көздерінің
болуы ескеріле отырып, еңбек шартында не ұжымдық шартта жұмыс берушінің
қосымша міндеттері көзделуі мүмкін.
318-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру
жұмыс берушінің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым
салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
Қызметкерлер бұл мақсаттарға шығынданбайды.
Қаражат көлемі ұжымдық шартпен айқындалады.
36-тарау. ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУДЫ
ҰЙЫМДАСТЫРУ
319-бап. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы нормативтік құқықтық актілерді
қабылдау
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық
актілер еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмірі
мен денсаулығын сақтауға
бағытталған ұйымдастыру, техникалық, технологиялық, санитарлық-гигиеналық,
биологиялық, физикалық және өзге де нормаларды,
ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді
белгілейді.
2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық
актілерді қабылдауды тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан
Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
нұсқаулықтарды әзірлеуді және бекітуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган
бекіткен тәртіппен жүзеге асырады.
320-бап. Өндірістік объектілер мен өндіріс құралдарын
жобалау, салу және пайдалану кезіндегі еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
талаптар
1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келмейтін
өндірістік ғимараттар мен
құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта құруға,
технологияларды әзірлеуге және пайдалануға, машиналарды, тетіктерді, жабдықтарды
құрастыруға және әзірлеуге жол берілмейді.
2. Егер жаңадан салынған немесе қайта құрылған өндірістік объектілер, өндіріс
құралдары немесе өнімнің басқа да түрлері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
талаптарына
сай келмесе, қабылданбайды және пайдалануға берілмейді.
3. Өндірістік объектілер еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен
еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізілуге тиіс.
4. Қабылдау комиссиясы өндірістік мақсаттағы объектіні пайдалануға қабылдап
алуды мемлекеттік еңбек инспекторының міндетті қатысуымен жүргізеді.
321-бап. Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары
1. Жұмыс орындары орналасқан ғимараттар (құрылыстар) өзінің құрылысы бойынша
олардың функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
талаптарына сай болуға тиіс.
2. Жұмыс жабдығы осы жабдық түрі үшін белгіленген қауіпсіздік нормаларына
сәйкес келуге, онда тиісті сақтандыру белгілері болуға және қызметкерлердің жұмыс
орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғау
құрылғыларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердің үй-жайлардан шығатын жолдар бос
болуға және ашық ауаға не қауіпсіз аймаққа шығаруға тиіс.
4. Қауіпті аймақтар нақты белгіленуге тиіс. Егер жұмыс орындары жұмыстың
сипатына қарай қызметкерге қауіп-қатер төндіретін немесе құлайтын заттар бар
қауіпті аймақтарда болса, онда мұндай орындар мүмкіндігінше бұл аймақтарға бөгде
адамдардың кіруін шектейтін құрылғыларымен жабдықталуға тиіс. Жаяу жүргіншілер мен
технологиялық көлік құралдары ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға
тиіс.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде (учаскелерде), оның ішінде биіктікте,
жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңіз қайраңдары мен
ішкі су айдындарында
жұмыстар жүргізу үшін қызметкерлердің жеке қорғану құралдары болуға тиіс.
6. Жұмыс орындары орналасқан үй-жайлардағы температура, табиғи және жасанды
жарық, сондай-ақ желдеткіш жұмыс уақыты кезінде еңбектің қауіпсіздік талаптарына
сай болуға тиіс.
7. Қызметкерлер еңбек жағдайлары зиянды (шаң-тозаң, газдану және басқа да
факторлар) жұмысқа жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз еткеннен
кейін жіберіледі.
37-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАРДЫ
ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ЗАҚЫМДАНУЛАРЫН
ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ МЕН ЕСЕПКЕ АЛУ
322-бап. Тергеп-тексерудің жалпы жағдайлары және
өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу
1. Қызметкерлердің, сондай-ақ:
1) бастауыш кәсіптік білім бағдарламаларын, жоғары оқу орнынан кейінгі
кәсіптік білім бағдарламаларын іске асыратын оқу
орындарында оқитын, кәсіптік
практикадан өтіп жүрген адамдардың;
2) әскери қызмет өткерумен байланысты емес жұмыстарды орындауға тартылған
әскери қызметшілердің;
3) сот үкімі бойынша еңбекке тартылған адамдардың;
4) әскерилендірілген авариялық-құтқару бөлімдері, әскерилендірілген күзет
жеке құрамының,
авариялардың, дүлей зілзаланың салдарларын жою жөніндегі, адам
өмірін және мүлікті құтқару жөніндегі ерікті командалар мүшелерінің еңбек қызметіне
байланысты және еңбекке қабілетсіздігіне не өліміне әкеп соққан денсаулығының
зақымдану жағдайлары осы Кодекске сәйкес тергеп-тексеруге және есепке алуға жатады.
2. Өндірістік жарақаттар мен қызметкердің денсаулығына еңбек міндеттерін
атқарумен байланысты келтірілген өзге де зақымданулар не жұмыс берушінің мүддесі
үшін өз бастамасы бойынша еңбекке қабілетсіздігіне не өлімге әкеп соққан басқа да
әрекеттер жасау, егер олар:
1) жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін жұмыс орнын,
өндіріс құрал-жабдықтарын, жеке қорғану құралдарын және басқаларын дайындау және
ретке келтіру кезінде;
2) жұмыс орнындағы жұмыс уақыты ішінде немесе іссапар кезінде не жұмыс
берушінің немесе ұйымның лауазымды адамының тапсырмасы
бойынша еңбек немесе өзге де
міндеттемелерді орындауға байланысты басқа жерде болғанда;
3) қауіпті және (немесе) зиянды өндірістік факторлар әсерінің нәтижесінде;
4) жұмысы қызмет көрсету объектілері арасында жүрумен байланысты қызметкер
жұмыс уақытында жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша жұмыс орнына бара жатқан жолда;
5) қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы кезінде жұмыс берушінің көлігінде;
6) жеке көлігін қызмет бабында пайдалану құқығына жұмыс берушінің жазбаша
келісімі болғанда өзінің жеке көлігінде;
7) жұмыс берушінің өкімі бойынша өз ұйымының немесе басқа ұйымның аумағында
болған кезеңде, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкін қорғау не жұмыс берушінің мүддесі
үшін өз бастамасы бойынша өзге де іс-әрекеттер жасау кезінде болса, өндірістегі
жазатайым оқиғалар ретінде тергеп-тексеріледі және есепке алынады.