолжетімділікті осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес таратуға, беруге, шектеуге немесе оған тыйым салуға;
4) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау қауіпсіздігі және қорғау, өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған ақпараттық жүйелерді қорғау үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің тиісінше меншік иесі және (немесе) иеленушісі алдында жауапты болады.
19-бап. Пайдаланушының құқықтары мен міндеттері
1. Пайдаланушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасы, меншік иесі не иеленушісі айқындаған шарттарда электрондық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ашық деректерді алуға, пайдалануға, таратуға, тапсыруға, үшінші тұлғаларға беруге, ақпараттық жүйені пайдалануға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, электрондық ақпараттық ресурстарда, ақпараттық жүйеде қамтылатын өзінің дербес деректерімен танысуға құқылы.
2. Пайдаланушы:
1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесінің және (немесе) иеленушісінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Алушы Қазақстан Ресубликасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
20-бап. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің түрлері
1. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер автоматтандырылу дәрежесі бойынша:
1) толық автоматтандырылған;
2) ішінара автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз құжат айналымын болғызбайтын қызмет толықтай автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз және электрондық құжат айналымының кезектілігін қамтитын электрондық қызмет көрсету ішінара автоматтандырылған қызмет көрсету болып табылады.
2. Электрондық нысанда қызмет көрсету тәсілі бойынша:
1) ақпараттық;
2) интерактивтік;
3) транзакциялық;
4) композиттік болып табылады.
Пайдаланушыларға электрондық ақпараттық ресурстар беру жөніндегі қызмет электрондық нысанда көрсетілетін ақпараттық қызмет болып табылады.
Пайдаланушыға оның сұрау салуы немесе өзара ақпарат алмасуды талап ететін тараптар келісімі бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін интерактивті қызмет болып табылады. Интерактивті қызмет көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етілуі мүмкін.
Пайдаланушыға өзара ақпарат алмасуды талап ететін және төлемдерді электрондық нысанда жүзеге асырумен байланысты электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет транзакциялық көрсетілетін қызмет болып табылады. Транзакциялық қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану талап етілуі мүмкін.
Берілуі үшін электрондық нысанда қызмет алушы субъектінің сұрау салуы жеткілікті және электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану міндетті болатын өзара байланысты көрсетілетін қызметтер кешені электрондық нысанда көрсетілетін композиттік көрсетілетін қызмет болып табылады.
3. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер өтеулі сипаты бойынша:
1) өтеулі;
2) өтеусіз болып табылады.
Электрондық нысанда қызмет көрсетуші субъектіге сыйақы төлеуді көздейтін қызмет көрсету өтеулі қызмет көрсету болып табылады.
Электрондық нысанда қызмет көрсетуші субъектіге сыйақы төлемей көрсетілетін қызмет өтеусіз қызмет көрсету болып табылады.
21-бап. Электрондық нысанда қызметтер көрсету
кезінде мәліметтер беру
1. Электрондық нысанда қызметтер көрсеткен кезде электрондық нысанда қызметтер көрсететін субъектілер:
1) көрсетілетін қызметтерді алушылардың төлемдері туралы мәліметтерді электрондық нысанда «электрондық үкімет» төлем шлюзінен дұрыс мәліметтер ретінде қабылдайды;
2) жеке және заңды тұлғалар берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді электрондық нысанда «электрондық үкімет» төлем шлюзіне жібереді.
2. Екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қызметтерді электрондық нысанда көрсететін және (немесе) оларды алатын субъектілердің сұрау салуы бойынша мынадай:
1) банк шотының сұрау салуда көрсетілген тұлғаға тиесілігі және (немесе) мемлекеттік қызметтер электрондық нысанда көрсетілген кезде - жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шартының болуы туралы;
2) жеке және заңды тұлғалар электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерді жүзеге асырған кезде - төлемнің сомасы, жүзеге асырылған күні, ақша жөнелтуші және алушы туралы мәліметтерді электрондық нысанда береді.
2-бөлім. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым
4-тарау. «Электрондық үкімет»
22-бап. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеу
мақсаттары мен қағидаттары
1. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеу мақсаттары:
1) мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетудің қолжетімділігін, сапасы мен жеделдігін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік органдардың қызметінде жариялылықты арттыру, ақпараттың қолжетімділігі, қоғамдық бақылау және барлық деңгейлердегі мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге халықтың қатысуы;
3) мемлекеттік басқарудың әкімшілік реформасын іске асыру мен сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыру;
5) құжаттарды қағаз түрінде пайдалануды және оларды ұсыну бойынша талаптарды қысқарту (болғызбау) болып табылады.
2. «Электрондық үкімет»:
1) жеке және заңды тұлғалардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қызметі туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік органдардың өзге мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру;
4) мемлекеттік органдардың қызметінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыру және электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде электрондық құжат айналымын басымдықпен пайдалану;
5) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды жинау, жинақтау және сақтау кезінде қайталануды болғызбау;
6) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «электрондық үкіметтің» мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қорғау қағидаттары негізінде жұмыс істейді.
23-бап. «Электрондық үкімет» архитектурасы
1. «Электрондық үкімет» архитектурасы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленеді.
2. Мемлекеттік органдар ведомстволық сараптама жүргізу әдістемесіне сәйкес мемлекеттік ақпараттық жүйелерді іске асыру, пайдалану сараптамасын жүргізеді.
3. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы ведомствоаралық сараптама жүргізу әдістемесіне сәйкес, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыратын ақпараттық жүйелердің іске асырылуы мен пайдаланылуына жыл сайынғы негізде сараптама жүргізеді.
Сараптаманың нәтижелері ақпараттандыру саласындағы сарапшылар кеңесіне ұсынылады және ол ұсынымдық сипатта болады.
24-бап. Мемлекеттік органның архитектурасы
1. Мемлекеттік органның архитектурасын «электрондық үкімет» архитектурасының сервистік интеграторы «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес және мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерінің негізінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және сараптамалық кеңеспен келісім бойынша әзірлейді.
2. Мемлекеттік органның архитектурасына өзгерістер енгізу мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлеу және дамыту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар мынадай талаптарды:
1) мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қосқан үлесін;
2) мемлекеттік функциялар мен олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруды және автоматтандыруды;
3) мемлекеттік органның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа да ақпараттандыру субъектілерімен электрондық ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруды;
4) электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасын және тұтынушылардың оған қанағаттануын ескере отырып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тиімділігінің стратегиялық көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
4. Мемлекеттік орган өзінің құзіретіне кіретін стратегиялық міндеттер мен қызметі тиімділігі көрсеткіштерінің, функциялар мен көрсетілетін қызметтердің, құжаттардың, деректер мен электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алынуын, сипатталуын, сыныпталуын және өзекті болуын қамтамасыз етеді.
5. Мемлекеттік органдар ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың ақпараттық өзара іс-қимыл жүргізуге және мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуге қажетті тиісті автоматтандырылу деңгейін қамтамасыз етеді.
6. Мемлекеттік органдар ақпарат алмасуды орнату мақсатында «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторынан мемлекеттік ақпараттық жүйелерді «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен интеграциялануын жүргізу бойынша сұрау салуды алған жағдайда мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келіскен мерзімде қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |