Астананың 20 жылдығы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған жылдың 20 қазаны күні 10 желтоқсаннан бастап еліміздің астанасы Ақмола қаласына көшірілетіні жөнінде Жарлық шығарды. Осылайша, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бері еліміздің тағдырына, халқымыздың бүгіні мен ертеңіне қатысты ең маңызды шешімдер қазіргі Астана қаласында қабылданып келеді. Астананың қазақ елінің орталығына, бас қаласына, мақтанышына айналғанына 20 жыл толды.
Өнер орталығына жиналған жастар бірінші және екінші қабаттарда ортадағы үлкен алаңды ашық тастап, бірнеше қатар боп, сап түзей тұрды. Олардың бал-бұл жанған жүздері, қолдарындағы түрлі түсті жалаушалар мен шарлар ерекше салтанатты шараға жиналғандарын бірден-ақ айғақтады. Қаладағы жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде оқитын жастардан бөлек, жиынға еңбек ардагерлері құрметті қонақ ретінде шақырылған. Жиынға облыс басшылары да қатысты.
Салтанатты шара «Туған елім» әнімен басталды. Осы әннің әуенімен ортаға қолдарына Астана қаласы символдарын ұстаған «Аққу» ансамблінің бишілері шықты…
Одан соң «Ер бақыт» патриоттық клубының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Марат Қойлыбаевқа сөз берілді. Ол жиналғандарды Астананың мерейтойымен құттықтап, осыдан 20 жыл бұрынғы Елбасы шешімі еліміздің дамуына зор серпін бергенін атап өтті.
— Астана ғана емес, қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі барлық қалалар мен елді мекендерде жыл сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп, жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа істер бастау алып, жақсы жаңалықтар болып жатқанына бүкіл ел куә. Бұлардың бәрі — жастардың болашағы үшін жасалып жатқан істер. Өздеріңіз үшін аянбай тер төге жүріп, біз сіздерге бір тілек айтамыз: ол — ата-бабалар жолына адал болу, қазақтың ең қиын сәтте де бір уыс бидайды бөлісіп жеген бауырмалдығын жоғалтпау, — деді ол жастарға арнап сөйлеген сөзінде.
Жиында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Алмат Бердоңғаров, М.Арын атындағы орта мектептің оқушысы Нұрбол Хасеновтер де сөз сөйледі.
Астанада бірнеше рет болған, соның ішінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін де тамашалаған Нұрбол өз әсерлерін:
«Әсемдігі бұйымындай шебердің,
Сайманындай батыр туған өр елдің.
«Бәйтерегі» бой көтерген көк тіреп,
Мейірімі көк майсадай көп елдің» — деп басталатын әдемі өлең шумақтарымен жеткізді.
— Жастардың туған еліне, жеріне деген құрметі жүректерге жылылық ұялатып, барша халыққа күш-жігер береді.
Достарыңызбен бөлісу: |