2013 жылдың өзінде Үкіметке мыналарды тапсырамын:
Ел агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеу.
2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыру.
Ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесін тұжырымдау.
Берілгеннен кейін белгілі бір кезеңде игеру қолға алынбаған жерлерге салық мөлшерлемелерін көтеруді енгізу.
Жетіншіден, еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет.
Ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін бізге аса көп су көлемі қажет. Осыған байланысты біз:
Басқа елдердегі, мысалы, Австралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудің озат тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға тиіспіз.
Бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет.
Агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысуға тиіспіз.
Қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет.
2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс.
Үкіметке дәйектілікпен, бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару проблемасын шешетін ұзақмерзімді бағдарлама жасауды тапсырамын.
2. КӘСІПКЕРЛІКТІ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕКШІ КҮШІН ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ
Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс.
Біріншіден, біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек.
Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен.
Ол үшін төмендегідей шаралар қажет:
Шағын және орта бизнестің бірлестіктер мен кооперацияларға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен көтермелеудің жүйесін жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |