50-бап. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың кәсіпкерлігі
1. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың кәсіпкерлігі өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде кіріс алуды көздейтін коммерциялық заңды тұлғаларды құру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысандары шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам және өндірістік кооператив қана болуы мүмкін.
3. Коммерциялық емес ұйым өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес болғандықтан ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.
51-бап. Мемлекеттік кәсіпорындардың кәсіпкерлігі
1. Мемлекет қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерінен айқындалатын әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мақсатында:
1) шаруашылық жүргізу;
2) жедел басқару (қазыналық кәсіпорындар) құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар құрады.
2. Мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылады.
3. Мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым қазыналық кәсіпорын болып табылады.
52-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын және кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар өздерінің құрылу мақсатына, өз қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, мемлекеттiк тiркеуге жатады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, олар заңды тұлға құқығын иеленбестен есептiк тiркеуге жатады.
3. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әділет органдары жүзеге асырады.
4. Кәсіпкерлік субъектілері - заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
53-бап. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату
1. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру немесе тарату осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кәсіпкерлік субъектісі борышкердің немесе кредитордың сотқа берген, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, өзге де адамдардың өтінішінің негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
3. Заңды тұлғаны оңалту және оның банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ
54-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері
Кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында құратын қауымдастық (одақ) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі болып табылады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.
55-бап. Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктері қызметінің негіздері
Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің қызметі:
1) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығына;
2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдерді қабылдауға жол бермеуге;
3) кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің заңды түрде жүзеге асырылатын қызметін шектеуге жол бермейтін тәуелсіздікке;
4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беруге, жауапкершілікке;
5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділікке, жүйелілікке және жеделдікке негізделеді.
56-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оның мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі - Ұлттық палата) Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің (бұдан әрі - қауымдастық (одақ) қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Ұлттық палатаны құрудың мақсаты Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негізді қалыптастыру болып табылады.
3. Ұлттық палатаның міндеттері:
1) кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету және қорғау;
3) кәсіпкерлік субъектілері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттер болып табылады.
57-бап. Ұлттық палатаның жүйесі
1. Қауымдастықтар (одақтар) Ұлттық палатаның басқару органдарында және жұмыс органдарында кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемшарттарға өздерінің сәйкестігін Ұлттық палатаның тануы үшін аккредиттеуден өтуге тиіс.
2. Ұлттық палата жүйесіне:
1) республикалық деңгейде:
Ұлттық палата;
Ұлттық палатада аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтары (одақтары);
2) аумақтық деңгейде:
облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана кәсіпкерлерінің палаталары (бұдан әрі - өңірлік палаталар);
өңірлік палаталарда аккредиттелген өңірлік салааралық, өңірлік салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің өңірлік қауымдастықтары (одақтары);
өңірлік палаталарда аккредиттелген облыстардағы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы қауымдастықтар (одақтар);
өңірлік палаталарда аккредиттелген аудандардағы, аудандық маңызы бар қалалардағы қауымдастықтар (одақтар);
3) қалалық және аудандық деңгейлерде:
тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы өңірлік палаталардың филиалдары;
4) «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттарын іске асыру үшін құрылған, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалар;
5) Ұлттық палатаның шет мемлекет аумағындағы филиалдары мен өкілдіктері;
6) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кіреді.
58-бап. Ұлттық палата қызметінің қағидаттары
1. Ұлттық палатаның қызметі:
1) дербестік;
2) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығы;
3) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына қайшы келмейтін шешімдерді қабылдау;
4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беру, жауапкершілік;
5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділік, жүйелілік және жеделдік;
6) салааралық, салалық және өңірлік қауымдастықтарды (одақтарды) дамыту;
7) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі;
8) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер өндіретін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасау;
9) қоғам мен кәсіпкерлік мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.
58-баптың 2-тармағы өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
2. Ұлттық палата, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға міндетті түрде мүше болу белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген (есептік тіркеуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің мүше болуының міндеттілігі қағидаты бойынша құрылады.
Міндетті мүше болуға негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттеу ұйымдарының мүшелері (қатысушылары) болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің Ұлттық палатаға міндетті түрде мүше болу қағидаты қолданылады.
59-бап. Ұлттық палатаның мүшелері
1. Егер осы Кодексте және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мүшелері:
1) Ұлттық палата тарапынан кәсіби қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен өтініш жасауға және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде уәжді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;
6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтерді алуға;
7) Ұлттық палата жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.
4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.
5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.
6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
60-бап. Ұлттық палатаның құзыреті
Ұлттық палата осы Кодексте, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерлерін бекітеді;
2) өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық палатаның өзара іс-қимылы оны құру мақсатына және оның міндеттеріне қол жеткізуге бағытталады.
3. Ұлттық палатаның Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы осы Кодексте және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен мынадай нысанда:
1) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
2) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
3) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдарды құруы;
4) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуы;
5) Ұлттық палатаны құрудың мақсатын, оның міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
4. Коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдар Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынуға міндетті.
62-бап өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 62-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
62-бап. Өзін-өзі реттеуді енгізу және оның түрлері
Кәсіпкерлік және кәсіби қызмет салаларында қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеу ұйымдарына ерікті және міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілуі мүмкін.
Өзін-өзі реттеу ұйымына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін нақты саладағы реттеуші мемлекеттік орган және мүдделі тұлғалар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
2-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
4-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ НОРМА ШЫҒАРУШЫЛЫҚҚА ҚАТЫСУЫ
63-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
64-бап. Сараптама кеңестері
1. Сараптама кеңесі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан:
кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
сараптама кеңестерінің мүшелерінен кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға сараптама қорытындыларын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Сараптама кеңестерінің құрамына Ұлттық палатаның, міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу ұйымдарының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерi мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кіреді.
Сараптама кеңестерінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi мен өзге де коммерциялық емес ұйымдар сараптама кеңесінің мүшелері мәртебесіне өздері орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органда аккредиттелген кезден бастап қана ие болады.
4. Аккредиттеу туралы куәліктің нысанын, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді өткізу тәртібін, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Аккредиттеу туралы куәлік үш жыл мерзімге беріледі.
Орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда қатарынан екі реттен көп аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері аккредиттеу туралы куәлікті мерзімсіз негізде алады.
5. Сараптама кеңесінің отырыстарына сараптама кеңесі мүшелерінің өкілдері қатысады, олардың өкілеттіктері сенімхатпен расталады.
Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптама кеңестерінiң құрамдары осы органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
6. Мемлекеттiк құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актілердің жобалары сараптама кеңесінің қарауына жатпайды.
7. Сараптама кеңесінің мүшелері нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шартты қарауды сараптама кеңесінің мүшелеріне тиісті жобаны ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы хабарламаны сараптама кеңесінің дереу жіберуі арқылы отырыс өткізбей жүзеге асырады.
Сараптама кеңесінің отырысы сараптама кеңесі мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі. Күн тәртібі оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде қаралады.
Бұл ретте сараптама кеңесінің отырыстары сараптама кеңесінің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде бейнеконференция байланысын немесе интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
8. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптама кеңесінің қарауына шығарылуы мүмкін.
9. Сараптама кеңестері туралы үлгілік ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 65-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
65-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Орталық мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдар кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында сараптама қорытындысын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестеріне және Ұлттық палатаға жібереді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптама қорытындысын беру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар белгілейтін мерзім сараптама кеңесінің мүшелеріне және Ұлттық палатаға хабарлама келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, сараптама қорытындысын алуға арналған хабарлама, егер кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу туралы, сондай-ақ жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдауды көздесе, жіберілмейді.
Осы тармақтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының тұжырымдамаларына қолданылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп-қисаптардың нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Осы бапта және осы Кодекстің 66 - 68-баптарында көзделген талаптар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 66-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
66-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптама қорытындылары
1. Сараптама қорытындысы сараптама кеңесі мүшесінің және Ұлттық палатаның жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде міндетті қосымша болып табылады.
Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
2. Сараптама қорытындыларын сараптама кеңесінің мүшелері және Ұлттық палата әзірлеуші мемлекеттік органдарға осындай мемлекеттік органдар айқындаған мерзімдерде, бірақ сараптама кеңесінің мүшесі және Ұлттық палата хабарламаны алған кезден бастап кемінде он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
Сараптама қорытындысын белгіленген мерзімдерде ұсынбау заң жобасының тұжырымдамасы, нормативтік құқықтық актінің жобасы сараптама кеңесінің мүшесімен және Ұлттық палатамен ескертусіз келісілді деп есептеледі дегенді білдіреді.
Бұл ретте мемлекеттік органдарға әзірлеуші мемлекеттік органдардан сараптама қорытындысын осы тармақта белгіленген мерзімдерде ұсынбаған сараптама кеңесі мүшелерінен және Ұлттық палатадан сараптама қорытындыларын алуды талап етуге тыйым салынады.
3. Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен кезде заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесі мүшесіне және Ұлттық палатаға келіспеу себептерінің негіздемесі бар жауапты жібереді. Мұндай жауап заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 67-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |