АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҚАРАСӨЗДЕРІ
ӘСЕМ ПІРІМОВА,
Абай атындағы №138 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 1-курс магистранты
Қызылорда қаласы, Абай ауылы.
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге.
С.Торайғыров
Мына жарық дүниеге келген әрбір адамның өмірлік мақсаты – адам болу. Ойлы-қырлы өмір жолында жақсы мен жаманды ақылмен ұғынып, адамдықтың ақ туын желбірету әсте оңай емес. Парасат биігінен көрініп, адамгершілік асыл қасиеттерді бойға жиюда Абай қара сөздеріндегі «толық адам» ілімі –санаға нұр құятын, қараңғыда адастырмайтын сәулелі шырақ!
Абай қара сөздерінде адам болу мәселесін көтеріп қана қоймай, адамдыққа жетудің мұраттарын да айқын көрсеткен. Мен де «АДАМ» деген ардақты атқа лайық болу үшін, сөз асылын Абайдан іздеймін, сан сұрақтың жауабын ақылдың кеніне айналған қара сөздерінен табамын. Мәселен, жақсы адам болу – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау. Бұл мәселені Абай «Он жетінші сөзінде» жан-жақты талдап, ғылымның атынан: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол»,- деп, есті адамға өзекті ой тастайды. Расында, қайратты, ақылды бола тұрып, мүлт кету, айналаңа залал келтіру жүректің айтқанына көнбей, үшеуін тең ұстамағаннан болар деп ойлаймын. Қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды жақсарту үшін жүрек жылуы ауадай қажет. Демек, адамды дөңбекшітіп, тыныш жатқызбай, жақсылық жасауға жетелеу - жүрек ісі болса, Абай айтқан асыл сөздің өміршеңдігі осы емес пе?!
Сонымен қатар, өткеннен сабақ алып, болашақты бағдарлау адам бойынан естілікті, қырағылықты қажет етеді. «Он төртінші сөзінде» Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал!» деу арқылы адамдыққа ұмтылудың тағы бір жарқын жолын көрсетеді. Менің ойымша, өз-өзіне сын көзбен қарап, әр ісін, әр сөзін таразылаған кісі адалдықтың жолынан жығылмайды. Өйткені жауапкершілік, ар-ұят, адамгершілік қасиеттері бір арнаға тоғысып, пендешіліктен бойын аулақ ұстататын қуатты құралға айналады. Өз-өзіңнен есеп алу да осыдан шығады емес пе?
Абай өзі өмір сүрген ортадағы адам бойындағы келеңсіз қылықтарды аяусыз әшкерелеп, еріксіз жирендіреді. Адамдыққа жат қылықтарды сынап қана қоймай, одан құтылудың жолын көрсетеді. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі – нағыз адам болу ұғымын толықтыра түседі. Адамды сүйіп, құрметтеуге үндеген кемеңгер әр қазақтың өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, жылы жүректі, ыстық қайратты болуын армандады.
Қорыта айтқанда, хакім Абай даналыққа толы қара сөздерінде адам болу мәселесін көтеру арқылы жеке тұлғаның өз бойындағы жағымсыз қылықтарды түзетіп, жақсы адам болуын алға тартты. Ақынның абзал адам болуға шақырған сөздерін адамзат баласы көңіліне тоқыса, тіршілік түйткілдерінің түйіні тарқатылар еді. Әр адам өзін тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелейді. Ал қоғамның алға жылжуы – қазақ елінің кемел келешегі. ХХІ ғасырда да ақынның әрбір сөзінің жаңа қырынан жарқырай түсуінің түп қазығы да - осы.
Достарыңызбен бөлісу: |