44 – ші хикмет
Қаһһар - алла, қорқып сенен күнде жылар Қожа Ахмет,
Рахман-Алла, мейріміңнен үміт қылар Қожа Ахмет.
Күнәм көп қой, бәрін өзің кешіре гөр, Құдайым ,
Тағат қылып тәубаға кеп тіп-тік тұрар Қожа Ахмет.
Алдамшылар, жалғаншылар, бұзықтар мен арамдар
Айналада қаптап жүрсе қалай шыдар Қожа Ахмет,
Тариқатты білмегендер, Ақиқат жолымен жүргендер,
Пірге құлақ қоймағандар кімге ұнар Қожа Ахмет.
Заман азар уағында, патша айналар залымға,
Білмесе адал, арамды іштен тынар Қожа Ахмет .
Шерменделік шын құлы ,құштарлықтың бұлбұлы,
Арыстан баба алдында құлдық ұрар Қожа Ахмет.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл, көзіңнің жасы көл болсын,
Бәле келсе сабыр ет, бәрін де өз еркімен Тәңірім қылар Қожа Ахмет.
(Қараңыз «Алла жар» ансамбьлін) соның мақамымен шәкірттерді тұрғызып қойып айтқызу керек).
Үзіліс. Балалар асық ойнауға кірісті
«Хан талапай» - деген ұлттық ойын. Ішінде Адамжүсіп (Мәшһүр-Жүсіп) те бар.
Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға өзара келісімдері бойынша әрқайсысы ортаға асықтарын шығарады да, кезегімен барлық асықты жинап алып, қос қолдап иіре бастайды. Әр ойыншы ортаға бестен, болмаса оннан шығарады. Содан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі (түсі бөлек) асықты «хан» сайлайды. Барлық асықты иірген кезде «хан» көп асықтың арасында көрінбей қалуы мүмкін, мұндай жағдайда ойнаушылардың барлығы асықты иірушінің «ханды қара басты» деген даусын естігеннен кейін бас салып, асықты талап алады. Екінші жағдайда иіргенде «хан» ашық жатса, онда «ханмен» асықты атады. Айталық, «хан» бүк түссе, онда «ханмен» бүк жатқан асықты ату керек, шік түссе, шік жатқан асықты ату керек, тағысын тағы жалғаса береді. Ойыншының шарты бойынша «ханмен» асықты атқан кезде басқа асықтарды қозғамау керек. Сөйтіп, ойынның шартын бұзғанша не болмаса «ханмен» ататын асық болмай қалғанға дейін атып, асығын ала береді. Асық біткеннен кейін ойнаушылар ортаға қайтадан асық шығарып, ойынды жалғастырады (Соқыр теке. –А., Өнер. 1990. -Б. 95). Асық ойнап жүрген балалар шекісіп қалады. Бір байдың баласы шыр ойнайды екен. Ойынды өте таза, шыншыл ойнайтын Адамжүсіп оларға ұнамайды, итеріп, жазықсыз қағыта береді. Бір уақытта екі – үшеуі Адамжүсіпке жабылып, астарына жығып алады. Неге қатты шуыл болып қалды деп, есіктен сығалаған молда, анандайдан Адамжүсіпті ұрып жатқан балаларды арашалып алып, ақ-қарасын айрып, оларды жазалайды (Жейделерін түріп қойып, арқаларына дүре соғады).
Кешке Көпей келіп, атының артына қайыра Адамжүсіпті (Мәшһү-Жүсіпті) мінгестіріп алып, оны жақын танысының үйіне алып келеді. Жатып-тұру, тамақ ішу жағын әлгі үй иесіне қатты тапсырады.
–Сен осы үйде қаласың, осы үйде жатып, оқу оқисың! - деп айтып түсіндіріп. Өзі атына мініп, хазіреттің үйі тұратын үлкен көшемен ақырын аяңдап жүріп бара жатып, қаланың шетіне шыға беріп ойға шомды.
Көпейдің ойы:
–Көзімнің ағы мен қарасы, жалғыз қызығым, өзі жас 5 жаста.
–Қарағым, қайтып оқиды, үйренбеген жат үйде қалай жалғыз жатады? Кімге еркелейді?
–Әлде менің артымнан қарағым, қарап тұр ма?! Көпей сол ішкі оймен арпалысып, баласын қимай мойынын бұрып, артына бір қарады. Қараса, Мәшһүр-Жүсіп ақырын ғана аяңдап, томпаңдап, бүлк-бүлк жүгіре басып, дауысын шығарып жылауға, иә болмаса дауыстап әкесіне тоқта деуге бата алмай, келе жатыр екен.
–Көпей, баласының келе жатқан түрін көре сала былай ойлады.
Көпейдің ойы:
– «Баланы жастан, қатынды бастан» - деген бұрынғы ата-бабаларымыз. Және де «Балаңды аясаң аяма; аямасаң ая» - деген мәтел тағы бар. Мұны аяп қарағым, шырағым, айналайын, келе ғой деп алдыма алып, атқа мінгізсем, мінген бойымен еркелеп, үйге барар, оқу оқымас, үйден шықпас! «Үйде өскен бұзау өгіз болмас!» - деген ойымен түсін суытып, ызбарланып, зілді дауысымен:
– Кейін қайт, қал, оқу оқы! Сені «Оқысын!»- деп қалдырдым. Бағанағы айтқаным қайда?! – деп, бишікпен бір-екі рет жасқай, сипай ұрып, қорқытып, қайта кейін қоқайтып айдайды.
Мәшһүр-Жүсіптің манадан бергі:
«–Әкеме жетсем, торы аттың үстіне мініп, әкемнің алдына бір отырсам, жаяу жүріп шаршаған бейнеттен бір құтылсам!» - деп, лепіріп, ұрлап келе жатқан ойы, үміті бекер ойлағандай болып шықты. Жақсы көріп, асқар таудай көңіліне медеу, тиянақ, сүйеніш, пана көретін әкесі жақсы сөз, жылы жүзбен: «Кел, қарағым!» - деп, бұрынғыдай торы аттың үстіне мінгізіп, алдына отырғызуды былай қалды. Айдаһардай ақырып, түсін суытып, қабағынан қар жауғандай болып, онымен қойсын ба, арқасына бірер қабат ақырындап бишіктен сыбаға берді. Арқасына бишік тиген соң, бетін бұрып алып, келген ізімен қайта салып, бағанадан бергі шаршаған бүлкіл, бүлкіл ме? Бүлкілдік үлкені сүлкіл жаңа болды: сәйгел қуған тайыншадай әкелі-балалы екеуі бірі қуып, бірі қашып, бағынағы көрген үйге келсе, үлкен қақпа жабулы тұр екен, Мәшһүр-Жүсіп қақпаның астынан зып беріп, бірақ сүңгіп жоқ болып кетті.
3-ші акт.
Мәшһүрге үкі таққан Мұса Шорман
Саққұлақтың үйі. Төрге қалы кілем жайылған. Қасқыр, бұлғын ішіктерді түр-түрімен күнге иісі кетсін деп жайып қойған. Шоқпар, найза, қалқан, сүңгі, садақ, адырна, зырылдауық сияқты қарулардың түрлері де көрінеді. Төрде сүйектен ою ойып қапталған төсек. Көрпе жастықтан көз тұнады. Төрде Саққұлақ би Көпейге Шорманның Мұсасы келіп, сәлем бергенін айтып отыр.
Саққұлақ би:
–Түскі мезгіл демалып жатыр едім, Шорманның Мұсасы кіріп келді. Содан түскі мезгіл қымыз ішіп, аяқ суытып алып, кешкі салқынмен далаға шығып оны-мұны шаруашылық, ел әңгімесін айтып жатып қалдық. Таң атып, Мұса Шорман нөкерлерімен кетуге жиналды.
Мен:
–Мұсаға әй төбесі тесік, сөзге жүйрік шешен жан едің, әкең Шорман орыс патшасынан шен мен шекпен алған, екі елдің арасын қосып, қазақ баласын оқытып, өмірден алысып өтті, жиеннің Шоқан бар жоғы 30 жас жасады, көп үлгі қалдырды, сен неге үндемей кетіп барасың деп едім.
Сол-ақ екен Мұса жұлып алғандай:
– Би арғынның үлкені өзіңсің, сенен асып мен қайда барамын. Сізге сәлем бере келе жатқанда жол қысқарсын деп, - Жігіттерге:
Сағат деген немене,
Ағат деген немене,
Жанат деген немене,
Қанат деген немене,
Қызық деген немене,
Жаным деген немене,
Ханым деген немене,
- деп сұрақ қойып едім мына шіркіндер жауап бере алмады, содан осы сұрақты сізге қоян сіз не дерсіз дейді.
– Көпей сіз не дедіңіз.
– Саққұлақ би. Не дейін сұраққа, жауап мынандай:
Жақсыменен сөйлессең,
Сағат деген емей немене.
Жаманменен сөйлессең,
Ағат емей немене
Тоқтыішектің терісі тоңдырмаса суықта,
Жанат емей немене.
Мінген атың болырмай, мәреге егер жеткізсе,
Қанат емей немене.
Алған жарың жақсы болса,
Қызық емей немене,
Алған жарың адал болса,
Ханым емей немене
- деп жауап бердім.
– Көпей «Пай шіркін!» сөздің тізгінін жіберіп, айызын қандырған екенсіз.
Сол уақытта сырттан жөткірінген дыбыс естілді. Ілі-шала үйге «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, Секербай қазы кіріп келді.
Секербай:
–Әй! Көпей, сені іздеп шығып едім, бір шаруа бар. Жүр, былай, жүре әңгімелесейік.
– Көпей жарайды өзім де көп отырып қалыппын, мал жайғайтын уақыт болды жүрсең жүр.
– Көпей иә неге келдің, шаруаңды айта жүр. Жақсылықпа әйтәуір?.
– Секербай жақсылық.
– Сопы, аға сұлтан Мұса Шорман баласын алып келсін, көремін, алдыма алып сөйлетіп - деп жатыр.
Қалай апарамысың ?
– Е... алып барамын.
Мұса Шорманның аулы. Мәшһүр-Жүсіп ендігі оқуын Қамар хазіреттен алып жүрген болатын.
Көпей:
–Қамар хазіреттей молданы Құдай қайдан қолға бересің?-деп, көктен тілеп отырғанда, іздегенін Құдайы жерден берген соң, көп кешікпей апарып, 9 жастағы Мәшһүрді алдына отырғызды. Бұхарай-Шәріпте білім алған, оқуы күшті Қамар қазіретті Мұса Шорман дуанбасы болып тұрғанда Омбыдан балаларын оқыту үшін алдырған. Әйелі Бибі Мариям. Ер баласы - Әбдірахменмағзұм, қыз баласы – Хұршидмаһи. Баянға 1866 жылы келген. Мәшһүр-Жүсіп пен бірге Құлболды ишан баласы – Фазылмағзұм, хазіреттің өз баласы т.б. бес-алты бала оқиды.
Шорманның Мұсасы. Полковник. Оқасы бар. Қаба сақалды, зор адам. Орысша, арабша, французша т.б жеті тіл білетін адам. Мұса Шорманұлы бір күндері Баянаула қаласына келеді. Қамар хазіреттің үйіне қонады. Сөзден-сөз шығып, Қамар-Осында Көпей дегеннің құйма құлақ кішкене баласы бар. Білмейтіні жоқ, айтпайтын өлеңі, қиссасы жоқ дейді. Жиынның ішінде Көпей де отырады. (Көпей жылы жүзді, жұмсақ сөзді, таза құлықты болғандықтан, уақытындағы қариялар ол кісіні: «сопы»-деп айтысады екен – А.Қ.).
Жазғы уақыт есіктің алдына текемет, текеметтің үстіне қалың кілем жайылған. Патша сыйға берген шапанын айқара жамылып, Мұса өзі де күтіп отыр екен.
Көпей: –Анандайдан-ақ Ассаулаумағалайкум! – деп дауыстап сәлем бере келді.
– Уа, Көпей төрлет, мал – жан аман ба? Жайғасып төрге шығып отыр.
–Қымыз әкеліңдер.
–Сопы, сіздің бір балаңыз: «Әңгімешіл, қиссашыл, өлеңді, қиссаны жақсы айтады» - дейді. Сол балаңызды алдырсаңыз қайтеді? Өзін көріп, әңгімесін тыңдайық!
– Көпей, сыртта басқа балалардың қасында қалған, Адамжүсіпті шақыртып алғызады.
– Мына бала атағы елге танылып, арысы түстікке, берісі теріскейге аты шығып, ақын бала атанған ба, қалай?
– Қайдам білейін, ел ақын бала атап жүр ғой.
Келген соң Шорманұлы дуанбасы Мұса Адамжүсіпке (Жүсіп) қарап:
– Шырағым, бері кел, мына жерге отыр, - деп, өзіне жақын төр алдына отырғызып, - шырағым, Жүсіп бала, сені: «Жақсы өлең, қисса біледі!» - дегенмен шақыртып алғыздық. Кәне, қандай өлең, қандай қиссалар білесің? Білгеніңді айтшы! – дегенде.
Жүсіп тоқтау, жалығу, еріну, мүдіру, кідіру болмайды. Жарық шамдай жайнап, мөлдіреп аққан бұлақтай қайнап, тасыған судай төгілдіріп, маржандай тізілдіріп, бұлбұлдай сайрап, тыңдаушылардың көңілі әбден жайрап, таңырқантып, тамсанып, мейірлерін қандырып:
– «Ағайын» - деген өлеңді домбыраға қосып термелеп айтып береді:
Аманыңда елжіреп мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып жақтайтын да ағайын,
Ауырыңды жеңіл ғып жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен қақпайтын да ағайын,
Жаман атақ бойыңа тақпайтын да ағайын,
Ашыққанда рақым ғып сақтайтын да ағайын,
Сабыры қалмай сағынып жүретін де ағайын,
Есіне алып елжірей білетін де ағайын,
Мақтағанда мамыққа бөлейтін де ағайын,
Алаңсыз сұрап алыстан жөнейтін де ағайын,
Сылдыр сөзбен сыбырлап ерітетін де ағайын,
Ұйықтап жатқан жыланды түртетін де ағайын,
Аяқ тайса алдымен көретін де ағайын,
Айтқаныңа қалтқысыз сенетін де ағайын,
Маңдайдағы күніңді жоқтайтын да ағайын,
Басыңдағы бағыңа тоқтайтын да ағайын,
Адал айтқан ақылды ұқпайтын да ағайын,
Жаяу жүріп аттыға ұқсайтын да ағайын,
Кем кеткіті бүтіндей жүретін де ағайын,
Адасқанда аттарын беретін де ағайын,
Туысқансып түрлі істі көретін де ағайын,
Қылға тізіп қимылды күлетін де ағайын,
Еріксіз ұстап қолыңнан беретін де ағайын,
Жолы болып жортқанда жүретін де ағайын,
Жан қысылса жатырқап үркетін де ағайын,
Көлгірсініп көз жасын сүртетін де ағайын,
Әуел баста аңдамай тартып жүрме сазайын,
Толып жатыр түрлі сөз қайсйбірін айтайын,
Түсінсе түйіткіл сөзімді улы тілмен шағайын,
Өскен ордам жамандап жақсыны қайдан табайын?
Өкпелерге орын жоқ, қараңғы еді маңайым,
Өлмеген ер табады өзгерістің таталайын.
Риза болған Мұса, Адамжүсіптің (Жүсіп) әкесі Көпейге қарап:
– Сопы, мына балаңа былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - деп лепес қылған екен. Бұрынғы «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» - деген аттың алғаш қосылуы Мұсаның: «Мәшһүр» болады дегенінен соң-ақ «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды.
– Әй, хазіреті бәйбіше Бибі Батима бармысың?
– Ана қызыңның басындағы шоқ үкіден алып, тақ мына баланың тақиясына, мұнан былай бұл – бала Мәшһүр - Жүсіп болады. Ел ішінде Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал-деп халық сүйіп қосқан аттар қосарлана жүретін әдеті. «Мәшһүр» арабтың сөзі болса керек, танымал-деген мағынаны беретін көрінеді. Жүсіп бала болса да күллі қазақ елі біледі сондықтан, аты «Мәшһүр - Жүсіп» болады. Сол уақытта Қамар хазіреттің әйелі бибі Мариям жалғыз қызы Хұршидмаһидің басындағы бөркіне қадаған үкісінен бір шоқ алып, - Қарағым, ырымды, құтты болсын!. Мырзаның лепес сөзі, көптің батасы қабыл болсын! – деп тағады.
Кейіннен біреулер Мұсаға сұрақ қойған екен:
–Мәшһүр-Жүсіптің басындағы таяқиясына қадаған үкіні не себепті тақтыңыз?
–Естімесең, айтайын, оны көпшілік білетін еді. –Мұнан былай балаңа үкі тақтыр!-деп, Көпейге айтқан соң, сол мәжілісте-ақ хазіреттің бибісі Мария өз қолымен жалғыз қызының басындағы бөркінің қадаған үкісінен бір шоқ үкі алып:
–Қарағым ырымды, құтты болсын!
–Мырзаның лепесі, көптің батасы қабыл болсын! - деп, таққан еді.
–Ал, үкіні неге тақтыңыз?
–Үкіні таққызған себебім. Жүйрік атқа тағады, қыран құсқа тағады, сұлу қызға тағады. Мәшһүр-Жүсіп солардың бірінен кем бе? – деп жауап беріпті.
– Көпей, балаңның жаңа атқа ие болғанына той жаса. Мәшһүр Жүсіп өлең айтсын, жыр, дастандар шығыс хиссасын айтсын. «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларын тыңдамалы да көп болды десіп жатыр жұрт дуылдап.
4-ші акт.
Абай мен Мәшһүр-Жүсіп
Абай ауылы. Мәшһүр – Жүсіпті Абайдың досы Ербол, Көкпай т.б жанында бірнеше кісілері бар есіктің алдында күтіп алды. Мәшһүр-Жүсіптің Абайдан 14 жас кішілігі бар.
– Абай аға деп, бұрын көрген кісісі-ше үйге ене жарқын, құшаққа жақын амандасты. Абай да жатырқаған жоқ.
–Ас-су дайындаңдар, «құрметті қонақ келсе, қой егіз табады» - деген қой сойыңдар, сүйретпеде сақтаулы қымыз бар соны әкеліңдер – деді де бірден сөйлеп кетті:
–Мәшһүр болсаң айт, құдай қайда? - деді.
Мәшһүр сәл-пәл сасыңқырап қалып:
–Құдай – жүректе! - деді оң қолымен кеудесін ұрып тұра қап.
Абай түсін бермей:
–Мәшһүр екенің шын болды. Отыр, -деп қасынан орын нұсқады.
Мәшһүр-Жүсіп жайғасып болған соң.
–Абай аға, сөкпеңіз. «Аяз әлін, құмырсқа жолын біледімен» жүрген адаммын мен.
Абай оның иығынан асыра тіл қатты.
–Ай мен күннің ортасына жер енсе, ай тұтылады. Күн мен жердің ортасына ай енсе, күн тұтылады. Біз бен сіздің ортамызға сөз енсе, не тұтылады?
Мәшһүр екінші рет оң қолымен жүрегінің тұсын соқты.
Абай басын изеді.
–Жарайсың. Енді шын Мәшһүр болдың, - деді шын көңілімен риза болып, Мәшекеңді арқасынан қағып.
Абай біраз ойланып отырып, –Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан, үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт» деген осы деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, «бакалшік» ноғай деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе, шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлаққа тауып бер депті» деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуірі халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің «ахиреттігін», терісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірлеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмыздылық, сыпайлылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әмсе де соларда. Оның малдарына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән тугіл, шық, сасық қазақ» – деп, үйінен қуып шығады. Оның бәрі – бірін бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандықтың әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда? (Абай, 440 бет.).
Сүттей ұйып тыңдап отырған Мәшһүр-Жүсіп бір тамсанып алды да, шіркін-ай, неткен сөз ұғар құлақ болса, Абай аға! – деді ағынан жарылып, өзім де сізді осындай ғұлама деп ойлаушы едім. Ұлылығыңызға басымды иемін.
Абай: – Ендігі әңгімеңді шахмат ойнап отырып, жалғастырсақ бола ма, тоғыз құмалақ-деген ұлттық ойын да бар, дегенмен еуропа зиялылары көбіне осы шахматты қалайды. Әл-Фараби, Ибн-Сина шығыс ойшылдарының бәрі – шахматы ойнаған ғой. Тоғыз құмалақ ешқайда қашпас, ал мына ойынға кейінгі жастар онша еліктемей жүр. Кел екеуіміз ас әкелгенше, бір-екі партия ойнап жіберелік, әңгімеңді айта отыр.
–Құлағым өзіңде, Мәшекем.
–Абай аға, сүтке су қосылса сүмесін болады, сөзіңізге сөз қоссам сүйінсін – дегендей. Біздің қазақты үшке бөлсек, екі есесі жоқ есебінде, ал қалайша жоқ десеңіз, жер-су учаске деп алды, войско деп бір алды. Бұл екі алыспен ағашты, шабындылы жерден қазақ айрылды, суырша жонға шығып, жан сақтап жүр еді. Егінге лайықты деп, ол жан сақтап жүрген жерлерін мұжық келіп және алды.
Жер-судан айрылып қалған соң,
Өз қонысынан ауған соң,
Еркекте ақыл қала ма?
Біреуден сауын сауған соң,
Ұрғашыда ақыл қала ма?
Ақылдан айрылып қалып, шауа малынан береке қашып, оның үстіне алым-шағым, земіскі, ізбор деген қымбаттап, ел аралаған нашалник, шиноликлардың жалдап мінген аттарының майын төлей алмай қаңғып кетіп, Питербор, Мәскеу барсаң, орыстың малайы – қазақ, Магаржи, Ербет барсаң, ноғайдың малайы – қазақ, Бұқар, Ташкент барсаң сарттың малайы – қазақ. Сол малайлықта жалғыз-жалғыз болып қаңғып кеткендер ауырса кім сусын беріп, кім басына жастық қойып, оған иман айтуға кім даяр тұрады? Өлсе, кім жаназа шығарады? Осындай кекшілдіктен тірімізге иман, өлгенімізге жаназа жоқ болып, адам тәрбиесінен қалдық-деді ауыр күрсініп, содан Абай үндемеген соң мақұл көргені деді де әңгімесін одан әрі жалғастырып, – Абай аға, сіздің сөзіңіз көптен бергі шеше алмаған, айта алмаған ойымды қозғады. Айтайын ба? Ешкімге, айта алмаған сырым еді. Сізге ақ жүрегіммен жеткізейін. Тек қана, дұрысы мен бұрысын көрсетсеңіз болды.
– ...Кәне, біздің қазақ бір ауызға қараса, жаны ашып жақсы ұстайтұғын, ұлық иесі болып, үстіне қарап тұрса, ортасына әр түрлі машиналы заводлар орнаса, жалған дүниеде қазаққа не переует кереглі нәрселер сол зовоттан жасалып шығып тұратұғын болса, пайда тілеп, мал табамын дегендер, сол зовотқа қызмет қылса, байлар сататұғын малын, қыл-қыбырын, жүн-жүбірін базарға апаратұғынының – бәрін сол зоводқа берсе, қазақтың нәрсесін санап, өлшеп алып тұратұғын смотрительдер болса, қазаққа не керекті хысәблап беріп тұратұғын санға жүйірік басқарушылар болса, сонан соң бұл қазақ ешқайда қаңғырмайды, бөтен жаққа бармайды. Не іздейді дүниені өзі ие болған соң, жер-суына өзі ие болған соң, не мұқтажы керек. Өз ортасынан табылған соң, үш жылда қазақ бір түрлі ел-жұрт қатарына қосылып қалады (Сары арқа кімдікі екендігі, 114-115 - беттер). Мінекей, Абай аға осы – айтылғандар мені де қалың қазақты да қатты алаңдатып жүр деп ойлаймын.
–Абай, дұрыс айтасың Мәшекем, ойлы да, сыншыл Мәшекем, мен бұл – жайтарды өзімнің өлеңдерімде қазақты жамандайын деп емес, мінездері мен қылықтарын көргенде, жалқаулығы мен бірін-бірі көре алмай күншіл болғанын көргенде ашынып, «ашиды жаның, қайнайды қаның мінездерін көргенде» шамам келгенше ұқтыру еді .
Мәшһүр-Жүсіп дереу Абай аға, –Мен сіздің «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»- деген өлеңізді жатқа білемін және үнемі жатқа ел арасына насихаттап айтып отырамын, айтып берейін бе?
–Айтқын, мына жұртта тыңдасын.
–Мәшһүр-Жүсіп тамағын бір қырнап алды да баяу, қоңыр дауысымын:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузыңмен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Ағайын, жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сыпырылды байлығың, баққан жылқың.
- Басында ми, қолда малға Талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
Мәшһүр – Жүсіптің «Қалың елім қазағым қайран жұртым» - деген өлеңді жатқа оқып бергеніне Абай қатты риза болды, Мәшһүр-Жүсіпті баурына тарта отырды. Сенің де бет алысың оң екен, лайым осы алған бетіңнен қайтпағын деп, біраз кідіріп барып, Мәшһүр-Жүсіпке көзінің қырымен сынай қарап отырды да әңгіме төркінін басқа жаққа бұрып әкетті.
Мұнан соң, әр түрлі қызу әңгіме қыза түсті. Мәшһүр-Жүсіп өзінің «Нүсіпхан» поэмасын жазып жүргенін хабардар етті. Оңаша қалған соң, Мәшһүр - Жүсіп өзінің келген шаруасын шет-жағалай жеткізді.
– Орыс-демократары қазақ жеріндегі зиялы - зиялы деген қазақтарды бірінші орыс төңкерісіне тартпақ ойда екендігін. Павлодарда жұмысшылар бұл – істен хабардар екендігін, Абай ағасымен ақылдаса келген екен.
Мәшһүр-Жүсіп кеткеннен кейін бір-екі күнен соң ауылға сау етіп патша жандармеяисы келеді.
Орыс-демократы, жер аударылған саяси сенімсіз адам Долгополов Абай аулына келіп, жолығып кеткен. Бұның алдында Абай адвокат Гросс пен халықшыл Михаэлиспен танысып, пікірлескен болатын. Абай Чернышевскийдің «Не істеу керек?» деген шығармасымен танысқан еді. Олар 1900 Ресейдегі дайындалып жатқан төңкеріс туралы айтып, қазақ буржуазия өкілдерін де осы мақсатта тарту, Ресей жұмысшыларын қолдау туралы үгіт насихат жүргізу жөнінде әңгіме қылды. Қазақстанда кадет партиясының мүшелері қазақ ұлшылдары Бөкейханов, Тынышбаев, Сейдалин т.б. қолдау көрсетіп отырғаны сөз болды. Төңкеріске қазақ байлары да астыртын қолдау көрсетті. Орыс буржуазиялық демократиялық төкерісі Қазақстанды да қамтыды. Бұған астыртын Абай, Мәшһүр – Жүсіп т.б. зиялы қазақ өкілдері тартылды.
