1976-1980 жж. Саратовтағы Жоғары әскери ұшқыштар училищесінде
оқыды. 1980 жылы училищені ойдағыдай аяқтаған жас ұшқыш Одесса,
Венгрия, Забайкалье жерлерінде әскери қызметтен өтті. Бірер жылдан кейін
ұшу тәжірибесі қатая бастаған шақта Түркістан әскери округына жіберіліп,
«Ми-24» тікұшағының тізгінін ұстады. 1984-1985 және 1987-1988 жж. екі рет
Ауған соғысына қатыст. Ауған жерінде Майданов ең үздік барлаушы ұшқыш
атанды. Қ.Майдановтың жеке басы үшін моджахедтер үлкен көлемде сыйақы
тағайындады. Қару-жарақ тасыған қаншама керуеннің көзін жойып, «Ми-8»
тікұшағымен 1250 рет жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін әуеге
көтерілді, жеке өзі 85 жараланған жауынгерлерді құтқарды, 100 тоннадай жүк
тасып, жүздеген десантшыны тиісті жерлеріне жеткізді.
Майданов Қ.С. – 1956 ж. 7 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Жымпиты
ауданы, Тасқұдық елді мекенінде туды. Ауған жерінде Қайыргелді ұшу
техникасын да, борт жабдықтарын да бес саусақтай меңгерген тікұшақтың хас
шебері атанды. Ұшқыштардың алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі
Ауғанстанға соғыс қаруын таситын керуендердің жолын кесу еді. Ал
керуендердің таситындары анау-мынау емес, көбінесе америкалық және
ағылшындық ракеталар. Бұлар тікұшақтар мен ұшақтарды атып түсіруге
ыңғайлы қарулар еді. «Блок-пайн» және «Стингер» ракеталарының аты сол
кездерде үлкен үрей туғызғаны да шындық. Сондықтан да тікұшақ басқарған
ұшқыштар қару тасыған кез келген керуенді жоюға батыл кірісті.
1988 ж. Майдановқа тағы бір күрделі әскери ұшу тапсырмасы жүктелді.
Құрамында десантшылар бар кеңестік екі экипажға бандиттердің үлкен
шоғырланған қозғалысын жою міндеті тапсырылады. Мұздай қаруланған
арнайы бандылар отрядын ол уақытта әлі атағы шыға қоймаған, кейін әлемдегі
№1 лаңкес Усама бен Ладен басқарған деген мәлімет бар. Бандылардың көзін
жою үшін аттандырылған әрқайсысында 30-дай десантшылары бар А.Радаев
пен А.Евдокимов басқаратын екі «Ми-24» экипажын бандылар әп-
сәтте«Стингердің» құрбандығына айналдырған. Командалық пункттен
құтқару бұйрығын алған Қ.Майдановтың эскадрилі көмекке келіп, Қайыргелді
өзінің №001 штурвалын отты ошақтың дәл ортасына бастап кіреді. Ол тірі
қалған жауынгерлер мен жараланғандарды және өлгендерді соғыс алаңынан
алып шығуға барын салып, екі экипаж мүшелері мен десантшыларды, барлығы
46 адамды оқ пен оттан аман алып шығады. 1988 ж. 29 шілдеде осы
жанқиярлық ерлігі мен әскери тапсырманы батыл орындағаны үшін
Қ.С.Майдановқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Есіл ер 2000 жылдың
29 қаңтарында РФ-ның әскери құрамында Шешенстандағы соғыста қаза
тапты. Ресей армиясында танытқан өжеттілігі үшін Қ.Майдановқа Ресей
Батыры атағы берілді.
Достарыңызбен бөлісу: