Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері. Педагогика әдіснамасы жалпы әдіснама ғылымы мен қоғам дамуының үдрісінн талдаудан туындайды, теориялық талдау және синтез, сонымен қатар, педагогика, психология, әлеуметтану, кибернетика және басқару теориясының зерттеу нәтижелерін, қисынды жалпылау әдістерін қолданады. Педагогика әдіснамасы зерттеушінің ғылыми жұмысына бағытталған басшылыққа қызмет етеді. Сонымен бірге, педагогика әдіснамасының басты міндеттерінің бірі зерттеу жұмысын әдіснамалық негіздеу болып табылады. Ғылымда әдіснамалық негіздің келесі түрлерін бөліп қарастырады:
ғылымның философиялық негізі (әлемнің философиялық бейнесі, философиялық – дүниетанымдық, қисынды – гносеологиялық, құндылықты – нормативті ұстанымдар, философияда құрастырылған теориялар мен категориялар);
теориялық негіз (ғылымның белгілі бір саласының тұжырымдамалық идеялары);
әдіснамалық негіз (зерттеудің әдіснамалық құрал-жабдығы, ғылымилық идеалы мен нормалары);
қисынды негіз (формалды және диалектикалық қисын заңдары, дәлел және аргумент ережесі);
эмпирикалық негіз (ғылыми айғақтар, эксперимент нәтижелері, тәжірибелік-ізденушілік жұмыс).
Бұл негіздер біріккен түрде ғылыми зерттеудің теориялық-әдіснамалық базасын құрады және оны негіздеу қызметін атқарады. Педагогика және білім беру саласында философиялық негіздердің маңызы зор. Философиялық негізге ғылыми ізденістің теориялық негіздері, педагогиканың тұжырымдамалық ойлары мен ұстанымдары сүйенеді.
Әдіснамалық негізде автордың дүниетанымдық және зерттеушілік тұжырымдамасы сипатталады, зерттеу құбылыстарын талдауға объективті, ғылыми тұрғыдан келуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар, білім беру теориясы мен тәжірибесіне қажетті одан шығатын қорытынды мен ұсыныстар, алынған нәтижелердің ғылыми құндылығы. Әдінамалық негізді тиімді анықтау үшін әдіснамалық түсіндіру жүзеге асырылады. Зерттеушілер зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін анықтау барысында педагогика әдіснамасы қорына, педагогикалық ойларға, тұжырымдамалар мен теорияларға сүйенеді, олардың зерттеу болжамы негізінде ғылыми теория құру мен педагогикалық дәлелдерді ашу мен түсіндіру үшін қажетті және жеткілікті болып табылады.
Қазіргі уақытта педагогикалық зерттеулерге, білім жүйесі мекемелеріндегі тәжірибелік –эксперименттік жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Зерттеуші–педагогтің, педагогикалық ұжымның, эксперименттік алаңдардың ғылыми ізденісінің бағдарламалары мен әдістемелері жазылып даярлануда. Нақты мәселенің зерттелу жұмысының тәжірибесі жинақталуда. Ғалымдардың іргелі еңбектерінде (Л. В. Занков, Ю. К. Бабанский, М. Н. Скаткин, Я. Скалкова, В. И. Загвязинский, В. И. Журавлев, В. М. Полонский және т.б.) педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі кеңінен берілген. Дегенмен, осы уақытқа дейін ХХ ғасырдың екінші жартысында жан-жақты зерттелген, семинарларда талқыланғанмен де зерттеушінің әдіснамалық мәдениетіне енетін біліктіліктің мазмұны нақтыланбаған. Ғылыми-педагогикалық зерттеудің бағыттарын, тұжырымдамасын, әдістемесін анықтайтын ұғымдық-түсініктік терминологиялық аппараты жеткілікті деңгейде зерделенбеген.
Осы бағыттағы жетістіктерге қарамастан, бүгінгі күні жас зерттеушілер де, тіпті тәжірибелі ғылыми қызметкерлер де зерттеудің ғылыми аппаратын тұтасымен, сондай-ақ, оның жеке бөліктерін құрастыруда қиналатыны байқалады. Әсіресе, зерттеудің әдіснамалық негіздерін анықтау мәселесіне келгенде ізденушілердің көпшілігі бұның құрамына не кіретінін іздестіріп, тек зерттеудің ғылыми аппаратын үлгілерден алып жазып қоюмен шектелетін жәйттер де кездеседі. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер «осы әдіснамалық негізді біз жасаймыз» деген пікірде болады да, солай жазады да. Ал шын мәнінде, зерттеуші зерттеудің әдіснамалық негізін тек анықтайды. Демек, әдіснамалық негізді әдебиеттен қарастырып өз тақырыбының мәніне, мазмұнына сай таңдап алады. Әдіснамалық негіздің құрылымына, біздің пайымдауымызша, педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізінің алғашқы құрамдас бөлігі өз зерттеу пәнінің – философиялық заңдар, ұғымдардың және материалистік диалектиканың ұстанымдары мен әдістеріне қатысын ойластырады. Әдіснамалық негіздердің келесі бөліктеріне әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеудің тұжырымдамалық негізіне алынатын зерттеудің логикасы (зерттеудің ғылыми аппараты, зерттеудің түсініктік аппараты, зерттеудің өлшемдік аппараты) енеді. Әрине, зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары зерттеудің ғылыми аппаратының құрамына да кіреді. Әдіснамалық тұғыр мен әдіснамалық ұстанымды бөліп көрсету себебіміз ізденушінің назарын ерекше аудару мақсатында болып отыр.
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі бағытындағы ізденістерде зерттеудің логикасы, зерттеу әдістері, нәтижелері, зерттеу сапасын бағалау мәселелері қарастырылып жүр. Ал енді әдіснамалық тұғырлар туралы білімдер жиынтығы әдіснамашы ғалымдардың еңбектерінде, түрлі ғылыми басылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар, әдіснамалық семинарлар, интернет-конференциялар, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, пікірталастар материалдарында көрініс тапқан.
Әдіснамалық тұғырлардың құрылымы мен мазмұны «Педагогика әдіснамасы» (2013 ж.) атты оқу құралында ашып көрсетілген. Зерттеудің әдіснамалық негізін сызба түрінде жобаласақ, төмендегідей үлгі шығады (8-сурет. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздерінің құрамы).
Сонымен, әдіснамалық тұғырлар дегеніміз – қайсыбір педагогикалық мәселені зерттеудегі қолданылатын ұстанымдар, әдістер, тәсілдер жиынтығы. Әдіснамалық ұстанымдар деп педагогикалық жүйелерді зерттей отырып, өзгерткенде негізге алынатын қағидаларды айтады. Ғылыми-педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру ұстанымдары – жүргізілетін ғылыми зерттеулерге қойылатын жалпы талаптар, жетекші идея, түпкі қағида. Ғылыми әдебиеттерде жалпы ғылымилық ұстанымдар қатарына объективтілікті, ғылымилықты, жүйелілікті, тарихилықты, сабақтастықты және т. б. жатқызады. Демек, тұғыр ұстанымға қарағанда кең ұғым. Бұл тұғырлар мен ұстанымдар барлық ғылымға тән. Сондықтан, педагогикада аталмыш тұғырлар мен ұстанымдарды зерттелетін объектілердің мәніне сай қолданып, ізденушілер өз зерттеулерін ұйымдастырады. Нақты тұғыр бірнеше ұстанымдар арқылы іске аспақ. Бұл ретте әдіснама негізінен ғылыми әрекеттің логикасына қатысты түсіндіріледі. Әдіснама – педагогика ғылымының жасалу зертханасы, сол әдіснама арқылы зерттеудің қазіргі талапқа сай екендігі көрсетіледі және ғылыми қызметкерлердің кәсіби деңгейі бағаланады. Зерттеушілерге біз 2007 жылы «Тұран» баспасынан жарық көрген «Введение в методологию и методику педагогического исследования» атты оқу құралындағы әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеу логикасы, зерттеу әдістемесі туралы мысалдармен тереңдетіле берілген әдіснамалық білім мазмұнын ұсынамыз.
Сонымен, зерттеудің әдіснамалық негізін анықтау үшін әдіснамалық негіздеме жасау қажет. Оның мазмұнына: ізденушінің тұжырымдамасының философиялық негіздері, педагогикалық мәселелерге сын көзқарас, зерттеу тұжырымдамасының ғылыми негіздері (мәселені тарихи-логикалық талдау, зерттеу пәнін диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның сипаттамасын тұтастық тұғырдан қарастыру, зерттелетін педагогикалық құбылыстың дамуының негізі болатын жетекші қайшылықтарды анықтау, осы үрдіске тән заңды байланыстарды ашу әдіснамасына сипаттама), осы педагогикалық тұжырымдама негізіндегі түрлі ғылыми қағидаларды талдау енеді.
Осыдан біз педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздемесінің келесі логикалық тізбесін-алгоритмін қарастырамыз:
педагогикалық дәйектерді, құбылыстарды және үдерістерді зерттеуге қажет нақты әдіснамалық тұғырларды анықтау;
әдіснамалық ұстанымдарды нақтылау;
зерттеу мәселелеріне тарихи-логикалық талдау жасау;
зерттеу пәнін сипаттауға тұтастық тұғырды пайдалану.
Достарыңызбен бөлісу: |