1902 жыл. Абай аулына Семей оязы Наброцкий қасында приставтары мен урядниктері, стражниктері бар қарулы топ, патша жандармениялары келіп, тінту жүргізуде. Олардың іздегені мынандай мазмұндағы хат: Мәшһүр Жүсіптің 1905 жылғы орыс төкерісі туралы, соған қазақ ұлтшылдары мен жұмысшы, шаруа дайындығы жайында.
Жандарым:
–Абайдан орыс-демократтарынан, қазақ ұлшылдарынан кімнен хат алып тұрғанын сұрайды.
–Абай, Еркежанға хат сенің қалтаңда еді ғой бер мыналарға дейді. Еркежан шығарып береді.
–Абай, ұлыққа көз қылып, Мәшһүр-Жүсіп бұрын бір хат жазып еді, жауап бермеп едім. Менің ұлықпен теріс екенімді білмей ме екен, қоймай жаза береді хатты. Өзі онымен қоймай арабша жазады. Не қылған шайқы адам екенін білмеймін, қоймайды ғой дейді.
Баянауыл. 1905 жыл. 9 қаңтар. Қанды жексенбі. Мәшһүр-Жүсіп шапанын арқасына жамыла салған, жер пеште от жанып жатыр. Үй жылы. «Сарыарқа кімдікі екендігі?» өлеңін жазу үстінде. Ақын арасында күбірлеп, шығарған туындысын қоңыр дауысын шығарып оқып қояды:
Бір мың тоғыз жүз жылдан асты бес,
Бес түгіл көрді алтыны тірі кісі.
Тиеді құлағыма еміс-еміс,
Октябрь он жетінші манифесі.
Отырмыз міне, марттың он бесінде,
Қазақтың дәнеме жоқ тіпті есінде.
Мархамат патшамыздан кеңдік бар деп,
Сөйлеген бір сөз жоқ боп ел ішінде.
Қазағым, «өнер» - ұрлық-зорлық,
Қыласың бір-біріңе неге озбырлық.
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Басыңа келген жоқ па талай қорлық.
Бостандық болмақ болып әр ұруға,
Бас қосты бір ауыздан боп тұруға.
Бір қазақтан басқасы жұрт ыңғайланды,
Бірігіп өз жынысымен жұрт болуға.
Тауып ал, тұман түспей тұстасыңды,
Жолдас бол, сынап алып қостасыңды.
Баласы дін-мұсылман ұрандасып,
Қосыл кісі санына, қос басыңды.
Арзан боп Құран құны болып тиын,
Бас қосар ғамалға да болмай жиын.
Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,
Жоқ қылды шариғаттың құрмет-сыйын.
Байланып қорыққандықтан жүрді тілім,
Қазағым, қайран жұртым, халқым елім!
Мұжық кеп, қара шекпен крестьян,
Жеріңді қылмады ма тілім-тілім.
Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне.
Бір ниет дін қамы үшін бастаңыздар,
Бұрынғы араздықты тастаңыздар.
Сайлаңдар депутатқа кісі тауып,
Айдалып, атылудан қашпаңыздар.
Асқынды болып жара – жауырларым,
Тіпті жоқ жазулы істі ауырладым.
Бірлік қыл, басыңды қос, пайдаңды ойла,
Қазағым, қайран халқым, бауырларым!
Халық қылып атандырды бізді қазақ,
Еркелі көп жұрт емес, өзі де аз-ақ.
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Барасың көрінгенге болып мазақ.
Береке, кетпес пейіл асыңда тұр,
Үлгі алсаң үйретуші қасыңда тұр.
Далаға білмей өзін қаңғырасың,
Құдайдың жақсылығы басыңда тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |