10. Еңбек жолы тармағында: жоғары және арнаулы оқу орындарында оқыған жылдары, Қарулы күштер қатарында болған жылдары және негізгі жұмысы мен қосымша істеген жұмыстары көрсетіледі. Оқу орнын көрсеткен кезде түскен, бітірген уақыты, Қарулы күштер қатарында болған уақыты толық және жұмысқа орналасқан уақыты мен одан шыққан немесе басқа жұмысқа ауысқан уақытыңыз күні, айы және жылы жазылады. Мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындар, жоғары және арнаулы оқу орындары, сол кезде қалай аталса, сол атауы жазылады. Әскери қызметі мен атағы, әскери округ сол кезде қалай аталса, сол бойынша жазылады.
Мысалы, 30 тамыз, 1981 ж. – 30 шілде, 1986 ж. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Филология факультетінің студенті.
1 қыркүйек, 1986 ж. – 30 желтоқсан, 1989 ж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті Қазақ тілі кафедрасының аспиранты.
3 қаңтар, 1990 ж. – 1 шілде, 1992 ж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті Қазақ тілі кафедрасының оқытушысы.
Немесе 5 қазан, 1981 ж. – 5 қараша, 1983 ж. Совет Армиясы қатарында болдым. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы №115 әскери округте қатардағы жауынгер, кіші сержант, сержант қызметін атқардым.
Еңбек жолы тармағындағы мәліметтер еңбек кітапшасындағы мәліметпен немесе толтырушының еңбек жолын айғақтайтын басқа да құжаттарда көрсетілген мәліметпен бірдей болуы керек.
11. Сайланбалы органдарға қатысуы: бұл тармақта егер жеке іс парағын толтырушы республикалық, облыстық, қалалық, аудандық т.б. сайланбалы органдарға депутат болып сайланған жағдайда толтырылады. Қатыспаған болса, қатысқан жоқпын деп жазылады.
12. Мемлекеттік марапаттар: бұл тармақты марапатталғандар ғана толтырады. Бұл тармақта қашан және немен марапатталғаны көрсетіледі. Марапатталмаған болса, марапатталған жоқпын деп жазылады.
13. Әскери қызметке қатысы: бұл пунктте, ең алдымен, әскери қызметке міндетті немесе міндетті еместігі жазылады.
Мысалы, әскери қызметке міндеттімін, әскери қызметке міндетті емеспін. Егер әскери қызметке міндетті болса, бұдан кейін әскери атағы, командалық, саяси, әкімшілік, техникалық құрамы, әскер түрі жазылады.
Мысалы, Алматы қаласы Калинин аудандық әскери комиссариаттан берілген әскери билет НС №3361048. Құрамы: сержант. Әскер түрі: командалық.
Достарыңызбен бөлісу: |