Сұрақтар мен тапсырмалар:
Құтқару жұмысына нелер жатады?
Жедел қалпына келтіру жұмысына нелер жатады?
Қираған ғимараттардағы зақымданушыларды құтқару қалай жүзеге асырылады?
Зақымданушыларға көрсетілетін медициналық жәрдемнің ұйымдастырылуы туралы айтыңдар.
Дәріс№53 Зақымдану(залалдану)ошақтарын барлау.
Барлау АҚ күштерінің табысты әрекеттерін қамтамасыз ету түрлерінің бірі болып табылады.
Ол үздіксіз және белсенді жүргізіледі, оның мәліметтері нақты болуы керек.
Барланған мәліметтердің нақтылығы басқа деректерден алынған мәліметтермен салыстыру және жинақтау, мұқият зерделеу жолдары арқылы анықталады. Қайшы мәліметтер болған жағдайда ең бірінші кезекте радиациялық, химиялық, өрт, инженерлік, медициналық едәуір қиын ахуалды аудандарда қайта тексеру және қайта барлау жұмыстары ұйымдастырылады.
Барлау алға қойылған міндеттердің сипатына байланысты жалпы және арнаулы болып бөлінеді.
Жалпы барлауды әскери бөлімдердің барлаушы бөлімшелері, байқау және лабораториялық бақылау пункттері, барлау ұшақтары мен тікұшақтары, өзен (теңіз) барлауының барлаушы буындары, темір жол көлігі, аудан, қала және халық шаруашылық объектілерінің барлаушы топтары жүргізеді.
Арнаулы барлауды радиациялық, химиялық, өрт сөндіру, инженерлік, медициналық және эпидемиологиялық барлау топтары жүргізеді.
Мәліметтерді іздеп табу тәсілдеріне байланысты барлау әуеден, өзеннен (теңізден) және жер үстінен барлау болып бөлінеді.
Барлаудың негізгі міндеттері:
жаппай және жай зақымданудың, табиғи апаттың, апаттар мен опаттардың пайда болу зардаптарына шалдыққан аудандарды, қалалар мен объектілерді анықтау;
бүліну, өрт шығу сипатын және жаппай зақымдану ошақтары мен оған жақын аудандардағы залалдану дәрежесін анықтау;
жылжу маршрутын, халық шаруашылығы объектілерінің жағдайын, қорғаныш құрылыстары мен зақымдану ошақтарындағы зақымданушыларға дәрігерлік көмек көрсету мүмкіндігін анықтау;
ауаның, судың, топырақтың мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің радиоактивті улағыш және бактериялық заттармен зақымдалуына лабораториялық бақылау мен тексеру жүргізу.
Барлау құрамалары өз міндеттерін бақылау және аспаптар көмегімен объектілерді тікелей байқау арқылы орындайды.
Түрлі өнеркәсіп объектілері, мекемелер, шаруа қожалықтары мүддесіндегі міндеттерді шешу үшін барлау топтары мен радиациялық және химиялық бақылау постары құралады. Олар объектінің барлаушы құрамаларын құрайды.
Барлаушы топтар қаланың сыртқы аймағындағы объект құрамалары орналасқан ауданда, қозғалыс жасау маршруттарында және зақымдану ошақтарындағы өз объектілерінде барлау жүргізеді. Сондай-ақ ол адамдардың, техника мен мүліктердің, азық-түлік пен ауыз судың радиоактивті және улағыш заттармен зақымдануын бақылау үшін тартылуы мүмкін.
Барлаушы топтың барлаушы буыны командир, барлаушы-дозиметрист, барлаушы-химиктен тұрады. Ол сүзгіш және оқшаулағыш газтұмылдырықпен, теріні қорғау құралдарымен, радиациялық және химиялық аспаптармен, дозиметриялық бақылау, қозғалыс жасау, байланыс құралдарымен, зақымданған учаске белгілерімен және басқа да қажетті мүліктермен қамтамасыз етіледі.
Радиациялық және химиялық бақылау постары объекті аумағы мен оған жақын жерлердегі әуе және жер үсті ахуалдарының өзгеріп отыруына, сондай-ақ қаланың сыртқы аймағында жұмысшылар мен қызметшілердің орналастыру орындарын да қадағалап отырады. Сонымен бірге, постарға зілзала апаттары болған аудандарда, ірі өндірістік апаттар мен опаттар болған орындардағы жағдайдың өзгеріп отыруына бақылау жасау жүктеледі.
Пост үш адамнан тұрады:
пост бастығы;
барлаушы-дозиметрист;
барлаушы-химик.
Пост сүзгіш газтұмылдырықпен, жеке қорғаныш құралдарымен, радиациялық және химиялық барлау, сәулеленуді дозиметриялық бақылау аспаптарымен, компас, сағаттармен жабдықталады. Бұдан басқа поста: бақылау журналы, бағдарлар сызбасы, хабарлау белгілерінің кестесі, дүрбі, хабарлау белгілерін беру, байланыс құралдары және басқа да қажетті мүліктер болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |