Адамды адамның қабылдауы. Қарым-қатынас процесінде әр адам өзара әрекеттес адамдардың есінде және ұғымдарында сақталатын жас, жыныс, дене құрылыс, психологиялық ерекшеліктері жиынтығымен жеке адам индивид ретінде ашылып көрінеді. Бірлесіп атқаратын әрекет мақсаты, қарым-қатынас жағдайы, айналадағылардың мінез-қасиеттеріне қарай жеке адамның әр ерекшеліктерінің мәні әрқалай болуы және өзінше бейнеленуі мүмкін. Байланыс қатынас процесінде адамдардың сыртқы келбет ерекшеліктері олардың қылығы, әдеттері, сөзі, эмоциялық жай-күйлері, әрекеттері т.б. бейнеленеді.
Адамның көңіл күйінің немесе өтіп жатқан психикалық процестердің өзгеруіне қарай күрделі психикалық құралымдар да үздіксіз құбылып отырады. Әр жаңа құрылым мимика, пантомимика, дауыс екпіні, сөйлеу нақысымен сүйемелдене отырып, басқа адам үшін сигналдық және хабарлық болып табылады. Қуану, түңілу, қорқу, ашулану, үрейленулерді бейнелейтін мәнді қимылдар адамның осы күйде екенін білдіретін сигнал болып саналады. Бұл көріністер айналадағы адамдар үшін хабарлаушылық мәнімен бірге реттеушілік міндетін де атқарады. Серіктестер әр психикалық күйдің елеулі белгілерін олардың көптеген қосалқы көріністерінен ажырата отырып, белгілі психологиялық байланыстар жасауға ыңғайлана, мінез-құлықтарын өзгерте бастайды.
Адамның адамды қабылдау ерекшеліктерін танып білуге арналған зерттеулер, эмоциялық күйді танып ажыратуда бет әлпет өзгерісінің аса зор маңызы болатынын ерекше ескертеді. Ым-ишара да мол хабарлаушылық мазмұнға ие. Оларға сүйене отырып, адамның қоршаған ортаға, оқиғаға қатынасы қандай екендігі жөнінде пікір айта аламыз. Қимыл-қозғалыс ерекшеліктері жеке адамның кейбір қасиеттерің, мәселен, салақтықты, абыржушылықты, көлгірлікті т. б. ашып көрсете алады. Адамның жүрісін байқау (ырғалуын, жылдамдығын, өзгергіштігін, қадамның нықтығын, сылаңдығын) адамның психикалық күйі, іс-әрекетінің түрі (теңізші, солдат, спортшы, биші) туралы қортындылар жасауға мумкіндік береді. Сөйлеу ерекшеліктерін: сөйлеу жылдамдығы, сөз тізбектерінің созылыңқылығы, сөйлем құрастыру, көркем сөздер пайдалану, жаргон сөздерді қолдану, дауыс екпіні, ескерту-түсіндірулер сөздегі қателер т. б. қабылдау да көп мағлұмат береді. Сұхбаттасқан адам сөйлеу стиліне баға береді және ол сөйлеушінің өзі туралы жалпы пікірге келуге әсерін тигізеді.
Адамның әрекетін, қимыл-қозғалысын, қылықтарын, қызметін бақылай отырып, адамдар бір-бірі жәнінде алған өз әсерлерін ой елегінен өткізеді және ішкі психологиялық мазмұнға терең үңіледі, жеке адамның ынта сезім, әдет, сенім, мінез, қабілеттерін танып біледі.
Адамның қылықтарының сыртқы көріністері олардың ішкі мазмұнының бар шым-шытырығын ашып көрсете алмауы мүмкін. Соңдықтан қарым-қатынас жасау процесі әңгімелесушілердің психологиялық күй-жайларының жай ғана бейнеленуі болып табылмайды. Ол басқа жеке адамның адамды психологиялық тану процесіне айналады. Қарым-қатынас порцесі жеке адамның мінез-құлқын жөнге салып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |