Адилбаева Жулдыз Токеновна, Абеуова Лаура Дынымхановна
№ 34 ЖББОМ , Қарағанды қаласы
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың дәстүрлі
емес түрлері (бастауыш сынып мысалында)
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан
жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына
Жолдауында атап көрсетілгендей, егеменді даму жылдарында барша
қазақстандықтарды біріктіретін және ел болашағының іргетасын қалаған басты
құндылықтар жасалды. Жолдауда бұл құндылықтар атап көрсетілген:
Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік,
бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият;
индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім;
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы;
еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге
жаһандық тұрғыдан қатысуы. Президент сонымен қатар, жалпықазақстандық
мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретін белсенді, білімді және дені сау
азамат қалыптастыру міндетін қойды [1]. Осы міндеттерді жүзеге асыруда
отбасы мен мектептің ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынасын реттеу,
яғни бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың ағарту жұмысын,
психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін күшейтуге, бала тәрбиесі
үшін олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ету жұмыстарын жүзеге
асыру-бүгінгі педагогтардың басты қызметі [2].
Баланы мектепте және отбасында тәрбиелеу - біртұтас үзіліссіз
жүргізілетін үрдіс. Осы үрдісті ұйымдастыруда бастауыш сынып мұғалімінің
ролі өте маңызды. Бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ата-ана
педагогикалық үрдістің белсенді қатысушысы болуы қажет. Өзімнің
педагогикалық тәжірибемде ата-аналармен жүргізілетін жұмысты білім беру
мекемесіндегі кез-келген жұмыс түрлері секілді біртұтас жүйе ретінде жүзеге
асырамын. Жыл сайын ата-аналардың мектептегі жиналыстарға қатысу
деңгейінің төмендеп келе жатқаны белгілі. Менің пікірімше, бұл жайдың басты
себептерінің бірі - ата-аналар жиналыстарының бірсарынды, қызықсыз өтуі.
Ата-аналар жиналысын өткізу арқылы ата-аналардың педагогикалық
мәдениетін жетілдіріп, ата-аналар ұжымын қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Ата-аналар жиналысында теория мен практиканы ұштастыра отырып, бала
тәрбиесіне байланысты ата-аналардың білім-біліктіліктерін дамыту көзделеді.
Қалыптасқан дәстүрмен өткізілетін ата-аналар жиналысы (яғни, диалогтың
орнына монологты көп қолдану, қатысушылар белсенділігінің төмендігі,
қатысып отырған ата-аналардың өмірлік және бала тәрбиесіне қатысты азды-
көпті тәжірибесін қажетсінбеу) бүгінгі күні ата-аналардың талап-тілектерін
қанағаттандыра алмайды. Сондықтан әр сынып жетекшісі көтерілген
проблемаларды талқылауға, шешу жолдарын анықтауға ата-аналарды белсенді
қатыстыру жолдарын қарастыруы қажет. Жиналыстарда оқу - тәрбие үрдісінде
туындаған
сұрақтар,
міндеттердің
шешілуін
әр
түрлі
формада,
қатысушылардың ынта-қызығушылықтарын оята отырып шешу жолдарын
іздестіру нәтижеге бастайды. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың ішінде
ата-аналар жиналысы, конференциялар, жекелеме әңгімелер, кеңестер жүргізу
кең тараған. Бұл жұмыс түрлері барлығына таныс. Мен өз мақаламда ата-
аналармен ынтымақтастықтың дәстүрлі емес түрлеріне тоқталғым келеді. Ата-
аналармен жүргізілетін жұмыстың дәстүрлі емес формаларына әлеуметтік -
психологиялық тренингтер, рингтер, ата-аналарға арналған кештер, ата-аналар
оқуы жатады. Ата-аналарға арналған кеш - бұл шағын мереке. Әр ата-ана
баласының достарының ата-аналарымен жақын танысады, баласы мен өзінің
балалық шақтарын еске түсіреді. Мерекелік көңіл күй, әдемі әзіл жүректерге
жылылық ұялатып, ата-аналарды бір-бірімен ашық сөйлесуге ынталандырады.
Ата-аналар өздерін толғандырған проблемаларымен бөлісіп, кеңестер алады.
Қажеттілігіне қарай бір-біріне көмек қолдарын созып, қолдау көрсетеді.
Балалар ұжымын қалыптастыруда ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың
әсері мол. Сондықтан ата-аналарға арналған кеш – сыныптың ата-аналар
ұжымында жағымды психологиялық ахуалдың қалыптасуына, балалар
арасындағы бәсекелестік, тағы да басқа түрлі ситуацияларға байланысты
адамгершілік тұрғысындағы проблемаларды шешуге негіз болады.
Соңғы уақыттарда ата-аналарға арналған әлеуметтік-психологиялық
тренингтер өткізу қолға алынуда. Ата-аналарға арналған әлеуметтік-
психологиялық тренингтер арқылы отбасында, баламен қарым-қатынаста
туындаған проблемаларды шешу жолдары педагог, психологтардың көмегі
арқылы анықталады. Ата-аналар баласының тәрбиесіне байланысты жаңа әдіс-
тәсілдерді меңгеріп,отбасы мүшелерінің өзара түсіністікке, сыйластыққа
негізделген қарым-қатынасын дамытуға байланысты ақпараттарды игереді.
Аталған тренингке баланың ата-анасының бірдей қатысуы тиімді болады.
Ата-аналар рингі - ата-аналарға арналған педагогикалық ағарту
жұмыстарының бір формасы. Ата-аналар рингінде сынып жетекшісі ринг
тақырыбы мен міндеттерін хабарлаған соң, бірнеше топқа бөлінген ата-аналар
отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты «Не істеу керек, егер...»
тақырыбында
түрлі
ситуацияларды
талқылап,
конфликті
шешу
тәжірибелерімен бөліседі, көтерілген проблема жайлы ата-аналардың пікір,
көзқарастары сарапталады. Әр ситуацияда қолдау және қарсы пікірлер
талданып, соңында тәрбие үрдісінде тиімді деп табылған модель таңдалады.
«Ата-аналарға құлаққағыс» рубрикасында рингке қатысушы топтар
тәрбие мәселесі бойынша (мысалы, «Баланы қалай жақсы көру керек?»)
дайындаған
тәртіп
ережелерімен
және
мінез-құлық
эталонымен
қатысушыларды таныстырып өтеді. Ата-аналар ринг қорытындысын жасап,
тиімділік, нәтижелілігін белгіленген шкаламен бағалайды [3].
«Кіші жоба» ата-аналар жиналысына ата-аналармен бірге оқушылар да
қатысады. Ата-аналар мен оқушылар шағын топтарға бөлініп, тақырыптық
шағын жобаларды қорғайды. Мысалы әр топқа дұрыс тамақтануға байланысты
ас мәзірін немесе отбасына арналған күн тәртібін құру, теледидар, ұялы
телефон мен планшеттің, компьютердің зиянды әсері жайлы денсаулық
парақтарын дайындайды [4]. Соңында дайындалған материалдарды жинап,
«Денсаулықты сақтау өз қолымызда» атты шағын жоба құрастыруға болады.
«Шеберлік сабағы» жиналысында ата-аналар бала тәрбиесіндегі
жетістіктерімен бөліседі. Алдын ала бірнеше ата-ана қалаулары бойынша
тақырыптар таңдайды да, әрқайсына тақырыбы бойынша ата-аналарға арналған
тәлімдік сабақтың фрагментін өткізу тапсырылады. Мысалы, баланың үй
тапсырмасын орындауға деген жауапкершілігін арттыру немесе әдеби
кітаптарды оқуға ынталандыру жолдары сияқты тәжірибелерін көпшілік
ортасына салады.
Осындай кездесулер, іс-шаралар ұйымдастыру барысында ата-аналар мен
мектептің
бірлескен әрекеттерінің ортақ мақсаттары айқындалады, мұғалім мен
бала, педагог пен ата-ана арасындағы қарым–қатынасты нығайтуға қол
жеткізуге болады.
Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып,
ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата - аналар болып қолға алсақ
болашағымыз жарқын болмақ. Ата - баба салт - дәстүрін құрметтейтін,
Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істерге белсенді қатысатын ұрпақ тәрбиелеу
баршаға бірдей міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан
халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»
Жолдауы;
2. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері. – Астана: Ы.Алтынсарин
атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015.
3. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша әдістемелік
құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016.
Достарыңызбен бөлісу: |