Өмірбаянның екінші түрі – мемуарлар, яғни ақын, жазушылардың,
өнер, қоғам қайраткерлерінің өз өмірін қоғам өмірімен байланыстыра баяндауы.
Мұндай өмірбаяндар көркем шығармаға жақын əдеби тілмен, шебер
жазылғандығымен оқырманды қызықтырады жəне ол оқырманды жеке адам
өмірімен ғана емес, қоғамның дамуымен де таныстырады.
Өмірбаянның бұл түрінде жазушының көзқарасы, дүниетанымы
көркем сөзбен жан-жақты баяндалады. Яғни ойды, сезімді, оқиғаны көркем сөз
арқылы əсерлі жеткізіп, оқушының сана-сезіміне, көңіл-күйіне əсер ету
принципі негізге алынады.
Мұндай шығармалардың қай тілде болмасын өте көп жəне қара
сөзбен де, өлең сөзбен де жазылатын түрлері кездеседі. Мысалы, Қ.
Байсейітовтың
« Құштар көңіл» (1977), Ш. Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім» (1983),
Д. Қонаевтың «Өтті дəурен осылай» атты кітаптары өмірбаянның осы түріне
жатады.