Дәріс№31 Бөлімше саптары
Сабақтың тақырыбы мен мақсатын жеткізу. Саптық дайындық әскери қызметшілерді үйрету мен тәрбиелеудің негізгі пәндерінің бірі болып табылады. Ол ҚР ҚК-нің саптық жарғысы негізінде ұйымдастырылып жүргізіледі.
Сап - әскери қызметшілердің, бөлімшелердің және бөлімдердің олардың өзара іс-қимыл жасаулары үшін жаяу тәртіптегі және машинадағы Жарғымен белгіленген орналасуы.
Қатар – қатарда белгіленген бір сызық бойында әскери қызметшілердің біреуі екіншісінің қасында орналасқан сап.
Сап қапталдары – саптың оң (сол) жақ шеті. Бұрылыс жасаған кезде сап қапталдарының аттары өзгермейді.
Маңдайшеп – саптың әскери қызметшілер тіке қарап тұрған жағы.
Саптың тыл жағы – маңдайшеп жағына қарама-қарсы жақ.
Аралық – маңдайшеп бойынша әскери қызметшілердің, бөлімшелердің және бөлімдердің арасындағы аралығы.
Ара қашықтық – түкпір жаққа қарай әскери қызметшілердің, бөлімшелердің және бөлімдердің арасындағы аралық.
Сап ені – қапталдар арасындағы қашықтық.
Саптың тереңдігі – саптың бірінші қатарынан (алдыңғы тұрған әскери қызметшіден) саптың соңғы қатарына (соңғы тұрған әскери қызметшіге) дейінгі аралық.
Екі қатарлы сап – бір қатардағы әскери қызметшілер басқа қатардағы әскери қызметшілердің ту сыртына қарай бір қадам ара қашықтықта орналасқан сап (қолын созып, алдында тұрған әскери қызметшінің иығына салу). Қатарлар бірінші және екінші деп аталады. Сап бұрылыс жасағанда қатарлардың аттары өзгермейді.
Қатар – екі қатарлы сапта біреуі екіншісінің ту сыртында тұрған екі әскери қызметші. Егер бірінші қатардағы әскери қызметшінің ту сыртында екінші қатардың әскери қызметшісі тұрмаса, онда мұндай қатар толық емес деп аталады. Екі қатарлы сап кері бұрылған кезде толық емес қатардағы әскери қызметші алдыңғы қатарға ауысады.
Бір қатарлы және екі қатарлы саптар жиналма және жайылма болуы мүмкін. Жиналма саптағы әскери қызметшілер қатарда маңдайшеп бойынша бірі-бірінен шынтақтарының арасында алақанның еніне тең аралықта орналасады. Жайылма саптағы әскери қызметшілер қатарда маңдайшеп бойынша бір-бірінен бір қадамда немесе омандир белгілеген аралықта орналасады.
Лек - әскери қызмешілер бір-бірінің ту сыртында, ал бөлімшелер бір-бірінің артында Жарғымен белгіленген немесе командир белгілеген аралыққа орналасқан сап. Лектер бір, екі, үш, төрт және одан да көп қатарлы болуы мүмкін. Лектер бөлімшелерді және бөлімдерді жайылма немесе жорық сапты орналастыру үшін қолданылады.
Жайылма сап – бөлімшелер маңдайшеп бойынша бір сызықтың бойында бір қатарлы немесе екіқатарлы сапта немесе лектің сызығында Жарғымен белгіленген немесе омандир белгілеген ара қашықтықта орналасқан сап. Жайылма сап тексерістер, санақтар, байқаулар, парадтар жүргізу үшін, сондай-ақ басқа да қажетті жағдайларда қолданылады.
Жорық сабы – бөлімше лекке немесе бөлімшелер лектерде бір-бірінің артында Жарғымен белгіленген немесе командир белгілеген ара қашықтықта орналасқан сап. Жорық сабы марш жүргізудегі, ән салып салтанатты шерумен жүріп өтудегі бөлімшелердің қозғалысы үшін, сондай-ақ басқа да қажетті жағдайда қолданылады.
Бағыттаушы – көрсетілген бағыттағы бірінші жүріп келе жатқан әскери қызметші (бөлімше). Бағыттаушы бойынша қалған әскери қызметшілер (бөлімшелер) өздерінің қозғалыстарын реттейді.
Тұйықтаушы – лектегі соңғы келе жатқан әскери қызметші (бөлімше).
Пәрмендер алдын ала берілетін және орындалатын болып бөлінеді. Пәрмендер тек орындалатын ғана болуы мүмкін. Тәсілді орындау үшін пәрменді қабылдауды жою немесе орындауды тоқтату үшін «Тоқтат» пәрмені беріледі. Осы пәрмен бойынша орындауға дейін болған жағдай қабылданады.
Әскери қызметшінің сапқа тұру алдындағы және саптағы міндеттері:
Өзінің қаруының, өзіне бекітіліп берілген қару-жарақтың және әскери техниканың, оқ-дәрілердің, жеке қорғаныс құралдарының, бекініс құрал-саймандарының, нысанды киімдерінің және жабдығының түзулігін тексеруге міндетті.
Нысанды киімдерін ұқыпты реттеуге, жабдықтарды дұрыс киюге және жөндеуге, анықталған кемшіліктерді жою үшін жолдасына көмектесуге міндетті.
Саптағы өз орнын білуге, оған жылдам және әбігерсіз тұруға, қозғалыс кезінде түзелімді, белгіленген аралықты, ара қашықтықты сақтауға, қауіпсіздік талаптарын орындауға, саптан рұқсатсыз шықпауға міндетті.
Сапта тек қана рұқсатпен сөйлесуге және темекі тартпауға, өзінің командирінің бұйрықтары мен пәрмендеріне ықыласпен назар аударуға, оларды жылдам және нақты, басқаларға бөгет жасамастан орындауға міндетті.
Бұйрықтарды, пәрмендерді бұрмаламай, қатты және нақты өткізуге міндетті.
Саптық тұрыс саптық машықтың негізгі элементі болып табылады. Ол «Саптан» немесе «Тіктел» пәрмендері бойынша қабылданады. Осы пәрмен бойынша тығыздалмай, тік тұру керек. Өкшелерді қосып, аяқтын ұшы маңдайшептің сызығы бойынша түзеу керек. Аяқтарды тізеде бүкпей және тығыз ұстамау керек. Кеудені тік ұстау керек, ал денені біршама алға жіберіп, ішті тартып және иықты жазу керек. Қолдардың алақандарын ішке қаратып бүйірге және жамбастың ортасына ұстап, ал саусақтарды жартылай бүгіп, жамбасқа тигізіп төмен жіберу керек. Басты жоғары және тік ұстау керек. Өзінің алдына қарап, шұғыл әрекетке дайын болу керек.
Орнында саптық тұрыс бұйрық берілгенде және қабылданғанда, баяндау кезінде, ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалғанда, әскери сәлемдесу берілгенде, сондай-ақ пәрмендер берілгенде пәрменсіз қабылданады.
Қорытынды бөлім. Жаңа тақырыпты сұрастыру арқылы бекіту. Сұрақтарға жауап беру. Үй тапсырмасы:§6.1-260 бет, §6.2.-266 бет оқып шығу және тәжірибелік түрде үйде қосымша жаттығу. Взводтың сапталуы және әскери қоштасу.
Достарыңызбен бөлісу: |